• Мәдениет
  • 04 Қараша, 2021

ШЕТЕЛДІК СЕРИАЛДАР 30 ПАЙЫЗҒА ҚЫСҚАРЫП, ОТАНДЫҚ ӨНІМ АРТТЫ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ 
«Ana tili»

Алматыдағы Ұлттық кітапханада  Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласының әкімдік қызметкерлерімен бірге алматылық зиялы қауыммен кездесу өтті. 
Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған ауқымды шаралардың нәтижелері мен жыл соңына дейін жоспарланған жұмыстар туралы кеңінен сөз болды. Премьер-Министрдің ­орынбасары ­Ералы Тоғжанов зиялы қауымға көбірек сөз беріп, негізгі мәселелерді ортаға салуды өтінді. Жиынның бейресми бөлімінде қуанышты хабарымен бөліскен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сынға дұрыс қарайтынын айтып, кемшіліктерді бірге талқылауға шақырды.

«Ұлттық жаңғыру» жобасы барлығымызға қатысты дүние болғанымен, оны ары қарай қоғамға жеткізуде зиялы қауымның рөлі зор. Өздеріңіз білетіндей, «Рухани жаңғырудың» нәтижесі де жаман емес. Десе де, біздің министрлікке байланысты дүние жастарға қатысты. Ал оның негізінде біздің министрлікте атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. Оның үстіне биыл желтоқсан айында 8 тарихи сериал жарыққа шығады. Біз сыннан қорықпаймыз, сын арқылы дамимыз. Сын арқылы жұмысымызды жетілдіреміз. Сондықтан Жәңгір хан, Қаныш Сәтбаев, ­Ахмет Байтұрсынұлы, Домалақ ана, Мұқағали Мақатаев, Жамбыл Жабаевқа қатысты телесериалдар жарық көреді. ­Дегенмен шетелдік өнімдерден де бас тарта алмаймыз. Өйткені түрік, үнді сериалдары болсын, өз көрермені бар. Ол рейтингке де қатысты. Алайда алдыңғы жылдарға қарағанда шетелдік сериалдарды 30 пайызға қысқартып, отандық өнімдерімізді ұсынып келеміз», – деді Ақпарат министрі.

Ал жиынның ресми бөлімінде алғаш ­болып сөз алған жазушы Смағұл Елубай: «Біздің қоғамда «Ұлттық жаңғыру» мәселесі неге туындады?» деген сұрақ ешқашан тумаған. Ұран көтерілгеніне талай заман болды. Рас, көптеген нәрселер жасалды. Бірақ жасалмай, мешел күйінде тұрып қалған салалар да бар. Біздің дамуымыз үшін қандай кедергілер бар? Халықтың жүрегінде, әсіресе зиялы қауымда, жазушылардың көкейінде қандай сұрақтар бар? «Ұлттық жаңғыру» ұлттың мәңгіруі қатты белең алып кеткен соң туындады. Өзбекстанға барсаң, өзбекше білмейтін бір өзбек таба алмайсың. Ал қазақ тілін білмейтін 1 миллионнан астам қазақ табасың. Ұлттық мәңгіру деген осы. 30 жыл өтті, 30 ауыз қазақша білмейтін қазақтар бар. Мен соларды күнде көремін және қазақша сөйлегісі келмейтін адамдарды білемін. Мұнымен қалай күресеміз? Бірінші осы мәселелерді қарастыруларыңыз керек», – деді.

Ал Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов екі мәселені ортаға салды.

«Біріншіден, бізге фильм туралы жақсы баяндап берді. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тарихтың, гуманитарлық саланың бас шаңырағы ғой. Сценарий жасағанда экспертиза-сараптамаға беріп жатады. Бұл өте дұрыс. Мұнда 6-7 гуманитарлық бағыттағы институт бар, оның ішінде, философия, политология институты, тіл білімі институты, археология, шығыстану институты бар, ресми түрде сценарий жазылған кезде ресми пікір жіберген жақсы. Біз ақша сұрамаймыз, бірақ ой туындап, ертең сол фильмдерді сынаған кезде 6-7 гуманитарлық институттар сіздерді қолдай кетеді.

Екіншіден, тарих ғылымының ­докторы, профессор В.И.Козодойдың «Алихан ­Букейханов: Человек-эпоха» («Әлихан Бөкейханов: Дәуір адамы») атты кітабының таныстырылымы өтті. Ғалым бұл тақырыппен 2019 жылдан бері қызу жұмыс істеп келе жатқанын, осы уақыт ішінде Ресей мен Қазақстан архивтерінде көптеген ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, бұрын зерттеушілер қолданбаған бірқатар құжатты ғылыми айналымға енгізгенін түсіндірді. Сонымен қатар Виктор Иванович осы тақырыпты кеңінен насихаттаумен белсенді айналысты, ол бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстанның ақпараттық ресурстарында оннан астам сұхбат пен мақалалар жариялады. Санкт-Петербургтегі «Таврия оқулары» Халықаралық ғылыми конференциясын қоса алғанда, әртүрлі ғылыми конференцияларда осы тақырып бойынша оннан астам баяндама жасады. 2021 жылдың қазан айында «Әлихан Бөкейханов: Дәуір адамы» кітабы Новосибирск қаласында жарық көрді. Айтпағым, осы кітапты да «Рухани жаңғыру» аясында қоғамға біраз таныстыруымыз керек деп санаймын», – деді Зиябек Қабылдинов.

Сонымен қатар педагогика ғылымының докторы Тахир Балықбаев жастар мәселесі мен латын графикасына көшу мәселесіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, білім беру саласында, техника саласында латын графикасының енгізілуі мен оны үлкендердің игеруі туралы сөз етті. Жастарға арналған цифрлық контент тек киномен, мультификациямен және басқа нәрселермен шектелмеу керегін алға тартты. Ғалым «ең алдымен біздің әдебиетіміздің цифрландыру және ұлттық корпусты латын гарфикасына негіздеу деген сияқты идеялардың барлығын қарау керек» деген ұсынысын білдірді.

1572 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы