• Тұлға
  • 25 Қараша, 2021

ДАНА ТҰЛҒАҒА АРНАЛҒАН ДАРА ОРТАЛЫҚ

Қанша жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында тұрып, Президент орталығын көрмеппін. Соның сәті жуықта түсті. Мен барғанда Президент орталығы жаңа ғимаратқа көшіп, орналасып үлгеріпті. Бірінші қабатқа орналасқан Тұңғыш президент мұражайымен асықпай танысып шықтым. Көңілім өсіп, кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, рухым көтеріліп, басқа бір әлемге тап болғандай күй кештім. 
Еліміз алғаш Тәуелсіздік алған кезде біздің жерімізде әлемде төртінші орында тұратын ядролық арсенал болды. Үлкен күш еді ғой. Дей тұрғанмен, Елбасымыз сол жойқын қарудан бас тартуды жөн көрді. Бұл жеке өз қалауы емес, халық атынан қабылданған аса маңызды шешім. Мұражайды аралап көрген кісі осы бір саяси шешімнің неге қабылданғанын, қандай пайдасы болғанын, қалай жүзеге асқанын, соңғы нәтижесін өз көзімен көріп, жанымен сезінері анық. Ядролық қару қолымызда тұрса да, әскери держава бола алмайтынымыз шындық. Жойқын қарудан бас тарта отырып, ірі державалармен қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін келісімшартқа отыру ең тиімді жол болғанын енді түсіндік. Сол жойқын қарудан бас тарту тек қана Қазақстан Президентінің қолынан келді. Бұл ізгілікті әлемге үйрету, көрсету деген сөз. 

Тәуелсіз елдің жаңалығы да, табысы да көп. Дей тұрғанмен, оны көрсете білмесек, бізге ешқандай пайдасы болмақ емес. Осы тұрғыдан келгенде Президент орталығы Қазақстанның қасиетті орындарының бірі екені талассыз шындық. Мұражайды аралап көрсеңіз, бұған шүбәңіз қалмайды.

Президент орталығының құрылымы да, концепциясы да америкалық үлгіге жақын. Бұл, сөзсіз, әлемдегі озық үлгі. Алайда мұражайда қазақстандық нышандар айқын көрініс тапқан. Мұражайда бір-бірімен жалғасып жатқан жеті зал бар. Оның алтауына экспонат қойылған. Соңғысы алдыңғы алты залдың мазмұнын қорытындылап тұрған кульминациялық мәнге ие.

«Мәңгілік ел» деп аталатын бірінші залға кіргенде, өзімнің қашанғы қалыптасқан дағдым бойынша оң жаққа бұрыла беріп едім, мені бастап жүрген таныстырушы қыз: «Сол жағыңызға қараңыз, біз сол жақтан бастаймыз», – деп екі рет қайталады. Осы жалғыз ауыз сөз маған еркше әсер етті. Аздап көне тарихқа назар аударып жүретін әдетім бар. Ежелгі сақтар, ғұндар заманында билік оң қанат, сол қанат болып екіге бөлінетінін білетінмін. Патшалар өзінің ең сенімді уәзірін сол жағына отырғызатын, сүйікті ханымы да ханның сол тізесін басып отыратын болған. Жаңағы сөзде сол дәстүрдің лебі есіп тұрғандай, басқаша бір күйге ендім. Ондағы тарихи жәдігерлер, Назарбаев отбасының фотосурет шежіресі, бәрі де үлкен мағынаға ие. Экспонат көп емес, Президентке қатысы бар дүниелер ғана. Бірақ көрген кісіге берер әсері терең.

Айтпақшы, мұндағы көз тартатын бір жәдігер – атақты Бөлек батырдың дулығасы. Металдан бітеу құйылған шошақ төбелі дулыға. Ғалымдардың анықтауынша, тибет ұсталарының қолынан шықса керек, бір соғыста батыр жекпе-жекке шыққан жоңғар ноянын өлтіріп олжалап алған. Неге екенін білмеймін, маған бұл дулыға мұсылман шеберінің қолынан шыққандай әсер қалдырды. Осы залда Президенттің мектеп кезіндегі оқушылық өмірінен дерек беретін экспонат тұр. Орта мектептегі дипломы, жазысқан хаттары т.б. Украинадағы, Теміртауда өткен жастық шағының куәгерлері орналасқан. Мектептегі кезінің өзінде көптен ойы озық тұлғалық қасиетін осы жерден көресіз. Шамалған орта мектебіне хат жазған қытай суретшісімен жазысқан хаты соның дәлелі емес пе? 1969 жылдан басталатын басшылық қызметіндегі өсу жолы да ап-анық сайрап тұр.

«Президент жолы» залынан Елбасының 1991 жылдан басталған президенттік қызмет атқарған кезіндегі саяси өмірін жан-жақты көрсететін бірегей заттық экспонаттармен танысасыз. Елбасының тың бастамалары қалай дүниеге келді, оның нәтижесі қандай болды? Бәрі көз алдыңызда. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, Ата Заң, шекараны делимитация­лау, Қазақстанның ұлттық валютасын енгізу, тағы басқа маңызды саяси шешім кезіндегі Елбасының жан тебіренісін сезінгендей боласыз.

«Стратег жолы». Бұл залды көрген кісі ­Президент Назарбаевтың ақыл-парасатына тәнті болары сөзсіз. Көрегендікпен жасалған саяси қадамдар бұл күнде өз артықшылығын дәлелдеген. Соның бірі – 1994 жылы Астананы Ақмолаға көшіру туралы ойы. Экономикалық жағдайдың қиын кезінде бұл қадамға неге барғанын 20 жылдан артық уақыт өткен соң, енді ғана түсіне бастадық.

Мұражайдағы ерекше бір экспонат – «ортағасыр­лық қаланың философиялық көрінісі» атты кілем. Бұл түркі халықтарына ортақ философиялық ойлау жүйесінің қалай қалыптасып дамығанын көрсететін ғажайып дүние. Бірнеше минуттық қысқа уақытта сан ғасырлық мәдениет тарихын тануға мүмкіндік беретін, қазақ жеріндегі қалалық мәдениеттің дамуының медиялық көрінісі. 

1998-99 жылдары Астана бей­бітшілік қаласы атанды. Бұл жай ғана атақ емес, Елбасының көрегендігі мен қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізген мемлекетіміздің биік мәртебесі. Мұражайдан осы ақиқатты көзбен көруге болады. Елбасының 90 жылдарда айтқан «еліңді жақсы көрсең, оған дұшпан іздеме» деген мазмұндағы бір ғақлия сөзі бар. Мұражайды аралап жүріп, сол шындықпен бетпе-бет келесіз. Елбасы тәуелсіз елдің Президенті ретінде өзінің ең үлкен саяси қадамын келісіммен бастапты. ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың өларасында тарих сахнасына шыққан жас мемлекет үшін бұдан тиімді жол жоқ екенін жақсы білген. Әрине, келер заманның түрін тану үлкен көрегендік. Қазақстанның болашағы – бейбітшілікте, Елбасымыз айтқан келісім мен бейбітшілік жолы бұдан кейін де бізді алға бастай бермек. Өйткені уақыт біз үшін жұмыс істеуде.

Мұражай экспонаттарының ішінде шетелдік басшылардың Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсеткен құрметі, ұсынған сыйлықтары, медаль, наградалары ерекше назар аударады. Бұл қазақ халқына, Қазақстанға көрсетілген құрмет екенін жаныңмен сезінесің.

Тәуелсіз Қазақстанның қалып­тасып, дамуын­дағы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі мен орнын зерттеу бүгінгі буын ғана емес, келешек ұрпақ үшін де маңызды. Президент орталығы жас ұрпақ бойындағы патриоттық сезімді күшейтіп, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға негіз болатын қасиетті, маңызды институт.

Президент орталығынан Н.Назар­баевтың тұлға ретінде қалыптасу, өсу жолын, балалық ша­ғынан бастап президенттік қызметі мен тұтас өмірін көре аласыз. Өз тағдырын ел тағдырымен ұштастыра білген көреген басшы екенін, оның әлемге танылған саяси тұлғасының ар жағында бірегей кісілік болмыс жатқанын сезінесіз. Әрине, бұл екінің бірінде болатын қасиет емес, дана тұлғаға ғана тән даралық.

Президент орталығы тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылдығында еліміз қол жеткізген жетістіктерді әлемге көрсететін терезе. Орталықтың әр залынан тәуелсіз елдің тынысын сезіне аласыз. Мұндағы экраннан естілетін әр дыбыс – тәуелсіз Қазақстан халқының үні. Осы тұрғыдан келгенде, Президент мұражайы еліміздің саяси бет-бейнесін көрсететін бірегей құрылым, рухани әрі саяси орталық. Бұл тәуелсіз Қазақстанның имиджі, сондықтан да ол қазақ елі үшін қасиетті орын.

Бақытжан ОРАЗАЛИЕВ,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ ғылыми  кітапхана

директоры, философия

ғылымының кандидаты

1086 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы