• Тарих
  • 25 Қараша, 2021

БАТЫР БАЙҚАЗАҚТЫҢ ЖОҚШЫСЫ

Шалқар қаласында тұратын Абай Ноғаевты танып білгелі ширек ғасырдан асты. Орынбор қаласында  ауыл шаруашылығы техникумында білім алған соң Тбилиси қаласында әсери борышын өтеді, Литвада Сничкус атом электр стансасын салуға қатысты. Елге аман-есен оралған соң, аудан орталығында  жан-жақты тіршілігімен тұрғылықты халық алғысына бөленген көп салалы мекеме – жылжымалы құрылыс колоннасында автокөлік жүргізді, құрылысшылықтың қыр-сырына қанықты. Қақ-соғы жоқ, тапсырманы мұқият орындайтын жігіт біршама кәсіпке бейімдігін байқатты. Еліміздің егемендігі жарияланып, нарықтық экономикаға бірыңғай бет бұрған шақта біздің кейіпкеріміз «Үкімет өлтірмейді» деген қасаң қағиданың күні өткенін аңғарды.
Рас, бастапқыда қиындықтарға кезікті. Сөйтсе де алдына қойған мақсатқа жету үшін мойымай ілгері ұмтылды. Табандылық пен ізденіс жемісін берді: Абай – бұл күнде өлкеге ­танымал кәсіпкерлердің бірі. Ішкенге мәз, жегенге тоқ болып жүретін самарқаулар санатынан емес, үнемі сергек қалпында. Сол үшін де оны тұрғыластары қадір тұтады, пікірімен санасады. 

Ноғаев – қаланың Ұран Бақтыбай, Әйтеке би, Сарышолақ ­Боран­байұлы көшелерінде төрт дүкенді, монша мен қойманы біріктірген «Сұңқар» сауда желісінің қожайыны. Бұдан өзге иелігінде үш жүз орындық «Әсем» мейрамханасы, елу орындық «Сұңқар» қонақүйі бар. Балғасын қыстағындағы «Баубек» шаруа қожалығында төрт түліктің саны артып келеді. Осылайша Ноғаевтың сексенге тарта адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтсақ жеткілікті.

Жол түсіп Шалқар жаққа бара қалсақ кез­дескен үлкен-кішіден Абайдың қайы­рым­дылығы жайлы әңгімелерді естіп риза боламыз. Жұмыс кабинетінде қабыр­ғаға жағалай ілінген облыс және аудан әкім­дерінің Алғыс хаттары – соның айғағы. 2008 жылы «Шалқар ауданының Жыл адамы» атағына ие болған, «Қазақстан Респуб­ликасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған. Бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі бағытында өткізілген «Парыз» конкурсында Дипломмен марапатталды.

Айналасындағы адамдарға қол ұшын беруді мақсат еткен азамат әлеуметтік жағынан аз қамтылған 150 тұрғынға азық-түлік пен күнделікті тұрмыста қажет тауарларды төмен бағада өз көлігімен жеткізіп беруді қамтамасыз етті. «Алғыс айту» күнінде он адамға азық-түлік себетін ұсынды. Айтарлықтай әбігерге түсірген коронавирус індеті тұсында Шалқарда жабылып қалған аурухана ғимараты қайта жөндеуден өткізілді, соның ­жиырма бөлмесіне қажетті жиһаз Ноғаев басқаратын серіктестік қаржысына жасалды. Серғали есімді жұмысшының әйелі қайтыс болды, екі баласының біреуі үйленген, мұндай жағдайға Абай бейжай қарай алмады: қамкөңіл жанның отбасына жеке үй сатып алуы үшін қаржылай демеушілік жасады.

Біз кәсіпкер Ноғаевтың шапағатты істерінен біраз мысал келтірдік. Ол туыс-бауырларын маңайына үйіріп, жарастығы мол әулет тірегіне айналды. Балалары Нұрбек пен Гүлсезім – шаңырақ көтерді, Нұрлыбегі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін бітіріп, мамандығы бойынша еңбек етеді, Сұңқар мектепте оқиды. Інісі Нұрболаттың келіншегі Ақнұр дүниеге әкелген сәбиге ырым қылып, Шекті бабаның бір баласы Баубектің есімін берді.

Ноғаев өзінің құлашын созып, еңбек етуіне, сөйтіп ел-жұртқа танылуына ел Тәуелсіздігі мүмкіндік бергенін жақсы түсінеді. Көзі ашық, көңілі ояу жігіт жаңа кезеңнің әдемі сипатын пайдаланып, балаң кезден үлкендер әңгімесімен санаға сіңген батыр баба Байқазақты тірілтуге күш салды.

Біз оқырманға түсінікті болуы үшін тарихтан аз-кем сыр шертейік. Кіші жүздің бір тармағын құрайтын Әлім бабамыздың бәйбішесі Құба анамыздан дүниеге келген Қарамашақ аталығы кейін Төртқара аталып кетті. Олай болатыны оның бауырынан өрбіген ағайынды Оразгелді, Ораз, Жаншүкір, Қараш есімді төрт жігітке байланысты. Жаншүкірден Сабытай, одан Майлық дара туады. Майлықтан – Қасым, Торым, Қойлыбай. Жоңғар басқыншыларына қарсы бір соғыста ерлік көрсетіп, алдына жан салмаған қара кісі – Қасым батыр. Содан ел аузында оның бес ұлы «Бес қаракісі» аталып кетеді. Біздің кейіпкеріміз Байқазақ осылардың біреуі Мазыдан. Яғни Мазы – Қасқатай – Жолдасбайдан Байқазақ, Қазақбай, Садақбай, Қаптағай, Шуақбай, Қарсақбай, Шала деген жеті ұл, Көлдей деген бір қыз туады. Ағайынды жеті жігіт жаудан беті қайтпаған батыр, палуан, ақын, әнші болған.

Байқазақтың ерекше қайратты жаужүрек боларын туған нағашысы, әйгілі Жанқожа батыр бала кезінде байқаған. Сүйсінерлік жай – ежелгі Ырғыз – ­Жармола аймағының жұрты есейіп, ерлігімен дараланған бұл кісіні «Қызылжардың қабыланы» деп атаған. Жотасына егізқос бесік орналасатындай төртбақ денелі, қорғасын мүсіндей сұсты болыпты, қою қасынан ұзын өскен талшықтары көзінің алабын жауып, аясын қаракөлеңкелеп тұратын көрінеді. Ашудан буырқанғанда ащы айқайынан аяғы ауыр әйелдер қатты үрейленген деседі.

Кезінде Есет Көтібарұлының патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы көтерілісіне, Қоқан және Хиуа бектеріне қарсы шайқастарға қатысқан Байқазақ ­батыр ерлігі жайында ел аузындағы әңгімелер ұрпақтан-ұрпаққа жетті. Мына мысалдың өзі көп жайды айғақтаса керек. Жанқожа батыр жасы ұлғайған шағында Әлімнің 40 батырын жинап, солардың көзінше жиені Байқазаққа батасын беріп, алмас қылышын сыйға тартқан.

Баба жорыққа көбіне-көп өзімен бірге інісі Садақбайды алып жүреді екен. Садақбайдан Пірасыл туады. Бұл кісі тумысынан сары кісі бопты, сондықтан жеңгелері Ноғай деп кетсе керек. Ноғаевтар әулетінен есімін мақаламыздың тақырыбына шығарған шалқарлық белгілі кәсіпкер Абай ініміз шығады. Оның Байқазақ бабаны іздеп, елге мәлім етуінің бір себебі осындай туыстықтан.

Атадан алтау туады, оның бәрі бірдей өткен шежірені қотарып, өлгенді тірілтуге жүйрік болмасы және анық. Абай болса өзінің негізгі тірлігін тоқтатпастан данқты бабаны мәңгі есте қалдыру шаруасын қолға алды. Ол үшін ең алдымен «Байқазақ батыр» қоғамдық қорын құрып, Банкте дербес есепшотын ашты. Жүргізілген үгіт-түсінік жұмыстары нәтижесінде заңды есепшотқа батыр ұрпақтарынан, ынталы адамдардан, қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдарынан ерікті түрде қаржы жинақтала бастайды.

Кәсіпкер азаматтың ниеттес ағайынды жұмылдыруы, ойға-қырға шапқылап, тынымсыз қимылдауы, билік органдарымен тіл табысуы зая кеткен жоқ. Шалқар қаласы әкімінің 1999 жылғы 2 маусымдағы №178 шешімі негізінде аудан орталығының солтүстік-шығыс бетіндегі Қазан көшесінің атауы Байқазақ батыр болып өзгертілді. «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшылығы 2016 жылғы 17 тамыздағы №16-02-07/733 санды хатымен халықаралық маңызы бар «РФ шекарасы – (Самара) – Шымкент» автомобиль жолының 1131-шақырым телімінде Ырғыз ауданы Қызылжар ауылдық округінің Құрылыс ауылына бұрылатын жерде жол белгісін орнатуға және жолаушылар аялдап, Құран бағыштауға арналған орын үшін жазбаша келісім хат берді. Бұл күнде халықаралық автокөлік дәлізі бойындағы ерекше сипатты көркем белгі өткен-кеткен жолаушыға еріксіз мойын бұрғызады. Қызылжар ауылдық округі қоғамдастық жиналысының 2015 жылғы 26 тамыздағы хаттамасымен батыр кесенесін салуға келісім беріледі. Зәулім кесене қысқа мерзімде салынып, алдына мәрмәр тастан ескерткіш орнатылды. Әрине, бұл ­шаруалар көпшіліктің, еңбек ұжымдарының бірігіп қатысуымен орындалды десек те, істің басы-қасында тікелей ұйытқы болып жүрген Абай Ноғаев болатын. Жоғарыда айтылған жұмыстар сәтімен аяқталған соң, алыс-жақын ағайынды шақырып, Ас беруді ұйымдастырған да осы жігіт.

Біздің кейіпкерімізді мазалап жүрген тағы бір мәселе – Ырғыз ауданындағы Қызылжар ауылдық округінің орталығы Құрылыс ауылының атауын Жанқожа батыр есіміне өзгерту. Ауыл кешегі Кеңес Одағы дәуірінде Калинин атындағы кеңшар орталығы болып, «Бүкілодақтық ақсақал» аталған тұлғаның тегін иеленді. Бертін келе «Құрылыс» атауына өзгертілді.

Осы аймақта әйгілі «Қызылжар қабыланы» – Байқазақ Жолдасбайұлы өмір сүрген. Кіші жүздің алты ата Әлімінің ортасында аты шыққан дарабоз Жанқожа қапыда патша жендетінен қаза тапқанда дұшпаннан кегін алып, есе қайтарған Байқазақ қой бұл. Содан үстінен Орынбор губернаторына қайтадан арыз-шағым түсе бергендіктен жаужүрек баба екі жыл түрмеде жатып шығады. Осындай тағдыр иесінің кесенесі ауылдық округ аумағында.

Әрине, елді мекен атауын өзгерту бірден шешіле салмайды. Ол үшін, ең алдымен, тұрғылықты халықтың келісімі қажет. Құрылыс ауылы тұрғындарының алғашқы жиналысы 2011 жылдың 12 қазанында өткізіліп, көпшіліктің қолдауымен елді мекенді батыр есімімен атауға шешім қабылданады. Шешім негізінде ауылдық округ әкімі А.Сарин ауданның сол тұстағы әкімі М.Дуанбековке 2011 жылдың 17 қазанында №11-1/260 санды хат жолдайды. Мәселе шешімін таппай өзгеріссіз қалады. Арада төрт жыл өткен соң – 2015 жылдың 21 қаңтарында бұл мәселе Құрылыс ауылы тұрғындарының назарына тағы ұсынылады. Жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жиналысы қаулысында былай деп нақты түйінделді:

«2. Қызылжар ауылдық окургінің ­Құ­рылыс елді мекеніне елінің, жерінің азат­тығы үшін күрескен қаһарман, ұлт-азаттық көтерілістің батыры, ақын Байқазақ батыр есімін беру бірауыздан мақұлданды».

Сөйтсе де ерлікті қастерлеу, тарихи тұлғаны мәңгі есте қалдыру мәселесі кешеуілдей берді. Басын ашып айтар жай – бұл арада қанға сіңген рушылдық, жікке бөлінушілік атқарушы билік органдарының түбегейлі шешім қабылдауына тосқауыл болып тұрғандай. Қайсыбір адамдар ауыл атауын сонау Кеңес Одағы кезінде осындағы кеңшарды басқарған азамат тегіне өзгерту пікірін ұстанатын сияқты. Аудан басшылығында болған жекелеген азаматтар бұл шеңберден шыға алмаған. Бір жылдары Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінде редактор болған біздің өзіміз аудан атауын ұлы би Әйтекенің атауына өзгерту жөніндегі тым-тәуір ұсыныс бірінен соң бірі өткізілген екі жиналыста мақұлданбағанына, үшінші басқосуда ғана көрнекті ғалым, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе облыстық ұйымының төрағасы Мұхтар Арынның арнайы қатысып, сөйлеген сөзіндегі орнықты уәжінен соң шешілгеніне куә болып едік. Қазіргі күнде Ырғыз ауданының әкімі қызметіндегі тарихтан жан-жақты хабары бар азамат Әділгерей Әуелбаев біз сөз еткен жайға жан-жақты сараптама жасап, әділ тоқтам жасалуына ұйытқы болады, облыстық ономастикалық комиссия оң көзқарас танытады деген ойдамыз.

Қолына бір шаруа алса тынбайтын Ноғаев батыр баба рухына араша сұрап, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі атына хат жазды. Бас штаб бастығының орынбасары, генерал-майор М.Таласов өзінің 2019 жылғы 5 тамыздағы 8/22 – жт-4-885 хатында мәселенің дұрыс шешу заңдылықтары жөнінде нақты түсінік берген. Рас, өткен жылдан бергі әлемді жайлаған пандемия кейбір түйткілдерді шешуде мүмкіндік бермеген шығар, оның бер жағында үстіміздегі жылғы халық санағына байланысты Үкімет жариялаған мораторийді бетке ұстаған болармыз. Енді бір ауылдың Құрылыс деген тар шеңбердегі атауын халық жадында ғасырлар бойына ұмытылмай сақталып келе жатқан баһадүр тұлға есіміне өзгерткен дұрыс болады деген үміттеміз.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

АҚТӨБЕ

 

2375 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы