• Руханият
  • 17 Қараша, 2021

Илья ЖАҚАНОВ: СҰЛУЛЫҚТЫ ЖҮРЕГІМНІҢ ТҮБІНДЕ САҚТАЙМЫН

Ақансері Қорамсаұлы 
Суретті салған Илья Жақанов

 

Илья Жақанов көп сұхбат бермейтін адам. Есесіне көңілдің бір шарықтап, кейде шау тартқан тұсында қойын дәптерге түртіп қоятын жүрек жазбаларының жөні бөлек. Оның осынау публицистикалық сипаттағы жазбаларына да поэтикалық сарын, мөлдір лиризм тән. 
Бұл жазбалар – оның өз байламы, ұстанымы, ой, толғаныс,  көзқарастары, жаныңды тербейтін жылы ағыстар. Зияткерлік, танымдық прозаның ұшқындары шашырап, шашылып жатқан мөлдір моншақтай мөлт-мөлт еткен тіркестер. 
Сан қырлы суреткердің жан дүниесінің үзіліп түскен бір-бір тамшысы. 

АТАҚ АЛМАҒАНДАР  ДАРЫНСЫЗ БОЛЫП КӨРІНДІ

Кешегі күні бізде энтузиазм деген сұмдық болды ғой. Қазақта «құлды бәрекелді өлтіреді» деген сөз бар. Бізде біреуді көкке көтере беретін әдет  те бар. Өткеннің мысалына жүгінейін. Кезінде Стаханов шықты да, жер-жерде қозғалыстар пайда болды. Әрине, өз кезеңінде мұндай әрекеттер де керек болған шығар. ­Десек те, Стаханов идеалға айналды ғой. Қосымжан Бабақовтың «Төк жырды, Алексейдің көміріндей» деп әуелетіп келіп, «нұрланды өмір» дейтіні содан.

Атақ дегеніміз – ауруға, дертке ай­налғаны осы тұс. Бұл бір идеоло­гияның  сұмдық тәсілдері еді. Атақ алмағандар дарынсыз болып көрінді. Қазір де осы жағдай қайталанып жатқан жоқ па? Атақ деген талантты моральдық демеу үшін ғана қажет нәрсе. Мен осындайда баяғының біртуар серілерін ойлаймын. Солар еш атақсыз-ақ тарихта қалды ғой.

***

...Жалпы мен сұлулықты жүре­гім­нің түбінде сақтаймын. Кейін уақыты  туып, бабына келгенде қиялым мен қаламыма ерік беремін.

***

Рас, Кеңес өкіметі кезінде көп әніміз үгіт-насихаттың құралы болып кетті. Соның бірі – осы «Бал­қадиша». Әйел теңдігін алға тартып, жалаулатқан белсенділер «қазақ он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей қыздарын малға сатқан, шалға сатқан» деген желеумен ән мәтінін «Күйеуің сексен бесте – шал, Қадиша» деп өзгертті. Ақиқатында, Балқадиша ешқандай шалға ұзатылмаған.

***

«Хит» деген сөзді айтуға болмайды. Кез келген халық әнін заманауи техниканың мүмкіндігін пайдалана отырып, өңдеуге, құлпыртуға болады. Мәселен, «Ой, көк, игигай көк! Ой, көкем, япырым-ай, Жастық дәурен өтеді-ай» деген жолдар. Бұл – эстрада емес. Қазақтың шалқар көңілді әндері. Эстрада деген сөзді ешуақытта қазаққа қолданбаңдар, ол біздің табиғат, болмысқа жат. Бибігүл Төлегенова апаларың бір сөзінде: «Эстрада деген сөзді айтпаңдар маған, ол – мен үшін нөл», – деді. Мен де сол түсініктемін. Эстрададан, эстрададағы желікпе, әулекі әндерден бізді «Ой, көк», «Бипыл», «Маусымжан» сынды өзіміздің жайсаң әндер ғана құтқарады.

 

БҰЛ – БАТЫСТЫҢ  МУЗЫКАЛЫҚ ЭКСПАНСИЯСЫ

Әyeлi мына бip жайтты айтқым келеді. Сендер, жастар, қазақтық дәстүрлі ән корифейлерінің кімнен басталатынын білмейсіңдер. Қазақтың классикалық әндерінің ұлы атасы кім дегенде, Біржан салдан бастау керек. Біржан салдан соң Ақан cepi, одан кейін Ақан cepiгe шәкірт болған үкілі Ыбырайлар кетеді.

...Мұны айтып отырған себебім, қандай бip ауыр кезеңді өтпейік, еш уақытта қазақ әні дәл өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап бұзылғанындай, бұзылған жоқ еді.

Эстрада – қазақтың болмысына, дітіне, бүкіл табиғатына жат құбылыс. Эстрадалық ән ешуақытта қазақта болған емес. Бұл – батыстың музыкалық экспансиясы. Әр халық болмысын, өзінің ұлттық музыкалық діті мен ділін сақтаса, мұндай сұмдық болмайды. Бірақ біз ауыр жылдарды бастан кешірдік. Батыстан ағылып жеткен жағымсыз әсерлер жас­тарымыздың санасын улады, әлі де улап келеді. Телевидение, ғалам­тор, компьютер арқылы беріліп жатқан сұмдықтардың барлығы қаза­қылықтың қайнарын лайлап бітті. Жастардың қиялын ұрлап жатыр.

 

КЕЙБІРЕУЛЕР МУЗЫКАДАҒЫ «БОМЖ» СИЯҚТЫ

...Артық кетсем кешірерсіз, эфир­дегінің дені қоқыс. Ал кейбіреулер, тіпті музыкадағы «бомж» сияқты жүр. Бұл деген сұмдық қой. Қазақ өз болмысын, жаратылысын, тарихын әнде қалдырған.

***

Әйгілі композитор Фредерик Шопеннің «Сөз біткен жерден ­музыка басталады» деген ұлы сөзі бар. Сөз құдіретімен жеткізе алмай, діттеген ойымды шығара алмай тығырыққа тірелген сәтте музыканы іздеймін. Менің әндерім оңашада, тыныштықта немесе жол үстінде ­туады. Шабыт келгенде, көлігіме отырып, классикалық музыканы қосып қойып, Жайықтың бойын жағалап кетемін. Ал әннен «артылған» сезім суретке түседі. Мәселен, «Толағай» деген әнім солай туды. Арқа сапа­рынан келе жатқан жолда көк мұнарға бөккен көркем тау көз алдымнан кетпей қойды. Сөйтіп шабыт шырқауына жетіп, «Толағай» келді өмірге. Ал кейінірек ол тауды картина ғып жаздым. Ән жеткізбеген жерге бояуды бердім, сөйтіп. Міне, мендегі өнердің барлығы осылайша бір-бірін толықтырып отырады. Менің музам, шабытымның қозғаушы күші осы үшеуі – сөз, музыка және әсер.

***

...Мен қазақ музыкасының жоғын жоқтаушы секілді фанатикпін бе, білмеймін, Арменияның тау-тасын кезіп, ән іздеген Комитас секілдімін бе, қалай?

Не десеңіз де, мен – музыка зерттеушісімін!

***

Атақ атақ, ал мен Музамен тыныс­тап, соның құдіреті күшті қуатымен өмір сүріп келемін.

***

Бір шетел сапарынан оралған Рахымжанның сондағы бір үздігіп, үгіліп сөйлегені есімде. «Сізге бір мойын бұра алмай қойдым. Мәңгілік жүре беретіндейміз ғой. Осы уақытқа дейін қасымда ғой деп, алаңсыз жүрдім, сіз де әлі толық ашылмай жатқан қазынасыз ғой, енді сізге толайым бұрыламын. «Еділ-Жайық» деген пьеса жазамын. Жұбан аға екеуіңіз жөнінде. Кейінгі кездегі рухани тұлғаларымыз туралы жазылып жатқан дүниелердің көпшілігіне көңілім толмайды», – деп еді айналайын-ай! Сол сөзі кей-кейде жадымда жаңғырып жүреді.

1212 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы