• Руханият
  • 25 Қараша, 2021

ТЕМІРҚАЗЫҚ

Қостанай облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының бастамасымен, «Саналы ұрпақ – 2050» қоғамдық қоры ағартушы атындағы жоғары оқу орнында өткізген «Ыбырай Алтынсариннің қоғамдық сананы дамытуға қосқан үлесі» атты ғылыми-практикалық конференция­сында баяндама жасадым. Жоғары деңгейде өткен шарадан кейін, Қостанай қаласынан жеті шақырым жерде, Тобыл өзенінің бір иінінде ғұлама ұстаздың ­басына ақ мәрмәр тастан соғылған мавзолейінде ­болып, әруағына құран бағыштадық. 

Ағартушының мәңгілік қасиетті орнын ұрпақтары зор құрметпен абаттандырыпты. Сапар барысында ғалымның мемориалдық мұражайымен таныстым. Мұражай ұлт ұстазының өмірі мен педагогикалық, ғылыми, қоғамдық қызметі, шәкірттері мен ізбасарлары туралы бай деректерімен толтырылғаны ерекше назар аудартты. Ыбырай Алтынсариннің отбасы қолданған төсекқабы және «Шариат-ұл-Ислам» (Тәңірі заңдарының ережелері) кітабының түпнұсқасы музей қорының баға жетпес жәдігерлерінің бірі екен. Мұражай қызметкерлері биыл ұлы ұстазға бас иіп, тағзым етушілердің қарасы ерекше екенін аса мақтанышпен айтып отыр.

Білім және ғылым министрі ­Асхат Аймағамбетовтың «Үздік педагог – 2021» республикалық байқауының қорытындысын осы ұлы ағартушының туған жерінде өткізуінде де үлкен мән бар.

Алаштың рухани көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатовқа қойылған еңселі ескерткіш алыстан көз тартады. Жанында арнайы көлемді тақтаға аталған қайраткерлердің рухты оятатын, мәңгі өлмейтін ғибратты сөздері жазылған. Жалпы Қостанай қаласында Қазақ тарихына деген құрметті осындай зәулім ескеркіштердің көптігінен байқауға болады.

Қостанай өңірінде таңғаларлық бір жайт – оқу орындарында, демалыс кешендерінде Ыбырай Алтынсариннің түрлі көлемде кескінделген мүсіндері, тіпті көпқабатты үйге салынған муралы, қаланың әр түкпірінен кездесетін «Бір құдайға сыйынып, Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге, ықыласпен тоқылық» деген өсиеті қазақ қоғамына білім мен иманның, елге қызмет етудің әлі де маңызды екенін әр жерде ескертіп отыратын сияқты. Мүсіндер мен суреттер осындай ұлы тұлғаға халық арасында шынайы махаббаттың әрі құрметтің бар екенін айқындап тұр.

Ыбырай Алтынсариннің күрескерлік кезеңі орыс империясының қазақ жерін екпінді отарлау кезеңімен сәйкес келгендіктен, ұлт ұстазы Ыбырайдың қазақ даласында мектеп ашу ісі оңай болмады. Осындай болашағы бұлыңғыр заманда халық ішінде мектептің, бала оқытудың пайдасын тез ұққандар да, баласын мектепке беруден тартыныңқырағандар да болды. Осыған қарамастан «заман осылай болған соң, амалын тауып, мүмкіндігі бар жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек» деген Ы.Алтынсарин өз ісін жалғастыра берді.

Отаршылар мен жергілікті биліктің кедергісіне ұшырай жүріп, Ыбырай Алтынсарин 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде төрт жыл бойы жинаған ақшасына қазақ мектебін ашады. «Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды және оған қазақтың тамаша, сүйкімді, ­зерек 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды, тіпті жазуды меңгеріп алды» деп жазады Ыбырай Алтынсарин.

Қазақ балалар әдебиетінің атасы, ақындық шығармашылығында қазақ жастарын, ең алдымен, оқу, өнер-білім, техниканы игеруге шақырады. Ал оқуға мойын бұрмайтындарды ұстаз аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ пен қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады. Оқу, білім өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді. Өз ұлтының жанашыры Алтынсарин шәкірттерді адамгершілікке, адал еңбекке, Отанды сүюге тәрбиеледі.

Ағартушы Ыбырай Алтынсарин қазақ халқына білім беру ісі бастауыш мектеппен ғана шектеліп қоймай, қазақ балаларының университеттерде оқуын қалады. Ғұлама ұстаз қазақ халқын көрші елдің білімін, техникасын игеруге, орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектептер ашып, оған орыс алфавитінің негізінде оқулықтар жазды. Өзі сабақ беріп, жаңа талапқа сай келетін мұғалімдер дайындауға күш салды. Оқу ісін өзі қандай жанын сала жақсы көрсе, өз ­инспекциясына қарасты мұғалімдерден де тап соны талап етті. «Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі», «Мен жақсы мұғалімді бәрінен де қымбат бағалаймын» деп жазыпты Ы.Алтынсарин.

Педагог бейнесі Ыбырай Алтын­саринді қатты алаңдатқан. Мәселен, «Ақтөбе екі кластық мектебінің меңгерушісіне нұсқау хатында» Ы.Алтынсарин мұғалімдерге мето­дикалық әдебиеттер мен педагогикалық журналдарды міндетті түрде пайдалану керектігін ескерткен. Ұстаздың аудиториямен байланысы хақында мынадай тұжырымды пайымдаулар қалдырған: «оқушылардан оқығандарын қайталап сұрап отыру қажет», «балалармен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ сөйлесу, әрбір нәрсені де ықыласпен, түсінікті етіп түсіндіру керек, мәнерлі сөз қажет, орынсыз терминдерді қолданбау керек».

Ыбырай мұғалімге аса сезімтал, бала жанын жазбай танитын адам болу қажет екенін айта келіп, оқу-тәрбие саласында ізденбейтін мұғалімдер туралы былай деп көрсетеді: «Мұндайлар оқушыларды адас­тырады. Содан кейін қойылған сұраққа оқушылардың ­жауап бере білмегеніне ренжіп, өздері де ашулана бастайды, тіпті оқушыларға өшігуге дейін барады. Осыдан кейін, оқушыларды бұрынғыдан да адастырады, мүлде шатастырып, оларды ешбір жауап бере алмайтын халге жеткізеді». Ал сабақ беруге нашар мұғалімдерді «баламен түсінісуге шорқақ, дарыны жоқ адам» деп сипаттайды. «Тәлім-тәрбие, оқыту ісінің нәтижесі шәкірттерден гөрі мұғалімдерге көбірек тәуелді. Күнәнің ең үлкені – бала жанының нәзік қылдарын дұрыс сезе алмайтындарда. Оқушылардың түсінбеушілігін өз күнәсі деп білмей, оқушылардың зер салмайтындығынан немесе топастығынан деп білетін мұндай оқытушылардың қатты адасатындығы айтпай-ақ түсінікті» деген қорытындыға келген.

Қазақ публицистикасының бастауы – Ыбырай Алтынсариннің 4 бөлімнен тұратын алғашқы «Қазақ» газеті. 1880 жылы жобасын дайындаған, 1-ші нөмірін қолмен жазып шығарған. Алайда газетті шығаруды әрі қарай жалғастыруға отаршылдық саясат мұрша бермеген. «Қазір жан дүнием құлазып, өте көңілсіз жүрмін. Көмек күткен үкімет орындары қолдаудың орнына заңды да, заңсыз жолдармен мені қудалауға салып отыр. Бұдан кейін қандай әділдік күтуге болады» дейді ағартушы Ыбырай сол уақытта. Бірақ ол күрестен қажыған жоқ. «Елді қараңғыдан жарыққа шығаратын – жас­тар, тек қана жастар» деген сенімі зор болды.

Бұл Қостанайда өткен халықаралық конференция барысында жүрекке қаттап қайтқан ойымыз. Жиын барысында «Томпақ-2» планшетін таныс­тырдым. Осы жобаның методикалық жетекшісі ретінде планшетке ­Ыбырай Алтынсариннің балаларға арнаған еңбектерін молынан салдырған едім. Ұлы ұстаздың методикасы бойынша сауат ашу үшін әліппесін де осы планшеттен табуға болады. Жалпы планшеттегі бағдарламалар мемлекеттік мектепалды білім беру стандарттарына сәйкес анимация және видео түрінде жасалғандықтан, көрермен көп қызықты. Көпшілікпен бірге Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған әнгімелері тыңдалып, ұлы ұстаздың еңбектері әлі де қазақ қоғамына керек екеніне көз жеткіздік.

Ағартушы Ыбырай – сол уақыттағы қазақ баласының Темірқазығы еді. Ол бүгінгінің де жарық жұлдызы, Темірқазығы.

Раиса ТОЛЫҚБАЕВА

995 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы