• Қоғам
  • 25 Қараша, 2021

Дәрілік өсімдік баршылық, дәрі өндірісі неге төмен?

Нұрболат Абайұлы 
«Ana tili»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында  еліміздегі дәрі  өндірісінің өте төмен екенін айта келіп, Үкіметке төмендегідей міндет жүктеді. «Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек. Отандық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісімшарттарының көлемін  арттырып, өнім түрін көбейту қажет. Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет», – деді Президент. 

Ал кейбір деректерде отандық дәрі өндірісінің 13 ғана пайыз екені айтылады. Сонда қалған 87 пайыз дәрі-дәрмек шетелдерден тасымалданатын болып тұр ғой. Елімізде фармацевтикалық 79 кәсіпорын тіркелгенімен, өндірілетін дәрінің 90 пайызы  нақты 6 зауыттың үлесіне тиесілі екен. Олар «Глобал Фарм БК», «Ромат», «Нұр-Май Фарм», «Химфарм», ­«Нобел АФФ», «Қарағанды фармацевтикалық кешені». Қалғандары шетелдерден дәрі тасып саудалайтындар болып шыққан. Елімізге әлемнің дәрі өндірісі дамыған 80 мемлекетінен дәрі-дәрмек тасымалданатыны анықталған. Олардың негізгілері Германия, Франция, Ресей, Үндістан, Италия, Словения және АҚШ секілді елдер. Отандық дәрі өндірісін дамытуды бұрындары Елбасы Н.Назарбаев та сол кездердегі Үкіметке талай тапсырып, 2010-14 және 2014-18 жылдарға межеленген бағдарламалар қабылданып, миллиардтаған қаржы да бөлінген. Бірақ одан әлі нәтиже жоқ. Тәжтажал басталғалы сырттан дәрі тасымалдауымыз тіпті артып, сәйкесінше, миллиардтаған қаржыны өзге елдер өндірісінің дамуына жұмсап жатырмыз. Ресми деректерге қарағанда, бұрынғы Кеңес Одағының фармацевтік өнеркәсібіне арналған дәрілік өсімдіктерден алынатын шикізатының 80 пайыздан астамы Қазақстан мен Қырғызстанда дайындалыпты. Әрине, бұл 80 пайыздың да басым бөлігі бізге тиесілі болған. Ендеше, сол әлеуетімізді егемендік алған соң неге тұралатып алдық?

Еліміз таулы, далалы, орманды, яғни бір сөзбен айтқанда, табиғи алуан текті болғандықтан да өсім­діктер әлеміне бай. Мәселен, елімізде 6 мыңнан астам өсімдік ресми тіркелген болса, соның 500-і, кейбір деректерде 750-і дәрілік өсімдіктер. Яғни дәрінің шикізатынан кенде емеспіз. Керекті дәрілік өсімдіктердің тұқымын алып, көбейтіп бұрынғыдай алқаптарда өсіруге де болады. Бұрынғыдай деп отырғанымыз, өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін Түркістан облысы мен Шығыс Қазақстан облысы аумақтарында дәрілік өсімдіктердің оншақты түрін алқаптарда өсіретін шаруашылықтар болған. Оларда жүздеген, мыңдаған адам жұмыс істеген. Емдік шөптерді дәрілік күші әбден толысқан тамыз, қыркүйек айларында жинап, арнайы көлеңке жерлерде кептіріп, дәрі өндіретін зауыттарға өткізіп отырған.

Кейде заманауи медицинадан жазылмаған аурулар шипасын Шығыс медицинасынан тауып жүргенін сан мәрте көрдік. Сондықтан да олардың емін тұтынатын ел тұрғындарының қатары қалыптасқан. Шамамен елдің 30-40 пайыздайы қазіргі таңда түшкіре қалса да Шығыс медицинасына жүгінеді. Мұның екінші бір себебі, заманауи медицинаның қызметі қымбат. Химиялық дәрілер адам ағзасының бір жеріне ем болғанымен, екінші бір ағзасын бүлдіреді. Ал табиғи өнімнен алынған дәрілерді дәрігер нұсқаулығына сай мөлшерімен пайдаланса адам ағзасына ешқандай зияны жоқ. Сондықтан да қазіргі таңда Шығыс медицинасымен емдейтін кейбір орталықтар тұрғындардың сұранысына қарай, еліміздің Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Түркістан, Ақтөбе, Ақтау, Семей секілді қалаларынан орталықтар ашып қойды. Өздерінің шағын зертханаларында емдік өсімдіктерден дәрілер жасап, сырқаттарды емдеуде.

Мұндай тәжірибені қазіргі таңда Азияның бірнеше мемлекеттері де қолданып отыр. Мәселен, дамыған Қытай, Жапония, Үндістанмен қатар Қазақ­стан, Өзбекстан, Қырғызстанда заманауи медицина жетістіктерімен қатар Шығыс медицинасы емін кеңінен тұтынады. Мысалы, Жапонияда 1994 жылдан 2014 жылға дейінгі 20 жылдың ішінде фарма­цевтикалық жолмен алынған дәрілерді сатып алу 2,6 есе өссе, табиғи жолмен алынған дәрілерді тұтыну 15 есе артқан. Осындай көрсеткіштерді ескерген Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәрілік өсімдіктермен жұмыс істеудің нұсқаулығын жасап, әлемнің медицина саласына таратқан. Бүгінде дүниежүзіндегі дәрілердің 40 пайызы өсімдіктен дайындала­тыны белгілі. Ендеше біздің елге де дәрілік өсімдіктерге фитохимиялық талдаулар жасалып, олардың құрамын, емдік құндылығын анықтауымыз қажет. Алысқа бармай-ақ көрші Ресейдегі жағдайға көз салсақ, оларда бұрыннан белгілі 2000 дәрілік өсімдіктің 500 түріне осындай зерттеу жұмыстары жүргізіліпті. Ендеше, ел үкіметі өзімізде өсетін емдік өсімдіктер қатарын зерттеп, оларды қорғауға алу үшін арнайы қаулы қабылдауы қажет. Әйтпесе, табиғи элементтерге бай өсімдіктерімізді бүгінде қара нарықта саудалаушылар қатары көбейді. Дәрілік шөптерді бей-берекет қазып, Қытай асыратындардың қатары артты.

Түйін

Ал бастапқы айтпақ мәселеге қайта оралсақ, ел тұрғындары тапқан табысының 30-40 пайызын дәрі-дәрмекке жұмсайды екен. Шетелдерден тасымалданатын дәрілер доллар бағамына тікелей тәуелді болғандықтан  жанға шипа заттардың аса қымбаттығы айтылып та, жазылып та жүр. Ендеше, елдің әлеуметтік және салауаттылық сапасын арттырамын десе, ел үкіметі дәрі өндірісін дамытуды биолог, биотехнолог, фармацев ғалымдармен бірлесіп қолға алғаны жөн.

1574 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы