• Руханият
  • 25 Қараша, 2021

CАЙЫН ДАЛАНЫҢ САЙЫНЫ

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ
«Ana tili»

Алматыдағы Ұлттық кітапхана залында Сайын Мұратбековтың 85 жылдық мерейтойына орай, ­жазушыны еске алды. Шараны Қазақстан Жазушылар одағы, «Қазақ әдебиеті» газеті мен Алматы облысының мәдениет басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Сайын Мұратбеков Кеңес дәуірінен бері оқырманның шынайы махаббатына бөленген, ең көп оқылатын жазушылардың бірі. Стилінің қарапайымдылығымен, әсіресе соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің айнасындай туындылары, қазақ әдебиеті оқулығына, кез келген хрестоматияға енгізуге сұранып тұрады. «Содан да қазақ мектебін тәмамдаған жеткіншек біткен Мұратбеков прозасына қанығып өседі» десек,  артық айтқандық емес. Кеште сөз алған қаламгерлер, шығармасында мөп-мөлдір тазалықты әспеттеген жазушы, өмірде де айналасына адалдықпен шуағын шашып өткенін сөз етті. 

 

Еске алу кешін ашып, жүргізген белгілі жазушы  Жүсіпбек Қорғасбек Мұратбеков шығармасына біршама тоқталып өтті. «Соңғы екі жылда Абай атамыздан бастап, әдебиетке қатысты елімізде үлкен-үлкен шаралар өткізілді.  Әлеуметтік желіде былтырдан бері «Мұратбеков прозасын оқимыз» дегендер көбейді. Ол Сайын ағамыздың шығармашылығына оқырманның көңілі суымағанын, суымайтынын көрсетті.

Тәуелсіздікке дейін де, кейін де шығарманы  тақырыбына қарап бағалайтын үрдіс бар. Ол да керек. Әлеуметтік мәселе, адам тағдыры, ерекше тарихи оқиғаны жазды дейміз. Мұратбеков туындылары ондай тақырыпқа бөлуге келмейді. Уақытқа да, заманға да бағынбайтын әдемі көркем дүниелер туғызды. Бұрынғы Кеңес Одағы көлемінде салыстырсақ, Фазиль Искандер секілді жазушылардан бір мысқал да кем еместігін білеміз. Тағы да сол Кеңес кезінде көркем шығармалар туралы жазудың өзіндік тәртібі бар болатын. Бір жазушыны мақтасаңыз, соңында аздап сынап қоюыңыз керек.  Ағамызды да мақтап-мақтап келіп, «үлкен тақырыптарға бармайды, ауылдың көлемінде қалған» деп қайырғандарды көрдік. Осынша талантымен сол әйгілі тақырыптардың жалынан ұстаса керемет дүниелер туар ма еді, деген ниет. Дегенмен сол сыншылардың ішінде, «жоқ, бұл Сайынның тақырыбы, оны бұзбаңдар, басқаны жазса жақсы жазушыдан айырылып қаламыз» деп әділін айтып, қолдағандар да болды.

«Жусан иісіндегі» тобығын тайдырып алған Аянның, балалардың артынан қалай жүгіргені, содан жаны  қиналып кеткен кезде: «Әй, тоқтаңдаршы, мен сендерге тағы бір әдемі ертегі айтып беремін» деген сөзі Сайын Мұратбековтың табиғатын көрсетіп тұр. Ол туралы Ұзақбай Доспамбетовтің де жазғаны бар. «Жабайы ақ алмадан қымыздың иісі шығады» дегені де керемет. Өйтіп бұрын-соңды ешкім жазған жоқ. «Қаршылдатып жеген кезде тісіңді қармап алады» дейді. «Иттің күшіктегені біз үшін мейрам болды» деп шығарманың ішіне жетектеп алып кетеді оқырманын», – деді Жүсіпбек Қорғасбек.

Жазушы Нұрдәулет Ақыш та Сайын Мұратбеков шығармаларымен ауылда жүргенде танысыпты. Ол өз естелігін былай жалғастырды: «Ауыл оты» деген кітабындағы бір кейіпкер, ауылдас бір келіншекті ұнатып, шөп қораның ішінде, шөпке белуарынан кіріп терезесіне телміріп отырады екен. «Мен де сөйтсем бе?» деген қиялға баттым. Бірақ жақын маңда ғашық болған қыз көрінбейді. Сондай кітаптың әсерімен өскен қазақтың қара баласымыз.

Ағамыз жастарға қамқор еді. Бекен Ыбырайымов «Қайда жүрсің, сені редактор іздеп жатыр» деп біреуі артымда, біреуі алдымда қашқынды ұстағандай алып кірді. Жүзі жылы, дауысы сазды, келбетті кісі еді ғой. Жазғандарым ұнаған болу керек, «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке алу үшін іздетіпті. Бір жолы лездемеде, «Қызыл сырнай» деген әңгіме жатыр, соны неге бермейсіңдер», – деді. Таптық, жарияланды. Авторы сол кездегі өрімдей жас, қазіргі белгілі жазушы Қуандық Түменбаев екен. Тағы бір жолы,«анау жас скрипкашы қыз шығып жүр. Мен оның концертін тамашаладым.  Өнер бөлімі не істеп жүрсіңдер, сол қызды бермейсіңдер ме?» – деді. Ол сол кезде аты беймәлім, қазіргі атақты Айман Мұсаходжаева. Сөйтіп, жан-жағына жылуын шашып, қазақ біткенді бауырына тартатын. Туындылары қарапайым көрінгенмен, оқиғалары шиеленісті, психологиялық қақтығыстар, моральдық тартыстар жүріп жатады. Бояуды қалың жақпайды, тартыс, шынайы өмір бар. Бұлардың барлығының шын аты – шеберлік. Көбіне «Жусан иісі» мен «Жабайы алма» айтылады. Басқа небір жақсы дүниелері солардың көлеңкесінде қалып қоятындай. Мысалы, «Ұлтуған» деген керемет әңгімесі бар. Тұрмысқа шықпаған ауылдың қарапайым, ажарсыздау қызы. Ата-анасы қайтыс болып үйінде жалғыз қалады. Бір күні есіктің алды дүрсілдейді. Қараса Майдан есімді, ауылдағы ішіп жүретін тракторшы жігіт екен. «Неге келдің, кет», – дейді. Кетпейді. Ішіп алған. Содан жоғалып кетеді де, біраз күннен кейін қайта келеді.Екеуі тіл табысады. Қыздың жүрегінде көркем сезім пайда болады. Сосын бір күні бір үйдің алдынан өтіп бара жатса, үсті-басы кір-қожалақ, аш балалар жүреді. Сөйтсе, олар Майданның балалары екен. Үйіне жүгіріп келеді де, жаны ышқынып, Майданға «кет» дейді. Ертесінде Ұлтуғанды ол ауылдағы жұрт орнынан таба алмайды. Бір жаққа көшіп кеткен. Мінеки, қазақ қызының тазалығы, тіпті ұлылығы. Соны қарапайым жолмен жеткізеді. Осылай оқырманының жүрегін сезіммен жаулаған Сайын Мұратбеков шын мәніндегі ұлы жазушы еді».

Жазушы Қуандық Түменбай Сайын туралы әңгімесін «Жусан иісінен» бастады. «Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласы» соғыс кезіндегі махаббат жайлы жыр деп жүрміз.  Одан бірнеше жыл кейін «Жусан иісі» жарияланды. Бұл соғыс кезіндегі жетімдік туралы. Ол тақырыптағы шығармалар қазақ әдебиетінде баршылық. Дегенмен, «Жусан иісіндегі» жетімдік – соғысқа айтылған лағынет. Шығарманың соңында Аянды балалар үйіне шығарып салады. «Аян енді қалада оқиды, бізді менсінбейді. Қалалық болады» деп ойлайды олар. Бірақ Аян іштей жылап бара жатыр. Ата-анасы болса ауылда қалар еді ғой.

Ресейде «Шинель» атты прозашы­лардың бәйгесі бар. Гогольді еске алу үшін өткізіледі. Биыл да «Литературная газетаға» шинел киіп шіреніп тұрғандардың суреті жарияланды, яғни жүлде алғандардың. Біз неге «Жусан иісі» деген прозашылардың арасына бәйге жарияламаймыз. Тамыр-таныстыққа жол бермей, өзіміз қазылық жасап, таза шығарманы таңдап алар едік.

«Жетісу» газетінде жұмыс істеп жүрген жерімнен, «Жұлдыз» журналына  шақырды. Ол кезде «Жұлдызға» шығу оңай емес болатын. «Сәкен Жүнісовті екі жылда бір берсең болады», – деп жымиятын. Көрші тұрдық. Бір жолы қалтасынан ыстық бауырсақ шығарып берді. Айтқаны, «жеңгең мен жаңа шығарма жазған сайын бауырсақ пісіреді», – деді. Ол кісі Орталық комитетте қызмет істеді. Кейбіреулер «Сайын қызмет қуып, жазуын тастап кетті» деген әңгіме айтады. Жаңсақ пікір. «Жол» тағы басқа біраз дүниелерін сол жылдарда жазды». 

Режиссер Жұлдызбек Жұманбай үшін де Сайын Мұратбеков шығармашылығының орны бөлек. «Мәскеуде оқуда жүргенде, ауылды, елді сағындық. Бірдеңе оқығым келді. «Жусан иісін» оқып, ботадай боздап жыладым. Оқылатын дүниені сахнаға шығару оңай емес. Сахнада мән-мазмұнын жоғалтып алуыңыз мүмкін. Төрт-бес жылдай ойымда жүрді. «Жабайы алма» мен «Жусан иісін» біріктіріп сахналауға тура келді. Езуге күлкі ұялататын Әжібектің қылықтары бар. Назеркенің махаббатын қостық. Әжібек үсті-басы қотыр, қасытайын десе жұғып кете ме деп, шимен қасытады балаларға. Ол әрекетін «жыбыр-жыбыр» атаған. Спектакль тазалық, махаббат жайлы болғасын Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрына ұсынылған. Қазір де жүріп жатыр. Онда мен ауылдағы соғысты көрсетуге тырыстым», – деді режиссер Жұлдызбек Жұманбай.

Кеште сөз алған жазушы Сәуле Досжанова, ақын Жұмаш Кенебай да жүрекжарды пікірлерін білдірді. Жазушының қарындасы Майра Мұратбекова шараны өткізушілерге алғысын айтты. Сондай-ақ жиналған жұртшылыққа Алматы облысының «Құлансаз» ансамблі өнер көрсетті.

1140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы