• Cұхбаттар
  • 17 Қараша, 2021

Нұркен АСАНОВ, «Сенімен болашақ» РҚБ негізін қалаушы: АЛА-ҚҰЛА ҚОҒАМДА АТА-АНАНЫҢ ЖАНЫ БІР...

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы шеңберінде «Қайдан келдік, қайда барамыз?» деп өз-өзімізге сұрақ қоятын сәт те туды деп ойлаймыз. Бұл тұрғыдан алғанда тәуелсіздігімізді ары қарай баянды етер болашақ ұрпақ десек, олардың білімі мен тәрбиесі туралы әңгімеге кезігеріміз хақ. Бала үшін бас ұстаз – ата-ана екенін ескерсек, мектептегі тәрбиеде «ата-ана – мектеп – оқушы» үштігі тығыз байланыста жұмыс істесе, жетістіктерге жетеріміз сөзсіз. Ілкімді істері көпшіліктің көңілінен шығып жүрген «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы, қоғам қайраткері Нұркен ­Асанов ұрпақ сабақтастығы, тәрбиесі туралы шағын сұхбатымызда былай дейді...

– Нұркен мырза, жақында ғана құрылған «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі нені мақсат етеді?

– Ұрпақ тәрбиелеу – ұлы міндет. Ұлы міндет қашаннан да ұлы күреспен ғана іске асырылады. Болашақтың жастарын тәрбиелеуде білімге деген талап пен талғамның ерекше болуы шарт. Бірлестіктің аты да айтып тұрғандай, «Сенімен болашақ», болашағымыз – бүгінгі жастарымызбен бірге. Бала бақытының кепілі – ата-ананың өнегелі тәрбиесі. Болашағымыз жарқын болуы үшін ата-аналар бірігіп, бірлестік құрдық. 

Әр ата-ана ұл-қызы кіммен араласады, не істеп жүр, не нәрсеге қызығады, ортасы, дос-жараны қандай екенін білгісі келеді. Өзім де қызымның мектептегі өмірін жақын білген соң біраз жайтты түсініп, біраз жайттың куәгері болдым. Сондағы түйген ойым, ата-ана балаға қанша жақын жүрсе, баланың сабаққа, өмірге деген құлшынысы да өте жоғары болады екен. «Әкеден – өсиет, анадан – қасиет» деген жақсы сөз бар ғой. Ата-ана баланың бойына өсиеті мен қасиетін дарыту үшін өзі де сол жолдан жүріп өтуі керек. Мектептегі мұғалім қанша жерден баланың біліміне, болмысына әсер еткенімен, оның ең бірінші ұстазы – ата-анасы. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» бала үшін әке-шешенің әрбір іс-әрекеті маңызды. Қазіргі уақытта ақпарат өте көп, оның бәрін қабылдай беру дұрыс емес, тіпті қауіпті болуы да мүмкін. Сондықтан біз ата-анаға керек деген ақпараттарды зерттеп-зерделеп, сараптап ұсынуды мақсат етіп отырмыз.

Қазақ «балаңды тәрбиелеп әуре болма, бәрібір өзіңе ұқсайды, алдымен өзіңді тәрбиеле» деп бекер айтпаған. Себебі адам ­идеал емес, әр адамның өзіндік кем-кетігі болады. Екіншіден, қазіргі қоғамда тек өз балаңды ғана тәрбиелеу жеткіліксіз. Сенің балаң қоғамның бір мүшесі. Мәселен, сыныпта 30 бала, мектепте 300 бала болса, олардың тәлім-тәрбиесі сіздің балаңызға әсер етпей қоймайды. Бала тәрбиесі туралы көп кітап оқып, небір әдіс-тәсілдерді меңгеріп, сол арқылы баламды тұлға етіп тәрбиелеймін деу қате пікір. Ең алдымен үйден, ауладан, мектептен бастап балаға жайлы орта қалыптастырған дұрыс. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, ақпараты сан-алуан, ала-құла қоғамда ата-ананың жаны бір. Сол себепті балаға жайлы орта қалыптастыру мақсатында бірлестік құрып, платформа ретінде Республика деңгейінде жұмыс істейік деп ойладық. Негізі ата-ана, бала, ұстаз – үшеуі біртұтас болмайынша бала тұлға ретінде қалыптаспайды. Ұстаздың да қоғамдағы беделі жоғары болмайды. Басты мақсат – саналы ұрпаққа саналы түрде ата-ананың өсиеті мен қасиетін сіңіру.

– «Баламның тамағын тойдырып, киімін бүтіндесем, соның өзі де жетеді» деп ойлайтын ата-аналар бар. Сіз бұл ойға қосыласыз ба?

– Негізі баланы киіндіріп, тамағын дайындап, «аутсорсингке» беріп қою әрбір ата-ана үшін өте қиын жағдай. Бұл жерде «аутсорсинг» деп балабақша мен мектептегі ұстаздарды айтып отырмыз. Өкінішке қарай, бүкіл жауапкершілікті ата-аналар мектептегі мұғалімге артып қояды. Жаһанның әр ақпараты бала бойына жылдам сіңіп, оның миын ашытып жатқан заманда әр ата-ана бала тәрбиесіне араласпаса, оны ортасы тәрбиелеп кетеді. Баланың ата-анасымен қарым-қатынасы тығыз, шынайы болса, ондай балаға қоғам әсер ете алмайды. Біздің мақсат – әрбір ата-ананы жақсы орта тәрбиелеуге жұмылдыру. Әрбір ата-ана қоғамды жақсартуға үлес қосқан кезде ғана тәрбиелі, жайлы орта қалыптасады.

– Баланың тұлға болып қалыптасуына тікелей ата-ана тәрбиесі әсер етеді дейсіз ғой...

– Иә, баланың тұлға болып қалыптасуының 80%-ы ата-анаға байланысты. Себебі бала балабақшаға барғанша, мектепті бітіргенше ата-ананың жанында болады. Баланың дарынын анықтап, оның біліміне инвестиция салу – баласы болашақта табысты болғанын қалайтын ата-ананың негізгі міндеті деп жатамыз ғой. Бұғанасы қатпаған балаға жақсы мен жаманды айрып беру де ата-ананың міндеті. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді ең алдымен бала әке-шешеден үйренеді.

– «Сенімен болашақ» РҚБ осыған дейін қандай іс-шаралар өткізді?

– «Сенімен болашақ» – республикалық қоғамдық бірлестігі қоғамға, елімізге жайлы орта қалыптастыруға үлес қосу мақсатында құрылған мекеме. Нақтырақ айтқанда, әр ата-анаға баласының Отанын сүйетін кемел және бәсекеге қабілетті тұлға болып жетілуі үшін жан-жақты қолдау көрсету. Бұл мінез ең алдымен отбасында қалыптасатын болғандықтан, еліміздің ата-ана болған әр азаматын осы ниетке жұмылдыру жолында керекті шараларды ұйымдастыруды көздеп отырмыз.

Жұмыс төрт бағытта іске асырылады:

– Ата-анамен тығыз қарым-қатынас орнату үшін мектепке тиімді шешімдер;

– Балаларды даму ерекшелігі мен жас айырма­шы­лығына қарай топтарға бөліп, арнайы дайын­далған дәрістер өту арқылы ата-аналарының психо­логиялық-педогогикалық біліктілігін арттыру;

– Арнайы этикалық кодекс арқылы қоғамдағы отбасы мамандары, педагогтер мен психологтардың басын біріктіріп, осы қызметке мұқтаж ата-аналарға қолдау көрсету;

– Отбасында бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлу керек екеніне назар аудару мақсатында облыс, аймақ, республика және халықаралық деңгейде ата-аналар форумдары, семинарлар және басқа да түрлі іс-шаралар өткізу.

Еліміздің әр өңірінің ерекшелігін ескеріп, ата-аналарға ұсынылатын ағарту­шы­лық жұмыс­тардың атқарылу барысын бағалайтын жүйе арқылы үлгілі ата-аналарды анықтап, басқа ата-аналардың солардан үйренуіне ықпал етумен айналысу.

«Сенімен болашақ» бірлестігі құрылға­нына ұзақ уақыт болмаса да көптеген іс-шара атқарды. Мысалы, «Толағай» атты әкелер апталығын мектепте өткіздік. Іс-шара бала өмірінде әкенің рөлі жоғары екенін көрсету мақсатында ұйымдастырылды. «Үлкеннің батасын алсаң жаман болмайсың» деген сөзді негізге алып, балалар қариялардың батасын алсын деген мақсатта қарттар күнінде балаларды қарттар үйіне апарып, бірлестіктің атынан сый-сияпат жасап, жылы лебізімізді білдірдік. Онлайн түрде педагогикалық және психологиялық тренингтер өткізіп жатырмыз. Осы істі бастағалы мұндай шаралардың қоғамға керек екеніне толық көзім жетті. Сол себепті әлі де түрлі шаралар өткізуді жалғастырамыз.

– Осы уақытқа дейін бірлестік өткізіп жатқан іс-шараларға өте көп адам қатысқанын көрдік. Бұл ата-аналардың осындай іс-шараларға қатты қызығатынын көрсете ме?

– Бірлестік ұйымдастырған әрбір іс-шараға кемінде 700-800 адам қатысады. Осы жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы Триатлон саябағында офлайн марафон өткіздік. Сол кезде бала мен ата-ана арасындағы махаббатқа куә болдым, марафон ата-ана баласы үшін бәріне дайын екенін көрсетті. Орын алу үшін барынша ынталанды, екеуі жарысқа бірге қатысып, бір-біріне тіреу бола білді.

Баланың қасынан анасы немесе әкесі ұдайы табылса, баланың өзіне деген сенімі арта түседі. Ата-ана мен бала біріккен кезде ұстаздың қоғамдағы орны сезіледі. Ұстаздың мәртебесін көтеруде саналы ата-ананың рөлі зор. Баланың сабақты жақсы оқуы үшін мұғалім мен ата-ана жиі кездесіп, жиі бас қосуы керек. Осы үшеуі бірікпейінше, қоғамда баланың тұлғалық орны қалыптаспайды.

– Жақында Шымкент қаласында өткен «Ата-ана – ұлттың ұясы» форумы діттеген мақ­сатына жете алды ма?

– Форумға бағаны мен емес, қатысушылар бергені дұрыс. Дегенмен мұндай форумдардың керек екенін қатысушылардың ықылас-ниетінен байқадым десем артық айтқандық болмас. Мысалы, форумға Өскемен, Атырау, Ақтаудан да ата-аналар келді, өз ісінің шебері, мықты психологтар мен педогогтер болды. Олар баламен қалай тілдесу керек екенін, қарым-қатынас психологиясын жан-жақты түсіндірді. Сондықтан да мұндай шара әлі де жалғасады деп сеніммен айта аламын. Қазақстанның 3-4 өлкесіне барып өткіземіз деген жоспар бар. Мысалы, Шымкенттегі форум барысында Қазақстанда 3 млн оқушы бар деген мағлұмат айтылды. Бұл мағлұматты ескерсек, біздің жасап жатқан дүниеміз 3 миллионның ­пайызын да қамти алған жоқ. Алда әлі де көп ­шаруа бар. Сол себепті де осы қоғамдық бірлестікке, платформаға қол ұшын берем, а­тсалысамын дейтін ата-аналар болса мархабат!

– Осы бірлестік құрылмай тұрып та, сіз өзіңіз бірқатар іс-шараның басы-қасында жүрдіңіз. Ол шаралар не мақсатпен жасалды?

– Жастарды салауатты өмірге бейімдеу мақсатында түрлі істер атқарылды. Оның бәрін жіпке тізіп, айта беруден аулақпын. Айта кететін дүние, спорттық, қайырымдылық дүние болсын, көпбалалы ата-аналарға қол ұшын созып тұрамын. Мысалы, Арыстағы жарылыс кезінде адамдар шамасы келгенше халыққа көмек берді. Сол кезде менің басты мақсатым – арыстық 10 баланы өз қаражатыммен оқуға түсіру болды. Кейін өзім білікті мамандардан комиссия құрып, көпбалалы, жағдайы төмен отбасылардан білімге ықыласы бар балаларды таңдап алып, Елордадағы Халықаралық университетке түсірдім. Бірақ «оң қолың бергенін, сол қолың көрмесін» дейді ғой. Ол балалармен 1-курста таныстым, содан бері оларды көрген жоқпын. Тек алыстан бақылап отырамын. Сол балалар оқып, осы қоғамға өз үлесін қосса, мен өзімді бақытты жан сезінер едім.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен

Нұрлайым БАТЫР

5878 рет

көрсетілді

301

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы