• Руханият
  • 25 Қараша, 2021

ЕЛБАСЫНЫҢ ЖЕТІ ТҰҒЫРЫ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

«Тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттілікті нығайту – біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз. Сондықтан «Nur Otan» партиясы тұрақтылық пен татулыққа, әлеуметтік-экономикалық прагматизмге, орнықты дамуға негізделген және тұтас қоғамның мүддесіне сай келетін саясат жүргізуде». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында осылай деп мәлімдеді. Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында  Елбасы партия төрағасы өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстады.

– Осы жылдар ішінде қалыптасқан көп­партиялық жүйе елдігіміздің тірегіне айналды. Бұл орайда «Nur Otan» партиясының саяси салмағы басым екені анық. Біз еліміздің партиялық-саяси жүйесін біртіндеп әрі жан-жақты саралай отырып дамыттық. Барлық бастамаларымыз сияқты бұл мәселеге де ішкі дайындықпен келдік. Жүйесіз реформалар халықтың демократияға деген сенімін жоғалтып, түрлі шиеленістер тудырған және территориядан айырған жағдайлар тарихта аз емес. Тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттілікті нығайту – біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз. Сондықтан «Nur Otan» партиясы тұрақтылық пен та­тулыққа, әлеуметтік-экономикалық прагма­тизмге, орнықты дамуға негізделген және тұтас қоғамның мүддесіне сай келетін саясат жүргізуде, – деді еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы пандемияға қарсы күрес қашанда күн тәрті­бінен түспейтінін айта келіп, биылғы қуаң­шылықтың зардаптарына  да тоқталды.

– БҰҰ болжамы бойынша, климаттың өзгеруі адамзат үшін жаңа сын-қатер болмақ. Сол себепті биыл азық-түліктің әлемдегі бағасы 30% өсті. Бұл кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Аптап ыстық елімізде малдың қырылуына, жем-шөп тапшылығына, егін шығымының төмендеуіне әкелді. Қазақстан үшін су ресурстарының сарқылуы өзекті мәселе. Жалпы экология мәселесі «Nur Otan» партиясы мен еліміздің басым бағыттағы мәселесінің біріне айналуы керек деп есептеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ ол көміртегі бейтараптығы мәселесіне де тоқталды.

– Әлем қауымдастығы 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті. Қазірдің өзінде өндірісте жаңа экологиялық стандарттар енгізіліп, салық түсімдері азая ­бастады. 2030 жылға қарай 190 ел көмірден толық бас тартуды жоспарлап отыр. «Экологиялық лас» өнім бәсекеге қабілетсіз бола түсуде. Мұның бәрі экономикамыздың құрылымын өзгертуді, оған инвестиция тартуды қажет етеді. Біз энергия өндірісіне қазба отынды ең көп пайдаланатын елдердің біріміз. Көмірсутек үстемдік құрған дәуір біртіндеп аяқталып келеді. Оның орнына жасыл энергияның дәуірі ­орнайды. Мұндай жағдайда Қазақстанның дамуы инновациялардың дамуымен, цифр­ландыру деңгейімен, жаңа технологияларға қол жеткізумен, адами капиталдың сапасымен айқындалады, – деді Елбасы.

Елбасы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығы­мен іске асып жатқан кешенді әлеуметтік-эко­номикалық және саяси реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.

– Жаңа заман шындығы әлеуметтің, мемлекеттердің және тұтас өңірлердің жік­шілдігін шиеленістіре түсті. Әлемде ашық популизм көбейіп, адамдардың дүниетанымы мен мінез-құлқын өзгертіп жатыр. Дәстүрлі ұстындар мен отбасылық құндылықтарға қысым күшеюде. Жаһандық тұрақсыздық бір-екі жыл ғана созылып жатқан жоқ. Сондықтан «Nur Otan»-ның соңғы парламенттік сайлауда партия ұсынған «Сынақтарды еңсеріп, бірге жеңеміз!» ұраны өзекті болып қала береді, – деген Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының міндеті адамдарды ажырату емес, біріктіру екенін атады.

– Біздің тарихымыз осы жолдың дұрыстығын дәлелдеді. Бүгін ел ­Пре­зиденті  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен кешенді әлеуметтік-экономикалық және ­саяси реформалар жүзеге асырылуда. Оларды заңнамалық қамтамасыз ету маңызды мәнге ие болып отыр. Жаңа Парламент жұмыс істей бастағаннан бері Мәжіліс қарауына 128 заң жобасы енгізілді. 80 заң қабылданды. Олардың 19-ын «Nur Otan» фракциясының депутаттары әзірледі. Депутаттық корпус бұл жұмысты жалғастыруға тиіс. Барлық қазақстандықтардың Президенттің нұсқаған мемлекеттік бағдар төңірегінде топтасып, оны іске асыру үшін бірге жұмыс істеуі маңызды. «Nur Otan» партиясы билік пен қоғамды біріктіре отырып, бұл мәселемен белсенді түрде айналысуы тиіс, – деді Елбасы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңей­тілген отырысында Партия төраға­лығынан кету туралы шешімінің мәнін түсіндірді.
– Мен партия құрылымының бас­тауында тұрдым, оны осы жылдар бойы басқардым және «Nur Otan» партиясын ел Президенті басқарғаны маңызды деп білемін. Солай болды да. Біз мұны партия Жарғысына сүйене отырып шешуіміз керек. Бұл біздің бірлігімізді көрсету үшін маңызды қадам. Бүгінде «Nur Otan» – еліміздің басты саяси күші. Билеуші партия ретінде қалыптасқан 20 жыл ішінде ол қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және Тәуелсіздігімізді нығайту жөніндегі ауқымды реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырды, – деген Елбасы билеуші саяси партиялардың ұзақ мерзімді көшбасшылық ету көптеген елдердің дамуына оң ықпал еткенін мысал етіп келтірді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңей­тіл­ген отырысында, сондай-ақ жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағи­даттар жиынтығын ұсынды.
Бірінші. Тәуелсіздік – кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық.Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақ­стандықтың міндеті.Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан жас ұрпақ ел игілігі үшін әрдайым еңбек етуге дайын болуы қажет.
Екінші. Бірлік пен келісім – ел­ді­гіміздің мызғымас тұғыры.
Этникалық әралуандық – бір­тұтас ұлт ретінде қалыптасқан хал­қымыздың артықшылығы.Бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, татулық пен сыйластықты қамтамасыз етуде Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуеті зор. Конституцияны қастерлеу, мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу – әр азаматтың парызы. Бірлігімізді арттырып, ынтымағымызды күшейтсек қана елдігіміз нығайып, егемендігіміз баянды болады.
Үшінші. Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы.
Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым.Енді ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз.
Төртінші. Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі.
Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұстаха­насы, қоғамдық қатынастардың ­бастауы саналатын бірегей ­институт. Отбасы институты әлсіреп, салт-дәстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай.Сол үшін дәстүрдің озығын алып, то­зығын тастап, елдік болмыстың өзегін сақтай білуіміз керек.
Бесінші. Ұлттық мәдениет – ­ха­лық­тың рухани тірегі.
Қазіргі таңда жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек.Мұндай қасиеттер тарихты білу, мәдени құндылықтарды тану арқылы келеді. Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани бай­лықтың маңызы зор. Сол үшін мәде­ниетімізді зерделеп, өзге жұртқа насихаттай білген абзал. Басқа халықтарды тек өнер құдіретімен, ғылыми ізде­ніспен ғана мойындата аламыз.
Алтыншы. Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті.
Біз тек өз біліміміз бен күшімізге сенуіміз керек. Мен жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеямда оның бес принципін – эволюция­лық даму, ортақ жауапкершілік, өзара серіктестік, ынталандыру мен кәсібилікке ұмтылуды атап көрсеттім.Онсыз кез келген қоғам көштің соңын­да қалуы мүмкін. Ендеше табыс­тың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде.
Жетінші. Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі.
Біз қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалануға, нәтижелі жұмыс атқаруға және көздеген мақсатқа тиімді қол жет­кізуге тырысуымыз керек.
Қазір елімізде жастардың өзін-өзі дамытуына, білімін жетілдіріп, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол.Сондықтан прагматизм принциптері бойынша барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн.
Осылайша біз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаң­ғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел боламыз. Елдіктің жеті тұғыры дегеніміз – осы, – деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

1320 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы