• Тіл
  • 17 Қараша, 2021

МӘН МЕН МАҒЫНА

Қазақта ертеден келе жатқан «Түгел сөздің түбі бір, сөз атасы – Майқы би» деген нақыл бар. Бұл сөзді өзінің мәні мен мағынасына қарай дұрыс қолдана білуге үндеуден шыққан. Соңғы жылдары, дәлірегі, тәуелсіздік кезеңінде қазақ баспасөзі мен ауызекі тілде кейбір сөздерді өзінің ұғымына сай қолданбаушылықтың кең етек алып бара жатқаны байқалады. Әлбетте, кейде бұрыннан қалыптасып қалған сөздердің өзінің мағынасы ауысып түсіп жатады. Бірақ оған жекелеген адамдардың оларды білместікпен бұзып айтулары емес, қоршаған орта мен әлеуметтік өмірдегі көптеген факторлар әсер етеді. 
Біз бүгін тап осылай көпе-көрнеу бұзылып айтылып, бұрмалаушылыққа ұшырап жүрген бірқатар сөздер туралы әңгімелейміз.

ҚАЛП

Қалп. Мағыналары: 1. Өтірік, жалған. Көне түркіден келе жатқан бұл сөздің бірінші және негізгі ұғымы осындай. Бізде қолданыстан қалып бара жат­қанмен, кейбір түркі халықтары, мысалы, қырғыздар мен өзбектер әлі қолданады. Қазақ пен қырғызға ортақ «Халық айтса, қалп айтпайды» деген мақал содан қалған. Өкінішке қарай, бізде осы қанатты сөзді «Халық айтса, қалт айтпайды» деп, ешбір жөнсіз бұзып жазатындар ара-тұра кездесіп қалады. Жеке тұрғанында тек кейде «кілт» деген сөздің синонимі ғана сияқты болып көрінетін «қалт» сөзінің бұл мақалға түк қатысы жоқ. Қалт деген – тек әлдеқандай қимыл-әрекет сәтін ғана көрсететін, көмекші етістіксіз ешқандай мағына бермейтін сөз (Қалт тоқтады, қалт еткенде). Кей кездері оған «құлт» сөзі қосылып, қос сөзге айналып, қимыл-әрекеттің келесі бір көрінісін немесе «әрең» деген мағынаны береді (Қалт-құлт етіп жүріп келеді, Қалт-құлт етіп күнін көріп отыр ). 2. Бекер, босқа, тектен-тек. «Ол мұны қалп айтып отырған жоқ». Мағынасы: Ол мұны бекер (бостан-босқа, әшейіннен әшейін) айтып отырған жоқ. 3. Қырғыз фольклорында «қалп» деген жанр бар. Ол ойдан шығарылған, өтірік әңгімелер, аңыздар, өлеңдер тұрғысында жасалады (жазылады, айтылады).

 

БЕЙМАЛАЛ

Беймалал. 1. Уайымсыз, алаңсыз. Парсы тілінен енген бұл сөзді негізінен Оңтүстік өлке қазақтары, парсы-тәжіктер, өзбектер, қырғыздар, әзербайжандар қолданады. «Жұмыстан кейін жиналып, өзіміз ғана беймалал отырғанымыз дұрыс». 2. Жайбарақат, еркін. «Пұлын алдын ала төлеп қойсақ, сол көлікпен беймалал барып жетеміз ғой». Мұндағы ұғым алдыңғы жағдайдан сәл ғана өзгеріске түсіп отыр. Бұл тіркес те оңтүстіктегі үш облыстың аумағында қолданылып жатады. 3. Қалай болса солай, ретсіз. «Ашық қорада қалған мына шөпті колхоздың малдары келіп, беймалал жей берген екен». Келтірілген сөйлем арқылы біз колхоз малдарының шөпті ешкімнің ықпалынсыз, өз беттерінше келіп жеп тұрғанын байқаймыз. Бұрадағы кәлима ретсіздікті, жөн­сіздікті, тәртіпсіздікті білдіреді.

Бұл сөздің түбірі – малал. Ол, парсы тілінен аударғанда, маза, алаң, уайым деген мағынаны білдіреді. Оған «бе», «бей» деген болымсыздық жалғауы жалғанып, біз сөз етіп отырған лексема мағынасында қолданылады. Өзбектер мен тәжіктер оны «бемолол» деп қолданады. Қырғыздар біз секілді «беймалал» дейді. Бір өкініштісі, кейде осы сөздің қазақ тіліндегі қолданысында «беймарал» деген нұсқасы да пайдаланылып қалатынын аңғарып жүрміз. Ол тіпті осы екі вариантында соңғы шығарылған 15 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» де кіріп кетіпті. Біз мұны үлкен қателік деп есептейміз. Мына қалпында бұл лексема «бей» болымсыздық жалғауы арқылы «маралсыз» деген ғана мағына беріп тұр. Ал бұл жерге маралдың ешқандай да қатысы жоқ. Қазақ тілінің тазалығын сақтағымыз келсе, әдеби тілдің нормасына да, түсіндірме сөздіктерге де мұндай қодірен сөздердің еніп кетуіне үзілді-кесілді жол бермеуіміз керек. Қазақ тілінің сөздік қоры мұнымен көбейіп, сөз байлығы мұнымен артпайды.

Серік ПІРНАЗАР

2413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы