• Тіл
  • 17 Қараша, 2021

ГЕНЕТИКАЛЫҚ ТІЛ ҒЫЛЫМЫН ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕНГІЗУ ҚАЖЕТ

Тіл ғылымы саласында,  өзге жаратылыс ғылымдарындай емес, жаңашыл көзқарастардың көріне қоюы аса сирек құбылыс. Әлдебір теорияны немесе жеке бір тұжырымды ұзақ уақыт қаузап, соның өзінде мәселенің анық-қанығына, тіпті ғасырлар бойына көз жеткізе алмай жүретін жағдайлар бұл салада аз болмайды. Мұны айтып отырған себебіміз – жуырда баспасөзде жарияланып, көп талқысына ұсынылған ғалым Ш.Бекмағамбетовтің мақаласындағы («Генетикалық тіл ғылымы туралы не білгеніміз бар». «Ана тілі», №№ 28,29) генетикалық тіл ғылымы бағытындағы тың көзқарастар ғылыми орта назарын бірден ­аударып, көпті елең еткізгеніне де ширек ғасыр болып қалыпты. Автордың 60 жылдық ­мерейтойы тұсында оның «Тілдік таным негіздері және тілдік символдар» (Алматы, 1999) атты ғылыми монографиясына оң пікір айтып, ақ жол тілеген едік (Тілдік таным: жаңа көзқарас. Ш.Бекмағамбетовтің ғылыми ізденісі жайында бір үзік сыр). (Танымдық лингвистика: даму бағыттары және мәселелері. Конференция материалдарының жинағы, Қызылорда, 2011ж).

Онда ғалымның адамзат тілінің пайда болуы мен қазіргі қызмет етуі туралы аталған еңбегі тіл ғылымына «тыңнан түрен түсіріп» жаңалықтар ашқан еңбек екенін айттық. Онан бері де ғалым осы жұмыстарын жалғастыра отырып, «Тіл генетикасы: тілдік таңба-нышандық жүйе» (2014), «7 Лекций по теории генетической лингвистики» (2020) атты еңбектерін жарыққа шығарып, өзі негізін қалаған генетикалық тіл ғылымы бағытына бірқатар айқындықтар енгізді. Еліміздің белгілі ЖОО профессорлары мен студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына арнайы лекциялар оқи жүріп, генетикалық тіл ғылымының ғылыми ортада кеңінен насихатталуына көп еңбек сіңірді, бірқатар белгілі шетелдік ғалымдар да бұл идеяны жоғары бағалауда. Осы еңбектерінің нәтижесі бүгінде тек өзінің ғана емес, ел ғылымының табыстары қатарына қосылуға толық хақылы десек, артық айтқандық болмас. Аталмыш мақалада өзі көрсетіп отырғандай, генетикалық тіл ғылымы қазіргі қалыптасқан тіл білімінің аса маңызды қағидаларына байланысты альтернативті көзқарастар ұсына отырып, адалын айтқанда, тілдік ақиқатты шынайы түсіндіріп отыр. Автордың тіл дыбыстарының табиғатын жаңа­ша тануы, яки «мағынасыз», ­«дауыссыз» «кірпіш дыбыстар» ­туралы кезін­де батыстық тіл білімінен ­ауысып келген көзқарасты, сондай-ақ қазіргі түсініктегі «сөз құрамы түбір мен қосымшадан тұрады» деген танымның орнына сөз пайда болуы­ның түпнегізінде «тілдік негіз элементтер» тұратыны туралы ғылыми көзқарастары қарапайым логикаға да күмән туғызбастай айқын, анық дәлел­денген. Бұл ғана ма, адамзат тілінің ең алғаш пайда болуынан бастап (тілдік материалдық және идеялық негіз элементтер, тілдік таңба, ғаламның тілдік бейнесі т.б.), оның бүгінгі қызметінің заңдылықтарын толық дерлік қамтыған аталмыш еңбектің өзінің лайықты бағасын алатын кезі жетті. Таңғаларлығы сол – адамзат тілінің пайда болуының түп негізінде қазіргі ғылымда айтылып жүргендей, дыбысқа еліктеу немесе басқа бір нәрсе емес, ҒАЛАМ ұғымы, ғаламдық жүйе құрылымы мен ғаламдық заңдылықтар тұр екен. Бұл – өте тың идея. Автор мұның тек жалаң идея түрінде қалмай, тәжірибе жүзінде орындалатынын, яки қазіргі алуан түрлі тілдердің лексикалық материалын генетикалық тұрғыдан салыстыра талдауға болатынын дәлелдеп көрсетеді.

Генетикалық тіл ғылымы идеяларын жоғары мектепте, ал кейбір негізі тұжырымдарын орта мектепте оқу бағдарламасына енгізу – ғылым-білім саласында жаңашылдыққа ұмтылған қазіргі заманның талабы. Мұның еліміздің болашағы болып табылатын жас ұрпаққа шынайы білім беру тұрғысынан аса зор маңызға ие екенін ашып айтқымыз келеді. Олай болса, танылған ғылыми ақиқатты қазіргі заманғы алуан түрлі керекті-керексіз ақпараттар ағынының тасқынына ығыстыра салмай, жарыққа шығару, яки бүгінгі оқу үдерісіне енгізу ­туралы ғалымның ұсынысы да орынды деп білеміз. Шынында да, бұл ғылыми түсініктер тек біздің Қазақстан ғылымында ғана ашылып отырған құбылыс. Орыс тіл білімінің соңғы шыққан еңбектерінің өзінде сол өткен ғасырлардағы ескі көзқарастар қайталанумен келе жатқанын көреміз. Мысалы, Ресейдің ЖОО студенттеріне арналып Жоғары білім оқу-әдістемелік бөлімінің ұсынымымен биыл ғана жарық көрген «Введение в языкознание» (авторлары: И.С.Куликова, Д.В.Салмина) атты оқулықта, өзге олқылықтарын былай қойғанда, сөз пайда болуы процесі өткен ғасырдың бас кезінде ағылшын ғалымдары Ричардс пен Огден ұсынған «семанти­калық үшбұрыш» моделімен түсінді­ріледі. Ал біздің ғалымымыз бұл мәселеде әлдеқайда ақылға қонымды және шын мәнінде «жұмыс жасайтын» өзі ұсынған жаңашыл сипаттағы «генетикалық ромб» моделін пайдаланады.

Аталмыш мақаланы оқи отырып, өз елімізде өз ғылымымызды дамытамыз десек, өзгеге жалтақтамай, өз ғалымдарымызды қолдау керек екеніне көз жеткіздік. Президент Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Құзырлы министрлік жоғары білім беру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына жауап беруге міндетті», – деген болатын. Айтса айтқандай, қазіргі орта және жоғары мектептегі тіл білімі саласындағы білім мазмұны генетикалық тіл ғылымы тұрғысынан жаңартуды қажет етіп тұрғаны бекер емес. Ғылым жетістігі ел игілігіне айналуымен маңызды.

Жеңіс САДУАҚАСҰЛЫ,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ­профессоры,

филология ғылымының докторы

1374 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы