• Білім және ғылым
  • 25 Қараша, 2021

ҒИБРАТЫ МОЛ ҒАЛЫМ

Ғылым жолында да, өмір жолында да ұстазым бола білген апайым Жанат Тұрарбекқызы Дәулетбекова 1984 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  қазақ филологиясы факультетін үздік бітіріп, Семей облысы  Шұбартау ауданындағы «Горный» орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып ұстаздық жолын бастады. 

1987–2001 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясында  кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің меңгерушісі қызметін атқара жүріп, 1989–1993 жылдары аралығында аталған академияның жанындағы аспирантураның өндірістен қол үзіп оқитын бөлімінде оқыды. 2001–2002 оқу жылдары аралығында  Абай атындағы  Алматы Мемлекеттік университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істеді. 2002 жылдан бастап, Қазақстан-Британ техникалық  университетінде Тілдер кафедрасында  аға оқытушы, ассистент-профессор, қауымдастырылған профессор болды. 2009–2014 жылдары аралығында университеттің базалық факультетінде  қазақ және орыс тілі секторының жетекшісі, қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарушы және Гуманитарлық пәндер кафедрасы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2014–2017 жылдар аралығында Абай атындағы  Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология және көптілді білім беру институты қазақ тілі ­теориясы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2018 жылдың қыркүйегінен бүгінге дейін Қазақстан-Британ техникалық  университетінің Тілдер кафедрасында қауымдастырылған профессор болып еңбек етіп жүр.

Жанат Тұрарбекқызы ұстаздық пен ­ға­лым­дықты қатар алып жүрген адам. Ы.Алтын­сарин атындағы  Қазақ Білім ака­демиясында еңбек ете жүріп, 1999 жылы «Оқушылардың оқу мотивтерін қалыптастыру негізінде қазақ тілін оқыту әдістемесі» тақырыбында кандидаттық диссертация, 2009 жылы  «Жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілінен сөз мәдениетін оқытудың ғылыми-әдісте­мелік негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 2000 жылдан бері қарай  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекітіп, ұсынған жалпы білім беретін орта мектептердің «Қазақ тілі» оқулығы мен оқыту әдістемесі құралдарының авторы.

Ғылым жолын аспирантурадан бастаған кезеңінен бері қарай бүгінгі күнге дейін 350-ден аса ғылыми еңбегі жарияланды. Оның ішінде қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша 5 монография, ҚР білім беру жүйесіндегі қазақ тілі бойынша 3 тұжырымдама, 4 мемлекеттік  білім стандарты, 12 типтік оқу бағдарламасы, 35 оқулық, 120-дан аса оқу және оқу-әдістемелік құралдар мен 150-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік мақаласы жарияланды. 2017–2021 жылдары «Латын графикасын меңгертудің ғылыми-әдіснамалық негіздері мен әдістемесі» тақырыбында ҚР БжҒМ гранттық қаржыландырылған ғылыми-зерттеу жобасына қатысып келеді. Осы еңбектерінің жемісі ретінде 1996 жылы «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісіне, 2011 жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік марапаттарына ие болды.

Әдістеме саласында жан-жақты зерттеу жүргізіп, тәжірибе жинақтаған әдіскер-ғалым Жанат Тұрарбекқызы «Қазақ тілін мән бере оқыту» технологиясын өндіріске енгізуге жұмыстануда. Технология авторы «...қазақ тілін он бір жыл оқыған балалар 11-сыныпта Бірыңғай Ұлттық Тестіден жоғары балл жинау үшін репетитор іздейді. Осының себебі не? Неге бала он бір жыл ішінде қажетті білім қорын меңгере алмады? Қазіргі ҰБТ бойынша ұсынылатын тест тапсырмаларының  тек грамматикалық білімді тексеруге құрылғанын ескерсек, мектепте тіпті фактологиялық білімнің өзі де дұрыс меңгерілмей отырғаны ма? Он бір жыл бойы білім бергеніміздің нәтижесі қайсы? Санай берсең, сұрақ көп, жауап жоқ. Барды бағамдай, жоқты түгендей келгенде бір нәрсе анықталды: мектепте білім үстірт меңгеріледі, яғни қазақ тілі пәні мән бере оқытуға жете көңіл бөлінбейді. Сонда не істеу керек?» деген оқыту саласындағы жан ауыртарлық үлкен проблеманы көтере отырып, соған жауап беретін жол іздейді.  Яғни қазақ тілін мән бере оқытуды төмендегідей санамалап көрсетеді.

1. Қазақ тілі пәнін меңгертуде оқушының логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға, оның тіл туралы дүниетанымын қалыптастыруға мән бере оқыту қажет;

 2. Оқушының қазақ тілін саналы меңгеруі тілдік терминдерге мән бере оқытумен де тікелей байланысты.

3. Қазақ тілі пәнінде теориялық ережелерге мән бере оқыту да оқушы түсінігін қалыптастыруда, ойын дамытуда маңызды орын алады.

4. Тілді оқытуда  баланы сөйлеуге үйретуге мән берудің де маңызы зор. 

5. Қазіргі таңдағы білім жүйесіндегі барлық өзгерістің тірегі етіп «Нәти­жеге бағдарлай оқыту» моделі алынса, оның шынайы  түрде жүзеге асуы пән сабақтарында оқушының функ­ционалдық сауаттылығын қалыптас­тыруға мән беру арқылы мүмкін болмақ.

6. Мектепте оқытылатын қазақ тілі сабақтарында баланың ой қорытуына, өзіндік тұжырым жасауына, сол тұжырымын көрнекі түрде жеткізуіне мән беру қажеттігі де дау тудырмайды.

7. Қазақ тілінің білім мазмұнына енген әр тақырыптың астарындағы құндылықтарға мән беру арқылы қазақ тілінің төл табиғатын, қайталанбас даралығын, өзіндік болмысы мен бітімін, ұлттық сипатын танытуға мүмкіндік арта түсері кәміл. 

8. Қазақ тілі сабақтарында тақырып­аралық, салаларалық, пәнаралық байланыстарға мән бере оқыту да білім сапасын көтерудің бір тетігі саналады.

Қазақ тілін оқытуда неге көңіл аудару керектігіне санамалай отырып тоқтала келе, әдіскер-ғалым: «... оқушының тіл туралы дүниетанымы мен көзқарасының, саналы түсінігінің қалыптасуы оның негізгі қырларына мән бере оқыту арқылы ғана жүзеге асатынын есте тұтқан абзал», – деп қорытындылайды.

Жалпы өмірде Жанат Тұрарбекқызы білім-ғылым саласында ғана емес, барлық нәрсеге мән беретін, барды бағалай білетін, қадірін түсінетін, сыйластық пен адамгершіліктің, достық пен жолдастықтың, «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген нақыл сөздің мағынасын дәл беретін сыпайы да, сындарлы мінезімен, ашық та кең көңілімен адамды баурап алатын үлкен қасиет иесі. 

Менің тағы бір өзіме үлгі етіп алатыным, Жанат Тұрарбекқызының отбасына ­деген  қарым-қатынасы. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз оралымы Жанат Тұрарбекқызына арналғандай. Апайдың сөзге шешендігі тыңдаған жанды таңғалдырмай қоймайды. Кей кездерде, апайды тоқтатып қойып, естігенімді жазып алуға тырысамын. Ондайда апай жұмсақ жымиып күліп қана қояды.

Ұстазымызды түсіну үшін, сезіну үшін Жанат Тұрарбекқызы болып туу керек шығар.

Меруерт ӘЛІБАЕВА,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры

1250 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы