• Тіл
  • 25 Қараша, 2021

СӨЗЖАСАМ ІЛІМІН ІЛГЕРІЛЕТКЕН

(Ұлттық Ғылым академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Нұржамал Оралбайқызының ғылыми шығармашылығының ауқымы кең, сан салаға тармақталған.  Қазақ тіл білімін дамытуға үлкен үлес қосып, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретуде еңбегі сіңген ғалым қаламынан сегіз монография, он бір оқулық, он бес оқу құралы, он бір оқу бағдарламасының, екі жүзге тарта ғылыми мақалалардың тууы тіл білімі білгірінің әралуандығын көрсетері анық. 

Профессор Н.Оралбайқызы қазақ тілінің морфология саласын зерттеуде ірі-ірі ғылыми табыстарға жетіп, морфология теориясын ғылыми жаңалықтармен жаңғыртқаны баршамызға белгілі. Бір кездері ғылымда сөздің аналитикалық формасы үндіеуропа тілдеріне ғана қатысты саналып, «түркі туыстас  тілдерге қатысы жоқ» деген теория орын алып  келген болатын. Осындай жағдайда Н.Оралбайқызы қазақ тілінде сөздің аналитикалық формасы барын дәлелдеп, қазақ тіл біліміне үлкен жаңалық еңгізген еді.

Н.Оралбайқызы қазақ тіл білімін қазақ тілін орыс тілі заңдылықтары тұрғысынан зерттеу нәтижесінде қазақ тіл біліміне «вид» категориясы теориясын енгізуге тырысқан жалған ағымнан арылтты. Осы реттегі зерттеу нәтижесінде қазақ тілінде «қимылдың өту сипаты» ­категориясы барын дәлелдеп, оның мағыналық құрамын, категориялық мағыналарының берілу жолдарын көрсетіп, көрсеткіштерін анықтады. Ғалымның осы мәселедегі зерттеуі морфологияның бұрын белгісіз жаңа грамматикалық  категориясын ғылымға қосып, ол морфология оқулықтарынан (1974–2002 жж.) орын алып, әбден танылды.

Қазақ тіліндегі етістіктің грамматикалық құрылысында аналитикалық форманттардың кең орын алатындығын жоғары ғылыми-теориялық деңгейде зерделеп, 1971 жылы қорғаған «Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» атты докторлық диссертациясында ұсынған идеялары ғылыми жұртшылықтың ерекше назарын аударған еді. Тек қазақ тіл білімі емес, жалпы түркологияда да шешімі әртүрлі пікір қайшылықтарын тудырып жүрген мәселеде  жаңа бағыт ұсынды. Оған ғалымның «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формалары», «Қазіргі қазақ тіліндегі аналитикалық форманттардың құрылысы мен мағынасы» атты монографияларындағы ғылыми зерттеулері дәлел болады. Сондай-ақ «Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары», «Қазіргі қазақ тілінің морфемалары жүйесі» монографиялық еңбектері де грамматика теориясын толықтырғаны анық.

Н.Оралбайқызының ғылымға қосқан ірі жаңалықтарының бірі – нөлдік морфема мен нөлдік форма мәселесі. Бұл ғылымдағы жаңа идеяны ғалым алғаш 1975 жылы Бүкілодақтық тюркологиялық конференцияда баяндама жасап, бүкіл тюркологтардың алдына қойып, олар бұл теорияны қостаған болатын. 1986 жылы «Қазақ тілінің морфемалар жүйесі» атты монографияда «Нөлдік морфемалар мен нөлдік форма» мәселесіне еңбектің бір тарауы арналған. Бұл тарауда нөлдік морфема мен нөлдік форманың қазақ тілінің грамматикалық құрылысынан алатын орны жан-жақты дәлелденген. Профессордың ғылымға қосқан бұл жаңалығы 2002 жылы шыққан «Қазақ грамматикасында» сөздің нөлдік формасы ретінде орын алды. 2007 жылы шыққан «Қазақ тілінің морфологиясы» оқулығында морфеманың бір түрі ретінде беріліп, грамматикалық категорияларындағы алатын орны көрсетілді.

Ғалымның елеулі еңбектері қазақ тілінің сөзжасам мәселесімен тығыз байланысты. Сөзжасам мәселесін жаңа бағытта, жаңа ғылыми негізде жоғары дәрежеге көтерген және сөзжасам­ның кейінгі зерттелуіне соны бағыт сілтеуге, сөзжа­самға көзқарасты өзгертуге, жаңа идеяларға бастауға профессор Н.Оралбайқызының жауапты редак­торлығымен 1989 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографиясының маңызы өте зор болғанын айтуымыз керек.

Монографияда қазақ тіл білімінде тұңғыш рет сөзжасамның жалпы теориялық мәселелерінің ғылыми негізі жасалды. Бұған дейін сөзжасам жүйесі, оның жалпы заңдылықтары сөз болған емес, зерттеулердің бәрі, негізінен, жеке сөз таптарының жұрнақтар арқылы жасалуы туралы болып келді. 1988 жылы жарық көрген профессор Н.Оралбайқызының «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасамдық жүйесі» атты монография­сында ғалым қазақ тілінің сөзжасам жүйесіне толық сипаттама берді. Бұл қазақ тіл білімінде тілдің сөзжасам жүйесіне берілген тұңғыш ғылыми сипаттама болатын. Бұған дейін ол мәселе ретінде қойылған емес. Онда қазақ тілінің қалыптасқан өзіндік жүйесі ұзақ уақыт ішінде талай өзгерістерді өткізіп, қалыптасқаны дәлелденген. Ұзақ уақыт ішінде сөзжасамдық бірліктер қалыптасып, олардың қолданылуы, туынды сөздердің жасалу заңдылықтары қалыптасқаны ғылыми тұрғыда дәлелденді, сан есімдердің сөзжасам жүйесі тұңғыш рет сипатталып, оның өзіндік ерекшеліктері көрсетілді. Сан есім сөзжасам жүйесінде, негізінен, аналитикалық тәсіл қолданылады деген тұжырым еңбекке өзек болып, дәлелденіп отырады.

Жоғарыда айтқанымыздай, сан есім сөзжасамы туралы монографияда  қазақ тілінің сөзжасам жүйесі  тұңғыш рет ғылыми мәселе ретінде сөз болса, 1989 жылғы монографияда «Сөзжасамның жалпы мәселелері» арнайы зерттеліп, онда тілдің сөзжасам жүйесі екінші рет толық сипаттамаға ие болды. Профессордың еңбегінде сөзжасам жүйесі мәселесінің ішінде сөзжасамдық талдау, туынды сөздер, сөзжасам негізділігі (мотивация), сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық тип мәселелері сөз болды. Бұл еңбекте осы мәселелер алғаш рет ғылыми айналымға түсіп, өз шешімін тапты.

2002 жылы Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының грамматика бөлімі дайындаған «Қазақ грамматикасы» деген өте маңызды, құнды еңбек жарық көрген болатын. Еңбектегі сөзжасам мәселесі ғалымның басшылығымен дайындалғанын атап өткеніміз абзал. Сөзжасам мәселесі ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделіп, өте жоғары дәрежеде жазылғанын және бай тілдік деректерге негізделіп берілгенін байқауға болады.

Тағы бір ерекше айтып кететін нәрсе, 1989 жылы жарық көрген монографияда ғалым дәлелдеген көкейкесті мәселелер ғылымда танылып, одан әрі дамытылып келе жатқанын, профессор Н.Оралбайқызының көтерген жаңа ғылыми мәселелері ғалымның «Қазақ тілі сөзжасамы»  оқулығына (2002 жыл) енгені дер едік. Сөзжасам оқулығы қазақ тіл білімінің сөзжасам саласынан қазақ тілінің келешек мамандарына толық білім беруді көздейді. Сөзжасам пәнінен студенттерге жан-жақты толық білім беру – оқулықтың негізгі мақсаты болып айқындалған. Оқулықта сөзжасамның жалпы теориялық негізгі мәселелерінен жеткілікті дәрежеде мағлұмат берілген. Ол сөзжасам теориясының зерттелмеуімен байланысты болды. Осы жағдайлар ескеріліп, оқулықта сөзжасамның мәселелері толық қамтылған. Оқулықта сөз таптарының сөзжасамына да орын берілген. Өйткені морфология оқулығында сөз таптарының сөзжасамы толық ашылмаған болатын. Сондықтан ұсынылып отырған оқулықта сөз таптарының сөзжасамы ғылымның соңғы деректері деңгейінде беріліп, әдістеме ілімінің соңғы жетістіктеріне сай модульдік жүйе негізінде жазылған.

Профессор Н.Оралбайқызының тіл білімі теориясымен қатар, қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымына да сіңірген еңбегі ерекше. «Орыс тіліндегі мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі» (1996) атты оқулықтың жарық көруі ұлттық мектептердегі қазақ тілін оқыту әдістемесін дамытудың алғашқы бастауы болды деп толық айтуға болады. Ғалымның бұл саладағы ілімнің ғылыми-теориялық негізін жасаудағы еңбегінің жемісі ретінде қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқытуға арналған оқулықтардың, оқу, оқу әдістемелік құралдар мен оқу бағдар­ламаларының көптеп жарық көруіне себеп болғанын байқаймыз.

Өнегелі ұстаз-ғалым ғылыми кадрлар дайындау ісіне де елеулі еңбек сіңірген қайраткер. Тіл білімі теориясы мен әдістеме ғылымы бойынша жиырмаға жуық ғылым докторлары мен алпысқа жуық ғылым кандидаттарын дайындаған ғалымның шәкірттері республикамыздың жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек етуде.

Тіл білімінің білгірі, көрнекті ғалым өзі зерттеген салалары бойынша әрқашан да жаңа бағыт, тың идеялар ұсыну арқылы нағыз ғұламалыққа тән қасиеттерін көрсетіп, ғылымдағы өз мектебін қалыптастырған ғалым еңбектері әлі де тіл білімінің кәдесіне жарары сөзсіз.

Жалпылай айтсақ, монографиялық еңбектерде, академиялық грамматикада, сондай-ақ оқулық­тарда орын алған ғалым еңбектерін негізге ала оты­рып, профессор Н.Оралбаеваның қазақ тіл білімі сөзжасамының жеке сала ретінде танылып, қалып­тасуының негізін қалаушы ғалым деуге әбден болады.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

академик,  филология ғылымының

докторы, профессор

173 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы