• Руханият
  • 25 Қараша, 2021

АРДАГЕРЛЕР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының Алматы қаласындағы ­филиалында Қазақ телевизиясының қайраткерлері Кенжеболат Шалабаев, Камал ­Смайылов, Сағат Әшімбаев және Шерхан Мұртазаның бюсті ашылды. Сонымен бірге ғимарат қабырғасына Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы радиохабарлар және теледидар жөніндегі комитетінің тұңғыш төрағасы болған Қанапия Мұстафиннің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. 

Жиынға Кенжеболат Шалабаевтың қызы Гүлмира Шалабаева, жиені ­Ербол Аймашев, Камал Смайыловтың қарындасы Ғайнижамал Әбілдина, ұлы Сәлім Смайылов, қызы Зайра ­Смайылова, Шерхан Мұртазаның ұлы Батылжан Мұртаза мен қызы Алма Мұртаза, жиені Мәлік Отарбай, Сағат Әшімбаевтың інісі Бақберген Әшімбаев қатысты.

«Ең алдымен, ескерткіш белгі орнату арқылы өткенімізге тағзым етіп, ардагерлерімізге құрметімізді білдіргіміз келді. Екіншіден, осы аталған телевизия ардагерлерінің жолын жалғастырушы буын ретінде уақыт алдындағы борышымыз деп білдік. Ескерткіш-бюстті дәл осы филиал ғимаратынан ашу осында келетін жас жеткіншектер, болашақ мамандар, қатарымызда қызметте жүрген жас әріптестеріміз Қазақ телевизиясының басында тұрған тұлғаларымыз туралы көріп-біліп жүрсе деген ниеттен туындап отыр», – деді жиында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Бас­қарма төрайымы Ләззат ­Танысбай. Л.Танысбай телевизия қайрат­керлерінің еңбегін қайта жаңғырту мақ­сатында «Алтын қор» сайты жұмысын бастайтынын мәлімдеді.

«Бүгінде Корпорацияның «Алтын қорында» сақталған 110 мыңнан астам бейне және аудиотаспаның ішінде осы тұлғаларымыздың кезінде өздері ашқан, жүргізген, экранға шығаруға атсалысқан бірнеше хабарлары сақталған. Сол кездері ашылған «Айтыс», «Тамаша», «Терме», «Асыл мұра», «Бес ғасыр жырлайды», Сағат Әшімбаевтың «Жүректен қозғайық», «Парыз бен қарыз», ­Шерхан Мұртазаның «Ұлт және сана» бағдарламалары бар. «Алтын қордағы» осы сияқты ең құнды деген хабарларды арнайы «Алтын қор» сайтын ашып, жинақтауды бастадық. Бүгінде 1940 жылдардан бергі 1000-нан астам бейне жүктелді. Бұл жұмыстар жылдарға жалғасады», – деді Басқарма төрайымы.

Жиынға қатысқан телевизия ардагерлері Құсман Игісінов, ­Намазалы Омашев, Марат Сандықбаев, Жүрсін Ерман, Фатима Бегенбаева, Гүлмәрия Барманбекова, Қайнар Олжай шараның ұрпақтар сабақтастығындағы маңыздылығын атап өтті.

«Телевизия тарландарына өзі қызмет атқарған мекемесінде ескерткіш қойып, құрметтеу үрдісі жанданып жат­қанына қуаныштымын. 2002 жылы радио май­талманы Әнуарбек Байжанбаевқа қоладан мүсін құйылған болатын. Қазақ телевизиясының 60 жылдық тойында Совет Масғұтовқа ескерткіш қойылды. Көптің көкейінде жүрген Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза да бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын тұлғалар. Бүгінгі көрсетіліп жатқан құрмет – жас ұрпақ үшін өнегелі, ғибратты іс, халықтың көзі мен құлағы болған Қазақ телевизиясы мен радиосы үшін көрсетілген құрмет деп білеміз», – деді өз сөзінде телевизия ардагері Құсман Игісінов.

Н.БЕЙСЕМБАЕВА

1107 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы