• Cұхбаттар
  • 11 Қараша, 2021

Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА: ТОТАЛИТАРЛЫҚ БИЛІКТІҢ ҚЫЛМЫСЫН ЖАСЫРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы бастан кешкен зұлматтардың ішінде ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы ең қасіретті кезең. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттық таңы атып, қазақ елі тәуелсіздігін жариялаған алғашқы ­жылдардан-ақ, елімізде бұл нәубеттің құрбандарын ақтау, олардың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында түрлі шаралар өткізіліп келеді. Қазір бұл бағытта Президент Жарлығымен құрылған мемлекеттік комиссия жұмыс істеп тұр. Біз ақталмаған қазақстандықтар – НКВД ГУЛАГ-ның 26 лагерінде болған саяси қуғын-сүргін құрбандары, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін ақтау бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі Алматы қаласы бойынша комиссияның 6-топ жетекшісі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Ұлы дала тұлғалары» орталығының басшысы, саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетова ханыммен сұхбаттасқан едік.

– Гүлшат Рамазанқызы, Президент Жарлы­ғымен құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның» негізгі мақсат-міндеттері қандай? Бұл міндеттердің үдесінен шығу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Соңғы 60 жылдан астам уақыт бойы жазықсыз жапа шеккендерді ақтау ауық-ауық қолға алынғаны баршаға мәлім. Бұл тұрғыда елімізде жүзеге асырылған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үдерісінің төрт кезеңін көрсетуіміз керек. Алғашқы екі кезең кеңестік дәуірде жүзеге асырылды: 1. Хрущевтік жылымық кезеңі (1953–1964 жж). 2. Горбачевтік кезең (1988–1991 жж.). Келесі үшінші кезең – тәуелсіздігімізді алғаннан кейін басталды. 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, құрбандарды ақтауға құқықтық негіз қаланды. Ал 1997 жыл – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы ретінде ұлттық тарихымызға енді. Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Төртінші кезең – 2020 жылдың мамыр айында Президент Қ.Тоқаев» кеңестік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үдерісін жалғастыру – тарихи әділдіктің салтанаты деп мәлімдеген еді. Осы уақыттан бастап елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытындағы жұмыстар жаңаша жалғасты.

Кеңестік кезеңде жүзеге асырылған ақтаулар пердені ашқанымен әрі қарай терең­демей, мәселе соңына дейін шешілмеді. Халық көтерілісіне қатысушылар ақталмаған күйде қала берді. Соның салдарынан әлі күнге дейін жазықсыз жапа шеккен мыңдаған құрбан­дардың есімі халқы үшін белгісіз болып отыр.

Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия қызметінің басты мақсаты – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын «толық ақтау», оларға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру, қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарын ақтау бойынша ұсыныстарды тұжырымдау болып отыр. Осы жұмыстарды жүзеге асыру аясында республикалық, жер-жерлерде өңірлік, қалалық комиссиялар құрылды. Комиссиялар жұмысын үйлестіруші орган – республикалық жобалық кеңсе құрылып, ол Нұр-Сұлтан қаласында орналасты.

Алматы қаласында құрылған комиссия жұмысы 9 бағытта ұйымдас­тырылып, олар саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан ақтау, құрбандар санатын анықтау бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде комиссия мүшелері Алматы қаласында орналасқан Президент архиві, Орталық мемлекеттік архиві, Алматы қаласы Полиция департаментінің арнайы архиві қорын ақтарып, үлкен жұмысты қолға алды. Сондай-ақ Комиссия мүшелерінің жұмысы тек архивтермен шектеліп тұрған жоқ, олар БАҚ, сан-алуан әлеуметтік желілер арқылы қуғын-сүргіннің ащы шындығын айту бағытында да ауқымды жұмыс жүргізуде. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Шұғыл байланыс» желісі ашылып, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен байланыс орнатылды. Сөйтіп, мүмкіндігінше мол естеліктер жинақталып жатыр.

Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі кезеңде республикалық жобалық кеңсе тәжірибе алмасу мақсатында бүкіл өңірлік комиссия мүшелерінің қатысуымен тұрақты онлайн-­семинар ұйымдастырып келеді. Бұл семинарлар комиссияның әрбір бағыты бойынша осы уақытқа дейін жинақталған архив материалдарымен, түйткілді мәселелермен пікір алмасуға, ой бөлісуге мүмкіндік беріп жатқанын баса айтқан жөн.

Осылайша, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тың қуғын-сүргін құрбан­дарын толық ақтау туралы қабылдаған шешімі мен оны іске асыру бойынша берген тапсырмасы отандық тарих ғылымына үлкен жауапкершілік жүктеді.

– Қуғын-сүргін салдарынан қазақ халқы қандай зардап шекті, айтылып жүрген дерек­тердің нақты қандай негізі бар?

– Қуғын-сүргін салдарынан қазақ халқы бетке ұстар талай көрнекті тұлғаларынан айырылды. 1927–1953 жылдар аралығында қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың 25 мыңы атылған екен. Саяси қуғын-сүргіннің шырқау шыңы 1937–1938 жылдарға тура келетінін ерекше айтқым келеді. Зерттеулерде «үлкен террор», «қызыл террор» деп баға алған осы жылдарда ұлтымыздың талай арыстарынан айырылдық. Көзі ашық, көкірегі ояу, халқының қамын ойлаған қазақ зиялылары мыңдап атылды, айдалды.

– Сонда бұл қуғындаулар қандай негізде жүргізілді?

– Қанды қырғын 1937 жылы Мәс­кеуде өткен ВКП(б) ОК ақпан-наурыз пленумындағы «Жапон-неміс-троцистік агенттердің тыңшылықтары мен қас­күнемдіктерінің сабақтары» және И.В.Сталиннің «Троцкийшілдер және басқа да екіжүзділерді құрту бойынша партиялық жұмыстардың жетіспеушіліктері» атты баяндамасын талқылағаннан кейін басталды. 1937 жылы 21 қыркүйек күні «Правда» газетінде жарияланған «На поводу у буржуазных националистов» атты мақала Қазақстанда «Үлкен террор­дың» кең қанат жаюына күшті ықпал етті. Осылайша, партия органдары теориялық тұрғыдан дем берсе, біріккен саяси басқарма (ОГПУ), Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) оны іске асырды.

Ұзаққа созылған осынау апаттан халқы­мыздың санасына үрей, қорқыныш ұялады. Адамдар бір-бірімен емен-жарқын сөйлесуден қалды. Қанша жерден құрбандарды ақтау жүзеге асқанмен, бойды билеген қорқыныш тарқамағаны 1986 жылғы желтоқсаннан кейін де сорақы түрде көзге түсті.

Әрине, ресми құжаттарда мәселе тап осы тұрғыдан ашық айтыла бермейді. Ақиқатты дәйектеуге естеліктердің берері көп. Мәселен, мен О.Жандосов тағдырынан кандидаттық диссертация қорғадым. Жандосов туралы естеліктерді жинағанымда, куәлердің мейлінше сақтықпен сөйлегенін байқадым.

Деректер сан-алуан. Бірақ олардың бәріне бірдей сене беруге болмайды. Идеологиялық, партиялық өктемдіктің деректерге, деректі берушілерге қысымын ажырата білуіміз керек.

– Бұрын әңгіме, негізінен, тарихи тұлғалар – қоғам және мемлекет қайрат­керлері, ақын-жазушылар, ғалымдар туралы болып келді. Осы тұрғыда бұл комиссияның ерекшелігі неде?

– Дұрыс айтасыз. Біз көбінесе тоталитарлық саясат құрбаны болған танымал тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы айтып келдік. Жазықсыз жазалан­ғандар қатарында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Тынышбаев, С.Асфен­дияров т.б. бар. Бұл тізімді әрі қарай да жалғастыра беруімізге болады. Алайда тоталитарлық нәубет тырнағына қарапайым ­колхозшы да, малшы да, тракторист те іліккенін көреміз. Жас-кәрі, әйел-еркек, қазақ-орыс, ­поляк-шешен деп таңдамаған. Олар «кеңес өкіметіне қарсы шықты, оған қарсы үгіт-насихат жүргізді, буржуазияшыл-ұлтшыл, контрреволюцияшыл, террорлық және диверсиялық-қаскүнемдік ұйым мүшесі, Жапонияның басшылығымен Қазақстанда буржуазиялық мемлекет құруға ұмтылды» деген тәрізді тағы басқа да желеумен сотталып, ату жазасына кесілген, еңбек-түзету лагерьлеріне жіберілген. Адам сенгісіз ­айыптаулар олардың ешбір дәйек-дәлелсіз қолдан жасалғанын көрсетеді. Бұған дейін де комиссиялардың жұмыс істегені туралы жоғарыда айтып кеттім. Қазіргі комиссия жұмы­сының ерекшелігі саяси қуғын-сүргін құрбандарын «толық ақтауды» көз­деуінде деп білемін.

– Егер коммунистік қызыл саясат кесірінен халқымыз мұндай зобалаңды бастан кешпегенде, қазақ ұлтының бүгінгі жағдайы қандай болуы мүмкін еді?

– Иә, халқымыз 70 жылдан астам уақыт үстемдік құрған кеңестік билік тұсында талай құқайды көрді. Ашаршылық, «қызыл қырғын», оның сыртында жасырын көрсетілген қысым мен қудалаулар ұлт әлеуетіне қатты әсер етті. Біз тіптен ұлттық тілімізді, ділімізді жоғалта жаздадық. Ана тілі – қазақ тілін білмейтін, қазақ тілінде сөйлеуді ұят санайтын ұрпақ өсті. Коммунистік идеологияның мықтылығы сонша, біздің санамызға «кеңес халқы – жаңа адамдар қауымдастығы» деген қағиданы сіңірді. Оны ұлт деңгейіне дейін көтерді.

Кез келген ұлттың болашағы оның адами ресурсына тәуелді. Біз сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да жапа шектік, әлсіредік. Қазақ халқы кезінде өзбектерден екі есе көп еді. Кеңестік қуғын-сүргін, ашаршылық салдарынан бүгінде екі есе аз боп қалдық. Демек, сол ұлттық апаттар орын алмағанда қазақтардың саны қазір кем дегенде 50-60 миллионға жетер еді деген болжамның дұрыстығы күмәнсіз. Бұл – бірінші десек, екіншіден, ұлт зиялыларын баудай түсірген зұлматтың себебінен біз интеллектуалды ұлтқа айнала алмадық. Әлемнің ең дамыған елдері қатарына жету үшін керек басты шарт – интеллектуалды әлеуеттің алда жүруі. Кезінде М.Әуезов пен А.Жұбанов қысым мен қудалауда жүріп, артына мәңгі өлмес мұра қалдырды. Ол шығармалар халқымызды әлемге танытты. Осы екі тұлғаның тағдыры кімдерді, нені жоғалтқанымыздың дәлелі. Ал халқына бергенінен берері көп жастарында кеткен адамдар қаншама?! Айтпағым, қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандардың ұлтына берері мол екені күмән тудырмайды. Үшіншіден, Қазақстанның жер көлемі ұлан-ғайыр болғанымен, халқымыздың саны тым аздығынан құдай берген байлықты әлі толық игере алмай жатырмыз.

– Сіз мүшесі болып отырған жұмыс тобы бүгінге дейін қандай нақты жұ­мыстар атқарды, алдағы жоспарла­рыңыз қандай?

– Мен ақталмаған қазақстан­дық­тар-НКВД ГУЛАГ-ның 26 лаге­рінде болған ­саяси қуғын-сүргін құрбандары, ­сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін ақтау бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі ­Алматы қаласы бойынша комиссияның 6-топ жетекшісімін. Топ негізінен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарихшы-ғалымдары мен докторанттарынан тұрады. Олар – тарих ғылымының ­докторы Б.Жангуттин, PhD доктор К.Рүстем, докторант­тар Д.Асанова мен Т.Жанысбаев. Енді атқарылған жұмыстарға келетін болсақ, оны дайындық және нақты жұмысқа кірісу кезеңі деп бөлуімізге болады. Бұл жерде біз комиссия жұмысын ұйымдастыру мәселелерін де ұмытпағанымыз жөн. Осы орайда, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Алматы қаласы бойынша комиссия жұмысына қала әкімшілігі жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын айта кеткен орынды. Алғашқы дайындық кезеңінде жұмыс тобы ГУЛАГ-қа кең өкілеттілік берген заңнамалық құжаттарға, 30-шы жылдардағы тұтқындау үшін негіз болған құқықтық-нормативтік құжаттармен жан-жақты танысып, ой елегінен өткізді. Сондай-ақ бұған дейін жарық көрген еңбектер мен зерттеулер зерделенді. Жалпы саяси биліктің ГУЛАГ лагерьлер жүйесін қалыптастыруға үлкен дайындықпен келгенін айтуымыз керек.

Қазіргі уақытта жұмыс тобының ­мү­шелері Алматы қаласы бойынша ГУЛАГ лагерьлерінде отырған, бірақ әлі күнге дейін ақталмаған тұлғаларды анықтауда. Ақталмаған тұлғалар бар. Оған архив құжаттары дәлел. Біздің топ мүшелері Алматы қаласы ­Полиция департаментінің арнайы архивінде осы құжаттармен танысып, олардың аты-жөнін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл өте көп еңбекті талап етеді. Шаң басқан, сарғайған, тіптен сиясы кете бастаған қағаздарды ақтарып отырып, оларға таңылған айыптарға қайран қаласың. «Қарапайым, сауатсыз, шаруа адамдарының Троцкиймен, Бухаринмен, Пятаковпен байланысы болды» дегенге сіз өзіңіз сенер ме едіңіз? Әрине, сенбейсіз! Бірақ сол бір «қызыл қырғын» жылдары осындай айыптаулармен жүздеген, мыңдаған адамдар атылған, 8-10 жылға еңбек-түзету лагерьлеріне лек-легімен жіберілген. Тағы бір көңіл бөлетін жайт, шешімнің жылдам да жедел қабылдануы. «Халық жауы» деп ұсталып, түрмеге жабылған адамдарға қатысты бар болғаны 3-4 аптаның көлемінде айыптау шешімі қабылданып, дереу орындалып отырған. Мәселен, 7 қыркүйек күні тұтқындалса, 5 қазан күні НКВД «үштігінің» шешімі шығарылған. НКВД «үштігі» айына 4 рет отырыс өткізіп, жүздеген, мыңдаған адамдардың тағдырын шешкен.

Архив қорларындағы істерді талдау жазаланушыларға қатысты РСФСР Қыл­мыстық кодексінің келесі баптары мен тармақтарының қолданылғанын көрсетті: 58-1 – контрреволюциялық қызмет; 58-3 – шетелдік мемлекеттермен байланыс; 58-4 – коммунистік жүйені мойындамайтын халықаралық буржуазияға көмек; 58-6 – шпионаж; 58-10 – совет өкіметін құлатуға шақырған үгіт-насихат жүргізу.

Біздің жұмыс тобы мүшелерінің көңіл бөліп отырған тағы бір үлкен мәселе бар. Ол – ГУЛАГ жүйесіндегі лагерьлерге жіберілген адамдардың отбасы мүшелерін анықтау. Себебі олардың отбасы мүшелері «халық жауының әйелі, балалары» деген айдармен ұзақ жылдар қуғындалды. Кеңестік тоталитарлық машина ешкімді аяған жоқ. Бұл, әрине, күрделі. Десек те, осы бағытта жұмыс істелуде. Бұл туралы womenofkz Instagram парақшасында жарияланған жазбалардан кеңірек таныса аласыздар.

Қазіргі кезеңде біз архив қорла­рынан ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рының аты-жөнін анықтап, табылған материалдардың негізінде мәліметтер базасын жасаудамыз. Онда келесі ақпараттар қамтылған – аты-жөні, туған жылы, жасы, тұрғылықты жері, тұтқындалған жері, айыпталу бабы, шешім және т.б. Жалпы жұмыс әлі жалғасуда. Ақтаратын архив құжаттары да, істелетін жұмыс та баршылық. Соның бірі – ортақ мәліметтер базасын құру. ­Ресейде «Ашық тізім» деген КСРО-дағы саяси нәубет құрбандарының мәліметтер базасының ­сайты жұмыс істеп тұр. Біз де осы тәжірибені қолдануымыз керек. Ақталғандар тізімі ­облыс-облыс бойынша жасалғанымен, жалпы Қазақстан көлемінде әлі басы қосылмаған күйде қалуда. Соны қолға алуымыз қажет.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарына қандай баға берген болар едіңіз? Бұл халқымыздың тарихи жадын жаңғыртып, құлдық санадан арылуына, ел тәуелсіздігін нығайтуға қаншалықты әсер ете алады?

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жалғасуда, әлі де жалғаса береді. Себебі жабық қорлардағы архивтік құжаттар өте көп екені анықталды. 2022 жылы осыларды құпиясыздандыру мәселесі қолға алынуы керек. Құжаттар құпиясыздандырылмай қуғын-сүргін құпиясын ашу қиынға соғады. Демек, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың ең маңызды басты шарты ретінде құпиясыздандыруды алға шығаруымыз ­керек. Шеті-шегі жоқ жиындарды өткізе бергеннен гөрі барлық күшті, мүмкіншілікті осыған жұмсауға шақырамын. Мұнсыз республикалық және өңірлік комиссиялардың жұмысы өнбейді. Біз осы жолда Ресейдің, Украинаның, Польшаның, Балтық бойы елде­рінің тәжірибесін ескерсек, дұрыс болар еді.

Ақиқат қай кезде де ащы. Ал тарихы­мыз­дың ащы тұсын айналып өту, оған үстірт қарау тәуелсіздік қадірін түсінбеумен пара-пар. Сондықтан бұл іс «жартыкеш» шешімдерді көтермейді. «Ауруын жасырған – ажалсыз өледі» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Біз өз тарихына, ұлтына адал ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, тоталитарлық биліктің қылмысын жасырудың қажеті жоқ. Ұрпақ санасында өткен тарихқа деген құрметті сіңіру баршамыздың ұлт алдындағы азаматтық ­парызымыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

2625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы