• Тұлға
  • 11 Қараша, 2021

ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАР НЕДЕН ҚОРҚАДЫ?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

«Ana tili»

Өмірде үрейге бой алдырып жүретін адамдар бар. Көлеңкесінен шошып, бір нәрсеге алаңдап, мазасызданатындарға күле қарауға болмайды. Олар табиғатынан солай жаратылған және сол қалпында қала береді. Фобия уақыт өте келе жойылып,  жоғалуы мүмкін.
Әдетте біз атақты танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы туралы көп білеміз. ­Алайда олардың қорқақ жандар екенін біле бермейміз. Атақты жазушы, сазгер, ғалымдардың ішінде де болмашы нәрседен секем алып, жүретіндер де баршылық. Бір қарағанда, олардың үрейі түкке тұрғысыз болып көрінуі мүмкін. Алайда, шын мәнінде, адам шошырлық әрекеті үшін оларды жазғыруға болмайды. 

Бір ғана мысал, Ресей империясының императоры I Петр, тарихшылардың айтуына қарағанда, өте қамқор адам болған деседі. Өз дәуірінде қол бастаған басшы қол қусырып үйде отырмаған. Ресейдің дамуында өзіндік үлесі бар император алайда бір нәрседен қорқатын болған. Неден дейсіз ғой? Тарақаннан! Ол қандай да бір үйге қонар болса, ең алдымен, нөкерлері мен қызметшілерін алдын ала жіберіп, әбден тексертіп алатын болған. Тіпті мынандай да қызық оқиға бар. Әдеттегідей қыдырып жүрген император бірнеше ай қонбаған саяжайына алдымен офицерін жібереді. Мақсат – тарақанның бар-жоғын тексеру. Бірер сағат кіріп-шыққан офицер үрейленудің еш қажеті жоқ  деп ескертеді, тек қабырғаға жабысып тұрған бір тарақанды ғана өлтіргенін айтқан. Ал өз кезегінде I Петр офицерге алғысын білдірп, марапаттаған көрінеді. Қызық оқиға дерсіз, бірақ бала кезден үрейге бой алдырғандар бұл мазасыздықтан көпке дейін арыла алмайды.

Әрине, оларды түсіне білуіміз керек. Солтүстік Кореяның президенті Ким Чен Ир өмірінде елден сыртқа көп шықпаған адам. Ол ел ішінде автокөлікпен және пойызбен ғана жүретін болған. Мұның себебі неде? 1982 жылы келмеске кеткен Кеңес Одағымен жақсы қарым-қатынаста болған Ким Чен Ир Мәскеуден ірі екі ұшақ алдырады. Алайда оны сынақтан өткізу кезеңінде ұшақ апатқа ұшырайды. 17 адам қаза табады. Содан кейін Ким Чен Ир ұшаққа өмір бойы мінбеген. Жалпы оның әкесі Ким Ир Сен ұшаққа мінуден қорқатын болған. Бүгінгі президент Ким Чен Ын да ұшаққа көп отырмайды. Бір ғана мысал, осыдан ондаған жыл бұрын Владимир  Путинмен кездесуге сырты бронмен қапталған пойызға мініп, Владивостокқа келгені бар.

Ливияның әскери және мемлекеттік қайраткері Муаммар Каддафиді әлем жұршылығы өте жақсы біледі. Халқына көп жақсылық жасаған саяси  тұлға өз ұлтының жексұрындарының қолынан қаза тапты. Қаншама атақты тұлға болғанымен, ол да ұшаққа отырудан қорыққан. Тіпті бөгде елге баратын болса немесе іссапар алты-жеті сағатқа созылған жағдайда, ол қатты алаңдаған. Амалдың жоғынан алдын ала келісім бойынша жанар-жағар май құйып алу мақсатымен ұшақ бөгде бір елдің әуежайына қонатыны елдің есінде. Сонда ғана ­Каддафи мазасызданбай бір демалып алып, санадағы фобия, қорқынышын басып, келесі елге қарай ұшатын болған.

Күлкілі нәрсе десек те, өмір солай. АҚШ-тың 32-президенті Франклин Рузвельт бір күні өзінің елі алдында сөйлеп тұрған кезінде мынандай бір фраза айтқан көрінеді. «Ең біріншіден біз неден қорқуымыз керек? Өз бойымыздағы үрейден!». Бұл тіркесті АҚШ президенті бекер айтпаса керек-ті. Өйткені оның өзі оттан қатты қорыққан. Мұның себебі неде? 1899 жылы бала кезінде Франклин ­Рузвельт оттың ішінде қалып қойған адамдарды көреді. Көмек сұраған адамдардың жантүршігерлік әрекеті мен жанайқайы өмір бойы болашақ президенттің санасында қалып қойғандықтан болар, ол үнемі оттан үрейленетін болған. Ол президенттік билікке келген кезде де оққағарлары мен көмекшілері және ұлттық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері Рузвельттің үйін торуылдап жүретін болған. Тіпті өзінің жатын бөлмесін президент үнемі ашып қояды екен.

Өмірде мұндай мысалдар көп. Қазақ ақыны Мұхтар Шахановтың  мынандай өлең жолдары бар: Не толқытса, соның мұңын тартасың. Расында да солай. Атақты актер Чак Норрис ішімдіктің иісінен қатты қорыққан. Өйткені ол есейгенге дейін әкесінің үйге ішіп келетінінен жиіркенген. Арақтың иісі сезілсе, ол өзін өте жайсыз сезінген. Жүйкесі сыр беретін болған. Бұл әдет оның бойында өмір бойы қалып қойған. Тіпті интернет журналистикада мынандай қалжың сөз бар: «Арақ Чак Норристі көрсе, масая бастайды».

«Ал орыстың ақыны Владимир Маяковский микробтан қорыққан» деген сөз бар. Ол есіктің тұтқасын ұстар алдында қалтасындағы шүберекпен сүртіп барып, есікті ашқан.  Кірпияздық па, жоқ әлде тазалық па, қалай айтқанда да, Маяковскийдің бұл қылығына да күліп қарауға болмайтын шығар.

Жалпы адам бойындағы үрейден арылуға бола ма? Әрине, болады. Бірақ көп адамдар негізінен өз бойындағы үрейді өзгелерден жасыруға тырысады. Тіпті үйде жалғыз қалуға қорқатындар бар. Қалай айтқанда да, бойдағы фобияны жеңу керек. Тіпті бұл сырқат ретінде көрінетін жайт, тұқым қуалауы да бек мүмкін. «Сондықтан бойдағы қорқыныштан неғұрлым ертерек арылу керек», – дейді психологтар.

Әрине, мазасыздану, үрейге бой алдыру барлығы да ең алдымен жүйкеге қатысты болатыны сөзсіз. Оның себебі де көп. Қорқынышпен жүруге бала кезде алған  психикалық жарақаттар да әсер етуі мүмкін. Егер адамның санасында фобия болса, ол үнемі өзі қорқатын жайттан бойын қашық ұстап жүреді.  Әрине, мүндай адамдардың жан-жағына қарайлап, кез келген нәрсеге сақтықпен қарап жүретіні де рас. Алайда салыстырмалы түрде қарағанда, бойында фобиясы бар адамдардың ойлау қабілеті басқалардан жоғары көрінеді.  Сондықтан да, біз мысал ретінде келтірген жоғарыда аттары аталған атақты адамдардың жайы түсінуге тұрарлық.

Жалпы психологтардың зерттеуіне қарағанда, фобияның түрі көп. Біреуі жыланнан қорықса, екінші адам биіктіктен, үшіншісі тереңдіктен қорқады. Тіпті жалғыз аяқ өткелден өте алмайтындар да бар. Жалпы мамандар «Әсіресе 14-18 жас аралығында жастар мен жасөспірімдердің арасында фобия көп тараған» деген дерек келтіреді. Ал адамның бойындағы қорқыныш 45 жастан кейін ғана барып жойылады екен. Соған қарағанда, ақыл тоқтатқан кезде адам баласы көп нәрсеге сабырлы қалыппен қарайтын болар. Жалпы бойында ­фобиясы бар адамға күліп қараудың қажеті жоқ, оларға тек көмектесіп, қолдау қажет.

1593 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы