• Тұлға
  • 11 Қараша, 2021

ДАЛА ӨРКЕНИЕТІ ҰҒЫМЫН ЕНГІЗГЕН ҒАЛЫМ

Биыл  көрнекті ғалым, дарынды ойшыл, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымының докторы, профессор Ағын Хайроллаұлы Қасымжановтың  туғанына 90 жыл толып отыр. Шығыс халықтарында ұстаз түсінігі әрдайым қастерлі де құрметті саналған. Атақты үнділік сопы Ыдырыс Шах: «Кемеңгер ұстаз деп сені түзететін, үйрете алатын адам емес, сені әлденеге үйреткен адамды айтамыз», – деген екен.  Нағыз дарынды адам қай істі қолға болсын, өзінің дарындылығын көрсетеді емес пе? А.Қасымжановтың дарындылығы замандас­тары мен әріптестерін таңғалдыратын еді, оның дәрісіне қатысқан шәкірттері де өздерін бақытты сезінетін. Ағын Қасымжанов әлемдік деңгейдегі ғалым. Оның есімі қазақстандық философия мектебінің бастауында тұр. Ағын Хайроллаұлы отандық және шетелдік философия тарихы, таным теориясы және диалектика, ғылым философиясы, дала өркениеті және қазақ халқының рухани мұрасы саласында толымды философиялық мол мұра қалдырды. Оның әл-Фараби және ойлау мәдениеті туралы жазылған еңбектері, араб, болгар, поляк, португал, фин, француз, чех тілдеріне аударылды. 

«Дала өркениеті» деген атау біршама уақыттан бері төл мәдениетте және ғылымда қолданып жүрген маңызды ұғымдардың қатарында. Сонау ықылым заманнан бері ғұмыр кешкен қазақ үшін дала өркениетіне қатысты мәселелер өте маңызды. А.Қасымжанов қазақстандық мәденниеттанудың қалыптасуында аса жоғары рөл атқарған әрі дала өркениеті ұғымын тұңғыш рет ғылыми қолданысқа енгізген ғалым.

Профессор А.Қасымжановтың пайымдауынша, ислам дүниесінің өзіндік болмысын, әлемдік өркениетке, мәдениет пен ғылымға қосқан зор үлесін әл-Фараби, Бируни, Ибн Сина сияқты түркістандық ғалымдардың еңбектері дәлелдей алады. Медициналық шығармалар мен математикалық трактаттар, астроно­миялық кестелер түрлі тілдерден аударылған араб тәржімалары Батысқа еніп, оның мәдениеті мен ғылымына жүздеген жылдар бойында темірқазық болды. Батыс Еуропа әдебиетінің ­дамуына Шығыстың тигізген ықпалы орасан зор. «Тіпті роман халықтарының өлеңіндегі ұйқас араб поэзиясынан көшкен» деген болжам да бар. Эллада дәуірі туралы әңгіме болған кезде батыс тарихшылары ежелгі грек мәдениетінің Шығысқа ықпалы туралы ғана айтады да, кері процесс туралы жақ ашпайды. Осыған байланысты Б.Ғафуров және А.Қасымжанов өздерінің «әл-Фараби мәдениет тарихында» атты кітабында соны пікір білдірді. Олардың ­пайымдауынша, «эллада мәдениеті» деп аталатын құбылыста тек «таза» грек мәдениет шығармашылығы ғана емес, шығыс мәдениетінің төлтума ой-өрісі де көрініс тапқан». Өзгені төмендетіп, қандай да бір мәдениетті асқақтату жағымды нәрсе емес. Қай мәдениет болсын, басқа мәдениеттен белгілі бір дүниені сіңіреді, бірақ ол оның өзіндік болмысын жоққа шығара алмайды.

Талантты ғалым А.Қасымжанов ҚазҰУ-дың философия факультетінің алғашқы түлектерінің бірі. Ағын Қасымжанов ғылымда үш саланың негізін қалады. Біріншісі, таным теориясы, оған арналған іргелі еңбектері бар. Екіншісі, әл-Фараби мұрасын зерттеп, фарабитану ілімінің іргесін анықтап, басты бағдарларын белгіледі. Үшіншісі, қазақ дүниетанымын, философиясын тарихи-методологиялық ауқымда зерттеп, артында ұшан-теңіз идеялық мұра қалдырды. 1968 жылы ҚазКСР ҰҒА Философия және құқық институтында «әл-Фараби мұраларын зерттейтін» бөлім ашылды. Бөлім меңгерушісі болып А.Қасымжанов тағайындалды. Ғалым орта ғасырлық ойшыл әл-Фарабидің тарихи ­Отанына оралуына көп еңбек сіңірді. Атап айтар болсақ, Ш.Есеновтің және Ә.Әлімжановтің бастамасымен 1973 жылы Азия және Африка елдері жазушыларының V конференциясы аясында «әл-Фараби күні» өткізілді. Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияға дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. Ол кезде мұндай іс-шара өткізу оңай шаруа емес еді.

Б.Ғафуров, А.Машанов, А.Қасымжанов, Ә.Әлімжанов, Ұлттық Ғылым Академиясының президенті Ш.Есеновтің тікелей ұйымдастыруымен 1975 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған үлкен халықаралық ғылыми конференция «Мәскеу – ­Алматы – Бағдад» қаласында болып өтті. Сөйтіп, Алматы аз уақыттың ішінде әл-Фараби мұраларын зерттеудің ғылыми орталығына айналды. Осы тұстағы Ағын Қасымжановтың ғылыми беделі мен ұйымдастырушылық қабілеті тек Қазақстанда емес, шетел ғалымдары арасында да кеңінен танымал болды. Конференцияның Алматы қаласында өтуіне бірден-бір себепші болған бір жағдай, ол Ағын Қасымжановтың ғылыми редакциясымен белгілі жазушы Ә.Әлімжановтың 1975 жылы шыққан «Ұстаздың оралуы» атты кітабы болды.

Талмай ізденудің нәтижесінде 1975 жылы Мәскеуде Б.Гафуров пен А.Қасымжановтың орыс тілінде шыққан «Әл-Фараби мәдениет ­тарихында» («Аль-Фараби в истории культуры») атты кітабы араб-мұсылман философиясымен шұғылданушы ғалымдар арасында үлкен бір сүбелі оқиға болды. Қазақ ғалымын әлем мойындай бастады. 1996–1997 жылдары қазақ философы А.Қасымжанов Фулбрайт Қоры стипендиясымен Оклахома университетіне дәріс оқуға шақырылды. А.Қасымжанов үш айдың ішінде ағылшын тілін жетік меңгеріп алды да, Америкаға аттанып кетті. Ол АҚШ-тың Оклахома университетінде түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы «Дала өркеиеті», «Орталық Азия мәдениетіне кіріспе», «Түркі халықтары бірлігі және Түркістан», «Орталық Азия саяси дәстүрінің ежелгі түптамыры», «Әл-Фараби және Баласағұн шығармаларындағы адамгершілік бастауы» тақырыбында дәріс оқыды. А.Қасымжанов АҚШ-та «Ортағасырлық мәдениеттің қайта өрлеуі» деген тақырыпта ғылыми конференция ұйымдастырды. Оған әлемнің әр түкпірінен атақты ғалымдар қатысты. Бүгінде оның дәрістері ағылшын тілінде АҚШ-тың «Амазон» баспасында бөлек жинақ етіп шығарылып, университет студенттеріне және қалың оқырмандарға ұсынылып келеді.

Ағын ұстаздың дәріс оқуы да ерекше болатын. Бір жапырақ қағазға дәрістің сұлбасын неше түрлі сызықтармен, өзіне ғана түсінікті атаулармен, анықтамалармен және ойшылдардың есімімен жазып, белгілер қоятын. Соған қарап отырып кемелденген, дәлелденген, логикалық қайшылықсыз көркемделген дәріс үлгісін көрсетуші еді. Біз ұстаздың осындай қасиеттеріне әлі күнге дейін еліктейміз. Проблемалық дәрістерге көп көңіл бөлетін. Басты назар күрделі теориялық мәселелерге аударылып, пікірталас тудыратын сұрақтар қойылады, олардың ішінен біреуін таңдау талап етіліп, студенттердің өзіндік пікір қалыптастыруына мүмкіндік беріледі. Бұл әдіс студенттерді проблемалық сұранысқа жауап іздеуге ынталандырып, зерттеу жұмысына баулиды. Ол «Проблемалық мәселені оқудың өзінен емес, практикалық өрістен, студенттердің мамандық ауқымына жақын әлеуметтік ортадан іздеген жөн», – дейтін.

Ағын Қасымжанов 1976–1977 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінің деканы, ал 1977–1983 жылдар аралығында ҚазМУ жанындағы жоғары оқу орындары оқытушыларының білімін жетілдіру институтының директоры, 1983–1986 жылдары ҚазМУ-дың философия тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1986 жылы желтоқсан оқиғасына байланысты ҚазМУ-дан кетуге мәжбүр болып, 1987–1993 жылдары Алматы зооветеринарлық ­институтында философия кафедрасында профессор болып жұмыс істеді. Осы бір қиын жылдарда Ағын Қасымжанов қазақ халқының рухани мәдениетімен терең шұғылдана бастады. «Ақыл» атты ғалымдардың қауымдастығын құрды, «Гумилев оқулары» атты халықаралық семинар өткізді, бұл семинарға Мажарстанның, Германияның, Ресейдің атақты ғалымдары қатысты. 90-жылдары Ағын Қасымжановтың отандық мәдениетті оқып-үйренуге арналған «Қазақ халқының рухани мұралары» атты кітабы жарық көріп, оқырман арасында жоғары бағаға ие болды. Ол 1994 жылдан ғұмырының соңына дейін ҚазҰУ-да философия және саясаттану факультетінде философия кафедрасының меңгерушісі болды. 1993 жылы Ағын Қасымжанов ҚазҰУ-дың жанында әл-Фараби ғылыми орталығын құрып, соның директоры қызметін атқарды. Айта кететін бір жағдай, Ағын Қасымжанов қай жерде қызмет етсе де, барлық уақыттағы ғылыми жұмысының өзегі фарабитану болды. Оның әл-Фарабиге арнаған 4 монографиясы, 10 кітапшасы, 50-ден аса ғылыми мақаласы бар. Профессор Ағын Қасымжанов Бостон университетінде, Оклахома, Тегеран университеттерінде дәріс оқыды. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстанның философ ғалымдарымен тығыз байланыста болды. Ол Одаққа танымал талантты қазақ философы атанды. 2000 жылы қараша айының 2 жұлдызында ғалым, ойшыл, философ, ұстаз Ағын Қасымжанов өмірден өтті. Биыл әлемдік философия күніне орай қараша айында ғалымның 90 жылдығына байланысты «Қасымжанов оқулары» аталып өтпек.

Жақыпбек АЛТАЕВ,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың философия

кафедрасының профессоры

1243 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы