• Cұхбаттар
  • 11 Қараша, 2021

Қуандық ҚАСЫМОВ: СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕЙМІН

Түбі бір түркі елдеріне ортақ дүние көп. Соның ішінде мәдениеті мен әдебиеті тым жақын. Бұған өткен сенбіде Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрында қырғыз елінің «Ханшаның көз жасы» атты атақты туындысының сахналануы дәлел. Осымен үшінші рет қойылған премьераға ­туынды авторы Сұлтан Раев пен қоюшы режиссер Қуандық Қасымов қатысты. Осы орайда белгілі режиссермен «Спектакль мен оның театрға ықпалы» жайлы пікірлескен едік.

– Бүгінгі Премьера құтты болсын. Әңгімемізді сіздің театрға келуіңізден бастасақ. Бала кезгі арман ба еді?

– Бала кездегі арман, ол арман емес еді ғой.1984 жылы Асқар Тоқпанов ағамыздың, Ыдырыс Ноғайбаев пен ­Фарида Шариповалардың жетекшілігімен актерлықты бітірдік. Одан кейін Жамбыл театрына келіп орналасып, қызмет істеп жүрген тоқсаныншы жылдардың басында осы бір режиссурамен айналысуға тура келді. Өйткені сол кездегі қысылтаяң уақытта режиссерлар жоқтың қасы еді. «Мен болмаймын» ­деген күннің өзінде Шопан Кәрібаев ­деген марқұм досым: «Істесейші, қолыңнан келеді ғой. Білімің бар, парасатың жеткілікті ғой, сен істемесең, мен істемесем, кім істейді?» – деді.  Осылай режиссерлық жолым басталды десем болады. 1998 жылдан негізгі кәсібіме айналды. Өйткені осы Жамбыл театрының бас режиссеріне тағайындалып, кейін 14 жыл басқарып, қызмет істедім. Сөйтіп жүріп режиссураның қыр-сырын меңгеріп, жұмысты, халыққа қызметімізді ұсына отырып, ойымызды жеткізе білдік қой деп ойлаймын.

– Содан бері қанша спектакль қойдыңыз?

– Қазір зейнетке шықтық қой. Сонда 1998 жылдан бері есептеп қарасам, жиырма жылдан астам кезең екен. Сол жылдар ішінде кемінде жылына 3 спектакльден болса, 60-тан аса спектакль қойдық. Тіпті одан да көп қой деймін. Мен сол кездері жалғыз өзім болғандықтан, театрдың репертуарын көтеру үшін аянбадым. Сондықтан жылына 3-4 спектакль қойып отырдым. Жүзге жуық спектакль дүниеге келді. Оның барлығы шедевр туынды деп айтуға болмас. Бірақ соның арасында биігіменен өзінің табысын алып келген шығармалар менің режиссурамдағы қолтаңбамды анықтап шықты. Ең бірінші 1999 жылы қойылған Айтматов пен Шахановтың жазған «Сократты ескеру түні» шығармасы тұңғыш рет халықаралық фестивальға қатысып «Режиссураның ең үздігі» деген сыйлығын алдық. Содан кейін де біраз шығармаларды дүниеге әкелдік. Әлемдік драматургия бар, қазақ драматургиясы бар.

– Бүгінгі қойылып жатқан «Ханшаның көз жасы» туындысы, білуімше қырғыз ­туындысы.  Қырғыз шығармасын сахналауға сізге не түрткі болды?

– Биыл көктемде «Түркістан – түр­кітілдес мемлекеттердің рухани астанасы» деген шешім қабылданып, саммит өтетін болған. Өтпей қалды. Содан кейінгі ойдан туған ұсыныс еді. Және бұл театр ұжымының, шығармашылық тобының шамасы келетін дүние. Қойылым желісі – ел мақтанышына айналған Құрманжан Датқа туралы өрбиді. Жалғыз соңғы тұяғын халқының болашағы үшін қиятын ананың көз жасы ғой негізі... Қайбір ана мұндайға бара алады? Халқын басқарып отырғаннан кейін, қазір баласын империяның қолына бермесе, империя күл- талқанын шығарып, халқынан айырылып қалайын деп тұр. Сондықтан сол түнді өткізген кезде «Біздің басымыздан не өтеді? Ана болсын, адам болсын, қалай болар еді?» деген ниетте еді. Тағдырмен арпалыса отырып: «Ұлым, халқым тірі болса, сенің атың мәңгі өшпейді», – деп айтатын тұсы бар. Сол ерлігіменен өзінің де есімі тарихта алтын әріппен жазылған. Бұл философиялық шығарма, толғау.

– Бір жағынан қырғыз-қазақ бір туған­нан кейін мәдениеті де ортақ. Мұңы да бір дейсіз ғой. Көрші қырғыз бен қазақ хал­қының байланысын көрсете алдыңыз ба?

– Осы бір байланысты Райымбек Сейтметов театрында бастасақ. Болашақта басқа да түркі тілдес мемлекеттің жақсы драматургиясы болатын болса, оның барлығы осы театрдың негізгі діңгегі болуы керек. Соны Р.Сейтметов театры әрі қарай жалғастырып, жүргізіп отырады деп ойлаймын. Сондықтан істеп жатқан тіршіліктің барлығы жайдан-жай емес. Біз жазда маусым жабылатын кезде алғашқы премьерасын ойнадық. Режиссердің ассистенті театрдың көркемдік жетекшісі – ­Айдар ­Наурызбаев. Рөлдерді Гүлзада ­Айтбаева, Шәкен Амантұров, Кәмшат Аштекова, Жадыра Сейдахметова, Әсел Қожабекова сынды мықтылар сомдайды. Ал бүгін үшінші премьерасына туынды авторы, өздерің білетіндей, Қырғызстанның драматург жазушысы, Түркі кеңесінің бас хатшысы орынбасары Сұлтан Раевтың Стамбулдан арнайы келуі үлкен мәртебе. Жаңа Түркістанды аралап, болып жатқан оқиғаларды көріп, қала маңындағы бабалар басына барып тәу етті. Бәрін көрді. Шығармашылық байланысымыз бұдан әрі нығая түседі деп сенемін.

– Жаңа туынды жазылып жатса, не туралы болмақ?

– Мүмкін, осы біздің Ахмет Ясауи бабамыз туралы шығармалар жазылса. Ол туралы фильмдер шыққанымен, философиялық көзқараспен сахналан­баған. Бұл кісінің тереңдігі үлкен әрі әлемдегі орны бөлек. Өйткені ол кісінің Лондонда, Мәскеуде, Түркітілдес елдерде баға берген көптеген сыйлықтары да бар. Шығармалары мен еңбегінде өзіндік іздері қалыптасқан. Және оның бәрі жай шығарма емес. Қанша дегенмен, драматургия өте қиын дүние ғой. Соның ішінде тәсілі, тәлімі, оның тереңдігі, барлығы бұл кісінің жан дүниесінен шыққан.

– «Ханшаның көз жасы» спектаклін бірінші рет Алматыда қойдыңыз ба?

–  Иә, 2012 жылы Айгүл Иманбаева­ның театры ашылып жатқан кезде қойдық. Орталық Азия елдері арасында екі жылда бір фестиваль болатын. Соған қатысқанбыз. Сол кезде мен арнайы қойып, Гүлжамал Қазақбаева ойнады, басты рөлді. Сөйтіп жұмыс істегенбіз. Одан кейін бұл спектакльмен ұзақ уақыт бойы жұмыс істемеді. Міне, он жылдың ішінде қайтадан Түркістандағы кәсіби ұжыммен, мұндағы талантты актерлармен бірлесе жұмыс істеп, қайта жаңғыртып отырмыз. Және ішінде адамдардың саны да шағындау. Яғни көп адам талап етпейді. Екі адамның басына құрылған негізінен. Біз мұны қасиетті фольклормен түрлі дыбыстармен, театрдың формасымен байланыстырамыз.

– Тек диалог түрінде болған соң, кіш­ке­не көрерменді жалықтырып алмай ма?

– Жоқ, жалықтырмайды. Өйткені мұның ішкі тартысы терең ғой. Былайша айтқанда, адамның тағдырымен тартысы қиын нәрсе ғой. Ойға жетелейді. Сіз бен біз тағдырмен қалай тартысатын болсақ, ол кісі де түнімен арпалысып, сонымен тартысып жатқан бір сағаттың ішінде, адамның бүкіл психологиялық жан дүниесі ашылады.

– Болашақта Сұлтан Раевтың бұрын жазылған осы тектес шығармаларын сахналау ойыңызда бар ма? Жоспарыңыз қандай?

– Енді бұйыртқан нәрсе болады. Қанша жылдан бері үнемі байланыстамын. Жеті жыл Қырғыз Республикасының Мәдениет министрі, Президенттің Кеңесшісі де болған. Қазіргі таңда Стамбулда Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің бас хатшысы орынбасары қызметін атқаруда. Мұндай үлкен лауазымға бару үшін де бірнеше кезеңнен өткен. Сонымен қатар жазушылық пен драматургияны тастамаған адам. Шығармашылығын қоса алып жүр. Ақсап қалмады. Өзім жаңа айтып кеткенімдей, Ясауи туралы жазуға ұсыныс жасап отырмын. Қазақ халқының ғана азаматы емес қой. Түркі халықтарының ішіндегі болып жатқан философиясы, «Ясауи неге жердің астына кетті? Неден болды? Неге болды? Қалай болды? Ол кісі кім?» дегенді біз тану үшін де оған көзқарас керек. Тарихтың шындығы да қажеті жоқ шығар. Философиясы керек бізге не­гізінен. Хикметі қалай пайда болды? «Бұл кісінің қолынан келеді ғой» деген ниетпен ұсыныс беріп жатырмыз. Бұйырса жазылып жатса, осы сахнада қойылатын шығар.

– Осы сахналанып жатқан пьесамен түркітілдес елдер арасындағы фестивальдерге Р.Сейтметов театрының ұжымын апару ойыңызда бар ма?

– Жоспар бар әрине. Ұсыныс берілді. Олар шешім қабылдаған соң айтады. Сол кезде анықталатын шығар. Автордың өзі Стамбулда болғасын үміттіміз. Стамбулда театрлардың фестивалі болып тұрады. Соған да ұсыныс берсек деп отырмыз. Мен өзім осы театр ұжымын таныту мақсатында жұмыс істеп жүрмін.

– Мұныңыз құптарлық іс, Қуандық аға! Облыс орталығына айналған Түркістанның имиджін көтеруге ықпалы зор деп білемін.

– Иә, рақмет. Жоспар көп. Әсіресе бұл Р.Сейтметов театрының имиджіне керек. Жиырма екі жылдан бері қызмет етіп келеді халық үшін. Жоқ жерден театр жасалғаны да белгілі. Театрдың болашағы үшін қызметімді жасап жатырмын. Бұл – нағыз театр. Мұны кәсіби адам құрды. Кәсіби адам жұмыс істеді. Шәкірттерін дайындады. Театрдың негізін қалады. Оның іргетасын құйды. Театрдың даму жолында осы кісілермен бірлесе жұмыс істеуге ниеттеніп отырмын. Р.Сейтметов театрын бүкіл ел білуі керек. Мұнда мықты труппа бар, жақсы қызмет істей алатын. Мектебі жоқ деуге болмайды. ҚР Халық әртісі Райымбек Ноғайбайұлының айтқанын істеген, бірігіп негізін қалаған жандар­дың ­кенде қалуы мүмкін емес. Биікке көтерілу ­керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Тұрсынай Шаметова

2690 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы