• Руханият
  • 25 Қараша, 2021

Анасы бар адамдар...

Әрбір шығармашылық адамы, мейлі ол ақын, жазушы, суретші, композитор, мүсінші болсын өз шығармашылығында ана бейнесін көрсетеді. Шығармашылыққа жақын болмаса да, әрбір адам ана келбетін өз жүрегінде мүсін етіп соғады. Себебі ана – әлемдегі ең қадірлің, ең аяулың, ең құрметтің ғой.

Мен де анамды ерекше әлпештегім келеді. Күллі дүниеге ана атын насихаттап, ана өнегесін айтсам деймін. Ана тәрбиесін көпшілікке үлгі еткен дұрыс деп есептеймін. «Ана тілі» газетінің «Алаш айымдары» деген жанға жақын айдары бар. Шындығында әр перзентке өз анасы Алаш айымы ғой.

Анам Райхан Бизаққызы Мырзабаева 1941 жылы Нарынқол ­ауылында дүниеге келіп, тау жастанып, асқарға қолын созып өсіпті. Нағашы атам Бизақ Мырзабаев ұжымшарды басқарған, нағашы апам Сүйімхан екеуі бес перзент сүйген, берекелі, тату отбасын құраған екен. Олардың Зейнемхан, Сейдін, Уәли, Райхан, Жеңіс есімді ұл-қыздары осы күні тамырын терең жайған бір-бір әулетке айналды.

Әкем Қасен Мырзаұлымен бас құраған анам ең тату отбасының бірінің отанасына айналды. Бес бала тәрбиеледі, өсірді. Екеуі өнегелі отбасының бақыт кілті – мейірімде, татулықта, адалдықта деп сенді. Балаларының барлығын ізгілікке сүйреді. «Оқудың инемен құдық қазғандай екенін» түсіндірді. Анамның өзі ұстаз болған соң, біздің білімді, білікті азамат болуымызды аналық, ұстаздық жүрегімен тілегені анық.

Қазір анам Алматы маңындағы Есік қаласында балалары, немере-шөберелерінің ортасында бақытты әже ғұмырына шүкіршілік айтып, әулеттің ардақтысына айналған. Биыл сексен жастың сеңгіріне шықты. Пейілі кең, ақ батасын ұмытпайтын анамыздың әлі де төрімізден табылғанын қалаймыз. Өнегелі бір әулеттің ұрпағын тәрбиелеп, ­отбасы институтының бір кірпіші болып қаланған анам жайлы жүректе тұнған сыр көп. Оның барлығын бірдей ақтара алмаспын. Алайда осы бір шағын лебізімді «Ана тілі» газеті жарияласа, аналар атынан алғыс айтар едім...  

Шолпан ҚАСЕНҚЫЗЫ

817 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы