• Ақпарат
  • 15 Қараша, 2021

ТӘУЕЛСІЗДІК-ТҰҒЫРЫМ

Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған.
Бұл далада жылап келіп, уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман.

                                               Қасым Аманжолов

   Қазақ даласының, қазақ баласының тәуелсіз болып, еркіндікке қол жеткізгеніне бұл жылы 30 жыл толады. Азаттыққа ұмтылған азаматтардың ерен еңбегімен бүгінгі ұрпақ тыныштық пен татулықта өсіп келеді. Бірақ, бұл тыныш заманға оңайлықпен қол жеткізбедік. Елдік пен бостандық үшін күрестің байырғы скиф, ғұн, оғыз, сақ, қаңлы, қыпшақ замандарынан кешегі шерлі желтоқсанға дейін сан ғасырлық шежіресі бар. Ата – бабаларымыз өзінің  жанқиярлық пен табандылық күресінің арқасында  бірлік – берекесін сақтап қана қоймай, он бесінші ғасырда Қазақ хандығын құруға дәнекер болды. Тамыры тереңде жатқан, ұлан – ғайыр жерімізге көз алартып, сұқтанғандардан ата – бабаларымыз сол жерді қорғап, ұрпақтарына қалдыру үшін бүкіл ғұмырын сарп етті. Ата қоныс үшін, азаттық үшін небір сұрапыл шайқастар өтті. Дербестік үшін күрескен талай боздақтардың жаны қыршыннан қиылды. 
Атамекеніміз бізге сол қайсар жандардан қалған аманат!
     Тереземіз басқа жұртпен тең болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп жатқанымызға 30 жыл! Осы жылдар ішінде елдіктің іргетасы сапалы қаланды. Экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, жаһандық-өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымын паш ете алатын егемен мемлекет бола алатынымызды барлық қырынан айқындап, мойындаттық. Халықаралық бастамалармен бірге, әлемдік деңгейдегі іс-шараларды, дүниелік, адамзаттық маңызды форумдарды да жоғары деңгейде ұйымдастыратын жұрт екенімізді таныттық.Түрлі оқу ошақтары ашылып еліміздің көркеюіне үлес қосатын жастар тәрбиелеуде.Соның бірегейі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Заң факультеті.Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында жасаған ерен еңбектерін атамай өтпеу болмас! Ендігі күннің міндеті ретінде мемлекетіміз Мәңгілік Ел болу идеясына бет бұрды. Осы жылдарда әлемдік аренада ойып тұрар орынға табан тіредік. Дегенмен, бұл да болдық, толдық дегенді білдірмейді. Өйткені,  мәңгілік ел болуға ұмтылған жұртпыз. Ол туралы өз сөзінде Елбасы атап өткен болатын: “Біздің басты қазынамыз - Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын ен жайлап, еркін көсілген кең даламыз. Біз шекарамызды шегендеп, іргемізді бекіттік, көршімен тату, алыспен сыйлас, ісі ілгері басқан жасампаз ел болдық. Біздің мұратымыз - Мәңгілік Еліміздің асқақ болмысын аялап, 21-ші ғасырдың төріне оздыру”.
     Түйіндей айтсақ, біз ғасырлар бойы қаншама ұрпақтың арманы болып өткен тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы сапалы қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ. Өйткені, қазақ деп соғар жүрегі бар әрбір алаш баласының жұмылатын тұсы, ешбір тайсалмайтын ісі де осы Тәуелсіздік болуы тиіс.


Мухамадиева Гүлжан Нүсіпжанқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты

738 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы