• Қоғам
  • 11 Қараша, 2021

ҚАЗАҚТІЛДІ КОНТЕНТ: БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ?

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

«Ana tili»

Нұр-Сұлтан қаласында қазақ тілінде ­онлайн-контент жасаушылардың ­V ­форумы өтті. «Қазақ­тілді интернет: бүгіні мен болашағы» тақырыбында өткен жиынға медиа сарапшылар, журналис­тер, бас ­редакторлар мен блогерлер қатысып, қазақ тіліндегі медианы дамытудың жаңа тренді, бағыты мен болашағы туралы пікір ­алмасты. Шараны АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдығына орай ұйымдастырды.

Форум жұмысын  Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева мен АҚШ-тың Қазақ­стан­дағы уақытша сенімді өкілі Джуди Куо ашты.

Министр өз сөзінде бұқаралық ақпарат құрал­дарында қазақ тілінде сапалы контент жасау – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Атап айтқанда, бүгінгі таңда мемлекеттік БАҚ-тағы қазақтілді контенттің үлесі шамамен 80 пайызды құрайды. Егер 10 жыл бұрын мемлекеттік тілде ақпарат тарататын 6 сайт болса, бүгінде жағдай мүлдем басқаша. Жылдан-жылға қазақтілді интернет-порталдардың саны да, оқырмандар саны да өсуде. Соңғы 2 жылда 46 жаңа сайт ашылды», – деді министр.

Сонымен қатар А.Балаева журналистердің кә­сіби өсуі қажет екеніне назар аударды. Ол өз сөзінде министрлік жанынан бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланатын қазақ тіліндегі кон­тентті талдайтын жұмыс тобы құрылғанын атап өтті.

«Көптеген ақпарат сайты мәліметті қысқа әрі жеңіл жазуды таңдайды. Сондықтан бүгінде «Интил» («Intil») жазу формасы ұғымы пайда болды. Десе де, жылдам ақпарат таратуды ғана ойлайтын сайттарда көп жағдайда тіл тазалығы болмайды. Мұның өзі, бірінші кезекте, қазақ тілін интернет арқылы оқып үйренетін өскелең ұрпаққа кері әсер ететіні анық. Бұл ретте, биыл қыркүйек айында ми­нистрліктің қолдауымен елімізде алғаш рет «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігі» жинағы әзірленді. Аталған кітапта қате қолданылып жүр­ген 3,5 мыңнан астам сөз тіркесі анықталып, 2 мың­нан астам нақты мысал берілген», – деді А.Балаева.

Сонымен қатар министр қазіргі ғаламдық цифрландыру заманында әлемдік дәстүрлі медианың өзгеруіне интернеттің ықпалы зор екенін айтты.

«Бұл, әсіресе, былтыр орын алған пандемия кезінде айқын білінді. Түрлі әлеуметтік желілер, WhatsApp, Telegram, YouTube пен Тik-Ток қосымшалары арқылы тараған жалған ақпараттардан қоғамда «инфодемия» мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Сондықтан біз дер кезінде шешім қабылдап, Stopfake.kz порталын іске қостық. Қазақ және орыс тілінде хабар тарататын сайт бүгінге дейін қоғамды әбігерге салған 2000 мыңға жуық фейк ақпаратты жоққа шығарды. Соңғы аптадағы сайттың қаралымы 66 мыңнан асады. Бұл орайда, бүгінгі журналистер «фактчекинг» талабын үнемі есте ұстауы қажет», – деді Аида Балаева.

Ал АҚШ-тың Қазақстандағы сенімді өкілі Джуди Куо қазақтілді онлайн-контент жасаушылардың бесінші форумына  қатысуды мәртебе көретінін айтты.

«Биыл Qazforum өзінің алғашқы маңызды кезеңін – бес жылдығын атап өтіп отыр және оның Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгеніне қуаныш­тымыз. Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған мемлекет ретінде ­Америка Құрама Штаттары Қазақстанның тәуелсіздігін, еге­мендігі мен аумақтық тұтас­тығын қолдауды жалғастырып келеді», – деді ол.

Айтуынша, Qazforum қазақтілді БАҚ пен интернет-контент жасаушылардың басын қосып, жүзеге асырылып жатқан істерді талқылау үшін құрылған.

«Биыл форумның бағдарламасында қазақстандық БАҚ пен қоғамның болашақта қалай өзгеретіні туралы пікір алмасу сияқты мақсат қойылды. Соңғы бес жылда форум нарықтың осы сегментінде тренд қалыптастырушы ретінде танылды. Біз өткен жылдардағы форумда болған білім мен пікір алмасу жаңа және тұрақты серіктестікке дейін өскенін байқадық. Осындай форум қазақтілді жаңа медиа жобалардың пайда болуына және медиа қауымдастыққа оң әсер еткеніне куә болдық», – деді ол.

Елші Қазақстанның интернетке қолжетімділік бойынша аймақтық көшбасшы екенін атап өтті. Ақпарат еркіндігіне толық құрмет көрсетіліп, STEM және IT-білімге инвестиция жасалса, мұндағы цифрлық нарық, соның ішінде Қазақстанда жасалған медиа өнімдер, тек Қазақстан экономикасының өсуіне ғана емес, сондай-ақ бүкіл Орталық Азия аймағына маңызды актив бола алатынына сенімді екенін жеткізді.

«Бүгінгі күні бәріміз тап болған жалған ақпарат мәселесін ескерсек, күшті, еркін және кәсіби медиа орта қалыптастырудың маңыздылығын сезінеміз. Бүгінгі пікір алмасу сіздерге Қазақстандағы онлайн-медиадағы үрдістер туралы ойлануға, цифрлық стратегия, фактілерді тексеру және ақпараттық қауіпсіздік сияқты тақырыптар туралы көбірек білуге мүмкіндік береді деп үміттенемін», – деген елші журналистерге арналған ағылшын тілі бағдарламасы туралы айтты.Бұл бағдарлама бүкіл ел бойынша журналис­тер үшін тегін ағылшын тілі сабақтарын ұсынады және курсқа 10 қарашаға дейін тіркелуге болады.

«Ел өзіңнен, болашақ бүгіннен басталады» демекші, биылғы форум маңыз­ды тенденцияларды ескеріп, алысты жа­қын­датып, болжам мен мүмкіндіктерге ашық болуды басшылыққа алады», – деп қорытты ол.

 

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОНЛАЙН-КОНТЕНТТІҢ

ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ?

 

Форум барысында спикерлер мен қатысушылар «Тәуелсіздік кезеңіндегі медиа-толқын: қазақстандық онлайн-контенттің ерекшелігі неде?», «Пандемиядан кейін: қазақ тіліндегі онлайн-контент қалай өзгерді?», «30 жылдан кейін қазақстандық медиа және қоғамы» тақырыптарын талқылады.

«Пандемиядан кейін: қазақ тіліндегі онлайн-контент қалай өзгерді?» атты бірінші пленарлық талқылауда танымал шоумен, сценарист және продюсер Марат Оралғазин, Galamat Media жетекшісі Абай Серғазиев, Factcheck.kz қазақ нұсқасының бас редакторы Думан Смақов, Salem Social Media креативті продюсері Бұхар Марат, ZTB Media негізін қалаушы Марғұлан Тұрсынов COVID-пандемия әлемді қалай өзгерткенін, оң өзгерістердің бар-жоғын, инфодемия қаншалықты өскенін, қандай сабақ алуға болатынын және алдағы жылы қандай медиа-трендтер күтіп тұрғаны ­жайында пікір алмасты.

Сессия спикері Марат Оралғазиннің айтуынша, жарнама берушілердің арасында «қазақтілді аудиторияның төлем қабілеті төмен» деген пікір қалыптасқан.

«Неге орыстілді блогерлер Toyota-ға, Samsung-ке жарнама жасаса, қазақтілді блогерлер тек пицца, сушиге ғана жарнама жасайды? Екеуі екі жаққа бөлініп кеткен. Сондықтан екі аудиторияны қосып бірге шаралар өткізу керек. Біз қазір екі әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мені қатты ренжіткен дүниелер болды. Жарнама берушілердің арасында «Қазақтілді аудиторияның төлем қабілеті төмен» ­деген пікір қалыптасқан. Мысалы, көліктің жарнамасы да орыс тілінде жазылады. Негізінде, көлік алып жатқанның бәрі – қазақтар. 19 миллион халықтың 13 миллионы қазақ болса, соның бәрінің төлем қабілеті төмен деп айтуға болмайды», – деді ол.

Сонымен қатар Марат Оралғазин әлеуметтік желідегі контент жаңа деңгейге көтерілгенін жеткізді.

«90-жылдары өзіміз Қазақстанда болғанымызбен, ойымыз Ресейде болды. Ол кезде Ресейдің ақпараттық кеңістігіне тәуелді болдық. Бұл кезеңде отандық журналистер көрермен назарын қазақтілді телеарнаға аударып бақты. Бірақ бүгінгі таңда жағдай басқаша. Назар салсақ, 2014 жылдан бері барлық тренд орыс тілінде болды. Арасында бірен-саран қазақтілді жобалар жүрді. Ал қазір әлеуметтік желідегі контенттеріміз жаңа деңгейге көтерілді. Бұл – біздің жеңісіміз. Бүгінгі таңда бәрі өз тілімізде жазады. Тіл ауқымы кеңейді. Біз өз интернет контентімізді өзге ­елден ­импорттайтын емес, экспорттайтын деңгейге жеттік», – деді М.Оралғазин.

Salem Social Media компаниясының шығармашылық продюсері Бұхар Марат өз кезегінде қазақтілді өнімнің дамуы туралы айтты.

«Біз екі тілде де өнім жасаймыз. Сонда 2019 жылдан қазақтілді аудитория өскенін байқадық. Қазір оның үлесі 80 пайызға жетті, ал орысша аудитория 20 пайызға тең. Біз бір жоба жасаймыз. Айырмашылығы — тек тілінде. Енді сандар сөйлесін. Қазақ тілінде шыққан нұсқасы үш есе көп лайк, қаралым, пікір жинайды», – деді ол.

Продюсердің айтуынша, қазақтілді аудиторияның потенциалы жоғары. Тек осы бағытта сапалы контент ұсыну қажет.

«Қазақ тілінде түсірілген веб-сериалдар 22 миллионға жуық көрілім жинады. Сонда байқадық, қазақтілді аудитория өте белсенді екен. Осы аудиторияны жоғалтып алмау үшін ары қарай тек қазақша жұмыс істеу керек екенін түсіндік. Түсірген төрт орысша сериалымыздың көрілімі төмен. Содан кейін үлкен жарнама берушілер қазақтілді контентке тапсырыс бере бастады, біз ол жердегі уәде берген көрілімді екі есе артық орындадық», – деді ол.

Ал factcheck.kz бас редакторы Думан Смақов пандемия кезінде тараған жалған ақпараттар туралы айтты. «Жалған ақпарат эмоцияны жақсы көреді. Ақпаратты эмоциямен қабылдамаңыздар», – деді ол.

 

ОТАНДЫҚ ОНЛАЙН-КОНТЕНТТІҢ

БІРЕГЕЙЛІГІ НЕДЕ?

 

Форумның екінші сессиясы «Тәуелсіз­дік кезеңіндегі медиа-толқын: қазақ­стандық онлайн-контенттің ерекшелігі неде? Оны кім жасайды және қазақтілді медиа тауардың экспорттық потенциалы бар ма?» деген тақырыпта өтті. Сессия модераторы – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин болды. Ол «Қазақстан «РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мақпал Жұмабай, продюсер Ерболат Беделхан, ОZEN лейблінің негізін қалаушы Айзатулла Хусейн, Brave Talents негізін қалаушы Алмас Жали және JKS Entertainment (Tik-Tоk хаустар өкілі) тең құрылтайшысы Асхат Халимовпен бірге қазақстандық және қазақ тіліндегі онлайн-контентті кім жасап жатқанын, қазақтілді медиа-тауардың экспорттық әлеуеті қандай екенін, қазіргі заманғы контентті қалай монетизациялауға болатынын талқылады.

Сессияны ашқан модератор Ерлан Қарин: «Бүгінгі форумның ерекшелігі – жаңа, тың тақырыптар қозғайтынында. Жаңа спикерлер мен тұлғалардың келгенін көріп қуанып отырмын», – деді.

Бірінші болып сөз алған Ninety Оne тобының продюсері Ерболат ­Беделхан интернеттегі қазақ тілінде өнім шығаруға байланысты пікір білдірді. Оның ­айтуынша, отандық топ түрлі дау-дамайға қарамастан, қазақша өнімге сұраныс көп екенін дәлелдеген.

«Қазақтілді аудиторияға заманауи дүние ұсыну керек екенін түсіндім. Бұл тұста менің ең үлкен үлесім — Ninety Оne тобын құру. Егер кей адамдарда оған қатысты қате пікір қалыптасса, кешірім сұраймын. Себебі ел бойынша бұл кәдімгідей дау болды. Негізгі мақсат қазақтың жастарына заман талабына сай музыка әкелу еді», – деді Ерболат ­Беделхан.

Оның айтуынша, халық осы идеяны кейде дұрыс түсінбей, мәселені әлеуметтік және саяси тұрғыға бұрып жіберген.

«Жігіттердің бейнесіне, сыртқы келбетіне келсек, Кореяда K-pop деген субмәдениет қазір бүкіл дүниежүзіне танымал. Біз негізге сол жүйені алдық. Олар да азиялық, бізге ұқсайды. Сондықтан олардың осы тұстарын өзімізге қостық», – деп түсіндірді продюсер.

Ал «Қазақстан РТРК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мақпал Жұмабай өз сөзінде Maqpalsher-ден бас­талып ÖzgeEpic-ке ұласқан жиырма жылдық жолы, осы жолдағы мақсаты мен қол жеткізген нәтижесі туралы «Өз аудиториямызды өзіміз қалыптастырмасақ, ол өзінен-өзі қалыптаспайтынына көзім жетті», – деді.

Brave Talents негізін қалаушы Алмас Жали мен JKS Entertainment тең құрыл­тайшысы Асхат Халимов Қазақстаннан шыққан таланттардың енді Мәскеу сахнасында өнер көрсетуді жетістік деп емес, қарапайым нәрсе деп қабылдайтынын, Мәскеудің қазақ өнерпаздарын қатты құрметтейтінін жеткізді. «Қазақтар мықты» деген феноменнің қалыптасқанын айтты. Сондай-ақ экспортқа тек материалдық өнім ғана емес, интеллектуалдық өнім шығаруға болатынын және өздерінің де бірнеше рет осылай идея сатқаны туралы тәжірибесін бөлісті. Америкадағы әріптестерімен келіссөз жүргізіп жатқанын сүйіншіледі.

Сессия соңында көрермендер спикерлерге қазақ тілінде сапалы балалар контентінің жоқ екенін айтып, көңіл көтеру бағытынан бұрын осы салаға мән беру керек екенін жеткізді. Сауалға жауап берген Ерболат Беделхан өзінің де осыған алаңдайтынын білдірді.

«Төрт балам бар. Өзім оралманмын. 1991 жылы елге келдім. Қазақ болам деп келдім. Қазір төрт балам да орыстілді, орысша сөйлейді. Ненің арқасында? Интернеттің арқасында. Балалар қазақша балабақшаға барады, қазақша мектепке ­барады, әйелім екеуміз қазақша сөйлейміз», – деді ол. Ал Асхат Халимов өздері жұмыс істейтін тиктокерлердің өнімі балаларға зиян емес екенін жеткізді.

 

30 ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МЕДИА

ЖӘНЕ ҚОҒАМ

 

Форумның екінші бөлімінде «30 жылдан кейін қазақстандық медиа және қоғам» панельдік пікірсайыс барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, PR-маман Әлішер Елікбаев, ҚазҰУ журналис­тика факультеті деканының орынбасары Карлыға Мысаева, «Ұлттық аударма ­бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы алдағы 30 жылда медиа мен қоғамда қандай өзгерістер болатынын, өзгеріс кезінде медианың атқаратын рөлі және сол өзгерістер үшін бүгіннен бастап не істеу қажет деген сұрақтар төңірегінде ойларын бөлісті. Бұл сессияны белгілі блогер және тележүргізуші Өркен Кенжебек жүргізді.

Жиында Бағдат Мусин сөзін ­Ыбырай Алтинсариннің өлеңінен бастап, жиналғандардың қошеметіне бөленді.

«Біздің панельдік сессия «Қазақ­с­танның 30 жылдан кейінгі медиасы мен қоғамы» деп аталады екен. Сондықтан кішкене дайындалып келдім, өлең шумағын оқып берейін.

«Өнер-білім бар жұрттар,

Тастан сарай салғызды;

Айшылық алыс жерлерден,

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды», – деп бастады сөзін министр.

Министрдің айтуынша, екі ғасыр бұрын жазылған өлең қазіргі технологияларды сипаттаған. Ол үшін адамда болашақты болжай алатын қасиет болуы керек.

«Өлеңнің «Қатарың кетті-ау алысқа-ай, ұмтылыңыз, қалыспай» деген жері бар. ­Расымен, бұрын ақпараттық дәуір болса, қазір цифрлық заман. Біз соған бейімделуіміз қажет. Бұған дейін бәрін автоматтандыруға тырыстық, енді цифрлық өзгерістерге қадам басамыз», – деді Бағдат Мусин.

Министр мысал ретінде қазір елімізде жүріп жатқан халық санағын келтірді.

«Біз санақты автоматтандырып, онлайн форматқа көшірдік. Яғни кез келген адам сұрақтарға телефон мен компьютер арқылы жауап бере алады. Ал цифрлық трансформация «Енді санақты бұдан да басқаша жүргізу үшін не істеу керек?» деген сауалға жауап береді. Яғни жаңа технологияларды пайдаланып, деректер базаларының тиімділігін арттырып, керек ақпаратты ала алуымыз қажет. Қазір осы мәселелерді қозғап жатырмыз. Мемлекет осы цифрлық трансформациядан өтуі ­керек», – деді министр.

Сонымен қатар Бағдат Мусин нарықта салалық журналистердің жетіспейтінін атап өтті.

Сессиядан кейін форум қатысу­шылары қазақстандық және шетелдік мамандардың шеберлік сабақтарына қатысты. CNN бұрынғы тілшісі және желідегі #HashtagOurStories қозғалы­сының негізін қалаушы Юсуф Омар «Вирустық бейнелерді телефон арқылы түсіріп, әлемді қалай өзгертуге болады?» тақырыбында видео сабақ өткізді. The Village Kazakhstan директоры Айсана Әшім медианы ­монетизациялау тәжірибесімен бөлісті. Ал медиакеңесші Асхат Еркімбай ­қаты­сушыларға Data-карта жасауды үйретті.

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАТЫСТЫ ҚАСАҢ КӨЗҚАРАСТЫ ЖОЮ КЕРЕК

 

Форум шеңберінде алғаш рет Qaz Startup Battle өтті. Сайысқа қатысқан 13 жас ІТ-компания Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин төрағалық еткен қазылар алқасының назарына өнім ұсынды. Соның ішінде қазақ тіліндегі жазбаша мәтінді тану бағдарламасы, қазақша онлайн-курстар платформасы, шетелдік шығармалардың қазақша аудионұсқасының қосымшасы, қазақстандық авторлардың аудиокітаптар мобильдік қосымшасы, қазақтілді аудиторияға ағылшынша үйрету сервисі және т.б. стартаптар бар.

Сайыстан кейін министр Бағдат Мусин IT стартаптардың қазақ тілін дамытуға қалай үлес қосатыны туралы айтты.

«IT стартаптар қазақ тілін қазіргі цифлық дәуірге технологиялар арқылы бейім­деуге көмектеседі. Қазақ тілі мәсе­лесін өзіміз қолға алмасақ, басқа ешкімге қажет емес. Ұлттық мүдде болған соң осындай қазақ стартаптарын қолдау керек. Технологиямен ықпалдастыру арқылы қазақ тілінің жалпы дамуын, болашақта технологияларға бейімделуіне көмек ретінде бұл сайысты өткіздік», – деді ол.

Министр жақында өткен Digital Bridge халықаралық форумының не себепті толықтай орыс тілінде өткенін шетелдік инвесторлардың қазақстандық стартаптарға ақша құю үшін келгенімен байланыстырды.

Технологиялық стартаптар арасынан үздік шыққан жеңімпаздарға – Qlang маркетплейс және онлайн-платформасына 2 млн теңге, Joo.kz абитуриенттерге арналған сервиске 1 млн теңге, On Moms жүкті әйелдерге арналған мобильді қосымша стартапына 500 мың теңге ақшалай грант табысталды.

«Қазақ тілі – технологияның тілі емес» деген стереотипті жоюмыз керек. Өткен аптада біз Digital Bridge аясында жалпы қазақстандық стартаптар арасында Astana Hub Battle ұйымдастырған болатынбыз. Ал бүгін қазақ тілін дамытуға бағытталған стартаптарды марапаттадық. Мұндай ­бастамаларды қолдау аса маңызды», – деді Бағдат Мусин.

Форум қонақтарына «Қазнет тарихы» фотокөрмесі, сондай-ақ қазақстандық суретші Бақыт Шүкетаевтың туындылары ұсынылды.

Форум соңында ОZEN лейблының әншілері Yenlik және Dudeontheguitar өнер көрсетті.

Айта кетейік, АҚШ-тың Қазақ­с­тандағы елшілігі – QazForum шарасы­ның бастамашысы және идеялық қолдаушысы. Ұйымдастырушы – «Business Event&Rent» агенттігі. Биыл шараны «Kaspi Bank» АҚ, «JUSAN BANK» АҚ, «AirAstana» АҚ және Sheraton Nur-Sultan қолдады.

 

 

104951 рет

көрсетілді

21184

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы