• Әдебиет
  • 17 Қараша, 2021

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР СҮРГЕН ҒАЛЫМ

Жиырмасыншы ғасыр басында поэзия аспанында жарқ етіп жарық жұлдыздай көрініп, жалт етіп сөнген ­Шолпан Иманбаеваның, қазақтың биік профессионалдық дәрежеге көтерілген поэзиясының ірі тұлғаларының бірі Мәриям Хакімжанованың соңынан ерген шәкірті Тұрсынхан Әбдірахманқызының қазақ поэзиясында, әдебиеттану ғылымында, өзіндік салмақты орны бар екені, бір ғана ақындықты, әншілікті місе тұтпай, ғылымға бой ұрып, қажымай-талмай ғылымның биік шыңына жеткені баршаға аян.
Тұрсынхан Әбдірахманқызы Жарма ауданының Қарабұжыр-Қалба деген таулардың етегіндегі көп алтын кеніштерінің ішіндегі ең көне, ең байырғысы Бөке кенішінде 1921 жылы қарашада дүниеге келген.

Ақынның өмір жолы өте қиын, ауыр өтті деуге болады. Әкесі ертерек қайтыс болады да анасы Кәмила екі баламен қалады. Жеті жасқа жетер-жетпес жасында анадан айырылады. Әкенің қамқорлығынан, ананың аялы алақанынан ерте айырылған ақын, есейіп ақындық жолға түскен кезінде анасына арнап, өлең жазады, бірақ сол кезде баспасөз беттерінде жариялауға мүмкіндік болмайды, себебін ақын былай түсіндіреді: «Оған екі түрлі себеп болды. Бірі – сондай қорлық көріп, нала, назалы болып жүргенімді жұртқа білдірмеуге намыстандым. Екіншісі – менің өлеңдерім баспа жүзін көрген алғашқы кезде саяси-әлеуметтік мәні болмаған. Көңіл күйдің көлеңке жақтары көрінетін өлеңдер мерзімді баспасөзде мүлде жарияланбайтын, жинақтарға жіберіле бермейтін. Осымен байланысты ол өлеңдерді ешқайда ұсынған емеспін».

Ата-анадан ерте айырылса да, жалғыз ағасы Сапарға­лидың арқасында жетімдікті көп сезінбей, өр мінезді, өжет намысшыл болып өсті. Сөйтіп, 1939 жылы Бөке кенішінде орта мектепті жақсы оқып бітіріп, Аягөз қаласына келіп педучилищеге түсіп, белсенді студенттің бірі болып жүріп 1-курсты да бітіреді. 1940 жылы екінші курс басталғанда, соғыс алдындағы қиыншылық салдарынан оқуын аяқтай алмай елге оралады. Дегенмен білімге құштарлық, өмірге ұмтылыс қайтадан Семейге келіп бас­тауыш мектеп мұғалімдерін әзірлейтін екі айлық курсқа түсуіне себеп болады. Курсты бітіріп, Қараауылдағы Абай атындағы орта мектепке әскери жетекші болып барады да, алғашқы еңбек жолын мектептен бастаған ақынның өмір жолы ары қарай жалғаса береді.

1947 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы екі жылдық партия мектебіне түседі. Ақын: «Партия мектебінде оқып жүріп, Қазақ радиосына әнші болып кіргенімде бірінші, табиғат берген дауысым болса, екінші себепкер болған Мақсұтбек Майшекин аға», – деп өзінің ризашылығын білдіреді.

Сол кезде шет елдермен мәдени байланыс жасала бастады. Шет елдерден келген қонақтар: «Біз еуропаландырылған емес, қазақтың өзінің таза ұлттық қалпындағы әндерді тыңдасақ», – деген тілек білдіріпті. Жоғарыдағылардың нұсқауымен үкіметтік үлкен қабылдауда қонақтарға берілген жабық концерттерге де, «Жүсіпбек ағай, Байғали Досымжанов, Күләш апайлармен де бірге концерттерге шығып жүрдім деп, өткен өмірін ризашылықпен есіне алып отырушы еді. Әнші болып жүргенімде, Күләш Байсеитованың, «Жүрексінбе әкем, қобалжыма, бәрі дұрыс болады» деген бір ауыз сөзі толқыған көңілімді орнықтырған еді» деп жазады. Ал журналистік жолды таңдауына, жоғары оқу орнына түсуіне себепкер болған Ләзиза Серғазина. Ақынның бұл кісіге арнаған өлеңінен Ләзизаға деген сыйластықты, құрметті байқауға болады.

«1950 жылдың қаңтар айынан бастап, «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналында алдымен әдеби қызметкер, мамыр айынан бастап, «Мәдениет және тұрмыс» бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқардым. Осы қызметім менің өмірімде үлкен бетбұрыс туғызды. Оған басты себепкер болған да осы кісі – Ләзиза Серғазина апай, «Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» дегендей бұл кісінің жақсылық шарапатын ұмытсам, адам емес болармын», – деп жазады. «1954 жылдың күзінде конкурстан өтіп, өзімнен 10-12 жас кіші балалармен қатар ҚазМУ-дың филология факультетінің журналистика бөлімінің студенті болып партаға отырдым. Өзімнен көп кіші балалармен қатар оқып, қатар дәрежеде ғана үлгеруді намыс көрдім. Сондықтан тырысып, тырмысып жақсы оқып, университетті 1959 жылы қызыл дипломмен бітірдім» деп ойын жалғастырады. «Ғылыммен айналысуыма себепкер болған, менің бойымдағы талабымды жалғастырған ұлы ғұлама Мұхтар Әуезов болса, ол кісі дүниеден өткеннен кейін менің әрі ұстазым, әрі жанашыр туыстай болып кеткен адамым қазақтың Белинскийі атанған ҚазМУ-дың профессоры Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Есмағамбет Самұратұлы Исмаилов еді», – деп, өте бір жылы лебізбен айтып отыратын.

«Диссертациямды 1964 жылдың он үшінші қазанында қорғадым. Ол 1965 жылдың он үшінші наурызында ВАК-та бекіді. Сәуірдің он үші диплом қолыма тиді. Ғылымға кандидат бола жүріп, ән айтуды, өлең, мақала жазуды тоқтатқаным жоқ. Нағыз ғылым шыңына ­жетуге ұмтылып докторлық диссертацияма да кірістім», – деп жазды ол. Өзінің ғылыми тақырыбына екі үлкен алыптың шығармаларын арқау етті. Кандидаттық дис­сертациясы «Ілияс Жансүгіров лирикасы» болса, докторлық диссертациясы «Қасым Аманжоловтың ­поэтикасы және оның бүгінгі қазақ лирикасымен ұласуы» атты тақырыпта болды.

Тұрсынхан Әбдірахманқызы туралы заңғар жазушылар, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, М.Хакімжанова, М.Әуезов жылы жүректі лебіздер білдірген.

Тұрсынхан апай өмірде, жанұяда өте қарапайым, туысқа сүйіспеншілігі, құрметі жоғары еді. Елінен «апа» деп келген жастарға  жол көрсетуге, бағыт-бағдар беруге, ақыл-кеңесін беруден қашқан емес. Мен апай туып-өскен «Бөке» кенішінен, 1969 жылы орта мектепті бітіріп келіп, Қыздар Педагогикалық институтының «тарих және педагогика» факультетін бітіріп 40 жылға жуық ұстаздықпен айналыстым, апайдан көп тәлім-тәрбие алдым. Жолдасым Қазбек, ауыл шаруашылығының ғылым докторы атағын алғанда қатты қуанып мынандай өлең шумағын арнаған еді:

Айналайын, Қазбекжан ерледің,

Менменсініп әсте көкірек кермедің

Ақырын жүріп, анық басып биікке,

Терің төгіп, тек еңбекпен өрледің.

Жетім қалып көңілін мұң басып жүргенде ­басынан сипап, бауырына басқан Әлмұқа атамыз бен ­Нұрғай­ша әжеміздің немересі Мұрат Сәкенов техника ғылымы­ның кандидаты атағын алғанда қатты қуанып, «өсіңдер жастар, келешек сендердікі» деп бата берген еді. Қырық жылға жуық жанында болғанымда ұққаным, еліне, жеріне шексіз ­махаббаты, шыншыл батылдығы, намыс­қойлығы еді. Осынша талант, ажар, көрік мінезді аямаған жаратушы иеміз, апайға бір перзентті қимады. Қамық­қанда айтып отыратын, «өзің тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деп. Шынында солай болды, «ар­тында мұражай болады» деген үйі талан-таражға түсті, ие болатын ұрпақ болмады. Өкініштісі, ойына алған ісін іске асыра алмай, машинаға қағылып қайтыс болғаны.

Ақырғы сапарға аттанарда, жазушы Сәбит Досанов пен жұбайы Құралай, Мұрат, Рахима, немере сіңлілері (Қайыркен, Ләззат, Перизат, Күләнда сияқты құрбы-достары) жанынан табылды. 2003 жылы қазанның 11 күні түнгі 24:00-де фәниден бақиға аттанып кетті. Тірі болса, қарашаның 5-інде 100-ге толған болар еді. Әттең, Шерағаң айтқандай «бір кем дүние». Ақынды ұмыттырмайтын, артында Қазақ радиосының алтын қорында, асқақтап шырқалатын «Гауһар тас», «Әпитөк», «Маржан қыз», сөзін өзі жазған, «Үзбеші гүлді» т.б. әндері, өлеңдер жинағы, кітаптары қалды. Келешек жас ұрпаққа үлгі болатын, ғибрат әңгімелері, өмірі жайлы толғамы, туған елінде Қарабұжыр Қалбатауда 2018 жылы бой көтерген ескерткіші (мүсіні) ақынды ұмыттырмас.

Мәдениет МАЖЕНОВА

1485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы