• Әдебиет
  • 17 Қараша, 2021

ТАҢҒАЖАЙЫП ПАЛИТРА (эссе)

Міне, мен әдеттегідей кезекті бір картинасын жазып тұрған Қамбарбектің палитрасына бір құдіретті сезім арбап қойғандай демімді ішке тартып, үн-түнсіз сұқтанып қараймын, бар дүниені ұмытып. Ақ, қызыл, сары, көк, қоңыр, жасыл, қара... ақшыл сары... өзінше бір әлем, ғажап. Көз жауын алған алуан түсті бояудың қайсысына тисе де қылқаламының ұшынан бір бейне, не бір елес еріксіз ойландырады: ақшыл көк бояу сызыла беріп еді, о, ғажап, көк семсер жарқ ете қалды. Ол – Исатай батырдың семсері! Жүрегімде Махамбеттің: «Исатайдың барында екі тарлан бөрі едім» дейтін айбатты, адуынды сөзі тепсінді; Құрманғазының бұрқ-сарқ етіп көбік шаша толқыған күйінің сұрапыл екпінін даладай кең төсін жапқан сақалы еске түсірді; енді бірде көз алдымда құрдым заманның тәртібі тәлкек етіп, қияметтік ғашығы Ақбөбек арудан амалсыз айырылған арманды мұңлық, асқақ сезімді, өршіл үміттің иесі қайран Қайып әншінің мұң ұялаған тұңғиық жанары жүрек сыздатты. Енді бірде палитрадан ширатылып шыққан отты бояу қосындысы со-но-оу Ноғайлы заманының ұлы батырлары – Алтын Орда кезеңінің рухын суытпай тәуелсіздік, азаттық жолында қасиетті жеріміз үшін жан алып, жан беріскен қиянкескі күрес жолынан таймаған, Қазаннан орыс басқыншыларын қуып шыққан әкелі-балалы Нәрік пен Шораның болашаққа деген сенімі мол жарқын келбеті жайнап шыға келді. Бұрын-соңды суретшілердің қаламына ілікпеген екі тұлға! Ұлы даланың өз бояуы секілді палитрадан қазақтың сайын даласы кербез керіледі, гүлдері құлпырып, орман-тоғайы бұлбұл әуезіне балқиды. Ұлы тыныштық бейбіт өмірдің құшағында сүттей ұйыған пейіш дүниесі...

Қамбарбек жасаған байтақ галерея палитрасы жайлы таңғажайып әңгімені соза беруге болады. Оның қылқаламы палитраға тисе болғаны ертегі әлеміндей ғажайып өмірдің алуан-алуан құбылысын, ұлы оқиғалар дүбірін, сол сәттегі даланың тынысын, замана келбетін, қоғам мінезін, адамдар тағдырын, бақыт пен қасіретті күндерді, елдік пен ерлік рухын, осыноу беймаза өмірдің шалқып жатқан махаббат жырын тыңдағандай боласыз, «Үндемейтін поэзия» деп дәріптелетін живописьтің ешкімге ұқсамайтын құдіретті күшін сезінесіз. Суретшінің бақыты деген осы!

Шора батыр

 

Мысалы, музыка әлемінде «атақты дирижерлардың әдеттегіше жай ғана өтіп жататын репетициясының өзі еріксіз таңғалдыратын естен кетпес концерт қой... концерт!» дейтін сөзді өзгеше дарын иесі, сирек бітімді суретшілердің палитрасына қызушылықпен салыстырсақ сондай талант ол – Қамбарбек Аманов десек артық айтқандық болмас, тегі.

***

Өз өнеріне өзі сын көзбен қарайтын ой-өрісі мейлінше кең, талғамы биік, жан дүниесі пәктік-тазалықтан жаратылған бұл бір эстет жанмен таныстығым былай басталды: Атырауға қоныс аударғанымызға бес жылдай болды. Бұл – 2005 жылдың жазы, немереміз Әйгерім сәби кезінен сурет салады. Біз оның осы қабілетіне қызығып, Атыраудағы Ш.Сариев атындағы өнер музейінде балауса-балдырғандарды сурет өнеріне баулитын студияға әкеліп, жетекші-ұстазымен таныстық. Дәріс беретін мұғалімі – Қамбарбек Аманов. Бұрын сырттай еститін едім. Осында келгелі бері екі-үш рет бір жиындарда сыпайы ғана жүздескенбіз. Әйгерімнің арқасында бірте-бірте танысып, білістік. Кісілік келбеті келіскен, ішкі мәдениеті, ізеті тұла бойына бек жарасқан, жылы жүзді биязы жан. Әйгерімді сабағынан алып қайтуға келгенде біраз әңгімелесеміз. Осындай сәттің өзі ұлағатты ұстаздан дәріс тыңдап отырғандай әсер етеді. Сөйлесе білімпаз жан сөйлесін. Жалпы өнер әдебиетіне, тарихқа зердесі мол екен. ­Соноу Леонардо да Винчи, ­Микеланджело, Суриков, Репин, Брюллов, Шишкин сияқты суретшілері жайлы әңгіме айта қалса, өзіңді еріксіз тыңдатқызады. Сол бір аз ғана уақыттың өзінде олар жазған картиналар хикаясы мастер-класс сабағындай қызықтырады. Осылайша, іштей жақындасуымыз немереміз Әйгерім үшін де бір сүйінішті сезім болды, бізге. Қамбарбек өте иманжүзді балажан адам екен. Балаларды осы қасиетімен баурады. Сол бір күндерде мектеп оқушылары, әлбетте оның ішінде сурет салатын қабілетті балалар үшін наркомания дертіне байланысты бір конкурс жарияланды. Ол конкурсқа қала бойынша көп бала қатысты. Соның ішінде Әйгерім де бар. Осы конкурста Әйгерім шприцтің ішінде шашы жалбырап жылап отырған қыздың аянышты келбетін бейнелеп, бас жүлдеге ие болды. Тағы бір осындай конкурста да жүлделі орынды иеленді. Айналып келгенде, Әйгерім сурет өнеріне біржола берілді. Кейін өзі оқып жүрген техникалық гимназияны бітірген соң Астанада Еуразия университетінің «Дизайн – живопись» факультетіне оқуға түсті. Жақсы оқыды. Бүгінде кәсіби суретші. Осы қуанышты оқиға үшін Қамбарбектің парасатты жүрегіне, ұстаздық мейіріміне сүйсінеміз де жүреміз. Халықта: «Ұстазым үшін ұстара жұтам» дейтін даналық сөз, шапағаты мол ұстаз Қамбарбектей ізгі жүректі жандарға айтылса керек.

Осы бір шығармашылық қарым-қатынас кезінде Қамбарбектің суретшілік болмысын танып білген сайын қазақ халқының сурет өнерінде қандай ірі, аса көрнекті тұлғалар болса, сол кори­фей­лердің өнерін білімділікпен, білік­тілік­пен жалғастырып, оны жаңа ұғым, жаңа түсінік, жаңа көр­кемдік мәнері­мен байытып, ұлттық өзгешелікті көздің қара­шығындай сақтап, дәстүр сабақ­тас­тығын қалыптастыруға үлес қосып келе жатқан нағыз халық суретшісі деуге болады.

Ақбөбек

 

Мына бір оқиғаны да айта кетсем болатын шығар: келе-келе Қамбарбек менің сурет салатын қабілетімді байқап, оған әбден көзін жеткізіп, кәсіби білім алуыма тілектестігін білдірді. Мен сияқты жасы ұлғайған адамға бұл пікірі ақылға сия ма деп ойланған сәттерім де болды. Ақыры Қамбарбектің ойына қалай көніп қалғанымды білмедім. Сөйтіп, Атырауда Халел Досмұхамедов атындағы университеттің «Дизайн – живопись» факультетіне оқуға түстім. Қамбарбектің класында оқыдым. Бұл менің өмірімдегі бір қызықты кезең болды. Жетпіс сегіз жасымда университетті бітіріп шықтым. Қамбарбек жетекшілік еткен дипломдық жұмысым «Триптих» қызыл дипломмен бағаланды. Біздің адами қарым-қатынасымыз, рухани жақындығымыз, ой-өрісіміздің, дүниеге көзқарасымыздың бірлігі тереңдей түсті. Ортақ ойларымыз өз-өзінен үйлесіп жатты. Менің зерттеушілік жұмысымның әсері көп жағдайға дәнекер болды. Қамбарбек тарихи әңгімелерге ерекше қызығады. Мысалы, өзім ұзақ жыл зерттеп жүрген есімдері, өмірлері, тағдырлары аңызға айналған өнер иелері Қамбарбек үшін өзі жасайтын көркем галереяның сала-сала бөлімдері сияқты көрінді ме, мен де мұндай ой қозғайтын хикаяларды ықыласпен шертетін әдетке түсіп алдым. Бұл әңгімелерге жан-тәнімен берілген Қамбарбек әнші-композитор Қайып пен сүйген қызы Ақбөбектің баянсыз махаббатына ерекше мән берді. Сөйтіп, арманына жете алмаған қос мұңлықтың портретін жазды, бұл күнде бұл жұмысы Ақтаудың музейінде тұр.

Қамбарбек екеуміздің ой-қиялымыз­дың бірлігі арқасында мен хикая қылып шерткен қазақ музыкасы мен поэзиясының ірі алыптары: қылқобыздың атасы дерлік – Ықылас, оның шәкірті Жаппас, домбыраны Тәттімбетше шерткен Сүгір, бүкіл батыс өңірін ән-жырға бөлеп, ерекше шалқыған Молдабай мен Әкімгерей Қамбарбектің ең сүйікті кейіпкеріне айналды.

Қайып

 

Енді бірде Қамбарбекті Қожа ­Ахмет Ясауи­дың рухани серігі, бүкіл түрік әле­мінің пірі – Қарабура және одан тараған ірі тұлғалардың келбеті толғандырды. Бұл жөнінде тарих тұңғиығында жатқан терең сырларға ыждағатпен үңілді, менің зерттеулерімді басшылыққа алды. Қа­рабу­радан тараған ұрпақтардың ішінде тарихтың әр кезеңінде небір айтулы оқиғаларда екінші Қарабура атанған Дәулет батыр (І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» кітабында бейнеленген), Ноғайлы заманында жалпы түркі әлемінің қаһарман қолбасшылары болған әкелі-балалы Нәрік пен Шора, Әбілхайыр ханның бас қолбасшысы Есет батыр және оның батыр қызы Ботакөз, міне, осы кереметтердің бәрі Қамбарбектің палитрасында әсері ерекше күшті портреттер болып бейнеленді. Бұл еңбектің барлығы, тағы да айтам, Қамбарбек екеуміздің шығармашылық байланысымыздың игілікті жемісі болды. Осы аты аталған тарихи тұлғалар бүгінде бір кезде қазақ хандығының сәулетті ордасы болған ескі Созақта Қарабура әулиенің пантеонында қара габра тасқа қашалып түсірілген бейне боп, оған тарихи деректі сөздер жазылып, мәңгілік ескерткіш боп тұр.

Қамбарбек Аманов осы аталған картиналардан бұрын өмірінің әр кезеңінде әртүрлі тақырыпта қыруар жұмыс жазған ой-қиялы мейілінше кең, ұлттық намыс-жігері қуатты суреткер. Ол жұмыстарға көз жіберсек өте көп, өзгеше бір байтақ галерея. Әр картинаның әрқайсысы жеке-жеке әңгіме боп шертілетін ішкі сыры тұңғиық нағыз реалист суретшінің сұңғыла ойынан, шынайы шеберліктен туған шығармалар екенін әріптес суретшілер жақсы біледі. Сондықтан Қамбарбек өнер әлемінде өте беделді, сыйлы жан. Оның сол тамаша картиналарының ішінде ­Исатай мен Махамбеттің кезекті бір шайқас алдында шамырқана шабыттанып ат үстінде ойнақшып тұрған келбеті сондай тебіреністі сезіммен жазылыпты. Сондай-ақ Махамбеттің жеке портреті де өте әсерлі. Махамбет Қамбарбектің бейнелеуінде өзінен бұрын жазылған Махамбеттерге мүлде ұқсамайды. Махамбеттің қызыл нұр ойнаған жүзінде ерліктің қуатты лебі жан шыдатпайтын бір ыстық леп! Оған көзің тоймай қарай бергің келеді. Иә, мені ерекше толғандыратын бір бейне Құрманғазы портреті. Бұл да қайталанбас мәнермен жазылған тебіреністі ойға тұнған, өмірдің қиян-кескі тауқыметін көп көріп, әділет үшін шегінбей, жеңілмей күрескен өр тұлғаның кәрі қырандай толысқан айбынды портреті. Парасат лебі ескен мейірлі жүзі өзіңді ерекше сезіммен баурайды. Атырауда ана бір жылы мың музыкант қа­тысқан жойқын концерт болғанда сол сал­танаттың иесі Құрманғазының портреті нағыз классикалық шығарма ре­тінде бағаланып, сол мерекелі күндерде көше­лерге ілінгені ұлттық мақтаныш болды. Халық шаттанды. Ол портрет Ресейдің көрші қаласы Астраханда Құрманғазыға арнал­ған концерттер кезінде көшелерге ілін­гені – ол да мерейімізді бір көтеріп тастады.

Қамбарбек жөнінде мұндай тебіреністі сөздерді көп айта беруге болады (осы әңгімені жазу үстінде суретшінің өзіміздің елімізде және көптеген шетелдерде өтетін көрмелерде қойылып жүрген картиналары, алған сыйлықтары, марапаттары ол өзінше шертілетін сыр екендігі мәлім. Ол жұмыстары арнайы зерттеліп, сала-сала боп жазылатын мол мұра), қалай десек те ұлттық өнеріміздің бағына жаратылған сәбидей пәк сезімді, ғұламадай терең ойлы суреткердің бүкіл шығармаларын халқымыздың рухани байлығының інжу-маржаны дерлік баға жетпес алтын қазына. Кезінде Москваның Суриков атындағы көркем-сурет академиясын үздік бітірген Қамбарбек Аманов бүгінде жан-жақты толысқан аса көрнекті суретші ретінде ұлттық мақтанышымызға айналған ірі тұлға. Оның картиналары біздің болмысымызға, ұлттық өнерімізге жат неше түрлі зиянды әсерлерден құтқаратын сұлулық әлемі. Жасы жетпіске кәміл толған, палитрасынан қазақтың ұлы даласы гүлдеп шығатын қайталанбас суреткердің есімі қазақтың сурет өнерінің айтулы корифейлері – К.Молдахметов, С.Романов, Қ.Телжанов, С.Мәмбеев, Ш.Ниязбеков, А.Ақанаев секілді атақты суретшілердің қатарында ұлттық мақтанышқа айналып, бүгінгі және келер ұрпақтармен бірге жасай береді!..

Илья Жақанов,

Қазақстан мен Қырғызстанға еңбек

сіңірген қайраткер,

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, көркем сурет академиясының академигі

1400 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы