• Тұлға
  • 11 Қараша, 2021

ҚОЖАНОВҚА ЕСКЕРТКІШ МҮСІН ОРНАТЫЛДЫ

Мемлекет және қоғам қайраткерін ұлықтау мақ­сатында Алматы қала­сындағы Сұлтанбек Қожанов пен Тайыр Жароков көшесінің қиылысында қайраткерге арнап еркерткіш мүсін орнатылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың ұрпақтары, ғалымдар мен тарихшылар, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ Алаш арыстарын ұлықтауда үлкен еңбек сіңіріп жүрген «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, оның орынбасары Қазыбек Иса қатысып, сөз сөйледі. Ескерткіш мүсіннің  қойылуына ұйытқы болған Сұлтанбек Қожанов қорының төрағасы Мұқан Әбдіраманұлы екенін айта кеткен жөн.

«Отызға келгенде орда бұзбасаң, қырқыңда қыр аспайсың» дейді қазақ. Тәуелсіздікті  армандаған ардақты Алаш азаматтарының бірі Сұлтанбек Қожанов екені сөзсіз. Ол бостандық үшін арпалысты. Ұлт үшін ұлы еңбек істеді. Қазақстанның астанасын Қызылордаға ауыстырды.  Сондықтан біз бүгінгі ұрпақ оның ел алдындағы еңбегін ұлықтау мақсатында ескерткіш тұрғыздық. Басты мақсат  – қайраткер азаматтың жүріп өткен жолын жастарға үлгі ету, – деді С.Қожанов атындағы қайырымдылық қорының төрағасы Мұқан Әбдіраманұлы.

Сұлтанбек Қожановтың күрескерлік тұлғасы мен  шығармашылық мұрасын зерттеуде ұлан асыр еңбек етіп жүрген филология ғылымының докторы, ҰҒА коррес­пон­дент-мүшесі Амантай Шәріп ескерткіштің ашылу рәсімінен соң Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық драма театрында өткен еркін пікір алмасу алаңында қайраткер туралы кеңінен әңгіме етті.

– Біз Қожановты  қазақ елі тәуелсіздігінің бастауында тұрған тұлғаларының бірі ретінде қараймыз. Ол – Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақып Дулатұлының ізін басқан, солармен тығыз қарым-қатынаста болған, Алаш қайраткерлерімен араласқан, өз қайырымын тигізген үлкен тұлға. Қожанов Мәскеудегі билік тарапынан «таптық емес, ұлттық тұғырды жоғары қойып, асыра сіл­тегендігі үшін» қысымға ұшырап, ресми сөгіс алды. Алайда Сұл­танбек қысым көрсе де, ұлт теңдігіне қатысты өзекті ойларын алға тартуды тоқтатпады. Ол РК(б)П ОК ұлт ­республикалары мен облыстары жауапты қызметкерлерінің ІV Кеңесінде (Мәскеу, 1923 жыл, 9-12 маусым) сөйлеген сөзінде «Түркістанда отарлық саясаттың көбесі сөгілмегенін, ұлттық проблемалардың ұлғайғандығын айтамын» деп, Сталиннің сынына ілікті. Бірақ еш қиындыққа мойымайтын Сұлтанбек өз мүмкіндігінің шегінде халқына қызмет ете берді, – деді фи­ло­логия ғылымдарының докторы,профессор Амантай Шәріп.

Еркін пікір алаңында сөз алған жазушы Бейбіт Қойшыбай, профессор Дандай Ысқақ, алаштанушы Жұмабек Ашулы, қор төрағасы Мұқан Әбдіраман және тағы басқа азаматтар Сұлтанбек Қожановтың қазақ мемлекетін құрудағы  жанкешті еңбегін сөз етті. Қайраткер тұлғаның есімі ешуақытта ұмытылмайтынын айтты.

Есіл ер 1938 жылғы 10 ақпанда оққа байланып, топырақ НКВД-ның Коммунарка полигонынан бұйырды.

Жиын соңында қайраткердің еңбегін насихаттауға өз үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтар Сұлтанбек Қожанов атындағы медальмен марапатталды. Жиыннан соң қайраткер тұлғаға арнап ас беріліп, Құран оқылды. 

Еркін ҚАЛДАН

1358 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы