• Руханият
  • 17 Қараша, 2021

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ

Алматыда «Соңғы үкім» фильмінің түсірілімі басталды. Картина Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен шығарылуда.

Фильм қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері және саяси публицист Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған.

Түсірілім тобын Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмұрзин басқарады. Нұрмұхамбетов «Жаңғақ ағашы» фильмі үшін Пусан халықаралық кино­фестивалі (Оңтүстік Корея) «Жаңа ағымдар» секциясының Гран-при иегері. Режиссердің «Уақыт жолдары» атты соңғы картинасы осы жылы Францияда прокатқа шықты. Оның серіктесі Ерген Тоқмұрзин көптеген деректі фильмдердің қоюшы режиссері болған.

Картинаның сюжеті Ахмет ­Байтұр­сынұлының өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды. Басты рөлде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды. Біз бұрынғы тергеу изоляторының ғимаратында жайғасқан түсірілім алаңында белгілі актермен сұхбаттастық. 

– Бұл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы фильм. Оның өмірі, қоғамдағы істері және ең бастысы, оның күресі туралы. Бұл мемлекеттің арнайы тапсырысымен түсіріліп жатқан үлкен жоба.Байтұрсынұлы – біздің мақтанышымыз. Менің ойымша, біздің жас ұрпақ осындай фильмдерді көруі тиіс. Өйткені ­Ахмет ағаның жасаған істері, Алаш Орда қайраткерлерінің  ерлігі – көп кездеспейтін батылдық. Сондықтан сол кездегі оқиғаларды заманауи көрерменге көрсету керек, – дейді актер Азамат ­Сатыбалды.

Сондай-ақ картинада Назгүл Қарабалина, Александр Багрянцев және Ерлан Кәрібаев бой көрсетеді. Түсірілімнің негізгі локациялары – ­Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысында түсіріледі. Қоюшы оператор – Марс ­Омаров. Бас продюсер – Дастан Атығаев. Сценарий авторы – Ғалым ­Доскен.

Жаңа жылға дейін авторлар 14 ауысымды түсіруді жоспарлап отыр. Фильмнің негізгі бөлігі келесі жылы түсіріледі.

Н.БЕЙСЕМБАЕВА

1728 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы