• Тарих
  • 11 Қараша, 2021

Қазақ мәдениетінің тамыры – тереңде

Көшпенділер мұрасын аманат қылып алған қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүр, жора-жоралғысы өте бай. Қазақтың ­баспана дәстүрін бір сөзбен сипаттап шығу мүмкін емес шығар. Алайда сол қазақы киіз үйдің әр жабдығы, әр мүлкінен-ақ небір салт-өнегенің түр-түріне кезігесіз. Қазақтың ең қадірлі ұғымдарының бірі – шаңырақ. Қазақ халқында шаңырақ – киелі ұғым ретінде қалыптасқан және ол туралы мақал-мәтел, тыйым сөздер көп кездеседі.

Қазақ қандай қиындықтардан да мойымай, жойылып кетпей аман өткенінің бір себебі, салт-дәстүрінен айнымауында шығар деп ойлаймын. Соның бірі қазақтың қонақжай мінезі туралы біздің елімізге саяхаттап келген кез келген жиһанкездің тасқа басылған шығармасынан оқып білуге болады. «Тас түскен жеріне ауыр, қонақ қонған жеріне ауыр» деген сөз қалдырған қазақ қонақтың жағдайын көбірек ойлаған.

Қазақ салты мен дәстүрін сақтап қана қоймай, адамның тәрбиелі ортада, тәлімді елде өсуі үшін өзін-өзі ұстай білу ережелерін де лайықты ұстанған. Бұл қатарға «тыйым сөздерді» де жатқызуға болатын шығар. «Дастарқан үстінде қатты сөйлеме»; «Қажетсіз сөзді айтпа»; «Нанды баспа»; «Аққуды атпа»; «Үлкен кісіге қарсы сөз айтпа», «Табалдырықты баспа» деп кете беретін мұндай тыйым сөздердің өзінен де дала дәстүрінің айнымас ережелерін ұғынамыз.

Қазақ халқы үшін киелі, қадірлі саналатын ұғым-категориялар біршама бар. Соның бірі ретінде баспана дәстүріндегі шаңырақ сөзін мысалға алдық қой. Тағы бір мысал келтірсем, ол қай заманнан да қадірлі сан – «жеті» ұғымы. Жеті санына байланысты қазақта салттар мен жоралғылар өте көп. «Жеті жарғы», «Жеті қазына», «Жеті жоқ», «Жеті ата», «Жеті нан» немесе «Жеті шелпек», «Жеті керемет», «Жеті күн», «Жеті ғашық» сөздер «жеті» санының қадірлі екенін айқындай түседі деп ойлаймын. Туыстық қарым-қатынасқа тікелей байланысты тағы бір ұғым «Жеті ата» дәстүрі. «Жеті ата» дәстүрі ­бойынша, әрбір ер азамат өзінің ата-тегін білуі қажет. Ол ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене қатары бойынша жалғасуы шарт. Сонымен қоса жеті атадан туысқан жігіт пен қыз ешқашан отау құрмаған. Бұл қазақ халқының қанының тазалығын білдіреді.

Иә, түсіне білген жанға қазақ мәдениетінің тамыры тереңде. Ендеше, осындай бай, сан ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрді құрметтеу, бүгінгі жаһандану заманының ықпалында қалып қоймай, аман сақтап қалу біздің ата-бабадан алған аманатымыз деп білемін.

 

Серғазы Құдайбергенов,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Дінтану және мәдениеттану

кафедрасының оқытушысы,

мәдениеттану магистрі, PhD докторант

Нұрлан Айбекұлы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің 1-курс студенті  

1500 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы