• Білім және ғылым
  • 25 Қараша, 2021

Ұстазын ұлықтаған ұстаз

Жанат Тұрарбекқызымен ғылымдағы арнамыздың тоғысуы ұстазымыз Фаузия Шәмсиқызы Оразбаева есімімен байланысты. Өмірде адамды бақытты ететін нәрсе – жақсы адамдардың қасында жүру. Сол кісілердің ғылымға, тілге, ұлтына, айналасындағы адамдарға деген құрметі мен адалдығын сезіну – өзгеше бір сезім. Ғылымда ұстаз, өмірде сырлас, ақылшыға айналған, сөз мәдениетінің шебері, әр сөзі маржандай төгілген жан туралы сөз қозғау да үлкен жауапкершілік екен. «Адамның адамшылығы істі баста­ғанынан білінеді» деп ұлы Абай айтқан­дай, Жанат Тұрарбекқызының басшы ретіндегі іскерлік қабілетін Қазақстан-Британ техникалық университетінде бірге жұмыс істеп жүргенде көріп, көп нәрсе үйрендім. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарын кредиттік білім беру жүйесіне көшіріп жатқан кезең еді. Әр пәннің оқу-әдістемелік кешенін дайындауға бұрынғыдан да тереңірек мән беріліп, әсіресе студенттерге арналған «Пән силлабусын» жаңа форматқа сай әзірлеу қолға алына бастаған болатын. Студенттердің өз бетімен істейтін жұмыстары (СӨЖ) және оқытушымен бірлесіп атқаратын жұмыстары (СӨОЖ) алдыңғы орынға шыққан сәт еді. Қазақстан-Британ университетінің Базалық факультетінде қазақ және орыс тілі секторының жетекшісі қызметін атқарып жүрген Жанат Тұрарбекқызы алғаш рет студенттерге арналған «Пән силлабусының» құрылымын жасап, оған әр өздік жұмысқа қойылатын бағалау критерийлерін енгізді. Бұл – 2010 жыл еді. 

Қазіргі кезде «Жаңартылған білім мазмұнында кездесетін» бұл мәсе­лелерді тың нәрсе ретінде қабылдап жүргеніміз жасырын емес. Сектор же­текшісі ретінде мұғалімдердің жүкте­месін бөлу де, түрлі қоғамдық шара­ларды ұйымдастыру да Жанат Тұрар­бекқызының басшылығымен іске асатын. Университеттегі «Тіл – тағы­лым» клубының әр шарасын жоғары деңгейде, ерекше форматпен өткізетін. Тех­никалық мамандықты таңдап келген студенттер барлық жан-тәнімен қазақ тілінің құдіретіне бас иетін.

2014 жылдың 1 ақпанынан 2018 жылдың тамызына дейін Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті Филология және көптілді білім беру институты қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі болып қызмет еткен кезеңде де әр пәннің оқу-әдістемелік кешенін, әсіресе студенттерге арналған «Пән силлабусын» мұқият тексеріп, оның мазмұндық-құрылымдық жүйесін кре­диттік оқу талаптарына сәйкес құры­лымдап, қате кеткен жерлерін өзі то­лықтырып отыратын қасиетіне таңғала­тын едім. Тек өз пәнін ғана емес, басқа пәндерді, әдебиетті терең білетіні сүйсіндіретін.

Кафедра ұжымы Жанат Дәулет­бекова­ның басшы­лығымен ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын «Интеллектуалды филолог маман дайындаудың ғылыми-әдіснамалық негіздері» тақырыбы аясында жүргізіп, пәндердің білім мазмұнына қазіргі қазақ тіл білімі мен қазақ әдебиеттанудағы жаңа бағыттарды енгізу; пән силлабустарының мазмұнын жетілдіру; антропоцентристік бағыттағы жаңа зерттеулермен айналысып жүрген ғалымдармен теориялық семинарлар өткізу және т.б. жұмыстарды жүйелі іске асырып отырды. Жанат Тұрарбекқызы Ахмет Байтұрсынұлының «Нәрсенің затын алмай, атын ғана алып, құр сөз түрінде үйретуден бас тартып, алған білімі өзіне де, мемлекетке де пайдалы болатынын көздеп оқыту керек!» деген сөзін негізге алып, студенттің өміріне қажет жаңа пәндерді енгізуге көп еңбек сіңірді.

Ғалым-әдіскер қазақ тілінің негізін қалаған Алаш зиялыларының еңбегін өзінің өмірлік ұстанымының тұғыры ретінде ұстанып, ол кісілер салып кеткен сара жолды ары қарай дамытуға өз үлесін қосып келеді. Қазақтың тұңғыш профессоры, біртуар ұлы Құдайберген Қуанұлы Жұбановқа арналған атаулы кабинеттің ашылуына да Жанат Дәулетбекова айрықша қызмет етті. Кабинеттің рәсімделуі, ондағы әрбір мәліметтің тұтас бір композицияға құрылуы – ғалымның идеясы. Жанат Тұрарбекқызының өз сөзімен айтқанда, бүкіл залдың безендірілуіндегі бір-бірімен астасып жатқан жасыл және көк түстердің мәні аспан мен жер аман тұрғанда асыл бабаларымыздың рухы мәңгі өлмейді, «Мәңгілік ел боламыз!» деген асқақ арманы сөнбейді деген ұғымды білдіреді.

Жанат Дәулетбекова қазақ тілін оқыту мен жетілдіруге байланысты білім беру жүйесінде жүзеге асырылуы тиіс бірнеше тенденцияларды ұсынды. Мысалы, «Тілді оқытуда болашақ ұрпақтың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға басымдық беру» тенденциясын іске асырудың жолдарын «қазақ тілін білім алушының сөйлеу қабілетінің базасы ретінде меңгерту; пәннің әдістемесін өмірлік дағдылар мен тәжірибелік машықтарды қалыптастыру мақсатында жетілдіру» деп анықтап береді.

Ғалымның «Қалдырған ізің мәңгілік» атты эсселер жинағын оқи отырып, туған жерін көрмесеңіз де көргендей боласыз. Ғалымның туған жеріне деген шынайы сүйіспеншілігі мен құрметі сені де еріксіз баурап ала жөнеледі. Боралдай суын бірге кешіп, шағын мектепте Шекер Оразымбетовтей мұғалімнен сен де білім алып отырғандай, енді бірде дүкенші Шәрбан апайдың қасында тұрғандай, кішкентай қара қызбен бірге жүгіріп ойнап жүргендей әсерге бөленесің. Сол кішкентай қызбен сен де бірге өсіп, үлкейе түсесің. Өмір өткелдерінен өтесің. Ол – сөздің құдіреті, сол сөз арқылы сенің жан дүниеңді селт еткізген автордың қаламынан туындаған сөз маржандары.

Алғашқы ұстазы Шекер ағайдан бастап, ұлт ұстаздары, өзінің өмірдегі ұстаздары жайлы тереңнен толғап жазған мақалалары қаншама! Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жазылған «Абайтанудың алғашқы соқпағы: Тұрлаулы тұғыр, берік бағдар» атты мақалада «Абай әлемінің «өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет» санаған адам үшін оның әр толғамы, әр лебізі ақиқат әлеміндей асқақ, өміріндей қымбат дүниеге айналады» дей келіп, ұлт ұстазының «Қазақтың бас ақыны» деген бір мақаласының өзін «Тектік-әлеуметтік факторлар» және «Тұлғалық-Интеллектуалдық болмысты» тану бағдарлары» деген екі арнаға бөліп қарастырады. Әр арнаны бірнеше факторлар аясында талдайды. Тектік-әлеуметтік факторларға: тектік фактор; дүниелік білім факторы; оқу-білім факторы; әлеуметтік-саяси фактор; өзіндік ізденіс факторын жатқызады да, «Тұлғалық-Интеллектуалдық ­болмысты» тану бағдарларын: табиғи дарын; сыншылық қасиет; биік талғампаздық; шығармашылық қабілет; көшбасшылық қасиет деп жіктейді. Әдіскер-ғалымның Байтұрсынұлы арқылы Абайды танудың әдістемелік жолын ұсынуы таным тереңдігінің дәлелі. Алма Қыраубаева туралы жазылған «Болмысынан ұстаз еді...» мақаласын оқи отырып, өз-өзіңе сыни көзбен қарап, «Мен қандай мұғаліммін?» деген ойға қаласың, мамандығыңның жауапкершілігі мен қиындығын сезінесің. «Бірге жүріп ұлтының ұлық дүниесі – Сөз өнеріне қатар қызмет» Балтабай, Жаңылхан Адамбаевтар жайлы мақала сені де «Бақыт құпиясы» деген не?» деген сұрақтың жауабын алуға жетелей жөнеледі. Филология ғылымының докторы, академик Әділ Құрманжанұлы Ахметовтің кісілік қасиеті мен зияткерлік тұлғасын «Елжанды» деп аталатын мақаланы оқи отырып танисың. «Терең ойдың» иесі болу, еліне адал қызмет етудің кез келгеннің қолынан келе бермейтін дүние екенін түйсінесің. Ұстазы Қадыр Мырза Әлі туралы бір үзік сырдан «шылаудың құпиясын» танып, сабақ үрдісінде білім алушыға дұрыс түсіндіре алып жүрміз бе деген ойға батасың. Академик Көпжасар Нәрібаевты «Қайраткерді шыңдаған ұлағат көрігі» атты мақаланы оқып, тереңірек тани түсесің, әке мен бала арасындағы түсіністік пен сыйластыққа тәнті боласың. Өзің де еріксіз ойға шомып, өмірден ерте кеткен ата-анаңа деген сағынышың ұлғая түседі. Педагогика ғылымының докторы, профессор Фаузия Шәмсиқызы Оразбаева жайлы жазылған «Ғылым шыңының шынары», «Бүтін бақыт пен биік бақ бұйырған...» деген мақала ұстазыңа деген сүйіспеншілігіңді одан әрі арттырып, көкірегіңе «мен де ол кісінің шәкіртімін» деген мақтаныш сезімін ұялатады. Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова жайлы бір үзік сырдан ұлағатты ұстаздың өмір жолымен танысып қана қоймай, автордың пікіріне қосыласың.

Жанат Дәулетбекова мектеп грамматикасына қазақ тілінің ақпараттық, танымдық, коммуникативтік қызметтері арқылы оқушылардың ойлау қабілетін, сөйлеу мәдениетін дамыту мәселесін енгізді. Қазақ мектебінің 11-сыныбына арналған «Қазақ тілі» оқулығын бұрын-соңды болмаған оқулық деп айтуымызға болады. Оқулық қазақ тілінің білім мазмұны аясында сөйлеу мен ойлаудың, тілдік қатынас пен сөз мәдениетінің бірлігінен тілдік құзіреттілікті оқушы бойында қалыптастыруға бағытталған. Оқушының өміріне қажетті материалдар жан-жақты қамтылған. Мәселен, оқушы «Сөз мәдениетінің этикалық сапасы» бөлімін игеру арқылы күнделікті қарым-қатынаста қолданатын амандасу, қоштасу, құттықтау, көңіл айту, тілек айту, бата беру, қаратпа сөз әдебі нормаларымен танысады, оны қолданудың жолдарын үйренеді. Сөйлеудің түрлері (монологтік, диалогтік, полилогтік) туралы терең мағлұмат алады.

Ғалымның әдістеме ғылымына енгізген тағы бір тың жаңалығы – диалогтік сөздің тектерін айқындауы. Оны әлеуметтік рөліне қарай хабарламалық, прагматикалық, модальдық деп үшке бөледі. Прагматикалық диалогтік өзін ғана іштей дөңгелек үстел, ойбөліс, ойталқы, ойкөкпар, пікірсайыс деп бірнеше түрге бөледі.

Әрине, бір мақаланың көлемінде ғалым-әдіскердің қазақ тіліне, оны оқыту әдістемесіне сіңірген еңбегін айтып шығу мүмкін емес.

Райгүл РАХМЕТОВА,

педагогика ғылымының

докторы, Абай атындағы

ҚАЗҰПУ оқытушысы

1870 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы