• Әдебиет
  • 17 Қараша, 2021

ҚАТИРАНЫҢ ЖЫР ӘЛЕМІ

Ауырлықтың салмағын Нар көтерер,

Нар кеуделі азамат жан көтерер.

Қыз да болсаң ерге тән қасиет тап,

Құйын – тағдыр жасықты шаңға көмер...

Жан дүниеңді толғандырып, толқытып қана қоймай, жігерлендіретін бұл жыр шу­мақ­тарының иесі осал тұлға болмаса керек...

Қазақтың жаны да, тәні де сұлу ақыны Қатира Жәленованың поэзия әлеміне бойлаған сайын оның нәзік жаны қайсар­лықпен, өрлікпен қайралған жырларынан жан дүниең от-жалынға шарпылғандай әсерде боласың.

Ақын жаны мейірбан, рухы төмен пен­деде нұр-шуақ болмайды, ал мейірім сұлулықпен нәрленеді.

Аппақ әлем,

Ағарар пейіліңде...

Пәк табиғат

Әртүрлі бейім үнге

Сақтар еді-ау

Осынау сұлулықты,

Тұнып тұрса

Дүние мейірімге... – деп толғанады.Қатира ақын.

Сыр елінде туған әрбір жанның өзегінде өзгелер түсіне бермейтін боз даланың ерекше сазы қай жерде жүрсең де көкірегіңде күмбірлеп, құмның да, қамыстың да әуенін­дей, жалбыздың жұпарындай жаныңды тебірентеді.

Қатира ақынның да сағынышқа, те­біреніске толы жырындай Сыр елінің әрбір перзентінің көкірегінде осындай күй күмбірлейтіні хақ :

Көмейімнен ағытып

Жыр бұлағын,

Көкірегіме сазды әуен тұндырамын.

Сағыныштың

Жаңбырын сіркіретіп,

Сырдың әнін сызылтшы!

Сырдың әнін!

Қатира ақынның поэзиясы махаббат симфониясындай, күннің нұрымен шағылысып, кешігіп жеткен бақыттан басы айналған арудың монологындай шұғылалы шумақтар ақын жүрегінен ынтызар әуен болып төгіледі:

Жасыл мамық

Торғынын үлбіреткен,

Тұнды келіп

Жанарға нұрлы көктем.

Бақыт деген, жаным-ау,

Мына сен ғой,

Қайтем тілеп тағдырдан өзге бақыт?!

Бақыт деген,

Жаным-ау,

Мына мен ғой,

Сезім болып кеудеңде:

Дір-дір еткен!

Немесе мына мөлдіреген шумақтағы киелілікті қараңызшы:

Өрілсе жырым керім

Сезімнің абат бағымен,

Жебейді пірім менің

Көгілдір қанаттарымен!

Ал «Махаббатым менің» атты ақын жы­рындағы сезім қуаты адаммен табиғаттың керім үйлесіміндей жаныңды жарқыратып, күн нұрындай балқытады:

Кәусар бұлақ, гүлзар бақ,

Балғын көктем,

Ғашық қылып

Есімді алған көптен.

 

Сұлу өлкем мәңгілік жасаратын,

Бәрі соның іңкәрім, махаббатым!

Сауыт болар қорғаным – олар менің,

Жоқ болса олар

Мен де жоқ болар едім! – деп тебірен­ген ақын жыры құштар жүректен ыршып шыққан перзенттік Іңкәрліктің асқақ әуеніндей!

«Аппақ гүлдер» атты өлеңінде Қатира ақын:

Әппақ әлем,

Ағарар пейілің де...

Пәк табиғат

Әртүрлі бейім үнге.

«Сақтар еді-ау

Осынау сұлулықты

Тұнып тұрса дүние мейірімге», – деп өзінің іңкәр сезімге тұнып тұрған жырларымен жұртын сусындатып жүрген қазақтың дарыны биік, жан дүниесі мөлдір, адал да абзал ақыны Қатира Жәленованың мерейтойы! Дарынды перзенттерін ардақтай білетін хал­қымыздың тойы құтты болсын!  Қатираш! Халқымызбен, елімізбен, жақын­дарыңмен бірге амандықпен, абыроймен, жырларыңмен жасай бер!

  Жадыра ДӘРІБАЕВА,

ақын, ҚР Еңбек сіңірген

қайраткері

1563 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы