• Тарих
  • 11 Қараша, 2021

КӨТІБАРОВТЫҢ КӨТЕРІЛІСІН «КОЛОКОЛ» ЖУРНАЛЫНА ЖАЗҒАН КІМ?

Маған келешек көкжиегінен ұлы көш қоңырауы естіліп тұр. Ерен ерлік пен өжет ерліктің үні естіледі. Әлдекімдер сарт-сұрт сойылдасқандай, жарқ-жұрқ қылыш күн нұрымен шағылысып жарқылдайды... Шарт та шұрт  шұғыл шайқас. Суық жүзді баһадүрлер. Мәңгі өшпес рух қан қыздырып, жүрек отын лаулатады. Бұғалық түскен асау дала бұлқынды. Әлдеқайда жанартау атқылап жатқандай.
Дауыл тұрып, найзағай ойнап, 1793–1797 жылдары Сырым Датұлының, 1836–1838 жылдары Махамбет-Исатай, ­1837–1847 жылдары Кенесары ұлт-азаттық көтерілістері ұшқындап, бұрқ етті. Бұл баскөтерулер әртүрлі сипатта болғанымен ұйымшылдығы аздығынан зұлым күштерден жеңіліс тапса да қаһармандық пен қайсарлықтың ұрығын септі. Сол бір көтерілістің ізі суымай жатып, француздың ұлы қиялгер қаламгері Жюль Верн биліктің үрейін ұшырған «Жансыз» романын жазып, орыс тіліне тәржімеленсе де кең тарауға тыйым салынды.

Америка құрлығындағы момақан үндістерді аяусыз аямай қырған испан конкистадорларынан да асып, орыстың оспадар жаулаушылары бұратана халықтарға жауыздық пен хайуандықтың не түрін көрсетпеді. 1580 жылы Ермак бастаған қорқау казактар қорғансыз қамсыз жатқан Сарайшықты шауып, небір ғимараттар мен зираттарды қиратып, қыруар қазынаны тонап, байлыққа қарық болды (Әлде жоғарыдан сондай тапсырма болды ма?). 1837 жылы – Перовскийдің Хиуаға жасақтап аттандырған экспедициясы сайқымазақпен қайғылы аяқталды. Бертінге дейін жаулаушылар сұрқия  саясатпен даңғайыр далаға сұғына кіріп, қырға қарай жалдамалыларын қарақұрттай қаптатты.  Шұрайлы нулы, сулы жерлерді тартып алып, қара шекпен келгіндерге таратып беріп, зорлап шоқындыра жаздап, төбеде әңгіртаяқ ойнатты.

Бұл аздай-ақ күнгейден Қоқан хандығы қоқаңдап жағаға  жармасты. Қазақтарға әр түтін сайын 6 қой, 24 қап көмір, 4 өгіз арба сексеуіл, 100 бау қамыс салық салды. Диқан өнімінің үштен бірін беретін болып міндеттеді. Шыбын жан шырқырады. Жан-жақтан езгі еңсе көтертпей еңбекші байғұс көтерілмегенде қайтеді? «Бөліп ал да, билей бер» аясында ел ішіндегі араздықты қоздырып, руаралық кикілжіңді одан сайын өршітіп, отқа май құя түсті. Бұған «Айман-Шолпандағы» оқиғалар куә бола алады.

«Көркемдік қасиеті жағынан қазақ эпосының үздік үлгілері саналатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», немесе «Қыз Жібек» жырындай болма­ғанымен «Айман-Шолпан» халық арасына ең көп тараған дастандардың бірі», – деп жазды М.О.Әуезов.

Көтібар Бәсендеұлы – Шектінің доңғайлау батыры. Оның Сырым Датұлының көтерілісіне қатысып, аты шыққан тұлға екенін де ешкім жоққа шығара алмайды. Ол 1830 жылдар шамасында той-тамашадағы ішмерездікпен Торғай бойындағы Маман байдың ауылын шауып, апалы-сіңлілі қос қызын жайдақ нарға күштеп отырғызып алып кетеді. 1833 жылы Жағалбайлылар оны өлтіріп, қанды кек қайтарғандай күй кешеді. Бұны Мұқаң білді ме, білмеді ме, ол қаламгер құпиясы. Заманның заңғар сөз зергері оған тақырып таппай барған жоқ. Сол ғасырдағы қарама-қайшылыққа толы қоғамдық құбылыстар, адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынас қызықтыруы ықтимал. 1957 жылғы үшінші нұсқасында ішінара толықтыру жасап, оның әсіресақтықты сылтауратып, Көтібарды Басыбар деп өзгертіп, дастанға қайта оралуы жайдан-жай емес. Бұл да шығармашылық шырғалаң, үлкен тәжірибе жинақтап, тәлім түйгізеді.

Мұндағы ең қызық мәселе мынау: Бүкіл оқиғаға қатысы болса, жырыңды жырау, сұмдық сазгерді араластырмаса түйін шешілмейтіндей. Сегіз сері (Мұхаммед-Қанафия) Баһрамұлы Шақшақов (1818–1854 жж.) Қызылжар жақтың тумасы тағдыр айдап, патша кеңес күшіктерінің (шенеуніктер) қудалануынан қашып, Жайық жақтағы  нағашыларын паналап бой тасалап жүр. «Көтібар асы», «Жоқтау» өлеңдеріндегі «Айман-Шолпан» дастанын, «Өзіңізге арнап шығардым», «Айман-Шолпан» жыры үшін, жұрт алғысын алыстық» деген жолдардың қисынына қарағанда дастанды шығарған сол болып тұр емес пе? Махамбет, Исатай, тіпті Перовскийге арналған шумақтарға шатылып, сергелдеңге түсіп қол сілтей саламыз ба? Жоқ, сенеміз бе, сенбейміз бе? Ол кезде Сегіз сері 16-18 жастағы бозбала. «Гауһартас», «Алқоңыр» сықылды әсем әндерді, «Айман-Шолпан», «Қыз-Жібек» шоқтықты шығармаларын жырлауға үзіп-жұлқып болса да қалай үлгереді? Үйлеспейді. Әрине, бұл сонша бас қатыратын мәселе болса да әлі біраздан бері шешуін таппай келе жатыр. Сегіз сері көптомдық «Қазақ музыкасында» неге жоқ? Кеуде керіп, масылдық буына мелдектеп тойып жүрген мамандар, арнайы зерттейтін институт барын білдірмей ме? Неге олар бұдан жалтарады? Сегіз серінің бар-жоғына нүкте қоятын кез әлдеқашан келді. Тек ол маңдайымызға сыймай жүрмесе болғаны.

Сонымен, Аймандар мұңлық болып келгендегі Есет бала ержетіп, ат жалын тартып мініп, азамат атанды. Ол Көтібар батырдың жеті баласының тұңғышы еді. Көтерілістің қоламтасын үрлеуге кірісті. 1857–1859 жылдардағы бас көтеруді бастап, бақайшағына дейін қаруланған басқыншыларға қарсы күреске шықты. Күштер тең емес еді. Көтерілісшілердің соңына түсіп, недара Хиуаға қарай жаққа кеттің деп артта қалған мал-мүлікті түгел өртеп, шал-шауқан, қатын-қалаш пен бала-шаға демей бәрін патша жендеттері жер жастандырып бейкүнә пақырлардың қанын шашып, топан судай ағызды. Сансыз мәрте абақтыға жауып, түрмеге тыққаннан зәрезап болған төңкеріскер Александр Иванұлы Герцен (лақап аты – Ескендір) шетелге кетіп, азаттық үшін арпалысын жалғастырды. Оның патшалық Ресейдің бұл қанқұйлы әрекетін әшкерелеп, батыс зиялыларының құлағына құйып, Есет Көтібаровтың көтерілісін Лондонда шығатын «Колокол» үнжариясында жариялатып қозғалысқа жаны ашып, беріп жүргені сол.

ОРЕНБУРГСКАЯ ИСТОРИЯ

(ПОЛКОВНИК КУЗМИН, МАЙОР

ДЕРЫШЕВ И ГРИГОРЬЕВ»

 

«Аугсбургская газета» рассказывает о страхе, наведенном на крестьян в Оренбургской губернии распространявшимся слухом о киргизском восстании и набеге *. И через ­несколько дней та же газета говорит об амнистия Исету Кутибарову*. Жаль, что она не сообщила страшной истории – почему Исет Кутибаров откочевал к хивинской границе*. Со времен ветхозаветных воин или монгольских набегов ничего не было гнуснее в свирепости, как набег полковника Кузмина и майора Дерышева, которым заправлял (еще при Перовском), сидя в своей канцелярии, бывший помощник ­Липранди – Григорьев *. Этот кровавый эпизод еще ждет описания.

Орыс ойының алыбы Лев Николайұлы Толстой өзінің аға әріптесінің әдеби және әлеуметтік қызметін аса жоғары бағалады. 1888 жылғы 9 қаңтарда В.Г.Чертковқа «Герценді құныға оқып, таңғалып жүрмін және оның туындыларына тыйым салынғанына жаным ашиды. Біріншіден, ол жазушы, көркем жазушы ретінде де біздің таңдаулылармен тең болмаса да биік тұр, ал, екіншіден, ол жас ұрпақтың рухани әлемі мен қанына сіңгенде төңкеріс көзқамандары болмас еді», – деп жазды.

Біраз жыл кейін артынша 1893 жылы ­наурызда  П.А.Сергенкоға сүйенсек, асқан абыз өз ойын былай пысықтапты: «Демек, егер орыс әдебиетінің мағынасын пайыз бен есеп-қисаппен бейнелесек, Пушкинге – 30% берсек, Гогольға – 20% Тургеневке – 10%, Григорович пен басқаларға шамамен 20% болар еді. Қалған-құтқаны түгел Герценге тиісті. Ол қайран қаларлық жазушы. Ол терең, жарқын және көреген».

Өмір өзені өрекпіп ағады. ХІХ ғасырда А.Ц.Герцен баласының көтерілісін дәріптеп насихаттаса, жиырмасыншы жүзжылдықта М.О.Әуезов әжесін бір басты кейіпкері етіп көрсетті. Парасат пен поэзия періштелері айналып қанат қағып ұшып жүр. Үркітіп алмаңыздар!

ТТ (Тобықтай түйін) Қат-қабат қарбалас тір­шілікте қыр қоңырауы қағылды. Есітесіз бе?..

КІМ?

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН

 

1479 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы