• Білім және ғылым
  • 11 Қараша, 2021

NIS ОҚУШЫЛАРЫ ТАРИХИ ОРЫНДАРДЫ АРАЛАДЫ

NIS оқушылары тарихи-мәдени, табиғи орындар мен өндіріс ошағына сапар шекті.

«Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясындағы бес күндік сапар NIS зияткерлеріне шалқар шабыт пен жаңа идеялар сыйлады. Жүздеген тарихи-мәдени орын, табиғи мекен, өндіріс ошағы мен білім-ғылым ұйымы «Туған елге тағзым» экспедициясының бағдарына енді.

Туристік жорық барысында Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS оқушы­лары қазақ руханияты мен мәдениетінде айрықша орны бар Күлтегін ескерткішінің көшірмесімен танысты, ал өр тұлға Қабанбай батыр кесенесіне барған Халықаралық бакалавриат мектебінің оқушысы Шәкірт Әли Ринатұлы Minecraft ойынына кесененің макетін енгізгенін айтты.

– Бұл саяхат бізді жігерлендірді, ал батыр­дың рухы қанаттандырды. Қабанбай батыр кесенесін замандастарыма таныстыру мақса­тында Minecraft ойынында мемориалдық ке­шен­нің үлгісін жасадым, бұл бір жағынан туған өлкенің тарихи жерлерін насихаттауға да арналады, – деді ол.

Оралдық экспедиция мүшелері облыс орталығынан 140 шақырым жердегі Сырым ауданына жолға шықты. Сапар барысында Байбақтының бала биі атанған Сырым Датұлы туралы тың деректер жинап, «Алаш» мұражайын аралаған Аружан Самиғуллина жобасын жаңа ақпараттармен толықтыруға әзір.

– Үйдің үлкендері әрдайым Сырым батырдың туған жерін, тұлғасы мен ерліктерін айтып отырады. Бүгін осы өлкені өз көзіммен көріп, көптеген қызықты мағлұматтар алғаныма шексіз қуаныштымын, – деді ол.

Ақтөбелік NIS оқушылары қаһар­мандықтың символына айналған Қобыланды батыр кесенесіне де тағзым етті. Қазақстанның киелі жерлері тізіміне енген мемориалдық кешен жыл сайын мыңдаған туристерді, батырдың рухына тағзым етуге келушілерді кабылдайды.

Ал Алматыдағы химия-биология бағы­тындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мұражайына экскурсия жасады. Биыл ақынның 175 жылдық мерейтойы – рухани кешенде ұлы тұлғаның киелі домбырасы, жеңіске үндеген жырлар жинағы, жеке «М1 МК» маркалы автокөлігі, танымал суретшілердің кескін­демелері, ретротелефон, жұмыс кабинетіндегі жәдігерлер, айтыстарда киген шапандары сақтаулы тұр.

Атыраудағы Зияткерлік мектеп зерттеушілері сыр тұнған Сарайшық сапарында XIII ғасырдың мұраларына куә болды. Талдықорғандағы NIS оқушыларының сапары сұлулықтың қайнар көзі – Кайыңды мен табиғаттың інжуі  Көлсай көлдері және әлемге әйгілі Шарын шатқалына ұласты. Жас зерттеушілер өз өңірінің көрікті жерлерін тамашалап қана қойған жоқ, флора және фаунасын зерттеу мен сақтау шараларын талқыға салды.

Қызылордалық NIS оқушылары дүние­жүзіне әйгілі Байқоңыр ғарыш айлағы туралы танымдарын кеңейтті. 15 мыңнан аса экспонат қамтылған мұражайда зияткерлер ғарыш алаңының құрылуы, қазіргі өмірі мен даму болашағы жайында жаңа ақпараттарды меңгеріп, аспан әлеміне жол салған тұлғалар, көрнекті ғалымдар мен құрылысшылар, зымыран-ғарыштық техника сынаушыларымен танысты.

Н. БЕЙСЕНБАЕВА

1416 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы