• Тарих
  • 04 Қараша, 2021

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАРИХ КОДЫ

Мемлекеттік және ұлттық тәуелсіздіктің қадір-қасиетін толық ұғыну үшін әлем тарихы мен адамзат тәжірибесін үздік игеру жеткіліксіз. Оны бодандықпен жаншылғандар, отарлық қанау мен қорлауды өз басынан өткергендер­ ­санасымен, жүрегімен, әрбір клеткасымен сезінеді, ұмытпауды ұрпағына аманаттайды. Тұмар ханым, Зарина, Шырақ жайлы сақ заманынан жеткен аңыздар, Күлтегін тасындағы елін, жерін, қағанын іздеген жазулар, Абылай мен Кенесары хандардан қалған мәңгілік ұлағат, кеңестік Қазақстандағы қуғын-сүргіннің соңғы құрбаны Қ.Рысқұлбековтің өлімді қасқая қарсы алуы тәуелсіздікті бәрінен қымбат санағандықтан өмірге келді. Бәрі салыстырумен танылады деген қағида бар. Менің құрдастарым мен ағаларым тәуелсіздіктің 30 жылын оның алдындағы 60-70 жыл үрдістерімен, зердеден өше қоймаған көргендерімен салыстыруға толық хақылы. Сонда  қапысыз ұққанымыз: мемлекет пен оның әрбір азаматы жат қолына жалтақтамай, өзі қабылдаған заң аясында еркін де емен-жарқын өмір сүре алса, тәуелсіздік дегеніміз – осы. 

Тәуелсіздік – еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін мейірі қанбайтын мәңгі құндылық. Ол қай саладағы болмасын қажеттілік пен мүмкіндікті ұлттық және мемлекеттік мүдде биігінен, бәсекелік ізденіспен дәлме-дәл анықтауға, сұранысқа сай шешім мен іс-шараны қабылдауға, жалған ұраншылдықтан ада құлшынысқа жетелейді. Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде қол жеткен табыстарымыз әлемге аян. Кешегі Мәскеудің билігі жүріп тұрса, бұлардың оннан бірі ақиқатқа айналмас еді. Ал солардың бастау-бұлағын, тобықтай түйінін айтар болсақ, олар, біріншіден, отарлық және тоталитарлық дәуірлерден қордаланып қалған қарыз бен парызды қайтарғанымен, екіншіден, азаттықтың арқасында туған баға жетпес мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыра алғанымыз. Айғақ-дәлел ретінде Елорданың Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшуін, ядролық қарудан ерікті түрде бас тартуды, Азиялық кеңестің дүниеге келуін, қандастарымыздың тарихи ­Отанына оралуын, президенттік билік институты мен парламентаризм­нің қалыптасуын, мемлекеттік шекара­мыздың халықаралық талаптар деңгейінде бекемделуін, «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегияларын бөле-жара айтуымыз керек. Бұлар Қазақстан жолы мен жаңашыл жасам­паздықтың басы ғана. Алда асқаралы міндеттер тұр.

Иә, «қарыз бен парызды қайтару» сөз тіркесін бекер қолданып отырған жоқпыз. Тәуелсіздік өткен күндерді, уақытты қайтара алмайды. Бірақ солардың ақиқатына жетуге, жақсы мен жаманды айыруға жол ашатыны сөзсіз. Бейнелеп айтар болсақ, қазақ тарихында бүктемеде қалған ақтаңдақтар саны бір тоғыз десек, үйірімен үш тоғызы кеңестік тоталитаризм еншісінде. Ұлы даладағы ашаршылықтар, қуғын-сүргін, соғыс шығындары, демографиялық, экологиялық апаттар, ұлттық-тілдік драмалар, әйгілі тұлғаларымыздың қасіретті тағдыры әзірше әділ бағасын алып болған жоқ. Зорлық-зомбылыққа біздің халық жер бетінен жоғалып кетпеуі үшін қарсылықпен, ұрпағының болашағы үшін жасампаздықпен жауап берді. Олай болса, тәуелсіздікпен қилы-қилы байланыста өрілген, беймәлім қырлары ашылу үстіндегі сарқылмас қазынамыз – ұлттық тарихымыз. Бұлар бірінсіз-бірі өмір сүре алмайды деген сөз емес бұл. Мемлекетіміз немесе тәуелсіздігіміз болмаған ғасырларда да тарих дөңгелегі айнала берді, тарих қозғалысы тоқтаған жоқ. Отандық тарих ғылымы өткеннің баянын сақтауда талай қиыншылықтарды жеңе отырып, азды-көпті табыстарға жетіп жатты. Ресейге бодандықты қабылдаған XVIII ғасырда қазақтың ауызша тарихы толыққаны рас. Ағартушылыққа аяқ басқан Еуропада тарих ғылымы қоғамдық еңбек бөлінісінің беделді саласына айналды. ХІХ ғасырда Шоқан, Абай, Ыбырайдың тарихи шығармалары жазылды. ХХ ғасырда ұлттық тарих ғылымы кеңестік нұсқада қалыптасты. Тәуелсіздікке дейін жазылған монографияларда, энциклопедияларда, тіптен оқулықтарда төл тарихымыз төрт аяғынан тең тұрды дей алмаймыз. Әсірелеу де, адасу да, бұрмалау да бар. Ең ауыры – «Қазақстан тарихы» атауы­мен топтастырылған сол интеллектуалды әлем ұлттық тарихты түзуші қазақ халқымен, бірен-саран шығармалары болмаса, қауыша бермеді. Себеп біреу: революцияға дейінгі кезеңде ұлт пен ұлттық тарихты тұтастықта және бірлікте жазуға бағышталған мемлекеттік саясат та, практика да болған емес, кеңестік дәуірде тарихқа материалистік көзқарас ұлықталып, қазақ қазақтың жартылай өтірік, жартылай шын тарихын оқуға, зерттеуге, насихаттауға мәжбүрленді. Халық төл тарихын бірде таныса, бірде танымаған ортада ұлттық код жойылмағанмен, әлсірейді екен. Ал ұлттық тарихтың коды мүлде күн тәртібіне қойылмайтынының тірі куәсіміз.

Демек, тәуелсіздігі жоқ елде тарих әділ, кемел, дұрыс жазылмайтыны, тәуелсіздік барда ғана тарихи ақиқат салтанат құратыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Біздіңше, мәселенің мәнісі мынада: бірі – тарих дегеніміз аса күрделі нысан (объект) екені, екіншісі – оқиғаларға, өзгерістерге толы сол нысанды тануға, кәдеге жаратуға, зерттеуге, сөйтіп, интеллектуалды әлеуетті тасушылар (субъект) әлем екені. Екі өлшеммен жүйелегенде де тарихтың өзін, тарихты түзушінің коды барын мойындауымыз керек. Әрбір халықтың өмір салтында, тілінде, әлеуметтік қатынастарында, саяси қатысуында өзгелерден ерекшелеп тұратын мәнді белгісі – коды болатыны айдан-анық. Ендеше, ұлттың тарихында да бірлік пен бірегейлігін паш етуші коды бар. Біз бұл жерде код терминін тарихтың объектісі мен субъектісін жазбай тануға шылбыр ұстататын ақпараттарды және нышандарды топтастыру ниетімен қолданып отырмыз. Мәселен, қазақ тілі, домбыра, Елім-ай, Сарыарқа, қошақан, Жеті жарғы, жеті қазына, нағашы-жиен, немере-шөбере, бойжеткен, қалыңмал деген сөздер құлағымызға жеткеннен қазақ ортасына енгенімізді бірден ұғамыз. Кейбір ұғым-түсініктер жекелеген өңірлерге тән. Оларды қалың қауым білмесе де, мамандар бірден байқайды.

Сонымен, айтайын дегенім, Қазақстан тарихының қай дәуіріне болмасын мазмұнын, ерекшелігін ашатын, тірек болатын, код функциясын атқаратын ұғым-түсініктер жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Кешегі коммунистік билік бұл міндетті мүлтіксіз атқарды. Феодализм, капитализм, қанаушы, тап күресі, революция, жаңа экономикалық саясат, социалистік құрылыс, ұжымдастыру, тың игеру, коммунизм, КОКП деген тірек сөздер естілген сәтте қандай ғасырлар, оқиғалар, тұлғалар, тапқанымыз бен жоғалтқанымыз ауызға алынатынын біле қаламыз. Бұған мектеп оқулығы ғана емес, кеңестік БАҚ, ономастика, әдебиет пен өнер – бәрі жұмылдырылды.

Ал бізде ше? 30 жыл ішінде ұлттық тарих кодын қалыптастыру ісінде не бітірдік? Қазақ тарихшылары ішінен бұл мәселеге ең жақын келген ғалым – Манаш Қозыбаев. Ұлттық код пен тарихи кодтың атын атамаса да, түсін түстей алғаны 2001 жылы жарияланған «Жұлдызым менің» кітабынан тайға таңба басқандай көрініп тұр. Онда былай делінген:

«Тарих – Отаныңның, ата-бабаңның ғасырлық арман жолы;

Тарих – Отаныңның басына күн түс­кендегі ойран жолы, оны қорғау жолы;

Тарих – Отаныңның, халқыңның қалыптастырған ата-салты;

Тарих – халқыңның ғасырлар бойы қалыптастырған этностық аумағы;

Тарих – әрқайсымыздың ­ата-­­ба­бамыздың бұл күні табиғатқа қосылған сүйегі мен аспанда ұшып, бізді әруақ болып құшып жүрген рухы».

Келер жылдың басында қасиетті ғылым – тарихпен қоштасып, мәңгілік сапарына аттанып кете барды. Ұлттық тарих кодына апаратын ізденіс жалғаспай қалды. Тарих баяны, отандық ғылым мен білім жүйесі әлі үдеден шыға алмағаны құпия емес. Тарихи жадымыз бен санамызда, тарихи танымымыз бен көзқарасымызда олқылық пен жүйесіздік тұнып тұр. Күлтегін мен Тоныкөк замандарындағы «тілді, хабаршы, құпия сөз иелері» қандай мемлекеттік қызмет атқарғанын қалың көпшілік білмейтінін былай қойғанда, XVI ғасырдағы ­Мамаш, Таһир, Тоғым хандардың атын естімегендер, Қобыланды батырды Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың қарулас серігіндей қабылдайтындар жетіп артылады. Әлеуметтік сауалнамалар Д.Қонаевты, М.Әуезовті т.б. тұлғаларды танымайтын жас ұрпақ пайда болғанын көрсетті. Бұл тарихи жадымыздың жұтаңдығы. Жады қандай болса, сана да сондай. Айталық, осы жасқа келгенше ақсақ Темір есімді бірде-бір қазақ баласын қалада да, ауылда да көрген емеспін. Ал ­Тамерландар қаптап жүр. Парсышадан тәржімалағанда мағынасы ақсақ Темір екенін ұрпағына азан шақырып есім берген ата-анасы білмеген ғой. Жады мен санадағы олқылықтар әлі талай «қызыққа» кенелтеді. Ұлттық және тарихи коды дұрыс адам ана тілінен, халқының салт-дәстүрінен, бабалар мұрасынан жери ме? Әрине, жоқ.

Бұдан шығатын қорытынды: тарихи жады мен сана кемелденбей, толық танымға, яғни ақиқатты бекемдейтін, іргелі ғылыми нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. ХХ ғасыр басында осынау миссияны орындауға қабілет-қарымы молынан жететін күш – Алаш қозғалысы тарих сахнасына көтерілген еді. Алаш ұлттық қана құбылыс емес, жаһандық серпіліс екенін тани білгендердің маңдайалдысы бар болғаны 26 жастағы Әлімхан Ермеков еді. Орынборда ІІ бүкілқазақтық съез аяқталысымен ол «Жасасын, Алаш, жасасын!» мақаласын жазып, онда былай деді: «...Желтоқсанның 12-і күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ Орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды. Автономия – бізге өмірлік мақсат еді. Іштегі дертті айта алмай, күрмеліп жүрген қызыл тіл бұл күнде дүниежүзін жаңғыртып, Алаш ұранын шақырып отыр».

Бірақ ұлттық азаттықтың қас жауы большевиктік билік Алашты аяусыз тұншықтырды. Мәскеудің құйтырқы саясаты ұлттық кодымызды әлсіретті, тарихымыздың коды бас көтере алмаған күйде қалды. Екі құндылықтың арасындағы алшақтық пен үйлесімсіздік тарихи жады мен санаға кері әсерін тигізді. Зардабы әлі күнге дейін сезілуде. Мұны 1465 – 1847 жылдар аралығындағы қазақ хандарының саны мен ұлттық тарихтағы орны жайлы пайым-тұжырымдардан байқауға болады. Профессор Ж.Артықбаевтың жазуынша, олар 48 болса, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ғалымдары 78 хан жөнінде мәлімет жариялады. Профессор М.Қожа: «Қазақ хандығының тарихын оны басқарған, мемлекет болуына ұйытқы болған билік тобын танымай, оның құрамын, құрылымын зерттемей білу мүмкін емес», – деп дәйектесе, профессор С.Өтениязов бұған мүлде кереғар ұстанымды алға тартады: «...Землей наших предков управлял не хан, а институт биев, то есть ­родоначальники – самые авторитетные в народе люди, представляющие 41 казахский род. Госустройство, будем так говорить, в «Казахском ханстве» зависело от родоначальников и полностью ими же исполнялось. То есть фактическим руководителем здесь был институт биев».

Қысқасы, хандық билік институты ұлттық тарихымыздың және өткенге көзқарасымыздың коды түгілі, маңызды буынына айналмай тұрғанда Орта ғасырлар мен Жаңа замандағы (V-XX ғасыр басы) тұлғаларымызды, белес­тер мен құндылықтарымызды егжей-тегжейлі кімге ұғындыра аламыз?!

Біз үшін ХХ ғасырдың басты оқиғасы – тәуелсіздіктің жариялануы. Ұлы күнге үміт оты сөнуге шақ қалғанда жеттік. Оны жақындатқандар, қазақ қоғамын оятқандар – желтоқсаншыл жастар. Сын сағатында тәуекелмен легитимді бекемдегендер – аға ұрпақ өкілдері. Бірақ ұзақ жылдар бойы коммунистік мазмұнда суғарылған білім мен тәрбие, идеология мен насихат ізі қоғамдық санадан өшпей тұр. Қазақстанның кез келген елді мекеніне барсаңыз, кеңестік заманнан қалған атаулар, мұралар лек-легімен алдыңыздан шығады. Коммунизм кетті. Коммунистік идеологияның жаны әлі сірі. Себебі тарихи санамыз бен танымымыз толық жаңғырмаған күйде қалуда. Оның сорақы көрінісі мектеп оқулықтарындағы өрескел қателіктер. Бұл туралы БАҚ беттерінде айтылудай айтылды. Қоғам алдындағы әлеуметтік-кәсіби жауапкершілігін сезінбейтін біраз тарихшылар әріптесінің жазғанын көшіріп алуға дейін барғанын ақтау еш мүмкін емес. Ресейлік ғалым Қазақстанда жарияланған бір еңбекте ортағасырлық түркілер огнеметпен аспаннан оқ жаудырғанын әжуалап жазыпты. Ұлттық тарихтың коды қалыптаспады деген сөз осыдан шығады. Тап қазір ұлттық код мәселесін шешуге ешқандай бөгесін жоқ. Саяси қысым, идеологиялық өктемдік, «измдердің» шеңберінен шықпау шарты, үлкен ағаның қас-қабағына жалтақтау келмеске кеткен. Тарихшы ғалымдардың сайрайтын да жайнайтын күні туды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осындай сәтте ұлттық тарих кодын түзуге адастырмайтын жол – оның методологиялық негіздерін жүйелеу. Методология ғылымның басты ­миссиясы жаңалық ашуды, ақиқатты айтуды қамтамасыз ететін танымның биік сатысы.

Ұлттық код пен төл тарихымыздың коды арудың арқасындағы қос бұрымдай жараса өрілгенде, тәуелсіздіктің жасампаз әлеуеті арта түсетіні күмән-күдіксіз ақиқат.

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

ҰҒА академигі

1418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы