• Тарих
  • 05 Қараша, 2021

ТАРПАҢ-ТАҒДЫР

1921 жылы Мәскеуде Кеңестердің бүкілресейлік ІХ съезі өтті. Түркістан аймағынан делегат ретінде қатысқан Сұлтанбек Қожанұлының осы жиында сөйлеген сөзіне революция көсемі В.И.Ленин айрықша назар ­аударып, үзіліс кезінде оны президиумға шақырып алады да: «Сіз ерекше қызуқанды әрі өте білімді қырғыз (қазақ дегені – А.Ш.) екенсіз», – дейді. Сонда Сұлтанбек оған: «Жоқ,  Владимир Ильич, сіз сәл қателесіп тұрсыз. Мен соншалықты қызуқанды және айтарлықтай білімді қазақ емеспін. Олар әлі Ұлы Далада жайбарақат жүріп жатыр. Бірақ болашақта өздерін танытпай қоймайды», – деп жауап қайтарыпты. 

Бүкіл саналы ғұмыры желдің өтінде, жардың шетінде өткен Сұлтанбек Қожанұлының маңдайына қилы тағдыр жазылыпты. Үлкен ұлының зеректігін аңғарған әкесі әуелі оны Түркістан қаласындағы төрт жылдық орыс-түзем мектебіне тапсырады. Алғыр бала алғашқы тәлім-тәрбие ордасын үздік тәмамдап, ізінше үш сыныптық қалалық училищеге оқуға түседі. Сұлтанбектің ерте есеюіне мына жағдайлар септігін тигізеді: біріншіден, ол Сыр бойындағы ағартушылық мектептің Қалжан Қоңыратбайұлы, Қоңырқожа Қожықұлы, Ахмет ишан Оразайұлы, Ералы Қасымұлы, Садық Өтегенұлы, Серікбай Ақайұлы секілді белді өкілдерінен ақыл-кеңес тыңдап, оң-солын танитын халге жетті; екіншіден, 1912 жылы Түркістан қаласына сапар шеккен Міржақып Дулатұлымен дидарласуы саяси таным-түсінігіне талай жаңалықты сіңірді; үшіншіден, жергілікті жұрт сыртқы түр-әлпетіне қарай «Ұзынсақал» атап кеткен ұстазы Иван Михайлович Яковлев оны ішкі Ресейдегі қоғамдық ахуалдан жан-жақты хабардар етіп, сауатын саралады. Міне, сол Ұзынсақал-Яковлев сүйікті шәкірті Сұлтанбектің Ташкент мұғалімдер семинариясына қабылдануы үшін көп әрекет жасайды. Әйтпесе, түркістандық миссионер П.Остроумовтың қарауындағы бұл оқу орнының табалдырығын отар өлкенің талапкер жастары оңайлықпен аттай алмайтын. Содан да шығар, Ташкент мұғалімдер семинариясын 25 жыл ішінде жергілікті жұрттың арасынан небәрі 65 адам ғана бітірген. Сол аз топтың ішінде Сұлтанбек те бар.

Семинарияда оқып жүрген жігерлі жас түрікшілдік және жәдидшілдік идеяларымен сусындайды.

Сұлтанбек семинарияны аяқтаған соң, Әндіжан уезіне барып бала оқытады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі туралы хабарды осында жүріп есітеді. Өзінің жорықтас жолдасы, түрікмен жігіті Күмішәли Бөриев екеуі Орынбордағы «Қазақ» газетінің басқармасына: «Қоқан-21/ІІІ. Мың басылыққа кісі керек болса, біз бармыз. - Сұлтанбек Қожанұлы, Күмішәли Бөриев», – деген мазмұндағы жеделхат жолдайды.

Сұлтанбек Қожанұлы Уақытша үкімет заманында Түркістан аймағындағы саяси қозғалыстарға белсене араласады. Ұлт азаттығы талқыға салынған тұста жергілікті халықтың жолбасшылары түрлі топқа, тарапқа, тармаққа бөлініп кеткен еді. Мысалы, «Шуро-и-исламия» және «Шуро-и-улема» қоғамдары шариғат жолына шырағдан жағып, мемлекеттің мәртебесін мұсылманшылықтан іздеді. Сұлтанбек Қожанұлы мен Санжар Аспандияров бастаған топ зайырлы жолды тұтынып, 1917 жылдың маусымында өлкедегі орыс жұмысшыларының одағымен ­терезе теңестіру ниетінде мұсылман еңбеккерлерінің мекемесін аяқтандырды. Олар өз ұйымының мақсат-мұраты туралы: «Келешекте орыстар мен мұсылмандардың арасында жаңаша қарым-қатынастар қалыптастыра аламыз ба деген үміттеміз, өйткені тек демократиялық ұйымдар ғана ортақ мәмілеге келмекші және жергілікті жұрттың орыстарға сенімсіздігін жоймақшы», – деп жазды.

Жұртшылық мүддесін жоқтаған Сұлтан­бек Қожанұлы 1917 жылдың шілде айында Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ съезіне делегат болып қатысты. Соның артынша – тамыздың басында өткізілген Түркістан аймағы қырғыз-қазақтарының жалпы жиылысында хатшылық жасап, Тұрар Рысқұлұлы, Ибраһим Қасымұлы, Ғалимұхамед Көтібарұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Садық Өтегенұлы секілді азаматтармен бірге Сырдария облыстық қырғыз-қазақ комитетіне мүшелікке және Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына өкілдікке сайланды. Мұнан арғы қайраткерлік іс-қимылына тоқталсақ, Хасен Оралтайдың «Алаш» атты еңбегінде жазылғандай, Сұлтанбек Қожанұлы «Қоқан автономиясы» (Түркістан мұхтарияты – А.Ш.) үкіметінің негізін қалаушылардың бірі болды. Осы саяси құрылымның жаршысына айналған «Бірлік туы» газетінің жауапты шығарушысы міндетін 1917 жылғы 16 желтоқсаннан бастап басылым жабылғанға дейін, яғни 1918 жылғы сәуірдің ортасына дейін атқарды. Газет жұмысына М.Дулатұлы, Х.Болғанбайұлы, А.Мәметұлы, Ш.Сарыбайұлы, Қ.Құлетұлы, Н.Құлжанұлы, И.Тоқтыбайұлы тұрақты атсалысты. Мұстафа Шоқай бастаған саяси серіктері секілді, Сұлтанбек Қожанұлы да Қазан төңкерісін қуана қарсы алған жоқ. Бұған «Бірлік туы» газетінде жарық көрген «Өзіміздің болшеуиксінгендерге», «Түркістанда орыс съездері» т.б. мақа­лалары айғақ.

Түркістан автономиясы таратылған соң, Сұлтанбек Қожанұлы аз ғана уақыт саясаттан сырттаңқырап, қажыр-қуатын ағартушылық жұмысқа арнайды. Мұғалімдік мамандығына кірісіп, Түркістандағы халыққа білім беру бөлімінің инспекторы болып істейді. Сөйте жүріп, аштыққа ұшыраған қазақтарға жәрдем беру комитетін басқарады. Ташкентке барып, педагогикалық училище мен педагогикалық курстарда сабақ береді. Ұстаздық қызметіне ұйымдастырушылық қабілетін ұштастырып, Қазақ-қырғыз институтының қабырғасын қаласады. 1919 жылы қайтадан Түркістан қаласына ауысып, уездік-қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне бекітіледі. 1920 жылдың наурызында Алаш қайраткерлеріне кешірім жарияланған шақта коммунистік партияның қатарына өтіп, Сырдария облревкомы төрағалығына тағайындалады.

Сөйтіп, Сұлтанбек Қожанұлын ірі саяси-қоғамдық тұлға ретінде қалыптас­тырған – 1920-1924 жылдардың аралығын қамтитын – Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасындағы қайраткерлік кезеңі басталды.

Ол 1920 жылдың қыр­күйек айында қазақтар С.Ас­пандиярұлы, О.Жандос­ұлы, Н.Төреқұлұлы, түрікмен Қ.Атабаев, өзбектер С.Қасымқожаев, А.Бабажанов, Т.Оразбаев, тәжік А.Рахымбаевпен бірге Түркістан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің толық мүшелігіне енгізіліп, өлкедегі ықпалды партия және кеңес қызметкерлерінің қатарына қосылды. Үш салада – оқу-ағарту, жер-су және ішкі істер халық комиссары, ТүрОАК төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Түркістан Коммунистік партиясы V-VІІІ съездерінің, Түркістан ­республикасы Кеңестері ІХ-ХІІІ съездерінің, Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Х, ХІІІ, ХІV съездерінің делегаты болып сайланды.

Ең алдымен Түркістан республикасын­дағы ұлт мәселесі Сұлтанбек Қожанұлының назарынан тыс қалмады. Бұл бағытта сөз бен істің бір-біріне сәйкеспей жатқаны оның жанын ауыртты. Әсіресе 1921-1922 жылдары Жетісудағы жер реформасын жүргізген комиссияны басқарып, қазақтың, өзбектің, қырғыздың қоныстарын зорлықпен тартып алған келімсек жуан жұдырықтарды өктемдігінен айыруды көздеген кезінде ол қатты кедергілерге жолықты. Мәскеудегі билік тарапынан «таптық емес, ұлттық тұғырды жоғары қойып, асыра сілтегендігі үшін» қысымға ұшырап, ресми сөгіс алды. Соның салдарынан Түркістан республикасында «отаршылдықтың қалдықтарын жою» деген ұран шала-шарпы жүзеге асырылып, жалаң күйінде қалып кетті. Алайда Сұлтанбек ұлт теңдігіне қатысты өзекті ойларын алға тартуды тоқтатпады. Ол РК(б)П ОК ұлт республикалары мен облыстары жауапты қызметкерлерінің ІV Кеңесінде (Мәскеу, 1923 жыл, 9-12 маусым) сөйлеген сөзінде Түркістанда отарлық саясаттың көбесі сөгілмегенін, ұлттық проблемалардың ұлғайғандығын айтамын деп, Сталиннің сынына ілікті. Бас хатшы: «Меніңше, Қожанов жақсы сөйледі. Икрамов (өзбек қайраткері – А.Ш.) та жаман сөйлеген жоқ. Бірақ мен бұл жолдастардың сөздеріндегі ойға қалдыратын бір тұсты атап өтуге тиістімін. Олардың екеуі де бүгінгі Түркістан мен патшалық Түркістанның арасында ешқандай ­айырма жоқ, тек маңдайшадағы жазу ғана өзгерді, Түркістан патша тұсындағы бәз-баяғы қалпында қалды деді. Жолдастар, егер бұл кездейсоқ айтылмаған, кесіп-пішілген және бастан-аяқ саналы түрде сөйленген сөз болса, онда мұндай жағдайда басмашылардікі дұрыс, біздікі бұрыс деуіміз керек... Егер бұл рас болса, сіздердің неліктен басмашылардың жағына өтіп кетпегендеріңізді түсінбеймін», – деп тиісті. Тап осы басқосудың үстінде Сұлтанбекке «халықтар көсемі» мынадай мазмұндағы тілдей хат та жіберді: «Жолдас Қожанов! Бүгін Сіз жақсы сөйледіңіз. Егер Сіз жергілікті жерде дәл осылай жақсы жұмыс істеп жатқан болсаңыз (бұған менің көзім толық жетпейді), онда мен сізге дос-жолдас болуға әзірмін. И.Сталин». Міне, Сұлтанбек Қожанұлына біртіндеп «ұлтшылдық» жаласын жабу, «Ортаазиялық Шыңғысханға» теңеу, кейіннен «қожановшылдық» деген ат қойып, айдар тағу осындай «дос-жолдастық ескертпелерден» бастау алған болатын.

1924 жылы Орта Азия республикаларын ұлттық-территориялық жағынан межелеу жүргізіліп, Жетісу мен Сырдария облыстары Қазақстанға қаратылды. Түркі дүниесін дүр сілкіндерген бұл өзгерістің барысында талас-тартыс, қарама-қайшылық көп кездесті. Бөліну мен бірігу процестері қым-қиғаш жүріп жатты. Тарихы мен тағдыры жақын ұлттардың арасына сына қағылды. Сұлтанбек Қожанұлының сол мезгілдегі көзқарасында да басқалардан өзгешелік байқалды. 1924 жылғы 10 ­наурыз күні Ташкентте өткізілген кеңесте Түркістан КП Орталық Комитетінің хатшысы А.Рахымбаев «Түркістанның ұлттық-территориялық межеленуі туралы» атты баяндама жасап, Орта Азияны ұлт республикаларына жіктеуді бірден-бір дұрыс жол деп бағалады. Оны Н.Айтақов, Қ.Атабаев секілді қайраткерлер сөйлеген сөздерінде қолдады. Ал Ортаазиялық экономикалық кеңестің төрағасы М.Паскуцкий мен Сұлтанбек Қожанұлы екеуі межелену ісін мақұлдамады. Олар экономикалық және саяси-әкімшілік жағынан біртұтас Орта Азия Федерациясын құруды жақтады. Сұлтанбек «түркі тайпалары бірыңғай түркі тектес халықтарды құраған», «оларды жасанды түрде айыруға болмайды» деп дәлелдеп бақты. Бірақ Орта Азия республикаларын межелеу жөніндегі Территориялық Комиссияның 1924 жылғы 7 тамыздағы пленумында да, одан кейін Түркістан республикасы басшы ұйымдарының сол жылғы 14 қыркүйекте болған біріккен пленумында да Сұлтанбектің Орта Азия Федерациясы туралы талап-тілектеріне тойтарыс берілді. Ол сол тұста жазылған «Дау тоқтап, іс басталсын!» атты мақаласында: «Осы күнге дейін бір болып келген, шаруа жағынан жігі ашылмаған Түркістан енді тозып, төрт-бес мемлекет болып отыр. Басқалар Орта Азия шаруа бірлігін жасап, бірден бөлініп кетпестен, шаруа істерін бір жөнмен жүргізбек болып отырғанда, Орта Азиядан қазақ облыстары шықты саналып отыр» (Ақ жол. 14.11.1924), – деп, қазақ жұртының әрі-сәрі күй кешіп отырғандығына қамықты.

Сұлтанбек Қожанұлы 1924 жылғы 11 қазанда өткен РК(б)П ОК Саяси Бюро­сының мәжілісінде Қазақстанның КСРО құрамына шарттық негізде кіргізілуін және Қазөлкекомның Қазақстан Коммунистік партиясы болып өзгертілуін ұсыныс етіп енгізді. Бірақ мәжілісте мына мазмұндағы қаулы қабылданды: «Қырғыз (Қазақ) республикасының КСРО құрамына шарттық негізде кіргізілуіне негізінде қарсылық жоқ болғанымен, бұл мәселенің іс жүзіндегі шешімін Қырғыз (Қазақ) республикасының жаңа бастамалар мен жаңа шекаралар жағдайында жұмыс тәжірибесі айқындалғанға дейін шегере тұру қажет деп саналсын және Қазобкомға кеңес органдары арқылы осыған сәйкес қаулыны өткізу ұсынылсын. Қазобкомға бұл мәселені партия ұйымдарында да, партияда жоқ бұқараның арасында да әрі қарай талқылауға жол бермеу жүктелсін. Аталған мәселенің РК(б)П ОК-нің алдын-ала мақұлдауынсыз кеңес жолы арқылы талқыға түсуі мен шешілуіне мүлде тыйым салынатынын ескере отырып, бұл істің кеңес бағыты бойынша қалай өріс алып кеткендігі тексерілсін және кінәлілер партиялық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылсын. Тап қазір РК(б)П Қырғыз (қазақ) ұйымының атын Қырғыз (Қазақ) коммунистік партия­сы деп өзгерту қисынсыз деп табылсын» (Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағаты, 62-қор, 2-тізбе, 80-іс, 216-парақ).

Осының бәріне қарамастан, Сұлтанбек Қожанұлы 1924 жылғы 27 қарашада Қазоб­ком­ның, ал 1925 жығы 19 ақпанда Қазөл­кекомның жауапты хатшысы (респуб­ли­кадағы екінші дәрежелі лауазым) болып тағайындалды. Ұлт қайраткерінің сол кездегі бір үлкен еңбегі – астананың Сыр бойына көшуіне мұрындық болуы. Ол Түркістан Орталық Атқару Комитеті төра­ғасының орынбасары болып тұрған уақы­тында – 1922 жылғы 12 сәуірде арнайы қаулы шығарып, өзі тарихи ­атауын қай­тарып берген Ақмешіт қаласын ел кіндігі етуге күш салды. «Мемлекет астана­ның жұртшылығына сүйеніп жұмыс істемесе, бас хүкіметтің ісі оңбайды. Олай қылайын десе, Қазақстан хүкіметінің аз ғана күш, азын-аулақ дәулеті Орынбор губерниясынан артылмайды» (Ақ жол. 12.11.1924), – деп тұжырымдаған қайраткерді орталықтың шалғай шетте орналасуы қанағаттандырмады. Өз ұстанымын бүкпесіз білдіре отырып: «Қайда болса да, Қазақстан кіндігі қазақ ішінде болсын. Киіз үйге орнаса да, қалың қазақтың ортасы болсын», – деп жазды (Ақ жол. 28.01.1925). Сұлтанбектің тілегі қабыл болды. Астана Ақмешітке ауысты.

 1925 жылғы 15-19 сәуір аралығында Қазақ өлкелік Кеңестерінің V съезі болып өтті. Онда төрағалық еткен Сұлтанбек Қожанұлы күн тәртібіне екі мәселе енгізді де, біріншіден, делегаттардың бірауызды шешімімен ұлтымыздың «қазақ» деген атауы ресми түрде бекітілді, екіншіден, Ақмешіт қаласының аты Қызылорда ­болып өзгертілді.

Әрине, Сталинді Қазақстандағы мұндай ұлттық серпіліс пен сілкініс алаңдатпай тұрмады. Алашшылдарды ауыздықтауға өз қандасы Нанейшвилидің қауқары жетпесін сезген «халықтар көсемі» оның орнына Қазөлкекомның біріншісі хатшысы етіп Филипп Исаевич Голощекинді аттандырды. 1925 жылдың күзінде республикаға басшы болып келген ол ә дегеннен Сұлтанбек Қожанұлының соңына шырақ алып түсті. Түпкі мақсаты – Сұлтанбектен құтылу арқылы қазақ қоғамындағы «ұлтшылдық» тенденциясын тұншықтырып, өзіне бағынышты өлкеде ойындағыдай сайран салу болатын. Орталыққа қызметке жіберу тәжірибесінің жай-жапсарын жақсы білетін Қожанұлы: «Неге екенін қайдам, жолдастарымыздың көбі түптің түбінде жұмақты Мәскеуде орналасқан деп ойлайды және бәріміз сол жұмаққа жетуіміз қажет деп қате түсінеді», – деген еді. Қазақстаннан кеткісі келмегеніне қарамастан, партияның пәрменімен өзі жақтырмайтын «жұмаққа» жіберілген Қожанұлына Голощекин: «Қожанов – Орта Азия мен Қазақстан ұлттарының ішіндегі ең ірі қайраткерлердің бірі. Барлық уақытта да партия-кеңес орындарында жауапты қызметтер атқарды және соңғы уақытта БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы болды. Саяси ой-өрісі зор қызметкер», – деп мінездеме берді. Қожановтың орнына болашақтағы «37-нің жендеті» - Ежов отырғызылды. Қожанұлы үшін Қазақстанға қайтар жол біржолата жабылды. Ол сол сәттің өзінде Қазөлкеком бюросына әр өңірде Қазақстанның территориялық тұтастығына қауіп төндіретін сепаратистік әрекеттер бар екендігі жөнінде арнайы жазба тапсырып кетті.

Өмірінің қалған бөлігінде Мәскеу мен Ташкентте партия-кеңес, шаруашылық, оқу-ағарту мекемелерінде қызмет істеген Сұлтанбек Қожанұлының соңынан «Қазақстан қазақтар үшін» ұранының жақтаушысы», «түрікшіл», «ұлтшыл», «жікшіл» т.б. айыптамалар борап жатты. 1928 жылдың күзінде Ораз Исаев Ташкентке барғанында Сұлтанбекке төрт мәселе төңірегінде сауалдар қойып, олардың жауабын алып келіп, «Еңбекші қазақ» газетінің сол жылғы 2 қарашадағы санында бастырды. Бұл жарияланым «Сұлтанбек Қожанұлы қателерін мойнына алды. Шынды жасыруға, партия­ны алдауға болмайды!» деген үлкен бас тақырыппен ұсынылды. Қойылған сұрақтардың бәріне Сұлтанбек жалпылама жауаптар қайтарған. Мысалы, «Қазақстанда «қожановшылдық» болғанын мойныңызға аласыз ба?» деген сауалға ол: «Қожановшылдар жігінің болғаны рас. Қожановшылдықтың саяси жолын тексергенде, жер мәселесінде, ұлт арасының мәселесінде, тағы басқа мәселелерде ұлтшылдық жолында болды. Орындарда іс жүзінде тап жолын жүргізуге аз көңіл бөлінген. Тап жолынан ұлтшылдық жолы үстем болған... Алаш­ор­дашылармен күрескеміз жоқ. Бас­пасөз жүзіндегі, партия ішіндегі алаш­орда­шылардың әсері, салт-санасымен күресілмеді», – деген ыңғайдағы уәждер берген. Ал Сұлтанбектің жауаптарының соңына Сталиннің: «Қожанұлы ылғи да қазақ елінің өзгешелігін тым көпіртіп, ұлғайта айтады. Күншығыс ұлт республи­калары мен Кеңес Одағындағы кәсібі күшті аудандардың тағдыры, тілегі бір екенін ұмытады. Социалдық жұмыстарды ескермейді. Бар жұмысы – ұлт тілегін үстем қылу; соған лайықтап қана істейді», – деген ыңғайдағы «саяси бағасы» басылған. Сталин өз сөзінде «ұлтшылдық» айыбына қоса, Орта Азияны межелеу науқаны кезінде Сұлтанбек Қожанұлының Таш­кент қаласының қазаққа өткенін қалайтын пікірді ұстанғанын меңзеп, өзге ұлттардың алдындағы беделін төмендетуге ұмтылды және оны «байшыл-ұлтшыл» қайраткерлердің «тілеуқоры» есебінде ғана емес, нақ солардың өзінен айырмасы жоқ адам етіп көрсетуге тырысты.

Еш қиындыққа мойымайтын Сұлтан­бек өз мүмкіндігінің шегінде халқына қызмет ете берді. Мысалы, 1929 жылы Ташкент­те Орта Азия мақта-ирригация политех­никалық институтының (САХИПИ) негізін қалап, тұңғыш ректоры болды. Одан кейіннен Өзбекстанның 14 техника­лық жоғары оқу орны бөлініп шыққаны белгілі. Бүгінгі өзбек елінің басшысы Шавкат Мирзиеев – сол институттардың бірінің түлегі. Қожанұлы Орта Азия мақта орталығына басшылық етіп, бұл салада да біліктілігін көрсетті. Ал 1937 жылы 16 шілде күні қамауға алынған кезінде Кеңестік бақылау комиссиясының Өзбекстандағы өкілі боп жүрген еді. Есіл ер 1938 жылғы 10 ақпанда оққа байланып, топырақ НКВД-ның Коммунарка полигонынан бұйырды.

Сұлтанбек Қожанұлының соңында қайраткерлі­гімен бірге, қаламгерлігін де танытатын шығармашылық мұра қалды.

Тәуелсіздік заманында Сұлтанбек Қожанұлының есімі мен еңбегі қайта жаңғырды. Біздің есебімізше, қазір елімізде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің атында 23 көше, 7 мектеп, 1 мәдениет үйі, 1 мұражай бар. Бірқатар қалада (Қызылорда, Түркістан, Жетісай) ескерткіш қойылған. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің де тиісінше шешім шығарып, ескерткіш орнатуға орын бөліп қойғанына біршама уақыт болғанын айтып өткеніміз абзал; енді сол аяқсыз қалмаса игі дейміз. Мезгіл озған сайын ұлтымыздың асыл перзентінің рухы шалқып, даңқы өрлей беретініне еш шүбә келтірмейміз.

Амантай ШӘРІП,

филология ғылымының докторы,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

P.S. Алматы қаласында 6-қараша күні Қожанов-Жароков көшесінің қиылысында сағат 11.00-де қайраткер тұлға Сұлтанбек Қожановқа ескерткіш ашылып, М.Әуезов атындағы ұлттық академиялық драма театрында ғылыми-танымдық конференция өтеді.

1995 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы