• Әдебиет
  • 11 Қараша, 2021

ЖАЗЫЛМАҒАН КІТАПТЫҢ «ЖЫРЫ» (әңгіме)

Қуаныш  ЖИЕНБАЙ

Оу, ел ішінде азды-көпті беделі болған соң жиын-той, кәделі жиналыстардан арнайы шақырту алатыны рас. Қалааралық телефонына мемлекеттік мекемелердің қабылдау бөлімінен хатшы қыздар қоңырау шалады. Дауыстары қандай жағымды, сыңғыр-сыңғыр: «Әбдібай Айтуаровичпен тілдесуге болар ма екен?». Олардың ойынша, Әбдібай Айтуаровичі мұрнынан шаншылып, БҰҰ-ның мәртебелі мінбесінен сөйлеуге дайын­далып жатқан кісі секілді. «Кесірімізді тигіздік-ау» деп аздап жүрексінеді, өтініш­терін жылдам айтып құтылғысы келеді. Ал Әбдібай әу бастан кіреберістегі қара телефонға жоламайды, алым-берімсіз қалта телефонға жаны қас. Әлдекімдер іздеп қала ма деп айдалада жүріп, одан бетер қорқасоқтайды. Рабайда кезіге қалса осы қаладағы кейбір жора-жолдастарының ауызләмдерін естіп, іштей қызығады. Бір есептен әлгілердің қожанасырлықтары күлкілі, екінші жағынан өз жайымен салыстырғанда олар әлдеқайда «бақытты». Бірақ оны түсініп жатқан кім бар.

Олардың сұрайтыны: «Облыс басшысымен кездесуге сені шақырды ма?» Әбдібайдың жауабы қысқа: «Шақырды». Бітті. Одан соңғы әңгіме ауанын басқа тақырыпқа аударып жібергенше жаны қалмайды. Тіпті осы араға түк қатысы жоқ, азық-түліктің қымбаттауын сұраса да мейлі. Ондайда жейдесінің тамақ түймесін ағытып, армансыз ақтарылады-ай; қызды-қыздымен өз ішіміздегі жағдайдың аясын кеңейтіп, дәп бір солардың арасынан жаңа оралғандай дүниежүзіндегі қалыптасқан ахуалдан түйдек-түйдегімен деректер келтіреді-ай! Күннің шамадан тыс ысып, құрғақшылықтың кеңірдектен алып жатқаны; таудағы мұздақтардың еріп, табиғат тепе-теңдігінің көз алдымызда бұзылып, керісінше кейбір жерлерде алапат су тасқыны болғаны; бүйте берсе отыз-қырық жыл шамасында бір жұтым судың алтынмен бағаланатынын құдды ақырзаман келіп қалғандай, жүдемелете жөнеледі. Мә, безгелдек, жұрт айтып жүргендей Әбдібайдың миы қозғалып, ақыл-есінің ауытқығаны шынымен рас болды, ә?! Мүмкін, бәрі мүмкін, былайғы жұртпен емен-жарқын араласпай, одан гөрі есік-терезесін тұмшалап, күндіз-түні ала қағазбен алысатын адамнан не сұрайсыз? Әбдібайдың қаламгерлік қабілетіне, жазушылығына күмән келтіретін кім бар?! Оу, құрғақшылықтың күллі елдің аяғына тұсау салғаны, бір-екі қарасымен жан сақтаған ағайынның келешегіміз не болар деп кәдімгідей уәйім жегені Әбдібай айтпаса да белгілі ғой.

Ал олардың білгісі келетіні мүлдем басқа жағдай. Осы аудандағы зиялы қауым арасынан суырылып шығып, облыс активінің көшпелі отырысына Әбдібай шақырылған екен. Бәрекелді, ой-пікірін қағаз бетіне шашыратпай дөп түсіретін қадірменді азаматтың қалай дегенде де абырой-беделі өзгелермен салыстырғанда бір пәс жоғары. Мұны әркім-ақ мойындауға тиіс. Әйтпесе, облыс әкімі арнайы келген жиналысқа Әбдібайдан басқалары қатысса да, дүние өзгеріп кетпес еді ғой. Жә, болған іс болды, енді алдағы күндердің берекесін берсін.

Былай қарасаңыз, оған бола Әбдібайдың да шаршап-шалдығатын түгі жоқ. Облыс әкімінің бұл өңірге анда-санда ғана жолы түседі. Сыйлы қонақ бір қауым елдің алдына шығатын болған соң ауыл-үй арасындағы әжік-гүжік тіршілікті термелемейді, айтар ойын арыдан сілтейді. Міне, осы тұстан келеді де тосын мәселе туындайды. Біздікілер молданың дәрісіне бас шұлғып, қалғып-мүлгіген балаң шәкірттей тым-тырыс отыра берді ме, әлде әкімнің екі аяғын бір етікке тығып, шыбын жанын көзіне көрсететіндей сұрақ беріп, тәубесіне түсірді ме? Қызық осында: «Әй, Әбдібай, сен мынаны айтшы, о жерде кім ерекше белсенділік танытты, азаматтық позициядан тайсалмағандарды санап берші бізге?! Қандай мәселеге мән берілді? Басшы бұл өңірге қандай жақсылықтар жасамақшы?..» Оу, активке арнайы шақырылған Әбдібайдың осыларды бастан-аяқ баяндап берсе бір нәрсесі кете ме, әрі көрген-білгенін көңілі түсіп айтқысы келсе, одан асып шешен сөйлейтін кім бар? Жоқ, салғаннан бұлғақтап, қайдағы бір құрғақшылықты айтып, айдалаға лаққаны несі?!.. Мұнысы қалай?! Қалам ұстаған кісі қашан және қайда болмасын халық жағына шығуға тиіс, тіпті міндет... Қанша жерден құлағыңды бітеп, со пәлекетті естімейінші десең де, өсек деген жарағыр саңалау тауып, ішке кіреді де кетеді-ай! Ал ағайын арасын былай қойғанда, қаламдастары ортасында да әжептәуір беделге ие боп жүрген Әбдібайға: «Аздап миы шайқалған, ақыл-есі ауысқан, лағып айдалаға сөйлейді...» деген сұмдықты қалай жапсырмақшысың?! Ақылдан алжасудың себеп-салдарын білгеннен біреу бұларға бір нәрсесін бөліп бере ме? Аман жүргені жақсы Әбдібайдың!..

***

Мәселенің турасына көшкенде былай, Әбдібай бар болмысымен жиналыс атаулыдан аулақ жүргенді ұнатады. Біреулердің көзіне түскісі келмейді. Телефонға жақын жүретін әйеліне де, келініне де талай нәрсені «оқытып» қойған. Үйреншікті бұйымтай ғой баяғы: «Әбдібай Айтуаровичпен тілдесуге бола ма екен?» Болмайды. «Ол кісі көрші ауылдағы нағашысыныкіне кеткен...», «Ыстығы көтеріліп, телефонға келе алмайды. Ертең хабарласарсыз.., «Не айтайық?..» Ылғи осы, жаттанды жауаптан сірә, жұрт та жалыққан балар.

Кешкілік балалардан бөлектеніп оңаша қалғанда әйелі іште жүрген өкпе-назын бүгіп қалғысы келмейді: – Сорлы-ау, біреулердің керек қып іздеп жатқанына қуанбаймысың?

– Не деп қуанамын. Олар немене, саған сыйлық бергелі жатыр ғой деймісің. Мықтағанда жиналысқа шақырады.

– Мұның өзі құрмет, ел ағасы ретінде ақылдасайық дейтін шығар.

– Ақыл сұрайтын адамды тапқан екенсің. Қазіргілердің өз ақылдары өздеріне жетеді. Тек сені құрбекер әуреге түсіреді. Әлденелерді білмегенсіп, тамырыңды басып байқайды. Ал сен терлеп-тепшіп бар білгеніңді алдарына жайып саласың. Есіктен шыға бере сенің ақылгөйсігеніңе жыртың-жыртың күледі. Осы ма саған керегі? Одан да бір жол жазсам да, өз тірлігіммен айналысқаным артық.

– Дегенмен, ойлан.

– Ойланатын түгі жоқ, осы принциптен айнымаймын. Өле-өлгенше...

– Тым қатты кетіп, кейіннен өкініп жүрме. Адамның күні – адаммен.

– Биліктегілерге күнімді салмай-ақ қойсын.

– Бұл сөзді талайлар талай рет айтқан. Ал жеме-жемге келгенде түк көрмегендей, түк білмегендей сып-сыпайы боп шыға келеді.

– Қандай дәлелің бар?

– Дәлел жеткілікті.

– Айт, айтып қал. Мен де естіп ­отырайын.

– Өткенде өз қаржыңа шығарған жүз дана кітабымды өткізіп беріңдер деп, мәдениет департаментіндегілерден өтінгенсің.

– Айтсам... а...а, не дедің? Мен емес, алдымен байланысқа шыққан өздері.

– Сені аяған ғой.

– Аяйтындай... әзірге дені-қарыным сау. Ара-тұра кібіртіктегенімен қалам жүріп тұр. Әдеби ортадан алыс жүрсем де, екі-үш жылда бір кітабым жарыққа шығады.

– Бәрекелді, қаламақыны да күреп алып жатырсың!

– Бас жаққа барыспайық, бәйбіше, ол баршаға ортақ проблема.

– Жә, оған да көндік. Дегенмен сол жүз дана кітаптың тиын-тебені біраз жыртықты жамауға жарады ғой.

– Сарайдағылардан да сөйтіп құты­ламын.

– Сұраушылар бар ма?

– Бар. О жағынан қам жеме. Кеме жөндеу зауытындағылар үстеме бағасын төлеп, пышақ үстінен бөліп алмақшы.

– Бірақ олармен де біреулер арқылы байланысқан шығарсың?

– Әрине, бірақ сен тым тереңдеме, осы тұстан тоқтайық.

Жылдамдатып жұмыс бөлмесіне кірді де, есікті іштен бекітіп алды. Алдымен аяқталмаған бір әңгіменің кезекті тарауын жазып тастамақшы еді. Ойында бәрі сайрап тұрған. Талай түн ұйқы бермеген эпизод. Бүгінде жазу қиындап кетті итжегір! Кейде ақ тер, көк тер боп қағаз бетіне жалғыз жолды да түсіре алмайсың. Оған өкінбейді. Қоқыр-соқырды тізбелеп, төпей бермегеніне шүкірлік жасайды. «Іштен шыққан шұбар жыланның» бірде болмаса бірде, жар басынан құзға құлатып жіберуі де әбден мүмкін. Қағазға түскен дүниенің жарыққа шыққысы кеп, бүйірді түртіп тұратын жағымсыздау әдеті болады. Алғашқыда ұнамағанмен, араға уақыт салып қайта қарағанда бір түрлі жүрегіңді жылтқандай әсер етеді. Одан арғысы айтары жоқ – көрсоқырлық. Әлдекімдер ұялмай-қызармай мұнан да нашарларын ел назарына ұсынып жатқан жоқ па, олардың қасында менікі «ханға сәлем бермейді». Сөйтесің де әдеби журналдың бас редакторымен хабарласып, әрі әдеби ортадан алыс жүргеніңді міндетсіп, апыр-топыр электронды пош­тасына айдап кеп жібересің. Бірнеше айдан кейін оның журнал бетінде жарық ете қалады. Жұрт қалай қабылдады? Әрі-бері мойныңды созып, мерзімді басылымдарда бірлі-жарым оңды пікір жарияланбады ма деп, толғаныс үстінде жүресің. Баяғыда бірге оқыған, не астанада алас-қапаста танысқан қаламгерлер көңіліңді аулаған боп, «дұрыс, тамаша» деп хабарласады. Өтірік екенін салғаннан аңғарасың. Өстіп арқадан қаға салатын жаман ауру пайда болған бүгінде. Шығарманың айтайын деген түп қазығына маңайласа жөн ғой. Бір-екі бетін секіртіп оқыған, не мүлде оқымаған. Мұнысы бір ұпай алдым деп, өздерін алдарқатуға жарап жатыр. Уақыт зыр-зыр. Тағы бірдемелерді түрткің келеді. Әлем әдебиетіндегі мойны озық шығармаларды оқиды да сарсаң-кесек күйге түседі. Қалай дегенде де оқырманның наласына қалмай, не жазсаң да жақсы жазғанға не жетсін! Қазір ұзақ-сонар баян­даудан қашқан абзал. Ондайыңды әдеби құбылыстың майын ішкен кәнігі сыншыларды былай қойғанда, қарапайым оқырманның өзі күресінге лақтыра салады. Осындай сүйкейсалды шығарма жазғаныңа ренжіп, сенің аты-жөніңді компьютер экранынан өшіріп тастайды. Орныңды басатын жас жазушылар жеткілікті. Бір, не екі кейіпкердің айналасындағы ситуацияны домбыраның қатты тартылған ішегіндей ширата білсең, ойлы оқырман соның өзінен-ақ өзіне қажеттіні таба біледі. Ол үшін университет бітірудің қажеті шамалы.

Ақыл үйретуге шеберміз, ә?! Айтудың жөні бір бөлек, жазудың жөні бір бөлек. Және Әбдібай қай шығармасын да көзді ашып-жұмғанша жазып тастайтын өнімді қаламгерлердің санатына жатпайды. Оның осы ұстамды мінезі үшін де әдеби орта құрметтейді. Асықпайды. Тіпті біреуге хат жазса да иінін қандырып, қайта-қайта қырнап-сүрнейді. Қашан қолымнан қала­мым түскенше осы абыройдан төмендемесем дейді. Дейді емес, соған өзі бек сенімді.

Апыр-ай, не пәлеге ұшырады аяқ астынан? Әңгіменің соңғы тарауы, яки, аккорды кеше ғана санасында сайрап, құрмалас сөйлемдер де бірінен соң бірі тізбектеліп, тіл ұшын түртіп тұрған. Тек отыра қал да, жаза бер. Ал жаз! Жоқ, одан әрі жан қинаудың қажеті не? Үстөлден сүйретіліп тұрды да, сыртқа беттеді. Шығып бара жатып, асүйдің маңдайшасындағы бір қорап шылымды оттығымен қоса іле кетті.

 ***

Үй маңындағы ағаш сәкіге кеп, аса құмарлығы болмаса да, ермек үшін бір тал шылымды аузына апара бергені сол, орыс мектебінде тәрбиеленген кіші келінінің көзі алақтап, әлденеден үрейленгендей жалаңаяғымен жолдағы бақшалықтың енді бой тіктеген жас өскіндерін жапырып, алқын-жұлқын жетіп келгені.

– Аманшылық па?

– Аманшылық.

– Аманшылық болса, осынша ентігіп... бірнәрсе болып қалды ма десем.

– Телефон...

– Телефонға не деп жауап беретіндеріңді ұмытып қалдыңдар ма?! – Әбдібай келінінің танауы делдиіп, терең дем алғанына қайран қалды. Әрі әйелінің «бетіне секпіл түсіпті, байқадың ба?» дегені сап етіп ойға оралды да жаны ашыды ма, әлдебір қуанышты сезім жүрегін жылытты ма, шынтағынан демеп жанына отырғызды: – Байқасаңдаршы, телефоны құрысын!

– Байқағанда... – Келіні өз-өзіне жаңа келгендей және атасының «орысша араластырмай таза сөйле, сен Әбдібайдың келінісіңіне» жауап бергендей сөзін бөліп-бөліп, асықпай баяндауға тырысты: – Телефон соққан кісі қызық екен бір түрлі... Нахалный. Өзіңіз үйреткендей, «атам үйде жоқ» деп қанша қақсасам да тыңдамайды. «Шақыр да шақыр!» Сізді сырттай бақылап жүре ме қайдам, «үлкен кісіні жасырасыңдар, ұялмайсыңдар!» деп ақыры өзіме ұрысты.

– Әкімшіліктен емес қой, әйтеуір...

– Жо-ға, олар бүйтіп дөрекі сөйлемейді. Айтқаныңа иланады, ал мынау... Және мен түсіне алмадым ба, тағы бердемелерді жұмбақтайды... «Мен Айтуаровичтің кейіпкерімін, ол менің образымды сомдаған» деп қайдағы-жоқты соқты.

– Кейіпкерімін дейді, әйтеуір, әкім­шіліктен болмаса жарар. – Әбдібай орнынан тұрып, келінінің ізіне ерді. Үстінен ауыр жүк түскендей қоңыраудың әкімшіліктен соғылмағанына анық көзі жеткен соң, көңілі орнына түсті де, телефонға қарай жүрісін жылдамдатты.

– Әл-ле-ау?

– Әбдібай аға, барсыз ба, сіздің дауы­сыңызды естуге зар болдық қой. Үйдегілерді де мықтап «оқытқан» екенсіз. «Жоқ, жоқ!» Ал мен сіздің бөлмеңізді бекітіп ап, жазу жазып жатқаныңызды білем ғой. Сізді мазалап тұрған жаман ініңіз – Жарқынбай Бодықов. Бөген балық зауытының директоры. Анада мен жайлы көлемді мақала жазып, орталық газетке бастырғансыз. Не айтары бар, содан кейін-ақ қолым жүріп, ісім алға басты ғой, аға! Ел алдындағы беделімді бір көтеріп тастадыңыз. Сізге інілік рақметімді қалай айтсам деп жүруші ем, соның ыңғайы енді келген секілді. Алдағы жұмада ініңіз елуге толады. Юбилей, біреулер юбилейді қайтесің дейді... Қанша өмір қалды, алда­ғыны Алла біледі. Мүмкіндігім болып тұр­ғанда дастарқан жайып, елге есеп берейін деп шештім. Соның төрінде төбедей боп, жеңгем екеуіңіз отырасыздар. Қысқасы, кейіп­керіңіздің бір өтініші жерде қалмас, күтеміз!

– Ай, Жарқынбай... сен былай, жаушаптыламай, асықпай сөйлеші. Юбилейіңе тағы кімдерді шақырдың?

– Аудан басшылары түгел қатысады.

– Солай де, жөн-жөн.

– Біреулермен бірге табақтас болғым келмейді десеңіз, о жағын да ашық айтыңыз. Қолдағы шаруа ғой, оларды кейін...

– Жо-жоқ, сенің жөнің бөлек, басқалар шақырса сылтау айтуға болар еді. Ал сен оларға ұқсамайсың!

– Жарайсыз, күтеміз, күтеміз, көкесі!

... Әкімдіктен соғылған телефон қоңырауын бұл кісі неге ұнатпайды? Ал біреулер әкімдіктен ара-тұра қоңырау түспесе «олар мені неге іздемейді?» деп талағы тарс айырылады. Бұл неткен кереғарлық? Шамамыз жеткенше осы жайды тарқатайықшы. Әбдібайдың аудан, облыс түгілі республикаға белгілі қаламгерлігінен біршама хабардар боп қалған шығарсыз. Осы бағытынан жаңылмаса, тұшымды шығармаларын жариялай берсе, оқырмандар «енді не жазар екен» деп осылай қарай елеңдеуін үдетсе... дейсің ғой кәдімгі сөз қадірін түсінетін кісіге жаныңыз ашып. Біз де осы тілектің үстіндеміз.

Өстіп, жазбасына қоймай жан-дүниесін керемет арпалысқа түсірген тақырыптың ауа-жайын аңлап, батылы жетпегендіктен емес, «алдымен сөз жаралған...» дейтін тәмсілді мойынға бойтұмар ғып тағып, соның киесіне ұрынбас үшін және өзінің де ішкі қуатын үнемдеп, ара-тұра бірнәрселерді түртіп қойып, ойдан шықпаса онысын табанда жыртып тастап, оған иненің жасуындай өкінбестен талтаңдап, тып-тыныш жүрген Әбдібайға аяқ астынан не көрінді десеңші?! Е, соны айтсаңшы, былай қарасаң бәрі орын-орнында. Балалары тиесілі қызметтерінде. Әйелі де ажарлы, Әбдібайдың ас-суын даярлауға жарап тұр. Аш-жалаңаш емес, тамақ тоқ. Әрине, жинақ кассасында қатталып жатқан миллиондаған теңгесі жоқ. Оны ойласаң шашың ағарар. Келешектен үміт үзбегей. Ғайыптан Әбдібайдың кітаптары шет тіліне аударылып, тұс-тұстан қомақты қаламақылар топырлап түсіп жататындай елестейді.

Жыл аяғында осы өңірде тұратын шығармашылық иелерінің басын қосып, кездесу өткізу – қашаннан қалыптасқан дәстүр. Аудан әкімі құттықтау сөзін арнайды. Бір-екі кісі шығып сөйлейді. Олардыкі де жат­танды быды-быды: «бізге жасаған қам­қор­лықтарыңызға рақмет, бұдан кейін ша­бытана жұмыс істейміз!» Үйреншікті спек­такль. «Аз да болса көптей көріңіздер!» Жүзік­тің көзінен өтетін сұлу бикештер сызы­лып келіп, үш тал қалампыр гүлімен шағын­дау конверт ұсынады. Болар-болмас көңіл көтеріледі. Артынша бәрі жабылып, көрші бөлмедегі арнайы дайындалған фуршетке бас қояды. Шампан, қызыл шарап, виски. Қалауыңыз білсін, «ішіңіз, жеңіз, қам же­меңіз, үйіңізге жеңіл мәшине жеткізіп астайды».

Бір дөкей ыңғайын тауып Әбдібайдың құлағына былай деп сыбырлаған: – Сіз асық­паңыз, сізге көрсетілер сый-құрмет ерекше. Мыналар тарасын, мыналарға қара­ғанда сіздің жөніңіз бөлек...

Әбдібай алғашқыда таңғалғанымен артынша бойын тіктеп, жан-жағына сүйіс­пен­шілік пейіл­мен көз тікті. Бір ауыз сөздің құдірет-күшін қараңыз! «Сіз мыналарға ұқсамай­сыз, сіздің жөніңіз бөлек!». Тым аспан­датып жібергеннен сау ма?! Егер шығармашы­лы­ғына қатысты мақтау болса, оны үздіге тыңдауға даяр. Әне, «билік басындағылар өмірі кітап бетін ашпайды, жоғарғы жақтағылардың тапсырмасын орындаса, олар үшін қалған дүниені топансу алса да бәрібір...» Бәлкім, осыған ұқсас пікірді өзі де айтқан шығар! Ал ендеше, Әбдібай айыпты кісіше әлгі дөкейдің жүзіне тіке қарап тұрды да, оқыс шегіншектеп, «сіздің денсаулығыңыз үшін» дегендей, жағымпаздық ауылына қалай жақындап қалғанын аңғармай, патностағы шөпілдеген коньяктің бір рөмкесін шімірікпестен тартып жіберді. Тер бұрқ ете түсті. Манадан бері өзге әріптестерінің «алып жіберейігінен» қашқақтап, «үлкен шаруа үстінде едім, маған ішуге болмайды» деп өзін бір саты төмендеткісі келмеген кісі енді «серік» іздей бастаған сыңайлы. Іздегенге – сұраған, суретші ме, әлде музыкант па, ара-тұра осындай жиындарда көрініп жүрген жас жігіт Әбдібайдың осал тұсын тап басты: «Сізбен дидарласқанымызға қуаныштымыз, ағасы!» Екінші рөмкі де өз орнына жайғасты. «Осымен бітті, сөзі былжырағанды биліктегілер жаратпайды».

Үстінгі қабаттағы үлкен кабинетке кірген екеу қарама-қарсы қойылған креслоға жайғасты.

– Сіздің шығармаларыңызбен бала күннен таныспын.

Әбдібай басын изеді.

– Білем ғой сіздерді, бізді кітап оқы­майтын топастардың санатына қосасыздар.

– Олай деген кім бар. «Мына сұмырай менің ішімдегіні қайдан біледі-ей, а?!». – Екі-үш рөмкенің қызуынан жылдам айықты.

– Оқимыз, оқығанда қандай! Және сіз өз арамыздан шыққан қаламгерсіз. Сондықтан кітабыңызды бірден сатып аламыз. Әбдірәсіл Қожамсейтович те сізді ерекше жақсы көреді.

Аудан әкімін жиналыс басталмас бұрын көрген. Әбдібайды алыстан байқады да қолын кеудесіне қойып, сәл иілді. Сәлемдескені шығар.

– Созғылайтын несі бар, былай ағасы... Әкім Әбдірәсіл Қожамсейтовичтің әкесі осы жылдың соңында тоқсанға толады. Ол кісіні танушы ма едіңіз?

– Білеміз, пәлен жыл аудандағы ардагерлер ұйымын басқарды. Ардагер болмасақ та, ол кісінің өмір тарихынан хабарымыз мол.

– Бәрекелді, таңдауымыз тура төбеден түсті. Экология қыспағындағы ауданда тұрып, тоқсан жыл өмір сүру – ерлік, айтатыны жоқ ерлік!

– Сөз бар ма?!

– Әкім әкесінің тоқсан жылдығын ат шаптырып, балуан күрестіріп атап өтпекші. Мейлі, айтатындар айта берсін, бізді онсыз да ағаш атқа теріс міңгізетіндер жетеді. Бүйтіп әкесін тоқсанға келтіріп, бағып-қағып, перзенттік парызын адал атқарғандар сирек. Мұндай оқиға бұл өңір үшін бірінші рет және кейінгілерге үлгі-өнеге. Қысқасы, сол өсіп-өнген әулет жөнінен бір кітап жазылса дейміз-дағы...

Әбдібайдың жон арқасы шым ете қалды.

– Келген қонақтарға ескеркіш. Сол кітаптың авторын алыстан іздеп... сіздей шебер жазушы тұрғанда... айдаладағы әлдекімге жем болып неміз бар. Бұл ұсынысқа қарсы болмайтын шығарсыз. Құр аяққа бата жүрмейтіндігін де ескеріңіз. Қаламақыға қарық боп жатқандарыңыз белгілі ғой.

– Ойланайын, қабырғаммен кеңесейін.

– Ой, сіз де... бүйтіп шіренбеңіз, адам таппай отырғанымыз жоқ. Сізді сыйла­ғандықтан, творчестваңызды құрмет­тегендіктен. Күзге дейін бес-алты ай уақыт бар. Үлгіресіз және кітапқа қажетті мағұлмат іздеп жатпайсыз. Бәрі ойластырылған. Әкім әулеті жөнінде жазылған төрт-бес касета қолымызда. Бір кітапқа молынан жетеді. Ал қосымша бірдемелер қажет болса, тура өзіме шығасыз. Келістік қой.

Шенеунік қозы қарнын бүлк еткізіп, ор­нынан жылдам көтерілді. Келісімін берді ме, бермеді ме, Әбдібайдың есінде жоқ. Маң­дайы шып-шып терледі. Ойына қай­дағы-жайдағы оралды. Кенже ұлы жа­қында үйленбекші. Қаражат қайдан жетсін. Бая­ғы­дай аста-төк той жасамаса да, құда-жек­жат­тың көңілін аулау міндет. Әрі жазушы деген аты бар. Бүйірдегі сейфтің ап-ауыр есігі ашылып-жабылды. Паркет еден сықыр-сықыр. Әлгі жолың болғыр ұрлық жа­са­ған­дай терезе пердесін бері ысырып, Әбді­­бай­дың жанына жақындады: – Мынау аванс, қалғанын қолжазба қолға тиген күні аласыз.

Әбдібайдың көзі бұлдырады. Мынадай «буаз» конвертті ұстап тұрғаны осы...

– Көлік іздеп әуре болмаңыз, – деді Жарқынбай, – Жұма күні кешкісін жеңіл мәшинем есігіңіздің алдында тұрады.

Әбдібай сам-соз күйде телефон тұтқасын біразға дейін ұстап тұрды.

 ***

Юбилейге жазушының кейіпкері мықтап дайындалыпты. Аудандағы шөпкеты­шар­лардың дені осында. Алғашқы сөздің авторы белгілі – аудан әкімі Жарқынбайдың иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады. Сәл кешігіп келген Әбдібай әйелі екеуі алдыңғы жақтағы жайдақ үстөлге жайғасты. Құстың сүтінен басқасының бәрі үстөлде. Жұрт шамадан тыс көңілді. Жазушы да біраз таныстарын кездестіріп, бәрімен бас изесіп амандасты. Үйреншікті сценарий, бір отырыстан соң әкім той иесіне рақметін айтып, кетуге ыңғайланды. Сол, сол-ақ екен, әкімқаралардың біреуі қалмастан өре түрегеліп, сүрініп-қабынып, сыртқа бетеді. Әрине, ол кісіде жазық жоқ, қайта «елдің назарын өздеріңе аударып, не көрінді? Сендерсіз де аяқ-жолымды тауып жүрмін ғой» деп ескерту де жасаған болар. Қайран жағымпаздық, сенің жолыңа тосқауыл қоятын амал-айла табылмай-ақ қойды-ау! – Әбдібай мырс етіп күлді. Манадан бері өзінен көз алмай тесіле қарап отырған баяғы Қозықарын да әкіммен бірге қарасын батырса деп тілеген Әбдібайдың арманы орындалмады. Шамалыдан соң Қозықарын бастаған бес-алты жігіт апыр-топыр қайта кірді. Еркін. Сөздің кезегі Қозықарынға тигенде «бұ жерде менен асқан мықтыларың жоқ, реті келгенде кім екендігімді танытайын, тыңдаңдар» дегендей, ойдан-қырдан орағытып біраз көсілді. Үзілісте Қозықарынның өзімен жеке жүздесетінін, біраз жайдың тігісін жатқызып, біраз жайдың басын ашқысы кеп, топан сұрақтың астына алатынын Әбдібай да іштей сезіп отыр. Ешқайда қаша алмайды. Ұсталды. Тамақ батпады, қалай құтыламын деп санасы сан-саққа жүгірді. Шешінген судан тайынбас, әйелінің үсті-үстіне аяқ басқанына қарамай, екі-үш рөмкені тағы да тартып жіберді. Көңілінің көтерілгені соншалық, асабаның әрбір арзан әзіл-қалжыңына есі кетіп, ыржың-ыржың күлді. Қан қыздыратын музыка ойнағанда Жарқынбайдың келіншегімен вальс билеп те жіберді. Өзін аса жеңіл сезінді.

– Сыртқа шығып біраз таза ауа жұтайық, – деді Қозықарын. Мейрамхананың шеткері жағындағы қолдан жасалған көгал бойымен біршама қырыстады. Шылым шекті.

– Кітаптың соңғы тараулары да қағаз бетін түскен болар.

– Әрине, әрине, қарап жатқан кім бар. Бұйырса...

– Бұйырса, бір ай шамасында қол­жазбаны қолға тигізетін шығарсыз?

– Үстінен қараймын. Артық-кем тұстары өзіме белгілі. Асықпайық.

– Жөн-жөн, күзге дейін үлгерсек...

– Үлгіремін... Әдеби конкурстың да уақыты санаулы. Повестің көлемі шағын. Ұзақ дүниені ешкім оқымайды. Бәрі ескерілген. Оқырманды аяу керек. Сіз кітап оқитын азаматсыз ғой, шығарманың қорытындысын құдай-ау, алты-жеті мәрте қайта жазған шығармын. Бірақ шықты, ақыры шығардым!.. Түн, жұлдызды аспан. Геройым ауылдағы күйеуі көлік апатынан қайтыс болған келіншекке барып жүреді. Келіншектің де Көбейсін дегенде шығарға жаны жоқ. Көбейсіннің бірде келіншекті құшағына қысып, ауыл сыртындағы құм төбеге алып шығатын тұсы бар... Ыстық құм, ыстық құшақ, ыңырсыған, талықсыған үндер. Керемет! Бар күшімді осыған салдым. Оқисыз әлі. Сіз де жас болдыңыз. Ол сурет сіздің есіңізге де біраз жайды түсіреді. Білем ғой сіздерді... Көрікті жігітсіз. Ай қарап жүрмеген шығарсыз. Қалай, ойыңыздан түстім бе? Жасырма, бір емес, бірнешеуін айналдырып жүрген боларсыз... Оқу бөлімі сізге қарай ма?.. Әне, айттым ғой, қыз-қырқынның хан базары сол жерде. Маладес! Мүмкіндік бар да шырқап қалыңдар. Өздеріңнен ауысып жатса... бізге! Ха-ха-ха! – Әбдібай Қозықарынмен бұрын-соңды әзілдесіп жүрген кісіше өз-өзін қинап күліп, иығынан қаттырақ нұқып қалды: – Ал әдеби конкурс өзіңіз білетіндей, көбіне әділ шешілмейді. Әділ шешілсе, менің шығармам нағыз «шаппай бердің» өзі.

Қозықарын мен сірә, кіммен сөйлесіп тұрмын дегендей аң-таң. Әбдібайдың жүзіне жақынырақ үңілді. Сол. Аузының суы құрып, мақтап жүрген жазушысы. Қайдағы конкурс, қайдағы ыстық құшақ, қайдағы махаббат драмасы?!..

– Солай деңіз... Қозықарынның аузына жөнді сөз түспеді, – отбасыңыз аман ғой, әйтеуір. Жеңгейді көрдік.

– Жеңгең сол. Сендер секілді емес, біздікі бір любовь...

 – Касетаның бәрін тыңдадыңыз ба?

– Касетасы бар болсын. Біреудің бірнәрсесін тыңдасаң, сол шеңберден шыға алмайсың. Әлім келгенше біреуге еліктегім келмейді. Бәрін тыңнан бастаймын. Егер уақытыңыз болса әлгі конкурске жібергелі жатқан повестің соңғы тарауын оқытайын. Сосын «аға, ағажан, түгел оқып шығайыншы» деп жалынасыз әлі... Биыл күн қатты ысып кетті, ә?.. Біздің неміз кетсін, ауылдағы ағайынға қиын, әрине. Жем-шөпті неғып жатырсыздар?.. Дария деңгейінің көтерілетін түрі бар ма?

Қозықарын бір сұрағына толыққанды жауап ала алмады. Жұрт айтып жүргендей, Әбдібайдың шынымен миы шайқалғаны рас болды. Әкесінің тоқсан жылдығына дайындалып жатқан әкімге не айтады?!..

 ***

«Миы шайқалған, есі ауысқан» десе дей берсін, әдейі әртістікке барған Әбдібай осы қылығымен әкімнің әкесі жайлы тапсырыс­пен кітап жазу азабынан құтылды. «Құрып кетсін, маңдай терлеп таппаған табыс бойға жұға ма?». Азын-аулақ тиын-тебенін қалай қайтарсам деп жүрген. Қозықарын бір жағынан өзін арашаламақ боп, екінші жағынан болған жайдан хабарсыз болмасын деп, жазушымен соңғы кездесудің жай-жапсарын түгел баяндаған екен, әкім жан-жақты ойлайтын кеңпейілді кісі ғой: «Мұны екеумізден басқа ешкім естімесін. Миы шайқалған жазушыдан аман-есен құтылғанымыздың өзі олжа. Осымен бәрі тәмам», – депті. Дұрыс-ақ.

 Әбдібай ішек-сілесі қатып, өзінің қолдан жасаған жындылығына риза болғаны соншалық, екі-үш күн тапжылмай отырып, бастан кешкен осы оқиғаны қағазға түсіріпті. Интернетің бар, әлеуметтік желің бар, басқасы бар, қазір «ел құлағы – елу» емес, мың-миллион. Ертең оны жұрт жабыла-жас­тана оқиды ғой. Әкім мен Қозы­қа­рынның сондағы көңіл күйін білсе ғой, шіркін!

829 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы