• Білім және ғылым
  • 11 Қараша, 2021

ҰСТАЗЫМ БАР СЕНІҢ ҚАСИЕТІҢ...

Журналистика — күнделікті өмірдің жаршысы десек, қателеспейміз. Ал жыл сайын жүздеген жас түлектері қанат қағып, республикамыздың әр саласында жұмыс істеп жүрген БАҚ өкілдері әл -Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы Шарипа Нұржановадай ұстаздарын ешқашан ұмытпайды.

Ал «Шарипа Сыздыққызының журналистика саласына келуіне не түрткі болды?» дегенімізде, ұстаз өз ойын былайша жеткізді.

– Екінші сынып оқып жүргенде көшемізде тұратын соғыс ардагері, Анна Калинина деген пошта тасушы апайымыз жөнінде жазылған алғашқы мақалам орыс тілінде Кентау қалалық «Кентауская правда» газетінде жарияланды. Барлығы таңданыспен, «Сен қазақ тілінде оқисың, қалай орыс тілінде жазып жүрсің, әлде ата-анаң көмектесті ме?» деп таңданыстарын білдіріп жатты. Содан кейін жазған дүниелерім республикалық басылымдарға жариялана бастады.

Бұған ата-анамның да зор ықпалы бар. Өйткені әкем әдебиетке жақын, бала күнімізден батырлар жырын, эпостарды жаттатып, әр жүрген жерінде бізге кітап әкелетін. Көп балалы отбасы болсақ та, ата-анамыз әр балаға өзінше жағдай жасауға тырысатын. Анамыз сөзге шешен, суырып салма ақындығы бар. Менің жазуға талпынысым ата-ананың қанымен дарыса керек.

Бала кезімде, ата-анам дүкенге жұмсаса қуанатынмын, өйткені қалған тиындар қалтамда қалатын. Ештеңеге жаратпай жинап, кітап сатып алатынмын. Әлі күнге дейін қайда барсам да, міндетті түрде кітап дүкеніне кіремін.

Екі жыл қатарынан С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ге құжат тапсырып, ең соңында балл жетпей түсе алмадым. Елге баруға өз қатарластарымнан ұялдым, өйткені мектептегі үздік оқитын оқушылардың бірі болғанмын. Апайым Жамбыл қаласында тұратындықтан, сонда қалып еңбек еттім. Қолым қалт етсе, ағылшын тілін қайталап, жүзуге қатысамын. Кезінде жүзуден разряд алып жарыстардан көрінгенмін. Өзім еңбек ететін Жамбыл қаласындағы фабриканың цех комсомол ұйымының жетекшісі болдым. Еңбегім еленді. Тараз қаласының жастарымен бірге Куба мемлекетіне барып қайттым. Жұмыс істеп отырған жерімнен екі жыл қатарынан Украинаның жоғары оқу орнына конкурссыз білім алуыма жолдама берген, арманым журналист болғандықтан бас тартуыма тура келді. ҚазМУ емес, ойламаған жерден Мәскеуге жол тарттым. Сол жылы ММУ журналистика факультетінің дайындық бөліміне қабылдандым. Мәскеудің ауасы денсаулығыма әсер етіп, бала кезден арман болған сол кездегі М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне ауыстым. ­Файзолла Оразаев ағайдың жетекшілігімен орыс баспасөзіндегі қазақ тақырыбы бойынша диплом жұмысымды өте жақсы қорғап шықтым.

Диплом алғаннан кейін Ғылым академиясында жұмыс істеп жүрген сәтімде өмірдегі ұстазым профессор Марат Кәрібайұлы Барманқұлов жұмысқа шақырды. Менің университеттегі өмірім осылай басталып кетті. Марат Кәрібайұлынан көп нәрсені үйрендім. Әкелік қамқорлығын көрдім. Университеттегі екінші әкем профессор Марат Кәрібайұлы болды. Сондай ұлағатты тамаша ғалымнан тәрбие алғанымды бақыт санаймын. Қазақстан телеарнасындағы жастар бағдарламасының редакторы, белгілі журналист Нұртілеу ағай өз хабарларына шәкірттеріммен шақырып, біраз нәрсені үйретті. Сондай-ақ Мұрат Ерғалиевтен де біраз тәжірибе алдым. 1992 жылы Мәскеу мемлекеттік университетіне білім жетілдіру курсына бардым.

Марат Кәрібайұлынан кейін қамқоршы болған ұстазымыз Темірбек ағай болды. Өмірінің соңына дейін жағдайымды біліп тұрды. Ағай дүниеден озғанда мен Қытайда едім. Ұстазды соңғы сапарға шығарып салуға да қатыса алмадым. Ұстаздың маған ерекше көзқарасын кейін түсіндім. Мәскеуден Алматыға ауысқанда, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің Мәскеудегі арнаулы тілшісі Сағын Тойтанбаев ағамыз мені аманаттаған екен. Алматыға ауысқаннан кейін де, ерекше ықыласпен ағалық әрі әкелік қамқорлығын көрсеткен профессор Т.Кожеекев пен М.Барманқұлов ұстаздарыма алғысым шексіз.

«Хабар» ақпараттық агентігінде қызмет еттім. Осы орайда Дариға Нұрсұлтанқызына үлкен алғыс білдіремін. Өйткені Мәскеуде жинақтаған тәжірибемді әрі қарай жүргізуіме мүмкіндік берді. Біраз белгілі журналистермен иық тіресіп еңбек еттім. Қазіргі «Қазақтан» телеарнасының төрайымы Ләззат Танысбай, белгілі журналист Иманбай Жұбай, марқұм Абдолла Сүлеймен, Тілеуқабыл Мыңжасаров, Ерлан Бекқожин, Олег Гостев, Ғалия Әженова, Ақылбек Сансызбай, Азамат Қалымбет, Светлана Феодрова т.б. қызметтес болдым.

Телеарна саласы маған үлкен мектеп болды. «Хабар» телеарнасында тілшіден бастап, хабардың жауапты шығарушы редакторы қызметтерін атқардым. Сұхбат жүргізуге машықтандым. Тек қазақ журналистикасымен шектеліп қалмай, алыс-жақын шет мемлекеттердің БАҚ-пен байланыс орнатып, шетелдік басылымдарда бірнеше ғылыми мақалам жарық көрді, – дейді ұстаз Шарипа Нұржанова.

Біздің Шарипа Сыздыққызымен болған әңгімеміз осылай тәмамдалды.

Бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрген Шарипа Нұржанова «Халықаралық брендинг және отандық PR», «PR-дың ­теориясы мен практикасы», «PR-дағы қаржыны басқару», «ТВ жаңалық шығарылымындағы халықаралық блоктар» және «PR жобалардың бизнес-жоспары» пәндері бойынша дәріскері, 300-ден аса телехабарлардың, 100-ден аса мақаланың, 2 оқу-әдістемелік құралдың авторы екенін айта кеткеніміз жөн.

Гүлбақыт ӘМІРОВА

1462 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы