• Тарих
  • 25 Қараша, 2021

Абдулла ГҮЛ: НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТТЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл келді. Ғылыми кітапханада белгілі саясаткер университеттің оқытушы-профессорлары және студенттерімен кездесу өткізді.
Айтулы шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ­Олжас Сүлейменов, Смағұл Елубай, Марат Тоқашбаев, Қали Сәрсенбай, Сәбит Шілдебай сынды зиялы қауым өкілдері, дипломаттар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Шара барысында сөз сөйлеген Жансейіт Түймебаев құрметті мейманға университетке келгені үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Түркияның көпжыл­дық жемісті ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.

 – Қазақстан мен Түркия – бауыр­лас мемлекет. Екі елдің қарым-қаты­насы тәуелсіздікке дейін басталған. Қазақстан егемендігін алғанда алғаш құттықтап, достық ниетін жеткізген де Түркия мемлекеті. 1992 жылы Қазақстан мен Түркия мемлекеттері ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Сондықтан біз үшін тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай және алдағы екі ел ынтымақтастығының 30 жылдығы аясында Түркия Республикасының 11-Президенті Абдулла Гүл мырзаның университетімізге келгені айрықша мәртебе, – деді университет ректоры.

Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Түркияның экс-президенті ­Абдулла Гүл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Сондай-ақ құрметті мейман Қазақстанды дамытудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елеулі рөлін айрықша атап өтті.

– Қазақстан – біздің атажұртымыз. Баршаңызды Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғымен құттықтаймын! Қазақстанның жетістіктерін біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстырамыз. Бүгінде елдеріңіз әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алып отыр. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен еңбегі. Ол халық пен елдің игілігі үшін көптеген шараларды ұйымдастырып, Қазақстанды жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде Ұлт көшбасшысының сара ­жолын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев абыроймен жалғастырып келеді.Осындай кездесуді ұйымдастырып, жылы қабылдағандарыңыз үшін университет ректоры Жансейіт Түймебаевқа және ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – деді Абдулла Гүл.

Одан әрі өз дәрісінде экс-президент: «Қазақстан өзінің жарқын болашағына нық қадам басып келе жатқан тәуелсіз мемлекет. Халықаралық деңгейде абырой-беделі бар, ішкі саясатын ұтымды дамытып отырғаны көпшілікке белгілі, осының барлығын даналықпен, көшбасшылықпен жүргізіп отырған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа, оның бастап берген ісін сәтті жалғастырып отырған Қ.К.Тоқаевқа шын мәнінде алғыс айтқым келеді. Елбасының күні кеше келелі трансформация жасап, өзінің құзыреттігін қазіргі Президентке тапсыруы оңай шаруа емес. Бұл бүкіл мемлекеттерге, дүйім жұртқа, тіпті әлемге үлгі боларлықтай оқиға. Көпшіліктің кеудесіне сенім ұялатып, тіпті үміт беретіндей үлкен қадам жасады. Осы орайда мен Қазақстанның болашағы жарқын екеніне, болашақта Азияның ең жарық жұлдызы болатынына сенемін. Қазақстанның Тұңғыш Президенті елді үлкен жетістіктерге, биік мәртебеге жеткізді. Ол барлық сыйлыққа лайық жан. Кезінде Түркі Кеңесін құрған кезде мен ол кісіге: «Сіз түркі әлемінің ақсақалы, абызысыз» дегенмін. Сол сөзім шындыққа айналды. Таяуда Стамбулда өткен саммит соның дәлелі», – деп ойын ортаға салды Түркияның бұрынғы басшысы.

Сондай-ақ дәріс барысында ­Абдулла Гүл: «Біз бір-бірімізге бауырмыз, ортақ рухани-мәдени құндылықтарымыз бар. Мұндай ұйымдар бізге жүйелі жұмыс жүргізу үшін керек. Стамбулдағы саммитке Өзбекстан мен Түркіменстанның қатысқанына өте қуандым. Түркия бұл басқосуды өте биік деңгейде ұйымдас­тырды. Осы күні Түркі кеңесі БҰҰ сияқты, соның кіші форматындағы ұйым. Әрине, біз бауыр болғаннан кейін бір-бірімізді жақсы көреміз. Демек, екі ел арасындағы байланыс пен жұмыс жүйелі түрде ғылым мен білімге негізделген қадамға бағытталғаны жөн. Осы орайда екіжақты ғылыми ізденістерді дамытып жалғастыра беруге жұмыс істеуге тиіспіз. Қазір әлем үлкен өзгерістердің алдында тұр. Бұл өзгерістердің бейбіт жолмен әрі ынтымақтастық деңгейінде жүзеге асатынына сенім білдіргім келеді. Өйткені ғаламда «big game» деп аталатын үлкен саяси ойындар жүріп отырады. Бәріңізге мәлім, бұл ойындар ХІХ, ХХ ғасырларда жүзеге асты. Сондықтан біз кез келген өзгерістердің қақтығыссыз, бейбіт түрде өтуін, шешілуін қалаймыз. Әлемдік деңгейдегі саяси тұлғалардың осындай дау-дамай, қақтығыстардың алдын алып, жалпы өзгерістердің бейбіт түрде шешілуіне жағдай жасалуына қашанда тілекшіміз. Әрине, саясаттың аты – саясат. Сондықтан саяси алаңда түрлі айтыс-тартыстар орын алуы ықтимал, ұсақ-түйек, тіпті күрделі мәселелер де бас көтеріп жатады. ­Дегенмен олардың барлығын дипломатия жолымен, халық сол қақтығыстардан залал көріп, зардап шекпейтіндей шешуге болатынына сенім білдіреміз. Әрине, қандай да бір қақтығыстарға жол бермеу үшін саяси тұлғалар ең әуелі ха­лықаралық құқыққа, халықаралық ережеге, қабылданған келісімдерге назар аударуға тиіс. Сөйтіп, бейбітсүйгіш халықтың жазықсыз жапа шекпеуі үшін барынша сабырмен, салқынқандылықпен дипломатиялық түрде шешім қабылдағаны жөн», – деді.

Кездесу барысында Абдулла Гүл білім ордасы студенттерінің қойған сұрақтарына жауап берді. Шара соңында Абдулла Гүлге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Сондай-ақ университет ректоры Жансейіт Түймебаев мейманды «Әл-Фараби» Алтын медалімен марапаттады.

Еске сала кетейік, ­Абдулла Гүл ­2002–2003 жылдар аралығында Түркияның премьер-министрі, кейін премьер-министрдің көмекшісі, ­шетел істері министрі қызметін абыроймен атқарған. Ал 2007–2014 жылдар аралығында Түркияның Президенті болды.

Еркін ҚАЛДАН

2532 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы