• Әдебиет
  • 11 Қараша, 2021

АСПАН МІНЕЗДЕС...

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
«Ana tili»

Ол сырт көзге адуынды, тіпті жылуы жоқ суық көрінуі де мүмкін. Бір қарағанда ғана солай. Ішкіліктесіп араласып, пікірлесіңіз. Мүлде басқа адамды көресіз. Әлдекімдер құсап өтірік-шынды қолпаштап арқаңнан қақпайды. Немесе қолынан келіп тұрса да бәлсініп, әлде, бір сөзі алдынан, екі сөзі артынан шығып, күлбілтелеп «көрейік» дегеннен аса алмай, күмілжіп отырмайды. Сый қылса, сыпыра қылады. Қажет жерде «әкең өлді» десе де ақиқатына басады. 
Оны жақынырақ білгіңіз келсе, істес болып көріңіз. Үнемі ізденіс үстінде жүретін адамның талғам, талабы төмен болмасы анық. Өзіңіз де сол үдеден шыға алатыныңызды білсеңіз, тартынбаңыз, барыңызды жайып салыңыз. Сонда көресіз, оның қандай деңгейдегі азамат екенін...

Тәуелсіздіктің игі ықпалымен жарыққа шыққан «Қазақ елі» атты еларалық газет тоқсаныншы жыл­­дардың соңында жабылып қалды. Газет ұжымы түгелге дерлік жұмыс­сыздардың қарасын көбейт­кеміз. Қазақ басылымдарының көбінің жағдайы мүшкіл. Сондықтан оларды нарық қыспағынан аман алып қалу мақсатында құрылған «Қазақ газеттері» ЖШС-ның төрағасы Жұмабек Кенжалиннің алдына бардым. Марқұм «Адамға жамандық жасау – оңай, жақсылық жасау – қиын» дегенді жиі айтушы еді. Сөзге келген жоқ, әлдекімге қоңырау шалды. «Менің алдымда осындай бір жігіт отыр, көмектесейік», – деді. Ар жағындағы адам келіскендей болды. Тапсырған кісісі серіктестікке қарасты «Ана тілі» газетінің бас редакторы Мереке Құлкенов екен. Жүзбе-жүз кездеспесем де жазушы, журналист екенін бұрыннан білетінмін. Кәсіпкерлігіне кейін қанық болдым.

Бас редактор тым салқынқанды, жадырап күлмейтін азамат секілді. Қараторы келбеті мен сұңғақ бойында байыптылықтан гөрі ішкі ширығу күшті көрінді. Тізе бүгер бүкпесте, «Әлгі Жұмекең айтқан жігітсің бе? Алдымен қаламақыға жазып көр. Жазу қолыңнан келсе, жұмысқа аламыз. Дәл қазір бос орын жоқ» дегенді айтты да, «Жақсы» деп дүңк ете қалды. Жалт қарадым, қоштасқаны екен.

«Ана тілі» газетіне алғашқы мақалам шыққанда қуандым десем артық айтқандық болады. Оған дейін талай өткелектен өткен мен үшін қалыпты жағдай болатын. Сол күні ертерек барыппын редакцияға. Газеттің жауапты хатшысы Ертай Айғалиұлы «Мәкең лездемеге саған да қатыссын» дегенді жеткізді. Бірді-екілі беттеуші, терімшілерден өзге қызметкерлер тайлы-таяғы қалмай түгел келді жиналысқа.

Бас редактордың қабағы қатулы. Соған қарағанда «нөмірдің қызуы» ол үшін төмендеу секілді. Кезекші редактордан орынбасарға дейін шыққан материалдардың негізінен жақсы жағын сөз етті. Менен өзгесі қолдарында қағаз, қалам. Бірдеңелерін түртіп жазып отыр. Тәртіп солай екен. Ең соңында сөйлеген бас редактор әлгінде ғана мақталған мақалалардың көбін тас-талқан қылып сынады. Осындай лездемеде өзі қол қойып отырғаннан болар, айтылған сынға ренжіген бас редакторды да көргенбіз. Ал бұл кісі керісінше. Газет күшейсе, мінездене түссе дейтіні көрініп тұр. Сын айтсаң қуанатын сықылды.

Кезек менің материалыма келгенде, «көші-қон туралы айтылып жүрген әңгімелерді қайталау ғана» деген баға берді. Бұл сөзінен журналистерге қойылар талап деңгейін бағамдадым. Жоспарға, журналистерге берілетін тапсырмаға көшкенде, «Барлықтарың, мына бүгін қатысып отырған жігіт те, әркім өз ауылы туралы әңгіме секілді оқылатын материал жазсын», – деді. Менің оң жамбасыма келетін тапсырма.

1997 жылы Талдықорған, Семей, Жезқазған, Торғай секілді бүтіндей облыстар, яғни солардың құрамындағы қаншама аудандар жабылғаны, біріктірілгені мәлім. Қаржы­гер­лердің сөзімен айтқанда, мемлекеттің дотациясына ғана сүйенген, экономикасы нашар, өндірістері аз аудандар мен облыстар. Сол лекте Алматы облысы, Күрті ауданы да таратылды. Аудан орталығы болған Ақши ауылы өзгеріп сала берген. Көбіне көлеңкелі жаққа. Мұндай кезде адамдардың психологиясы да түрліше құбылады. Ауылдағы өзіме әбден таныс тірлік, өткен-кеткенді қозғай отырып жазу, расында қызық көрінді.

Жаздым. «Редактордың алдына кетті» дегеннен жарты, яки бір сағат өткенде «Сені шақырып жатыр» деген хабар алдым. «Неге шақырды екен, ұнамай қалды ма?» деп қоям іштей. Жоқ. Бас редактор көңілді. Бұл «кісі де күледі екен-ау» деп ойладым. «Әңгімең жақсы. Мына жерін толықтырып әкел» деп қайтарып берді. Содан «мына жерін «толықтыр» деген сөз, жаңылмасам, үш мәрте қайталанды. Әңгімем кәдімгі түрленіп берді. Бас редактордың талғамына, толықтыр деген тұстарда бірдеңелер жетіспей тұрғанын сезгіштігіне тәнтімін. Рас, өзі де толықтырып жібере алады. Бірақ менің стилім, танымым басқа әрі қызық көрінген болар. Ұзамай «жұмысқа қабылдандың» деген жақсы жаңалық естідім.

Білген адамға, Мереке Құлкенов деген бүгінде қалың қазаққа белгілі азаматтан үйренер нәрсе аз емес. Бірде басшымыз өз үйіне шақырды. Көңілді отырыс басталысымен отағасы, ұжымның әр мүшесінің тек жақсы қырларын жарнамалап, әрқайсымыз үшін бөлек-бөлек тост көтерттірді. Тек өзі сөйледі. Гүлсім апай да дәмді асын алдымызға тарта отырып, газеттің әр саны ­сайын жазғандарымызды оқитынын, қалам сілтесімізге дән ризалығын білдірді. Ал басқа біреу болса, өз отбасында өзін жер-көкке сыйғызбай мақтағанымыздан ләззат алар ма еді? Әрине, кілең «сен тұр, мен ­атайын» ақ мылтық қаламгерлер, атасы арзан жел сөзді бұрқыратар едік. Жалпы біреуді бетіне мақтаған қазақ үшін ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан ойда болатын, үйренетін үлгі.

Ұжым болғасын той-томалақты бірге өткіз­генге не жетсін. Іші-сырты жалтыраған, кекіре тойып, кербезденгендер жүретін мейрамханалар мен жарықтық Алатаудың құлпырған сай-саласында демалар едік. Ондайда жалақысына күнелткен біздің қалтамызға салмақ салмай, басы артық шығынның барлығын мойнына ала салатын. Талай жетім-жесірге, соның ішінде төлемге қар­жысы жоқтықтан оқудан шығып бара жатқан қазақтың ұл, қызына көмектесті. Бірақ «мен сөйттім» деп жарияға жар салған емес. Ондай жұмыртқа тапқан тауықтық мінезден мүл­дем ада. Жетіспей, жетілмей жүрген кезінде осы жолдардың авторына да талай қолғабыс жасады.

Қазақ капитализмге енді үйреніп келеді. Кеңес Одағының шаңырағы шайқалған сонау сек­сенінші жылдардың соңында, тоқсаныншы жылдардың басында, ел не істерін білмей дағдарып қалған тұста, зиялылардың ортасынан алғашқылардың бірі болып кәсіп ашқан да осы Мереке Құлкенов. Яғни дер кезінде ес жинаған, әрекеттенген. Сол жылдарда ашылған «Өлке» баспасы (баспаханасы) қазір де бәзбіреулердей мемлекеттің тендеріне ғана қол жайып отырмай, базарға, нарыққа тікелей жұмыс істеуде. Қаншама адам бүгінге дейін сол баспаханада жұмыс істеп, нәпахасын табуда. Абай айтқан:

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек.

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек , – дегендегі заманды билеу, бейімделу деген осы.

Ол жылдарда «Ана тілі» газетінде кілең сайдың тасындай азаматтар жұмыс істеді. Сабыржан Шүкірұлы (марқұм), Нұрлан Мәукенұлы (марқұм), Қуаныш Жиенбай, ­Ертай Айғалиұлы, Жұмабай Құлиев, Нұрлыбек Саматұлы барлығымыз жарыса жаздық. ­Мырзан Кенжебай ағамыз да «Жүрегінің түбіне кір жасырмай» (Мұқағали) айтудай-ақ айтты көңіліндегісін. Мақпал Жұмабай есімді талантты қыздың да біздің ортамызда қанаты қатайды.

«Ана тілі» апталығы басында таралымы жөнінен, бұрыннан шығып келе жатқан басылымдардың өзін басып озғанымен, біз жұмысқа келген жылдары әбден тұралап, құлдыраған кезі еді. Республикалық басылым оқырмандардың жазғандарымен де (хаттарымен) шыға береді. Бірақ газетке мінез дарытатын өз қызметкерлері. Сыпыра мадақтан арылып, сыни және танымдық дүниелер көбейді. Бір сөзбен айтқанда, оқылатын газетке айналды. Содан да газет таралымы Мереке Құлкенов қол қойып отырған жылдары 27 мыңнан асып, 30 мыңға жуықтады. Сол екпінмен 2007 жылы 32 мыңға аяқ басқаны есімізде. (Ол кезде ­Мереке Әбдешұлы «Қазақ газеттері» ЖШС-ның төрағасы).

Нарық жағдайында газеттің таралымы – редакция жұмысының айнасы. «Ана тілі» жарыққа шыққан тоқсаныншы жылдардың басында елде Тәуелсіздіктің көл-көсір қуанышы тасып тұрған. Кез келген қазақ ана тілім деп ағынан жарылатын. Оның үстіне Кеңес Одағының газет-журнал оқу идеологиясының әсері басылмаған кез. Ал құлдырап кеткен таралымды ілкіде айтқан 27 мыңнан ­асыру тек ­Мереке Құлкеновтің қолынан келді. Басқалардың көңіліне келмесін, ол деңгейге «Ана тілі» апталығы қайтіп күні бүгін көтеріле алған жоқ.

Ол ешкімді бөле-жармады. Барын бар, жоғын жоқ дейтін. Әркімді шығармашылық қабілетіне қарай бағалайтын. Бірде «Сен менің орынбасарым боласың. Сондай шешім қабылдадым» дегенде қапелімде тосылып қалдым. Ондай ұсыныс күтпегем. Дегенмен

Сөзіне қарай кісіні ал,

Кісіге қарап сөз алма, – деген Абай өсиетін ұстанған азаматтың әділет­шілдігі, бойындағы шығармашылыққа деген адалдығы сондай шешімдер қабылдауына түрткі болғаны анық. Сыртқы істер министрлігінің игі ықпалымен газеттен бір адам Еуропа асып келу мүмкіндігі туғанда да ол мені ұсынды. Сондықтан ­«Польша әсерлері» атты топтама өлеңдерім Мереке Құлкеновке арналды.

Мереке аға мен Гүлсім апай (бұл кісінің де маман­дығы журналист) Дидар, Нәркес есімді ұлтын сүйетін ұл, қыз өсірді. Сол ­Дидар ініміз 2006 жылы Астанадан «Базис-А» құрылыс корпорациясының жарнама журналын алып келді. Қарап отырсам, Ақ Орда мен Бәйтеректің ортасындағы тұрғын үй кешенінің қасындағы су бұрқақ, төбесінен қарағанда Дәуіт пайғамбардың жұлдызы бейнесінде (Израйль мемлекетінің символы) салыныпты. Соған мән беріп қараған, жаны күйген азаматтан айналасың ғой. Сосын «қазақ астанасының кіндігінде еврей таңбасы неғып тұр?» деген мақала жаздым. Ол «Ана тілінің» ғана емес, «Қазақ әдебиеті» газетінің де бірінші бетіне жарияланды.

Мереке Әбдешұлын жұрт алдымен жазушы ретінде таныды. Жазушы болғанда қандай жазушы, әңгімелерінен шағын-шағын үзінді оқып көріңіз:

«Үйдің ішінде көзге шалынатын жиһаз да жоқтың қасы. Төрт қабырға бірдей жалаңаш. Тек кереуеттің тұсына ілінген жалғыз портрет қана назардан тыс қалмайды. Бұл өзі портрет деуге келіңкіремейтін таңғажайып сурет-тұғын. Әлдекім қолдан жонып жұмырлап, әспеттеп лактаған шыбықшаларды үш-үштен қосақтап ромбик тәрізді рама жасаған да, соған жалғыз көздің үлкейтілген фотопортретін орналастыра қойған. Көз болғанда қандай! Жанарына жас тұнған бота көзден де, жәудіреген мойыл қара көзден де мүлдем бөтен. Біреуге жауығып тұрғаны, болмаса іштегі шерінен құтыла алмай қамығып тұрғаны беймәлім сұп-суық жалғыз жанар. Қою қара қасты қату қабақтың астынан өңменіңнен өте тесілгенде арбалып, есіңнен адасып қала жаздайсың. Іші-сыртыңды түгел түрткілеп, жан-дүниеңнің қалтарысына мысқалдай да құпия сақтатпай, бәрін көріп-біліп бағалап тұрған тәрізді. Құдды қабырғаның өзіне біткен жанды көз дерсің; бөлменің қай бұрышында тұрсаң да саған кірпік қақпай бақшиюдан танбайды...» («Қылкөпір») деген таңырқарлық суреттеуден кейін еріксіз оқисыз. Баурап әкетеді.

Немесе «Түннің бір уағында подъезден құлақ тұндыратын ащы дауыс естілді. Құдды емшектегі нәрестенің әлденеге мазасызданып, қолды-аяққа тұрмай шыңғырып жылағаны сияқты. Түн мазасын алған аянышты дауыс сай-сүйегіңді сырқыратып, тыншыр емес...» («Үрей») деген сөздерді оқығанда өзің де үрейлене бастайсың. «Ол не болды екен?» деп. Ары қарай әлгі подъездегі не түрлі адамдармен бетпе-бет келесіз. Ол дауыс болмаса барлығы үрпиісіп үйлерінен шықпас еді.

«Бұрышқа қашан, қай жақтан келіп, қалай тікесінен тік тапжылмай тұратыны да белгісіз. Әлгі табытына саларда мүрдесіне кигізген қызыл шәйі көйлегімен екі иығын құшақтап, сәл қалтырай түсіп, күлімдейді де тұрады. Нәзік аққұба өңі қоңырқай тартқан ба, қалай, жас тұнған бота көздері мұңдана түсіп, адамның жанын егілте ұзақ қарайды. Сосын: «Мама, мен тоңдым», – дейді жәймен ғана. Күндегісі сол, осы бір ауыз сөзді бірнеше қайталайды да, бірте-бірте көмескіленіп, көзден ғайып болады. Мәрзия кемпір не дерін білмей, иектері кемсеңдеп қала береді, қызына айтар сөз таба алмағандықтан жаны күймейді, күйеу баласына деген ызадан көзіне жас алады. Бүгін Айжарық күндегідей күлген де, сөйлеген де жоқ, бұрынғы әдетімен иықтарын құшақтап, қабағын шытына назарын төмен салып тұрды-тұрды да ғайып болды...» («Жаңбырдан кейін»).

Мұндай психологиялық иірімдерге бойлатып әкететін әңгімелер туралы ағылшын, француз, жапон тіпті өзіміз жақсы білетін орыс әдебиетін тілге тиек етіп талай мәселе­лер­ді қозғауға болады. Бірақ бұл жолы алдымызға ондай мақсат қойған жоқпыз. Әрі ондай талдау, зерттеуді бұл материалдың көлемі көтермейді.

Мереке Құлкеновтің ­публицистикасы да зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Тағы да бірнеше үзінді келтірейік: «...Ақсақал мынадай бір мысал айтып еді: осы Алматыда күйеуі ерте дүние салған әйел екі баласымен жесір қалды. Өзінің етінің тірілігінен, жанталасып жүріп туристік фирма ашты. Байғұсқа Құдай қарасып, ісі оңға басады. Ақсайдан төрт бөлмелі үй алады, өзінің, балаларының иығы бүтінделеді. Қызы мен ұлын қалаған оқуларына түсіреді. Сөйтіп тәуба айтып, Құдайдан қолдау сұрап, құлдық ұрып, өмір сүріп жатқанда, күтпеген оқиғаға тап болады. Жаздың күні оңтүстіктен келген ағайындар аулаға әкеліп қарбыз, қауын сатпай ма. Жаңағы келіншектің ауласындағы қарбыз саудалап отырғандарға сол ауланың балалары тиіседі, төбелес болады. Қарбыз-қауындары талан-таражға түсіп, өздері таяқ жеген оңтүстіктер милиция шақырады. Сол сәтте келіншектің оқудан қайтып келе жатқан баласы оқиғаның үстіне тап болады. Милиция келгенде, төбелес шығарған балалардың бәрі қашып кетеді де, таяқ жегендер «мынадай балалар» деп келіншектің ұлын нұсқайды. Бітті. Тергеушілер бірінен соң бірі ауысқан сайын ақша сұрап әбден қинайды. Сонымен не керек, жалғыз ұлы үшін қайран ана алған үйін сатады, гүлдеп келе жатқан жұмысы ­жайына қалады. Ал нақақ түрмеге түскен бала екі жарым жылға бас бостандығынан айрылады. Бұндай мысалдар өмірде өте көп. Қоғамдағы көп кеселдің дені шенеуніктердің қолымен жасалатыны дәлелдеуді керек етпейтін шындық. Өзінен өзі шешілуге тиіс шаруаның барлығы бізде ақшасыз шешілмеуі заңдылыққа айналып барады. Ал халыққа қызмет ететін шенеуніктер Қазақстан заңдарын өздеріне қызмет істетіп отыр» («Шенеуніктер»).

«Кешегі Кеңес үкіметінің әлпе­шінде болып, жылы жұмсағын жеп, құс төсегінде жатқандар бүгінгі ақсақал деген атқа ие болып жүргендер. Олардың бойында жылдар бойы әуелі мен, содан соң басқалар деген эгоистік-өзімшілдік құлық қалыптасты. Кеңес өкіметі ұлттық элитаны осылайша қолдан жасады. Осы қолдан жасалған элитаның бойында біз халықтың қаймағымыз деген көкірек пайда болды. Алайда қазақтың басына күн туған кезде сол элитаңыз негізінен басқарушы топтың сойы­лын соғып кетті. Ұлтыңның мүддесі айтылатын, жан алып, жан берісетін кезде көзімен жер шұқып, інінен шыға алмай сығалап отырды. Сонау Кеңес үкіметі кезінде, алаштың ардақты арыстарынан кейін, халқының мәдениеті мен салт-дәстүрі, ана тілі үшін құрбан болған зиялы қазақтарды айтып берші. Тәшенов, Сужиков сияқты бірен-саран адамдар ғана. Ал ондай көзсіз батырларды қазақ зиялылары – мәдениет қайраткерлерінің арасынан қазір мүлдем кездестірмейсіз десем, артық айтқандық болмас. Қайта олардың ішіндегі ең беделділері, билік басындағылардың айтқанын бұлжытпай орындаймыз деп, халыққа қарсы жалған сөз айтып, қарабет болып жатты. Мысалы желтоқсан көтерілісі кезіндегі зиялылардың хаты. Хатқа қол қойған ағаларымыз бен апаларымыз әлі жүр ортамызда, кейінгі толқын жастарға тегін ақылдарын айтып. Мейлі айта берсін ақылдарын, бірақ бізді кім тыңдап жатыр немесе біздің кейінгіге ақыл айтуға моральдық құқымыз бар ма деп бір сәт ар алдына жүгінсе ғой, шіркін. Өзінің ары алдында». («Ақсақалдар»)

Осының бәрі біздің өміріміздің шыңғырған шындығы. Автордың «Біздің қоғам» аталған (көбі кезінде осы «Ана тілі» газетінде жария­ланған) публицистикалық толғауларынан мұндай үзінділерді көптеп келтіруге болады.

Қадыр Мырза-Әлидің: Бейбіт күннің өзі майдан мылтықсыз,

Онда да жұрт жатады атып мүлтіксіз – деп келетін өлеңі бар. Ол социализм кезінде жазылған жыр. Ал қазір капитализмде қаптаған қайшылық. Қып-қызыл күрес. Соған қарап отырғанда майдандасқан Махамбеттің: Исатай деген ағам бар,

Ақ кіреуке жағам бар, – деген жыры еске түсе береді. Мен де «Мереке деген ағам бар», – дегім келеді махамбетшілеп.

Бұл естелікті ол деп бастап едім, ол деп аяқтайын. Ол мінезсіз емес. Мінезсіздік құлға тән. Оның мінезін көп қызметтес болған біз білеміз. Бейнелеп айтсақ, мінезі кәдімгі көк­темдегі күркіреп шатыр-шұтыр етіп жарқылдап, ақ жаңбырын құя салатын аспан секілді. Сәлден кейін іштегісін ақтарғасын, жадырап шыға келеді. Иә кәдімгі аспан мінезді азамат.

1936 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы