• Әдебиет
  • 17 Қараша, 2021

ЕРКІНДІКТІ ЖЫРЛАҒАН АҚЫН

Астанадағы Қазақ ұлттық өнер унверситетінің Жамбыл Жабаев залында еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ақын, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Ресей Федерациясы Халықаралық Психология ғылымдары Академиясының құрметті академигі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі Есенгелді Сүйіновтың  «Жасай бер, еркін елім» атты шығармашылық кеші өтті.

Аталған кешті Домбырашылар ансамблі Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашты. Оған университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Тойжан Егінбаева ақын Есенгелді Сүйіновке университет ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері, Әлем әртісі, профессор Айман Мұсахаджаеваның атынан құттықтау хатын оқып, тапсырды. Құттықтауда былай делінген: «Құрметті, Есенгелді Сүйінұлы! Сіз бүкіл ғұмырыңызды еліңіз бен халқыңыздың жарқын болашағына қызмет етуге арнаған тұлғасыз. Халқымыз Сізді ұлтжанды, туған елінің абзал азаматы ретінде жақсы біледі, әрі қадірлейді. Қазақ әдебиеті мен өнері, туған жердің ерекше байлығы мен сұлулығына арнаған еңбектеріңіз жұртшылықтың рухани игілігіне айналды. Сіз ұлтымыздың рухани қазынасын қайта өрлетуге әлі де атсалысудасыз. Өміріңіз жас ұрпаққа үлгі боларлық ерекше өнегемен өрілген».

«Жасай бер, еркін елім» шығармашылық кешін «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және арт-менеджмент» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, профессор Айман Каудырова модератор ретінде жүргізіп отырды. Ол кештің мақсаты студент жастардың өз ана тілін құрметтей отырып, еліне, жеріне деген ыстық сезімдерін оятып, болашаққа деген жарқын көзқарастарын дамыту, әлеуметтік және жеке мәдени құндылықтарды қалыптастыру, бойында қасиеті бар жас ақындардың болашағына дарынды қаламгердің шығармашылығы арқылы қадамдарына серпін беріп, қаламдарын ұштау екенін атап көрсетті, жиналғандарды жазушының өмірбаянымен таныстырды.

Кеште Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қарымды қаламгер Бақытжан Тобаяқов: «Есенгелдінің өлеңдерін жас кезінен оқып жүремін. Кезінде балауса өлеңдерімен баспасөз беттерінде көрінген жас бүгінде елге танымал ақындардың қатарына қосылып отыр. Оның шығармаларынан Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік, халқына деген жанашырлық, тілімізге деген құрмет байқалады. Әр шумақтарынан сезім лебі еседі. Ақын еліміздің еркіндігін, тәуелсіздігін үзбей, шабыттана жырлап келеді», – деп жүрекжарды пікірін білдірді. Филология ғылымының кандидаты, доцент Жұмажан Бектасова автордың «Тербеген теңіз әлдиі» кітабына енген «Жақсы сөз құлақта жүрсін» эссесіндегі жазушы Естай Мырзахметовтың Есенгелдіге жазған хаттарындағы ойлы сөздердің бүгінгі жастарға беретін тәлім-тәрбиелік мәніне тоқталды, мұндай эпистолярлық жанрдағы дүниенің құнды екеніне көпшіліктің назарын аударды. 3-курс студенті Сәбит Ақжол, астаналық Әлия Жәкенова ақын шығармашылығы жайлы жылы лебіздерін білдірді.

Қыздар мен жігіттер саңқылдаған даусымен Есенгелді Сүйіновтың нәзік сезімге толы лирикалық өлеңдерін оқыды. Өнерпаздар ақын сөзіне жазылған әсем әндерді тамылжыта шырқады. Университет басшылығы атынан кеш иесіне ықылас гүл шоғы табыс етілді.

Кездесу барысында түрлі сұрақтар қойылды. Солардың ішінде студенттер тарапынан: «Өмірде көптеген жампоз-жайсаң­дармен танысып, араласып жүріпсіз. Өзіңіздің тағдырыңызға әсер етіп, қамқорлық жасаған жақсылардың арасынан кімді ерекше атап көрсетер едіңіз?», – деген сауал берілді. Бұл сауалға Есенгелді Сүйінов былай деп жауап берді: «Мен бұрынғы Көкшетау облысының Зеренді аудандық газетінде жұмыс істеп жүргенде Қазақ радиосының бас директоры Мадрид Рысбековпен танысып, жағдайымды сұрады. ҚазМУ-дің журналистика факультетінде 3-курста сырттай оқимын. Партияға жаңа ғана кандидат боп өткенмін. Жағдайымыз онша емес, жалақымыз шамалы. Үйленгенмін, әйелім сәбимен үйде отырған. Ол кісі аяқ астынан мені Қостанай облысына меншікті тілші қызметіне шақырды. Бұрын радиода істеп көрмегем, қаймығып тартыншақтап едім, Мадрид Жүнісбекұлы: «Жассың, үйренесің, көмектесеміз», – деп жігерлендіріп, ақыл-кеңесін айтты. Содан мен аудандық газеттен республикалық радиоға көтеріліп, алға қадам бастым. Қостанайдан үш бөлмелі үй алып беруге көмектесті. Оқуды бітіріп, қатарға қосылуыма Мадрид Рысбеков қамқорлық жасады. Ол жалғыз маған ғана емес, басқаларға қол ұшын беріп, жақсылығын аяған жоқ. Арамызда жоқ болса да ол кісіні өзімнің ұлағатты ұстазым, аяулы ағам деп санаймын».

Ақын жиналғандар алдында жаңа өлеңдерін оқып, алдағы шығармашылық жоспарларымен бөлісті.

Еркін ҚАЛДАН

1975 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы