• Тұлға
  • 17 Қараша, 2021

КӨҢІЛДІҢ КІРІН АҚ ҚАҒАЗҒА ЖҰҚТЫРМАҒАН

Қарагөз СІМӘДІЛ 
«Ana tili»

12 қарашада Атырау қаласындағы «Салтанат сарайында» көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат орденінің иегері, Х.Досмұхамедов университетінің Құрметті профессоры Рахымжан Отарбаевқа арналған ­«Рахымжан Отарбаев шығармашылығы: дәстүр мен жаңашылдық» атты  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Атырау облысының әкімдігі, «Рахымжан О­тарбаев руханият қоры» және Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің ұйымдастыруымен жиынды әдебиет сыншысы Серік Елікбай мен қаламгердің қызы Қаракөз Отарбаева (орысша, ағылшынша) жүргізді.

Жазушының 65 жылдығына орай ұйымдас­тырылған онлайн, офлайн форматта өткен айтулы шараға жазушы шығармашылығын зерттеушілер, ға­лымдар, аудармашы, баспагерлер, қалам­гердің әріптестері мен шәкірттері, алыс-жақын шетелден, еліміздің әр қиырынан келген рахымжантанушылар қатысты.

Жиында Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің тілегін жеткізді.

 – Ұлы даланың тылсым тарихы да, ақиқаттың ащы дәмі де, қоғамның бет пердесі – Рахымжан ­Отарбаев шығармаларының басты тақырыбы. ­Рахымжан Отарбаев қазақ әдебиетінде тұтас тұлғалар галереясын жасады. Қарапайым ауыл қазағынан бастап ­Махамбеттей ірі тұлғаның образына дейін сомдады. Бірегей қаламгердің нағыз кемел шағында дүниеден озғаны өкінішті-ақ. Алайда Рахымжан Отарбаев жасаған мәдени мұраның халқымен бірге өмір сүріп, мазмұн-мағынасын жоғалтпайтыны – көңілге медеу.

Шараға қатынасып отырған барша оқырман, ағамыздың отбасы, алыс-жақыннан келген қаламгер достары үшін бүгінгі күн айрықша тарихи дата болып саналатынына сенеміз.

Рахымжан Қасымғалиұлы тек сөз зергері емес, үлкен мемлекетшіл тұлға болды. Замананың, дәуірдің тынысын тап басып таныды. Ел тәуелсіздігін алған уақыт ішінде ұлтымыздың жоғалғанын түгендеуге, асылдарымызды тануға, руханияттың өркендеуіне бар жігерімен еңбек етті. Ұлы данышпан Абай атамыз «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйенерге жарар ол» деп бекер айтпаса керек.

Туған елінің бағына жаралған ­Рахымжан Қасымғалиұлындай таланттың жұлдызы жарқырай бермек. Сөз танитын, көкірегі сәулелі ұрпақ үшін, асылын ардақтаған ел үшін мәңгі жасайды. Өзіне өлмейтін ескерткіш жасап кеткен ағамыздың рухы сәулелі болсын! Артында қалған отбасын, ұлы Ермерейін, туған халқын желеп-жебеп жата берсін деген тілек білдіремін, – деді облыс әкімі.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысының сәтті өтуіне тілектестік білдірген Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор, педагогика ғылымының кандидаты, профессор ­Саламат Нұрмұханұлы Идрисов жақын арада университетте Рахымжан ­Отарбаев аудиториясы ашылатынын айтып, сүйіншіледі.

Германиялық баспагер­-журналист ­Марио Пшеро, мәскеулік мәдениеттанушы, сыншы ­Марина ­Дударева, азербайжандық Ибрагим Мұсаоғлы, қырғызстандық ­Болатбек Таштаналиев, отандық ғалымдар, әдебиетшілер С.Рахмет, А.Кеңшілікұлы, Р.Әлмұқанова, А.Найманбай, Б.Базарбай, Ә.Байбол, А.Мырзахмет т.б. жиын барысынша Р.Отарбаевтың шығармаларының ерекшелігін талдады.

Белгілі жазушы, драматург, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері ­Рахымжан Отарбаевтың 65 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды іс-шарада қаламгердің әзербайжан тіліндегі «Бас» романының аударма кітабы мен шығармашылығына арналған сайттың тұсауы кесілді.

Пленарлық мәжілісте бас қосқан әдебиет сыншылары Рахымжан Отарбаев­тың шығармаларындағы ерекшелік­тер туралы тарқата айтты. Мәселен, Түркия елінен байланысқан публицист, әдебиет сыншысы Аманкелді Кеңшілік Отарбаевтың қайталанбас туынды­ларындағы шеберлік пен шындықты талдап берді. Филология ғылымының докторы Риза Әлмұқанова Отарбаев шығармаларындағы көркемдікті баяндады. Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романын қырғыз тіліне аударған, Қырғыз елінің әдебиетшісі Болотбек Таштаналиев қазақ қаламгерінің шығармаларына деген қырғыз оқырмандарының қызығушылығы туралы әңгімеледі. «Бас» романын моңғол тіліне аударған елімізге белгілі ақын, философ Сұраған Рахмет Отарбаев шығармалары әлі де зерттеуді, зерделеуді қажет ететінін айтты.

– Бұл халықаралық конференция рахымжантанудың әліппесі дер едім. Бұл жиында Отарбаев шығармалары, әсіресе «Шыңғыс ханның көз жасы» көп айтылды. Рахаңның шығармаларын талдап, таразылау ісі ешқашан тоқтамайды деп есептеймін. Қаламгердің көркемдік дүниесіне шетел жазушылары да қызығып отыр. Оның Халықаралық деңгейде әлі де зерттелетініне кәміл сенемін, – дейді Сұраған Рахмет.

Бұдан бөлек, конференция барысында rahimzhanotarbayev.kz сайтының таныс­тырылымы өтті. rahimzhanotarbayev.kz сайты жазушы-драматург, академик, профессор Рахымжан Отарбаевтың прозалық шығармаларын, драмалық ­туындыларын, күнделіктері мен эсселерін, баспа бетіне шыққан мақалалары мен сұхбаттарын, әдеби журналдарда жарық көрген рецензияларын, фотосуреттер мен ­видеоларды, әдеби ортаның пікірлерін, сыни мақалаларды, байқауға түскен мате­риалдарды, хабарландыруларды т.б. ­санды ақпараттарды жүйелеуді, бір арнаға тоғыстыруды, ғаламтор оқырмандарына ұсынуды көздейді. Сондай-ақ жиын қонақтары Отарбаев шығармаларының кітап көрмесін тамашалады.

Конференция барысында «Рахымжан Отарбаев драматургиясы: зерттеу мен зерделеу» конкурсының қос жеңімпазы анықталды. Олар: жас жазушы Жантас Еркін және жазушы, сыншы Әлібек Байбол. Оған қоса «Рахымжан Отарбаев Руханият қоры» жеке қоры жұмысының жылдық қорытындысы ­бойын­ша белгіленген «Рахымжан ­Отарбаев атындағы арнайы сыйлық» қаламгер, аудармашы Дүйсенәлі Әлімақынға ­тапсырылды.

Конференция нүктесін «Р­ахымжан Отарбаев руханият қоры» жеке қорының басшысы Сәуле Отарбаева қойды. Қаламгердің екінші өмірі енді басталғанын, шығармаларын насихаттау және жастарды қолдау бағытында талай істі атқаруға әзір екенін айтты.

«Көңілінің кірі бар адамға ақ қағаз беруге болмайды. Көңілінің кірі жұғады. Оны өзгеге жұқтырады. Кірленген көңілді тазарту қиын» деген Рахымжан Отарбаев аманаты көптің есінде. Халықаралық конференциядан соң жиынға қатысушылар қаламгердің басына барып, дұға жасап, одан әрі тарихы тереңге кеткен Сарайшық қаласының жұртына барып, музей аралап, Атыраудың кең де дарқан тарихына тағы бір қанығып қайтты. Ал сол күні Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрында Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздығы» қойылды. Режиссері – Мұқанғали Томанов. Бұл «Жалғыздық» та талай көңілдің кірін тазартып, жүрек көзін ашқанына сенімдіміз.

 

1389 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы