• Руханият
  • 25 Қараша, 2021

ЖАМБЫЛ – ЖЫРДЫҢ ЖҮРЕГІ

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай Жамбыл облысы әкімдігі ұйымдастырған «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференцияға арнайы келген ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен ­Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, өңір әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған зиялы қауым Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына құрмет көрсетті.

«Көне Тараз» тарихи-мәдени кеше­нінде өткен халықаралық конференцияда облыстық тарихи-өлкетану музейі және Жамбылтану орталығының қорынан жасақталған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты жылжымалы көрмесі, «Өлең сөздің дүлдүлі» атты фильм ұсынылды.

Халықаралық конференцияны Жамбыл облысының әкімі Бердібек ­Сапарбаев ашып, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірқатар депутаттарына, ақын-жазушылар һәм қайраткерлерге осынау маңызды іс-шараға қатысып отырғандары үшін алғысын білдірді.

– Біз жыр алыбы Жамбыл ақынның атына кір келтірмей, қай салада да абыройлы болуға күш салып келеміз. Елбасының, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес ­Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы еліміздің барлық аймағында лайықты аталып өтіп келеді. Жамбыл өңірінде де маңызды мәдени іс-шаралар өткізілді. Біз жыл басында ­«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысын өткіздік. «Жамбыл – дүлдүл, Кенен – бұлбұл» атты концерт те жоғары деңгейде өтті. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ ­драма театрында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысы» атты спектаклі көрермен назарына ұсынылды. Бішкек қаласында Қырғыз елінің Мәдениет министрі және ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен Жамбыл Жабаевқа арналған ­іс-шаралар ұйымдастырылса, облысымыздың Қа­рағанды, Алматы, Түркістан облыстарында өткен мәдениет күндері аясында көпшілік назарына жыр алыбына арналған арнайы көрме ұсындық.

Өңірімізде жыр алыбының есімімен аудан, ауыл, көше, елді мекен аталады. Білім ошағының саны жүзден асады. Сегіз жерде ескерткіші бар. Қазақтың дана жырауы Жамбыл Жабаевқа ­деген құрмет қашанда толастамауы керек, – деді Бердібек Машбекұлы.

Конференцияда ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев қазіргідей күрделі кезеңде рухани іс-шаралардың маңызы зор екенін айта келіп, соны жоғары деңгейде ұйымдастырған Жамбыл облысы әкімдігіне алғыс айтты.

– Жамбылдың өнері мен өлеңі – халқын сүюдің айшықты үлгісі. Оның жырлары көпшіліктің рухын көтереді, жігеріңді жаниды. Адамдықтың асқақ биігінен төмендемейді. ­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жамбыл – әдебиеттің асқақ, дара туған өкілі», – деп баға берді. Жамбыл жырлары отансүйгіштік қасиетті оятып, көпшілікті туған жерін құрметтеуге үндеді. «Адамдықты айт, бірлікті айт, батырлықты айт» деген ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңі – Екінші дүниежүзілік соғыстың бейресми Әнұранына айналды. Үміт берді, жеңіске жетеледі. Ал «Халық бақытын жырлап өтемін» дегені – оның өмірлік қағидасы емес пе? Ақын шығармасы елуге жуық тілге аударылды. Ақынның рухани мұралары егемен елдің көзімен қарап, баға беруді қажет етеді. Қазақстан Жазушылар одағы және Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жыр алыбының 30 томдығы әзірленуде. Құстың қос қанаты болса, адамның қос қанаты – білім мен тәрбие. Жаңа ғасырдағы қазақ келбеті осы екі қажеттілікпен сипатталуға тиіс. Қазіргі таңда идеология жоқ дейтіндер көбейді. Әрине, баяғы кеңестік кезеңде қалыптасқан идеология келмеске кетті. Қазір ақпарат көздері ашық. Ең өкініштісі, ақпараттың ақ-қарасын ажырата білмеу. Бұл ретте білімнің маңызы зор. Ал мәдениет отбасы тәрбиесінен де бастау алады. Мәдениетті қалыптастырумен мемлекет пен қоғам тізе қосып тең айналысуы тиіс. Биыл Жамбыл Жабаевтың 10 томдығы жарық көрді. Бұл әдебиетке қосылған сүбелі үлес. Еліміздің рухани-мәдени дамуы жолында Жамбыл Жабаевтың өсиеттері – айшықты құндылық, – деді Дәурен Әскербекұлы.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Жамбыл Жабаевтың мерейтойына арналған республикалық 55, өңірлік 45 іс-шара тізбегі бекітіліп, оның барлығы жоспарға сәйкес өткізілгенін атап өтті.

– Қазақстан Жазушылар одағы мен ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлесіп, Жамбыл мұра­ларын түрік тіліне аударды. Жамбыл ақын жырлары жинақталған кітап қырғыз тілінде де жарық көрді. Жазушылар одағы және ­Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жамбылдың ізімен» атты экспедиция еліміздің бірнеше облыстарын аралап, Қырғыз жерінде де зерттеулер жүргізіп келеді. Бұл іс-шаралардың барлығының маңызы жоғары. Жамбыл облысын­да ақынның мерейтойына қатысты өткі­зілген іс-шараларды да жоғары бағалаймыз. Бүгінгі конференцияның мәні зор, – деді министр.

Жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан «Ақын даңқы – халық даңқы» тақырыбындағы баяндамасында: «Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов ақын Жамбылдың жадының мықты болғанын, Жамбылдың жадында 1 миллион 200 мыңдай ұйқас сақталғанын айтады. Жыр алыбы «Өлеңмен ою оюды сөзді мініп жетілдірдім» деген екен. Жамбыл – қазақ ауыз әдебиетінің энциклопедиясы», – деді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Батыры жоқ ел бақытсыз. Ақыны жоқ ел екі есе бақытсыз. Біз бақытты елміз. Алатау десе – Жамбыл, Жамбыл десе – көз алдымызға Алатау елестейді. Жамбыл жырлары әлемнің 160 тіліне аударылған. Француздың белгілі жазушысы Ромен Роллан жыр алыбына «Жамбыл – жырдың жүрегі» деп баға берген. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер ­институты Жамбылдың 3 томдық академиялық жинағын әзірлеп, аяқтап қалды», – дей келе, өңір басшысы Бердібек Машбекұлына аталған 3 томдық академиялық жинақтың алғашқы ­даналарын сыйға тартты.

Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп: «Жамбыл – мінез. Ұлтымыздың, қазақ­тың мінезі», – десе, Мәжіліс ­депутаты ­Бекболат Тілеухан Жамбылдың барлық қазақы қасиеттерді бойына жиған тұлға екенін көрсететін ­мысал келтірді. Жазушы Жұмабай Шаштайұлы Жамбылға хатшы болған Тайыр Жароковтың ақынның өлеңдерін қайта тыңдап, түзетіп, көп ізденгенін тілге тиек етті. Қырғыз елінен келген ғалым Келдібек Койлубаев, ақын, «Ма­нас­шылар» театрының директоры Азиз Бимырза қырғыз бен қазақ елі ара­сындағы достық, бірлік, татулыққа кеңінен тоқталды. Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген, жазушы Елен Әлімжан, ақын, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы, Жамбылдың шөбересі Мұратхан Жамбылов та Жамбыл ­туралы ойларын ортаға салды.

Конференция жұмысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылап, ай­тыстың атасы Жамбыл Жабаевқа құр­мет қай кезде де толастамайтынын айтып, жиынға келген қонақтарға алғысын білдірді.

Конференция соңында Дәурен ­Абаев, Бердібек Сапарбаев, Ұлықбек Есдәулет, Кел­­дібек Койлубаев облыстық Ш.Мұртаза атын­дағы «Руханият және тарихтану» орталығы дайын­даған «Жамбыл жырау» кітабының тұсауын кесті.

Есет ДОСАЛЫ

1052 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы