• Руханият
  • 17 Қараша, 2021

ТҮРКІ ДҮНИЕСІ ТҮГЕЛДЕНГЕН КҮН

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Қазақстан,  Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан президенттерімен және Мажарстан Премьер-министрімен Түркияда өткен кездесу, шын мәнінде, тарихтың алтын б­астауына айналды.  
Түркі Кеңесінің VIII саммиті өткен Ыстамбұлдың оңтүстік-шығысында орналасқан Демократия және бостандық аралында жарқын болашақтың көкжиегі ашылды. Бұл түркі дүниесі үшін тарихи маңызы бар кездесу болды. Әлем назар аударған жиында түркі дүниесі түгелденді. Түрікменстан бұл саммитке бақылаушы ел ретінде қатысқанымен, келешекте бұл ұйымға мүше болатыны анық. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі бұдан былай «ұйым» деп аталатыны құжатпен бекітілді. Саммиттің тарихи маңызы артты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ынты­мақ­тастық кеңесінің VIII саммитіне қаты­сып, сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті Түркітілдес мемлекет­тердің басшыларымен Ыстамбұл қаласында жүздескеніне және Режеп Т­айып Ердоғанға Анадолы жерінде көрсеткен қонақжайлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы екі жылдан бері аталған Кеңеске тиімді төрағалық етіп келе жатқан Әзербайжан басшылығына алғыс білдірді. Сондай-ақ олардың Кеңес жұмысын жандандыра түсуге зор үлес қосқанын атап өтіп, әлемді жайлаған індетке қарамастан, түркі кеңістігінде бірқатар жақсы жаңалық болғанын айтты. Түркітілдес мемлекеттер пандемияға қарсы күресте күш біріктіру үшін алғашқылардың бірі болып төтенше саммит өткізді. Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы атанды, сондай-ақ  Таулы Қарабақ мәселесі де Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына сәйкес оң шешімін тапты. Енді Кеңестің төрағалығы Түркия Республикасына өтеді.

– Анадолы елі бұл міндетті абыроймен атқарып, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі. Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді.  Біз бір-бірімізге әрдайым тілектеспіз, сыйластығымыз да ерекше. Бүгінгі алқалы жиын – осының айқын дәлелі. Түркі кеңесінің ықпалы мен беделі жыл өткен сайын артып келеді. Біздің құрылымға халықаралық қауымдастық едәуір қызығушылық танытуда. Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек. Бұл  бәріміз үшін маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның жаһан­дық деңгейде лайықты орнын алатынына сенім білдірді.

– Менің пікірім бойынша, ұйымымыз, ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн. Әріптестерім бұл тұжы­рыммен келіседі деп ойлаймын.  Бірлігіміз әрдайым бекем болсын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі күрделі жағдайда сын-қатерлерді еңсеріп, орнықты даму үшін күш-жігер біріктірудің, жаңа техно­логияларды игеру саласында ынты­мақтастық орнатудың аса маңызды екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымға мүше мемлекеттер жұмыла отырып, бірлесіп әре­кет етуге тиіс бірнеше маңызды бағытты атады.

– Біз жаңартылатын қуат көздерін дамыта береміз. Бұл міндет «Жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдамада көрініс тапты. Жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегіден арылуға жол ашады. Сондай-ақ алдағы он жылда парникті газ шығаруды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Осының аясында біз 2025 жылға дейін 500 мың гектар жерге 2 миллиард түп ағаш отырғызуды жоспарлаудамыз. Бұған қоса қазір еліміздегі жаңартылатын қуаттың үлесін 3 пайызға жеткіздік. Оны 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін арттырамыз. Сол мақсатпен Нұр-Сұлтан қаласында «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын» аштық, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы,  еліміздің  Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  саммитке қатысушыларға жолдаған үндеуінде «Бұл – жаңа блок емес, қызметі БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен принциптеріне сай келетін прогрессивті бірлестік» екенін айтты.

– Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің үшінші месседжі – жаңа ұйымның барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын екенін паш ету. Үшінші месседж бүкіл әлемге бағытталған. Біз осы жаңа ұйымның барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын екенін паш етіп отырмыз. Оның ешкімге қарсы бағытталмағанын атап өткен жөн. Бұл – жаңа блок емес, қызметі БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен принциптеріне сай келетін прогрессивті бірлестік, – деді Нұрсұлтан ­Назарбаев.

Оның айтуына қарағанда, түркі әлемі Батыс пен Шығыстың арасын жақындастыру миссиясын қайта өз қолына алуға ниетті.

– Түркі әлемі ғасырлар бойы Ұлы жібек жолының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Ең алдымен шығыс-батыс бағытын­дағы қатынастардың кең контексінде мәдениеттер мен өркениеттер арасын байланыстырып келді. Сонымен бірге ол жалпы адамзат мәдениетінің рухани және материалдық қазынасына да өз үлесін қосты. Бүгін біз жаһандық тарихи эволюцияның жаңа кезеңінде сол үрдістің қайталануын көріп отырмыз, – деген Елбасы ұйымның құрметті төрағасы ретінде бауырлас түркі елдерін жақындастыру ісін жалғастыруға ниетті екенін білдірді.

Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев атаған маңызды міндеттердің тағы бірі – мемлекет­тердегі қала халқы санының артуы дер едік. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша, 2050 жылға қарай жер бетіндегі қала халқының үлесі 68 пайызға жетеді екен. Яғни қалалық жерде көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру қажет.

– Жаһандық індет мұндай қызметті қа­шықтан жүргізуге болатынын көрсетті. Қазақстанда ақылды қала жүйесі енгізіліп, бір­қатар жоба табысты жүзеге асырылуда. Соның арқасында жол-көлік оқиғалары мен апат салдарынан болатын өлім-жітім 60 пайызға азайды. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 70 пайызға кеміді. Ал салық түсімі бірнеше есе артты. Қазақстан Цифр­ландыру жөніндегі ұлттық жобаны қабылдады. Бұл жоба қалаларды басқару ісіне озық технология енгізуді көздейді. Ақылды қала жобалары аясында ІТ-компаниялардың ынтымақтастығын күшейте түсуіміз керек, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы инновациялар мен стартаптарды дамытуға қолайлы жағдай жасау қажет екенін атап өтті.

– Сіздерді Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру мәселесін зерделеуге шақырамын. Сондай-ақ келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастарымыздың арнайы форумын өткізуді ұсынамын. Оны «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады. Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр. Оның 55-і шетелдік компания. Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сондай-ақ 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді. Жалпы «Astana Hub» технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар. Ал онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Қазақстан Президенті қазақ халқы үшін аса маңызды мәселеге тоқталды. Қиын-қыстау замандарда қазаққа құшағын жайған түрік халқына алғыс айтып, осы елдің мемлекет қайраткері Аднан Мендерестің рухына тағзым етті.

– Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының Премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында осында қабылданған аса маңызды шешімдер мен тың бастамалар тұтас түркі әлемінің бауырластығын нығайта түсетініне сенім білдірді.

 Саммит қорытындысы бойынша төмендегі құжаттарға қол қойылды:

1. «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақ­тастық кеңесінің» атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» атауына өзгерту туралы шешім;

2. Түркі мемлекеттері ұйымының 8-сам­ми­тінің декларациясы;

3. Түрікменстанға Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы байқаушы мәртебесін беру туралы шешім;

4. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» туралы шешім;

5. «Түркі әлемінің бірлігіне қосқан үлесі үшін Алишер Навои атындағы халықаралық сыйлық» туралы шешім;

6. Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Серіктес мәртебесін құру туралы шешім;

7. Түркі мемлекеттері ұйымының Құрметті төрағасының құқықтары туралы ереже жөнін­дегі шешім;

8. Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшы­сының өкілеттік мерзімін ұзарту және Бас хатшының орынбасарларын тағайындау;

9. Түркі мемлекеттері ұйымы Түркі инвести­циялық қорын құруды аяқтау туралы шешім;

10. Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Байқаушы мәртебесі туралы ереже жөніндегі шешім.

Сонымен, Түркі Кеңесінің VIII саммитінде осындай маңызды халықаралық құжаттар қабылданды. Кездесудің маңызы артты. Алдағы уақытта бұл ұйымға мүше болғысы келетін елдердің саны да көбеюі мүмкін. Қысқасы, түркітілдес елдер бірікпесе болмайтынын уақыттың өзі дәлелдеді. Шын мәнінде, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «бұл ұйымға халықаралық қауымдастықтың қызығушылығы едәуір артты. Сондықтан түркі әлемінің геосаяси әлеуетін алдағы уақытта тиімді пайдалану керек». ­Ендеше, басты міндет-мақсат та осы болып отыр.

 

1126 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы