• Тіл
  • 11 Қараша, 2021

АУДАРМАДА АСЫҒЫСТЫҚ БОЛМАСЫН!

Жуықта өзім тұратын аудан орталығындағы аудандық кітапханадан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша 2020 жылы 3000 ­данамен шыққан «Менің сатып алған күйеуім»  деп аталатын кітапты алып, оқып шықтым. 

«АҚШ жазушылары туындыларынан», «Жапон жазушыларының таңдаулы прозасы», «Нобель сыйлығы иегерлерінің әңгімелері»  деген тараулардағы әңгімелер пәлендей таңғалдырған жоқ, мүмкін ол ел халқының менталитетін, әдебиетін тағы басқаларды терең білмейтінімнен  болар. Жолма-жол аударманы автор көп қиналмай қазақ әдеби тіліне аудара салғандай көрдім. Түпнұсқасы жоқ, болғанмен оны оқи алмаймын ғой. Ал «Көңілжайды» оқи бастағаннан көңілге күдік кірді. Орыс тілінің маманы болмағанмен айтарлықтай хабарым бар. Интернеттен түпнұсқасын тауып алып оқып қарасам, қалай болса солай аударылған, тіпті ізденбеген,өзінше тікелей аударған болу керек. Кітаптың аннотациясында:

– Мұндағы санаулы ғана туынды аталмыш елдердің бүкіл әдебиетінің бет-бейнесін толық айғақтамаса да, «теңіздің дәмін тамшысынан» аңғаруға болады.Сондықтан да талғамы биік қазақ оқырмандарын баурап аларына, жүректерінен жол табарына сенімдіміз. Аударманың тілі шұрайлы әрі тартымды, – депті.

 Мен жазушы немесе журналист емеспін, осыдан елу жыл бұрын пединституттың тарих-филология факультетін бітірдім, бірақ мамандығым бойынша жұмыс істеген жоқпын. Ұзақ жылдар бойына мемлекеттік қызмет органдарында еңбек еттім. Егер менікі дұрыс болмаса айыпқа бұйырмаңыз. Біріншіден, повестің аты көңілге қонымсыз. Түпнұсқадағы «Печки-лавочки» қазақтың  «Көктігілгір», «Тұқымың жайылғыр» дегеніндей қыстырма сөз, сондықтан басқа ­вариантын қарау керек еді. Повестегі «Березовка», «Красный мак», «Очи черные» деген жер-су, өлең аттарын Қайыңды, Қызылмия, Қаракөз деп аудармайды ғой (213,219 беттер). «Двоюродный братты» «нағашы ағасы» деп (213 бет), тройной одеколонды көрпесу деп, орыстың  «Идем на кудыкину гору» деген идиомасын «Қайда»  деген тауға барамыз» (228 бет), трюмді – шатыр, пиратты – тонаушы, записная книжканы – белгілеу дәптері, – деп аударыпты.(265 бет).

–       А как он рой Егору Козлову посадил, – деген сөйлемді «Егор Козловтікіне тұқым себуге барғанбыз», – деп аударыпты. Мағынасы мүлде қате (218 бет). Рой сажать деген бал арасының үйірін үйіне (улей) отырғызу. – Не раздувайте ноздри-то, не раздувайте,  – деген сөйлемді – Мұрыныңның тесігін ұлғайтып, ентікпей-ақ қойғын, – деп аударыпты. Қазақта «Танауыңды едірейтпе» деген сөз бар емес пе? – Спрыгнешь …И по шпалам, по шпалам дегенді – Терезеден лақтырылғың келе ме? Сосын жол ағаштарымен адымдай бер! (229 бет). – Это на ­заводе-сковал я, допустим, ось, – деген сөйлемді – Мен зауытта дөңгелектің ортасындағы темір айналмасын жасаймын делік, – деп аударыпты. (233 бет). – Водку пить - у вас гланды не болят, – деген сөйлемді – «Арақ сылқ етіп өтетін тамақтарыңыздың науқассыз жүретіни кезі бола ма екен?» – деп аударыпты. «Өстиді міне, өстісе болды, екеулеріңізге» деген, тағы басқа әдеби қалыптан тыс сөздер көп кездеседі. Сұмдық қой, көркем аудармаға осылай қарауға бола ма! Повестің қазақша нұсқасын оқып отырсаңыз көптеген кемшіліктерге кез боласыз.

Жалпы аудармасыз болмайды, бірақ аудармашыға көп нәрсе ­байланысты екені белгілі. Аудармашы кейде тәп-тәуір дүниені түкке тұрғысыз, кейде түкке тұрғысыз дүниені тәп-тәуір қылып шығаратынын бәріміз де білеміз. Қазір электронды кітаптар, электронды сөздіктер бар, олардың сапасын кім қадағалап отыр? Қажет болып интернет-сөздікті қарасам «коварство» деген сөзді алдау, «особнякты» зәулім үй, «покровительді» меценат деп аударыпты. Ертеректе шыққан қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктер бар ғой, ешнәрсені ойдан шығарудың қажеті жоқ.

Қысқасын айтқанда, осының бәрін қадағалап, ескерту жасап,бағыт сілтеп отырған орган бар ма? Әдеби сын деген қазір жоқ сияқты, болса мынадай тұрпайы дүниелер 3000 дана таралыммен мемлекет есебінен басылып шықпас еді. Бұл повесті қазақша оқыған жастар қандай әсер алады? Шет тіліен аударылған шығармаларды талдайтын бір орган болуы керек қой. Бәрібір ешкім оқымайды деп талай түкке тұрғысыз аудармалар кетіп жатқан болар. Шет тілден аударылған 100 оқулықтың сапасы қандай екен? Бұл шығарма халықаралық конкурста қалай жеңіске жетіп жүр? Әлде тамыр-таныстықпен, сүйенгеніңнің күшімен де бәйге ала беруге бола ма? Қайда барамыз?

Мен сіздің газетті көптен жаздырып алып оқимын.Қазір қоғамда өз орнын тауып,тым жақсы жұмыс істеп жатқан ұжымның бірі деп есептеймін. Аз ғана қазақ басылымдарының ішінде әлі өзінің орнын таба алмай жүргендері қаншама. Бірақ бір шешімі болуы керек қой. Жазған адамдар жаза берсін, өздерінің қаржысына шығарсын,оқырман тапса өткізсін. Ал мемлекет есебінен халыққа дұрыс дүниелер шығу керек қой. 

Нұрмұқан ӨТЕПОВ,

зейнеткер

Ақтөбе облысы

Темір ауданы

Шұбарқұдық кенті

1796 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы