• Әдебиет
  • 17 Қараша, 2021

Мен әлемді сүйем әлі сәбидей

Толқын Қабылша, 
ақын, «Шабыт» халықаралық 
фестивалінің лауреаты:

 

 

Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та мәңгі емес,

Атақ та, даңқ та, аярлық барда, алдамшы.

Өткіздім жылдар, өткеріп келем сан белес,

Арқама тимей ар – қамшы.

 

Самалы таңның, саумалы жырдың жұтқаным,

Құлқынның құлын, сатқынның сырын ұқпадым.

Таңсәрідегі Тәңірдей құштым әлемді,

Жақсының туын жықпадым.

 

Отанды сүйдім, опасыз ойдан сақтандым,

Өмірді сүйдім, өртене жаздап, шақ қалдым.

Өзімдей көрдім, өзімдей сендім талайға,

Өне бойымды өлеңдей мынау, ақтардым.

 

Күңкілдеп күлген күншілдің өзін ақтадым,

Күдіктен ада бойтұмар болды таққаным.

Күнгей іздедім, көлеңке достың өзінен,

Кінәсіз дедім, сақтадым.

 

Болмыспен осы бақ пенен сорды құшақтап,

Жалғанға сендім, арманға сендім түсі аппақ.

Адамның бәрі алғаусыз болса дедім мен,

Айналам түгел кеткен сәттерде ұсақтап.

 

Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та баянсыз,

Атақ та, даңқ та, алдайды кейде аяусыз.

Сағынып кешкен жылдардың самаласындай,

Көңілім ғана,

Көңілім менің қаяусыз…

 

***

Сені кейде грек сұлуларына ұқсатам, – деді ол.

Сен кейде сондай жұмбақсың! – деді және біреу.

Ақындар,сендер осы өлеңде өліп-өшіп

ғашық боласыңдар,ия?! – деді әлдекім.

 

Білемін, кейде, болмысым көпке кереғар,

Тағдырым анық,

түсіне алмайды мені олар.

Афродитадай Гефестті сүйген от болып,

Кеудемде ыстық жебе бар.

 

Афинадағы аңыздай жұмбақ есімі,

Ақынның жаны –

Тағдырдың қилы шешімі.

Гомерлер сүйген «Иллиада» сынды дастаны,

Ғұмырым менің – От пенен Судың кесімі!

 

Зевс те ұқпас, Ахиллес мәңгі құша алмас,

Мендегі сезім –

Тәңірдей тылсым, күш, алмаз.

Жер менен Көктің арасын кезген құдірет,

Тәнті еткен мені күш алғаш.

Қос қанатымен әлемді құшқан талайлар,

Дәл мендей биік ұша алмас!

 

Сұлу да деме,

Мифтегі мүсін – кейіпкер,

Ұғынғың келсе, жанымды бір сәт сүйіп көр!

Нәркестеу мынау жанардың төзсең отына,

Асқақтау мендік болмысты мына иіп көр!

 

***

Мендегі мұңның ұғына алмайсың киесін,

Дейсің бе, маған,

Өртеніп неге сүйесің?!

Алапат жанын алқаракөкке ұсынған,

Мендегі тылсым күй осы.

Адалдығымның, ғазал жырымның жердегі,

Бір өлең жалғыз иесі!

 

***

Жан ләззат алған,

Әр мезет ғұмыр,

Әр сәтім, бақыт, білесің.

Сәттерге тұнған тағдырымда жүр,

Сезімнен алар үлесім.

Өлең боп кешкен күндерді сүйдім,

Өлең боп сүрген жылдарды,

Өзгенің бәрі «тіршілік» дейтін,

Өзіңе таныс «күресін».

 

Минуттарында мәңгілік тұнған,

Махаббат қана мазмұнды.

Сағынып кешкен жылдарым маған,

Сый етсін, мейлі аз күнді.

Сүйініп тұрып, сүйе алмай кеткен,

сағаттарым да сәулелі,

Саусағым құшқан қаламым ғана,

Сезеді мендік әурені.

 

«Уақыт сыншы» деп,

«Уақыт емші» деп,

Жұбанатындар көп, білемін,

Жылап тұрса да,

Жұбаныш күтпей,

Жыр жазар жалғыз жүрегім.

Жаныммен сүйген жалқы мезетте,

Жаутаңдап қалған сезімдей,

Жан-тәнімдегі іңкәрлік қана,

Кешетін мұңды көз ілмей.

Жан ләззат алған,

Мезетте мендік «өмір» бар, оны, білесің.

Білесің бәрін,

Білмеген болып, бейдауа ғұмыр сүресің.

Бақыт та, сор да,

Базына айтқызбас,

болмыстың сендік бағамы,

Біз құша алмайтын шаттық та, мұң да,

Дәл өзің сынды бағалы.

 

***

Жер мен Көктей таныдым ба алыпты?

Кеудемдегі сүйемін бе жарықты?

Ізгілікте бар ма менің үлесім?

Кім жеңеді кереғарлық күресін?

Күллі әлем алақандай ап-анық,

Күллі жанар бір нүктеге қадалып,

Күрсінеді ғалам іштен тынғандай,

Күнтізбеден күліп шығар күн қандай?

Көзді арбаған бақ па, сор ма, маңызды?

Жаратқаным тіл қататын тәрізді.

Жер бетіне жетпей бәлкім, мейірім?

Сынап жатыр адамзаттың пейілін.

Күбірлейді жахан үні құлақта,

Күмілжіген жан менен тән сынақта.

Күллі әлемді қауызына сыйдырып,

Батқан күнді базынасыз сый қылып,

Бір тамшыдан мына мені жаратқан,

Құдіретпен сәтім көп пе санасқан?

Аспан үнсіз тағылымын төккенде,

Шұғыласы маңдайымнан өпкенде,

Өтедім бе жер ананың қарызын?

Өтедім бе адамзаттың парызын?

Қарашыққа үміт жасын тұндырып,

Көлбеңдейді ғұмыр дейтін құндылық.

– Жер ананың сақтай гөр, – деп бесігін,

Тәңірімнен сұрап тұрмын кешірім…

 

***

– Есіңде ме?

Ол мезгіл ақпан еді,

Қыламық боп қар түсіп жатқан еді.

Аппақ қардай жанымды аршып алып,

Сен мені қиянаттан сақтап едің.

Жаратқанға қол жайып, сауға сұрап,

Мен сені тағдырымнан тапқан едім.

 

– Есімде әлі…

Ол мезгіл көктем еді,

Бір іңкәрлік беймезгіл көктеп еді.

Бір нәзіктік сүйген сәт көктемені,

Қайтқан құстың сазындай сағынышпен,

Құдірет боп жанымды өбкен едің.

 

– Құстар, құстар,

мегзейді көкте нені?

Беймәлім ғой біздерге көк дерегі.

Адалдыққа ұласты көксегенім,

Сонау зеңгір куә боп қимастыққа,

– «Аманат» деп көз жасын төккен еді.

 

– Ал қазір ше,

Ұқтырам көпке нені?

Мезгіл өтті. Бір үміт көктемеді.

Аңсарымды ай құшқан ғұмырымда,

Ақ жауынға несіне өкпеледім?!

Аманатқа қиянат ете алмайтын,

Адалдық қой.

Ол үшін сөкпе мені!

 

***

Аспаныма жазып кеткен кесімін,

Адалдық па, сенің аппақ есімің?

Мендік болмыс, өзгермейді ол, нәзіктік,

Мендік болмыс, құбылмайды ол, кешірім.

 

Байқадың ба, арманымның қанатын?

Қанатыма кедергі емес қара түн.

Түн көгінде жарық көрсең, ол менмін,

Сағыныштан шамшырақ боп жанатын.

 

Сезесің бе, тазалықты мендегі?

Саф сезімді?

Сақтап тұрған кеудені?

Бір еркелік елжіресе көзімнен,

Сені аңсаған ғажайып қой жердегі.

 

Сенің барың, сүйеніштей жаныма,

Сенің барың, сүйеніштей арыма.

Қажет емес, сүйінгенің, сүйгенің,

Қона алмайтын құстай алақаныма.

 

Адалдық қой, сенің аппақ есімің!

Адалдықты сүйіп өтсем, несі мін?!

Менің атым, сол баяғы Сағыныш,

Менің атым, сол баяғы Кешірім.

 

***

Қуанғым келіп,

Гүл десте тағып шашыма,

Сәттерім қанша,

Сүйінген, сенген, жасыған?

Сәттерім қанша тасыған?

Өзімді қойшы, алдай алмайтын өмірді,

Көп ішіндегі жалғыздығымнан шошынам,

Ғұмыр дегенің осы ма?

 

Жалықтым бәлкім,

Жасандылықтың тезінен,

Уақыттан, мұңнан,

Шаттықтың тіпті өзінен.

Жабығып жүрмін,

Жалқы бір күймен алысып,

Сағынышымнан қалайша,

қайтіп безінем?!

 

Нәзіктігімді білдім бе?

Тәңірді көрдім,

көзінен кейде гүлдің де.

Кездерім қанша,

Жазықты болып үлгірген?!

Кездерім қанша?

Қарашығымнан күн күлген,

Күйтабақтағы қоңыр әуенге қосылып,

Қимастық дейтін құдірет болса,

көндім мен,

Жазмышқа осы сендім мен.

 

***

Менің мұңлы көз жасымдай,

Ар алдында ағыл-тегіл ақталған,

Сыйланбаған гүлдер қалды,

Кезікпеген түндер қалды,

Біз кешпеген көктем қашты бақтардан.

Қайтсем екен сағынышты?

Саф алтындай жан-тәнімде сақталған.

 

Қоштаспаған перрон қалды,

Ұшақ алып ұшты бәлкім,

Үмітімді тым алыс.

Сені сүю қасірет пе?

Мені сонша ғашық еткен,

Сені көрген мезет пе әлде, қуаныш?

 

Сен құшпаған сәттер қалды,

Кеудемде сол әттең қалды,

Жүрек бүгін өкінішін ақтарды.

Мен әлдилеп отырармын,

Сен жек көрген адалдықты,

Саған енді жолданбайтын хаттарды.

 

Қанатымдай ұша алмаған,

Өн бойымда тұсауланған,

Құштарлығым бір күн мәңгі сөнгенде.

Қимастықтың бұлты ғаріп,

Көк аспаннан нөсер болып төнгенде,

Сен селт етпей күн кешерсің,

Сені сүйген өлең қалар шерменде.

 

***

Кездер қайда?

Ғарышқа ұшып, самғаған?

Зау биікте қанатымыз талмаған.

Кездер қайда,

күлкімізді күн құшып,

Құмарына түннің өзі қанбаған?!

Кездер қайда, аспан асты, жер үсті,

Екеумізге бақыт жырын арнаған?

 

Жыр төгіліп, саз құйылып тілімнен,

Кездер қайда?

Сүйген, сенген, сүйінген.

Кездер қайда?

Көздеріңе елжіреп,

Ғазиз басым, алдыңа кеп иілген.

 

Күннен, айдан, алапат мұң, ғасырдан,

Жанарыңа жан сырымды жасырған.

Адалдыққа ынтызар боп сендегі,

Алып-ұшып, мойныңа кеп асылған.

Кездер қайда?

Ең аяулы сезіммен,

Жазмышың боп мен табылған қасыңнан.

Сен қайдасың, Ардағым?!

 

***

Ғажайыпқа бар жаныммен сенемін,

Сеніп өтем,

Сұрамаңдар себебін.

Ешбір адам өлшей алмас мен сүйген,

Кеудемдегі сағыныштың көлемін.

Жанарыма жарты әлемді сыйдырған,

Құдіреттей менің болмыс-өлеңім.

 

Сынамаңдар «неге осынша ғашық?» деп,

Сынамаңдар, жылап қалсам, «жасық» деп,

Сұрамаңдар өзге ешкімнен мен жайлы,

Алып-ұшқан сәттерімді тасып көп.

 

Өзге түгіл,

Өзім де ұқпас хәлім бұл,

Өзегімде өшпейтін бір жалын жүр,

Өліп-өшіп мен сүйетін ғұмырдың,

Өн бойында бүлкілдейтін тамыр-жыр.

 

Мені осынша аяулы етті нәзіктік,

Минуттан да мәңгі сұлу саз ұқтым.

Мен осынша кінәсізбін Тәңірдей,

Мен осынша болам кейде жазықты.

 

Сезімімдей өлшенбейтін көлемі,

Ғажайыпқа сеніп өтем, сенемін.

Мен әлемді сүйем әлі сәбидей,

Сүйіп өтем,

сұрамаңдар себебін!

 

1918 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы