• Руханият
  • 25 Қараша, 2021

БАТЫРДЫҢ АУЫЛЫНДА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ НЕГЕ ЖОҚ?

Киров кеңшарында Халық әртістері қонақта,1976 жыл, наурыз айы.
ҚКСР халық әртісі Н.Мышбаева, КСРО Халық әртістері Сәбира Майқанова, Асанәлі Әшімов

 

Атырау облысының Құрманғазы өңірі – ертеден өнер дарыған өлке. Киелі топырақ өнер саңлақтарымен ерекшеленетін, елімізге танымал өлкелердің бірі. Оған себеп, Құрманғазы мен Дина, Дәулеткерей мен Ерғали, Әбу Сәрсенбаев, Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина, Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Серікқалиев, Рақымжан Отарбаевтарды білмейтіндер кемде-кем. 1944 жылы ауданда ұйымдастырылған алғашқы театр Қазақ КСР-нің халық әртісі Зарипа Сүлейменова мен Хаттар Дүйсеналиевтерді даңққа бөледі. Кейін олардың шәкірттері 1959 жылы Теңіз халық театрын ұйымдастырады. 

 

Мақсатымыз атағы республикаға тараған Құрманғазы ауданы ­Киров совхозындағы (қазір Хиуаз ­Доспанова атындағы ауыл) халық театрының қазіргі жай-күйін, қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан жерлестеріміз туралы сыр шерту. Солардың бірі – кеңестік марапат «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалінің иесі, ауылдағы халық театрының режиссері болған Саясат Жұбаниязов.

С.Жұбаниязов 1931 жылы 6 маусымда Тәтірке (қазіргі Жамбыл) ауылында балықшы отбасында дүниеге келген. Қабырғасы қатпаған бала болса да мектеп қабырғасында жүріп-ақ үлкендермен бірге соғыс жылдарында балық аулап, тары мен жүгері егісін өсіруге араласады. 1951–1952 жылдары оқу бітірісімен «Жаңа талап» колхозында балықшы болып еңбек етеді. Кеңестік армия қатарында болып, кейін туған ауылына келгесін балықшы кәсібін жалғастырады. 1962–1978 жыл­дары жаңадан құрылған Киров кең­шарында әртүрлі қызмет ат­қа­рады. Сол кезде бойындағы ән-күйге құлшыныс оны ауылдағы өзі қатарлы азаматтармен бірге клуб сахнасында өнер көрсетуге жетелейді. Кейін 1978–1988 жылдары «Киров халық театрының» режиссері қызметін атқарып, сахнаның хас шебері екенін танытады.

Дәл сол жылы, туған жеріміз, қос өзен (Шора мен Иірім) арқылы үшке бөлініп жатқан Дәшін ауылында жаңадан клуб салынып, сонда ауыл жастары бас қосып, шағын спектакльдер қоя бастайды. Алғашқы ұйымдастырушысы Зәмзәм Исмағұлов болды. Отыз екі ауыл өнерпаздарының қатарында бірі – тракторшы, бірі – көлік жүргізуші, бірі – мұғалім, аспаз, құрылысшы, есепші, егінші, кітапханашы мамандығының иелері бола тұра, уақыт өте келе мазмұны терең, қазақ классиктерінің күрделі шығармаларын жоғары дәрежеде сахналай бастайды. Олардың қатарында З.Исмағұлов, Н.Қалиев, Б.Қалиев, М.Қадірова, А.Хамзин, П.Әбенова, М.Альсмахов, Ұ.Ер­ғалиева, С.Жұбаниязов, С.Қуа­нышбаев, М.Есмұханов, С.Тө­леуішов және т.б. бар еді.

1960 жылдардан бастап Киров атындағы кеңшардың драма үйірмесі Гурьевтің мұнайшылар мәдениет сарайында, Астрахань облысының Харабайлы, Володар аудандарының ауыл сахналарында бірнеше рет өнер көрсетеді. Ауданның бүкіл ауыл, кенттерін қыры мен ойын тұрақты аралайды.

Актер үшін орындаушылық шеберлікті шыңдаудың мектебі – театр сахнасы. 1966 жылы ауыл көркемөнерпаздар мүшелері Алматыда М.Әуезов атындағы акаде­миялық театрда Б.Майлиннің «Шұға» пьесасын сахналап, халық театры атағын қорғап шығады. Өнер сарапшылары Саясат Жұбаниязов ойнаған Айнабай рөлін сомдаудағы шеберлігін жоғары бағалайды. 1978 жылы С.Жұбаниязов халық театрының режиссерлігіне тағайын­далды. Осы күннен бастап өнер жо­лындағы тынымсыз еңбек күн­дері басталды. Саясат ағамыз та­лабы бар жастарды танып, тауып, талапкерлерді ұйымдастырып сах­наға шығара білді.

Ауыл режиссері Саясат Жұба­ниязовтың шығармашылығы туралы Құрманғазы ауданының шежіресінде былай деп жазылды: «1959 жылдан ауыл сахнасында өнер көрсетіп, Көбей, Жақып, Қадір рөлдерін сомдаған. Киров халық театрының режиссер қызметін атқарған. Ерен еңбегі және белсенді қоғамдық жұмысы үшін бірнеше медальдармен марапатталған. Республикалық, одақтық фестивальдердің лауреаты атанған».

С.Жұбаниязовтың өнердегі еңбегі жоғары бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы шешімімен 1986 жылы 7 тамыз күні «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталады. Сондай-ақ көркемөнерпаздар Бүкілодақтық фестивалінің лауреаты, ВСЦПС төсбелгісі және ақшалай сыйлығымен, дипломымен, облыстық, аудандық бай­қаулардың лауреаттары атағын бірнеше рет иеленді.

Киров халық театрының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ағамыздың еңбегі туралы мерзімді баспасөз беттерінде көптеп жазылды. Табиғатпен берілген шын талант иесінің қарапайым қойма меңгерушісі болып жүргендегі сахна төріндегі қимыл-әдістері, кейіпкерлер образын сомдаудағы шеберлігі талайдың таңдайын еріксіз қақтырған. 1956 жылы бас қосқан зайыбы Ұлмаш Ерғалиева анамызбен 25 жыл сол театр сахнасында бірге өнер көрсетіп қана қоймай, үлкен ұлы Өмір­жанды да тарта білді. 1974 жылы драматург С.Жүнісовтың «Ажар мен ажал» пьесасындағы Қатай, Саржорға, Олжатай кейіпкерлерін сомдауда бір отбасы мүшелері біраз тер төкті. Әр кейіпкердің өзіне тән бейне образы бар.

Ұлмаш Ерғалиева Киров халық театры­ның қалыптасуына, биік шыңдардан көрі­нуіне біраз үлес қосты. Ол сомдаған Б.Май­линнің «Шұға» спектаклінде – Асия, С.Шаймер­деновтың «Қыр гүлінде» – Ақлима, Ә.Әбішевтің «Кім менің әкемдегі» – Күлайна, Қ.Сатыбалдиевтың «Қабаған ит» спекта­клінде әйел бейнесі және тағы да басқа қосым­ша ірілі-уақты рөлдерді әсем де сәтті шығара білді.

Ұзақ жылдардан бастамашыл, өнерлі адамдар басын біріктірген ұжым күн өткен сайын кемелденіп, өсіп-өркендеді. Ізденіс, тәжірибе алмасу, шеберлік шыңдау сол театр мүшелерінің басты мақсаты болды. Кеңшар әкімшілігі тарапынан болған қолдау арқасында театрдан еңбекақы алмайтын қоғамдық негізде өнер көрсететін әртістер де, олардың жетекшісі Саясат ағамыз да жаңа бастамаларға әуес болды. Сөйтіп, күн өткен сайын ұжымның репертуары да молая түсті. Киров атындағы кеңшардың халық тетары М.Әуезовтің ­«Айман-Шолпаны», Ә.Әбішевтің «Кім менің әкем?», О.Бодықовтың «Қанжар мен домбыра», Т.Ахтановтың «Күтпеген кездесу», Б.Жәкеевтің «Әке тағдыры», Т.Ысқақовтың «Дала дүбірі» және т.б. сахналанды. Жалпы режиссер С.Жұбаниязовтың жетекшілігімен 40-тан аса драмалық шығармалар алысты-жақынды жерлердегі көрермен назарына ұсынылды.

1976 жылы Киров халық театрына аға­лық көмек беру үшін біздің Дәшін ауылына іссапармен КСРО Халық әртістері Асанәлі Әшімов, Сәбира Майқанова, ҚР Халық әртістері Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешева, Нүкетай Мышбаева, облыстық Махамбет атындағы драма театрының суретшісі Құмар Жұмағалиев, театр режиссері Қуат Төлеков, Рашила Шарафудинова келіп, қонақта болғаны орны бөлек бір әңгіме.

Осы жерде тоқтала кететін, өте маңызды бір мәселе, сол туып-өскен ауылымызда, қазір қазақтың батыр қызы Хиуаз ­Доспанова атындағы ауылда әлі күнге дейін мәдениет ошағының жоқтығы. Бұрындары жұмыс істеп тұрған мәдениет ошағының (клубтың) бұзылып, орнына жаңа сарайдың тұрғызылмауы көңілге кірбің ұялатады. Ерекше атап айтарымыз, сол туған ауылымызда клубтың жанынан құрылған, Кеңес Одағы кезінде республикаға белгілі болған Халық театры әлі күнге жұмыс істейді. Ол ұжым, қазір оны ұйымдастырған, алғашқы режиссері болған жерлесіміз Зәмзәм Ысмағұлов атын­дағы халық театры деп аталады. Оқушы кезімізде, кейініректе, студент кезімізде, Алма­­тыдан ауылға демалысқа келгенде сол туған ауыл театрына барып, спектакльдерін қызыға көруші едік. Кейін ол театрға, туған ауы­лы­мыздың азаматы Саясат Жұма­ниязов жетек­шілік жасағанын жоғарыда айттық. Сол театр керемет ұйымшыл, жаңашыл, репертуарлары жан-жақты, республикаға танымал ұжым болатын.

Сөз соңында қайталап айт­қымыз келеді, сол театрда Саясат Жұманиязовтың өзінен ­бастап бүкіл отбасы (жолдасы Ұлмаш Ерғалиева, баласы Өміржан Жұманиязов, қызы Гүлнар Жұманиязова) қызмет істеген. Үлкен келіні, Өміржанның жолдасы, ­Райса да мәдениет пен өнерді аса қадірлейтін, өзі де өнерлі жан болып шықты. Оның орындауындағы батыстың күйлері мен әндері де ерекше тартымды болып келеді. Сол сабақтастық жалғасын тауып, Саясат ағайдың бүкіл немерелері өнер жолында. Бір немересі Әлішер Өміржан күй тартудан республикалық конкурстардың бірнеше дүркін лауреаты болды. Өнерге бейім бір немересі Гүлімжан жолдасы Сәкенмен және жиеншары Даниял Сәкенұлы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында еңбек етіп жатыр. Олар да аталарының өнерін қадір тұтып, қастерлейді.

Театр ұжымы тұрақты жиналатын, репетиция жасап, спектакльдер мен концерт қоятын, тіпті ауыл тұрғындарының, әртүрлі шараларға байланысты жиналып бас қосатын бір мәдени орталықтың болмауы ұят-ақ. Туған ауылымызда мә­дениет ошағын тездетіп салу туралы пікірлерді біз де шамамыз келгенше қолдап жүрміз. Сол клубты тездетіп салып және сол мәдениет ошағына – туған ауылымыздың өнері мен мәдениетін дамытуға шексіз үлес қосқан, халық театрын ұзақ жыл басқарып, оның режиссері болған жерлесіміз Саясат Жұманиязовтың атын берсе қандай жарасар еді.

Ербол САХИТҰЛЫ,

академик, әл-Фараби

атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

тарих ғылымының кандидаты

829 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы