• Қоғам
  • 25 Қараша, 2021

ҒАЙБАТТЫҢ ИІСІ

Өзі таза адам өзгеге күйе жаға алмайды. 
Күйе жағу үшін өзінде күйе болу керек. 

Ғ.Мүсірепов

Сахабалардың бірі Жәбир Ибн Абдуллаһ (р.а.) былай деген екен:

«Бірде біз пайғамбарымызбен (с.ғ.а.) бірге отырғанда кенеттен өте сасық әрі жиіркенішті иісті сезе бастадық. Сонда Алла елшісі бізге қарады да: «Бұл иістің не екенін білесіңдер ме?» – деп сұрады. Біз: «Жоқ», – дедік. Сонда Алла елшісі (с.а.ғ.): «Бұл – иман келтірген адамның сыртынан ғайбаттаған кісілердің үстінен шығатын иіс», – деді» деген (Бухари).

Имам ас-Самарханди осы хадиске байланысты «Кейбіреулер пайғамбардың (с.ғ.а) заманында ғайбаттың иісі неге соншалықты жаман болды? Ал қазіргі уақытта ондай иіс неге жоқ?» деп сұрауы мүмкін. Біздің оған жауап ретінде айтарымыз мынау: қазіргі қоғамда ғайбаттың көптігі соншалықты, тіпті адамдардың мұрны оның сасық иісіне үйреніп кеткен» деген екен.

 

ӘЖЕТХАНАҒА НЕГЕ ЖАЛАҢБАС КІРУГЕ БОЛМАЙДЫ?

 

Бірде төрт шадиярдың бірі – Әубәкір дәретханаға кірсе, бұрышта қолында құрығы бар Ібіліс отыр екен. Әубәкір:

– Әй, малғұн, мұнда неғып отырсың? – деп сұрайды. Ібіліс:

– Білмеуші ме едің? Алламен араздасқаннан кейін маған баспана етіп дәретхананы берген. Мен өзімнің үйімде отырмын, – деп жауап береді.

– Қолыңдағы құрық не үшін?

– Кімде-кім дәретханаға жалаңбас кірер болса, соның ақылын ұрлаймын. Ондайлардың ойы таяз, танымы қисық болады. Ақылы азайғандардың мал табуға кемдігі болмайды. Есесіне, Құдаймен ісі болмайды. Олардың өлгенше иманын толықтыруға осының бәрі кедергі болар, – депті.

Осы оқиғадан соң Әубәкір дәретханаға жалаңбас кірмеу жөнінде ел арасында үгіт-насихат жүргізіпті деседі.

 

БІР ШЕЛЕК КӨМІР ҰРЛАЙ АЛМАҒАН ҒАЛЫМ

 

Ұлы адамдар неге қарапайым болады? Олар неге ақиқаттан аттай алмайды? Ұлық кісі неге кішік? Бір мысал. Дана ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев өмірде сондай адам болған.

Бірде Ғабит Мүсірепов екеуі алыс ауданға кездесуге барады. Шаруашылық басшысы Ғабеңнің жазушы екенін айта келіп, сөз береді. Содан кезек Қаныш Имантайұлына келгенде әлгі басшы «Бұл кісі дүниежүзіне танымал өсімдіктер жинаумен айналысатын ғалым» деп соғып жібереді. Бұл жағдайға Ғабең шыдай алмай, қайта-қайта ашуға ерік береді. Сонда Қанекең: «Ғабе, қойыңызшы енді. Әйтеуір жамандап жатқан жоқ қой», – депті.

Сол ұлы Қаныш Сәтбаев Жезқазғанның кен байлықтарын игеру керектігін айтқанда, оған қарсы болған адамдардың қарасы да көп болған. Алайда ол осы өңірде әр бұтаның түбінде ат басындай алтын бұғып жатқанына сенімді еді. Мәскеу ғалымдары тіпті бұл өңірде тұру адам баласына мүмкін емес дегендей ой айтады. Алайда ұлы ғалым бұның ешқайсына да пысқырмай, өз ұстанымынан таймайды. Дей тұрғанмен де, өзі де көресіні көреді. Сөйтіп жүргенде, бір күні Жезқазғанда қыс қатты болып, жалғыз ұлына суық тиіп қайтыс болады. Ол кезде Қарсақпайда тек бір үйде ғана көмір бар екен. Үсіп өлуге айналған соң, әйелі Қанекеңді сол үйден көмір ұрлауға жіберіп, өзі сыртынан бақылайды. Сонда ешкімнің ала жібін аттамаған ғұлама далада жатқан көмірдің бір шелегін алуға да дәті бармапты. Қанекеңнің осы бір дәрменсіздігін байқаған үй иесі ұялғаннан көмірді өзі салып беріпті.

 

ПАСТЕРНАК ҚАЛАЙ ҚОЛШОҚПАРҒА АЙНАЛДЫ?

 

Тарихта Нобель сыйлығын кімдердің қалай алғандығы жөнінде түрлі әңгіме бар. Мәселен, Толстой одан саналы түрде бас тартқан. Зигмунд Фрейд сегіз мәрте ұсынылып, қолы жетпеген. Ал, енді біреулердің бұл сыйлықты қалай алғанына өзі де аң-таң болып өткен. Мәселен, Эрнест Хэмингуэй «Талдар көлеңкесіндегі өзендер» (шартты атауы) атты өзіне қатты ұнайтын романын жазады. Қысқасы, осы туындысы сол сыйлыққа лайық деп ойласа керек. Алайда қайыршылық күйін көп кешкен, шығармашылықты мүлдем тастағысы келген жазушы қалтасында соқыр тиын қалмаған соң «Шал мен теңізді» жаза салғанға ұқсайды. Міне, осы шығарма Нобель сыйлығын алады.

Ал Б.Пастернактың жағдайы басқаша. Оның шығармашы­лығындағы ортаңқол дейтін «Доктор Живаго» атты романы Нобель сыйлығын алады. Бұл ретте романмен ЦРУ-дың өзі айналысқан. Өйткені АҚШ үшін бұл роман екі елдің қатынасында елеулі «рөл» атқарды. Сөйтіп, бұл романды 1958 жылы Брюссельде өтетін дүниежүзілік кітап жәрмеңкесінде басып шығарып, артынша Нобель сыйлығын иеленеді. Сөйтіп, Б.Пастернактың басқа лайықты шығармаларын былай қойып, КСРО-ға қарсы өз мақсатын жүзеге асыру үшін осы романды ұтымды пайдаланған. ЦРУ жылдар өткен соң ол әрекетін мойындаған. Сөйтіп, әйгілі қаламгерді АҚШ осылай қолшоқпарына айналдырды.

Қ.ҚАҒАН

 

1165 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы