• Тұлға
  • 25 Қараша, 2021

АСЫЛ АДАМ

Ақсүйектік адамға туа бітеді. Ол үшін, қазақ ойлағандай, Шыңғыс ханның зәузаты болу да шарт емес сияқты. Ташкент архивінде отырып, Алаш арысы Мұхамеджан Тынышбайұлының өз қолымен толтырған жеке парақшасындағы «әлеуметтік тегі» деген тұсқа «қарасүйек» деп жазғанын көріп едім. Әрине, өз қадірін білген ұлт ардақтысы осы «кішірейтпе» сөз арқылы заман ахуалын, кісінің басын бағалаудың байыбын тұспалдағаны айқын. Кеңес өкіметі сұрқия саясатпен қаншама қарадомалақты әке-шешесінен айырып, ақыры оларды өзі жарылқамақ болып ашқан жетімдер үйіне тоғытып, соның салдарынан отызыншы-қырқыншы жылдардың күллі тауқыметін өзегінен өткерген ұлық ұстазымыз Тауман Салықбайұлы Амандосовты айтқанда, мен осы жайтты еске түсіремін. 

1983 жылдың қыркүйегінде біздің курсқа тұңғыш дәрісін оқыған кезде сыры мен сымбаты келісіп, кемелдігі көзге ұрып тұрған профессордың Пайғамбар жасына қадам басқан мезеті екен. Одан ілгергі өмір белесі, мінез-құлқы мен іс-әрекеті жайында көп нәрсені өз аузынан емес, кейінірек тұрғыластары, замандастары, ізбасарлары толғаған естеліктерден білдік. Көрнекті ақын Хамит Ерғалиевтің жазуынша, ол – «аузын ашса, көмейі көрінетін ақпейіл, ойдағысын ірікпейтін барынша батыл, бірсөзді бітім»; академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың пайымынша – «ұлылық өлкесінің өкілі», «табиғаты тап-таза, жан-жүрегі кіршіксіз әппақ, тұла бойы толы мейірім». Ғұлама қаламгер, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев: «Алдына барғанда қабағын ­ашпай, «шатынап» тұрғанымен, ондай ақкөңіл, ондай мейірбан адам аз еді. Тауымның шағылмауына, жігерімнің жығылмауына Тәукеңдей еңбек еткен адам кем де кем», – деп ағынан жарылса, мәдениеттанушы, дипломат Мұрат Әуезов: «Оның келбеті маған мінсіз мүсіндей көрінді. Басын тіп-тік ұстап, тұлғасынан еркіндік сезіліп тұрды», – деп, алғаш жолыққандағы әсерін бөліседі. Ал бертінгі шоғыры қалың шәкірттері арасынан жампоз журналист Қали Сәрсенбай: «Әдетте, табиғаттың берген сұлулығына сай өмір сүрмейтіндерді көргенде сол бір көркем көкеміз еске түсер еді. Біз қазір сондай ұстаздарды сағынады екенбіз», – деп аңсарлана тіл қатса, белгілі спортшы, ғалым Сәуле Барлыбаева: «Ол ҚазМУ-дің журналистика факультетінің ар-ұяты еді», – деп тебіренеді.

Шын жүректен шыққан осы лебіздер тірісінде кеудесіне орден-медаль тағыл­маған, сыйлық-марапатқа кенелмеген, бірақ төңірегіне шұғыласын сақилықпен шашып өткен жайсаң жанның бейнесін айрықша жарқыратып, одан әрі асқақтататыны сөзсіз.

Тауман ағаның шексіз қолдауы мен шынайы қамқорлығын көрген жанның бірі – менмін. Оның әз болмысының алдында өлшеусіз қарызым, өтеусіз парызым бар секілді күй кешемін. 

...1986 жылдың күзі. Төртінші курста оқып жүрген кезіміз. Бір күні кезекті  сабағымыз өтіп жатқан аудиторияға, қайдан тап болғаны белгісіз, Тауман аға кіріп келді. Жапа-тармағай орнымыздан түрегеліп, сәлемдесу ишарасын жасадық. Оқытушымыз да дәрісін үзе қойып, өзінше ізет көрсетіп жатыр. ­Тауман ағаның көңіл күйі көтеріңкі екен, бір-екі қалжың әңгіме айтты. Оқуымыздың жайын сұрады. Бір уақытта мен отырған жаққа қарап:

– Шәрипов (фамилиямда әлі «ов» бар ­заман – А.Ш.), ойлана жүр. Келесі жылы сені кафедрама оқытушы етіп қалдырғым келіп отыр. Кейін бір жауабын айтарсың, – деді.

Мен ол кісі басқаратын журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафед­расына бекітілген студентпін. ­Диплом жұмысымның жетекшісі де – өзі. Тақырыпты баяғыда Әуезов бірінші оппонент болған өзінің кандидаттық диссертациясына ұқсатып берген. Ұстазымның қаузағаны әдеби шығармаларда халықтар достығының бейнеленуі болса, маған жүктегені – публицистикадағы ұлтаралық қатынастар мәселесінің көрінісін зерттеу. Ол Желтоқсан оқиғасы қабаттасып, ұлттық санамызда дүмпу болып, «советтік интернационализм» идеясы әбден дағдарысқа ұшырап тұрған кезең еді. Одақтың іргесі шайқала бастағанымен, орталықтың ызасы мен ызғары өршімесе, әлі бәсеңдей қоймаған. Тауман аға: «Тақырып өте күрделі. Саяси шешімдерді қадағала. Баспасөзді мұқият барлап, бақыла. Түсінбегеніңді ақылдасып отыр», – деген. Бұл бағыттағы ізденіс көкірегіме сәуле жүгіртіп, болашақтағы Алаш мұрасы, ұлттық идея төңі­регіндегі зерттеулеріме сүрлеу тартып берді.

...Сұсы бар дейміз бе, әлде сесі бар дейміз бе, әйтеуір Тауман ағамен бетпе-бет келуден тайсақтап, көбіне орағыта қашып жүретінмін. Бесінші курстың сабақтары басталғаны сол еді, оқу корпусына кіре берісте оқыстан жолықты. Ә дегеннен: «Қарағым, ұстатпай кеттің ғой. Былтырғы ұсынысымның жауа­бы не болды?», – деді. Қапелімде не уәж қайтарарымды білмей, қипақтап қалдым. «Ертең дипломыңның жобасын үйге алып кел. Сонда сөйлесеміз», – деді. Даусында зіл жоқ; қабағы қату сияқты көрінгенімен, сөздерін көзі күлімсіреп тұрып айтқандай болды.

Сонымен не керек, белгіленген уақытта пәтердің қоңырауын бастым. Ағаның асыл жары – Мамыр апай есікті ашып, ішке кіргізді. Төрдегі диванға жайғасқан ұстазыма қолымдағы шашырып-пышыраған қағаздарымды ұсындым. Бас-аяғы ширап, бір жүйеге түспеген шала-пұла шимайларыма әрлі-бері көз жүгіртті де, қарсы беттегі қабырғаға тақап қойылған кітап сөресін нұсқады. «Ана бір шетте тұрған пәпкіні алып берші», – деді. Әкеліп, алдына қойдым. Асықпай бауын шешіп, ішін ашты. Сарғыш тартқан, бірақ бірде-бір шеті қайырылмаған, бетіне титтей сызат түспеген, маржандай жазу тізілген қат-қат парақтар. Ағаның үстіндегі әркез мұнтаздай таза киімі секілді, бұлар да жап-жаңа үтіктеліп шыққандай. «Осыдан отыз жылдай бұрынғы жазбаларым», – деді маған қарап. Бетім ду ете қалды. Мақтамен бауыздады деген осы. Парақтарды реттестіре ішіне салып, пәпкінің бауын қайта байлап: «Орнына апарып қоя ғой енді», – деді. Ұқыптылық та сүйекпен сіңетін қасиет шығар. Өйткені ұстазыма қанша ұқсап бағайын десем де, көп қағазды мейлінше тәртіпке салуға тырысқаныммен, осы күнге дейін үстелімнің үстінде умаждалған, қобыраған, қидаланған «макулатура» жиналып қала беретінін қайтерсің.

...1988 жылы оқуымды бітірген бойда, шілде айының соңына қарай Тауман аға мені университеттің кадр бөліміне жетектеп апарып, ассистенттік қызметке қабылдау жөнінде өтініш жаздырды. Бөлім бастығы, жүзі жарқын, пейілі дархан Зинаида Кәрімқызы Уәлиханова Амандосовты жұрттың айрықша құрметтейтінін, одан әрқашан үлгі алуымыз керектігін жеріне жеткізіп баяндады. Ізінше бұйрыққа қол қойылып, еліміздің сол кездегі маңдайалды білім ордасының  оқытушысы боп шыға келдім.

Тауман аға өзі оқытып келген «Журна­листикаға кіріспе», «Публицистика жанрлары», мұның сыртында «Редакция жұмысын ұйымдастыру» пәндерінің тізгінін маған ұстатты. Аудиторияға өзіммен бірге барды да, бірінші курс студенттеріне: «Бүгіннен бастап сендерге осы Амантай ағайларың сабақ береді», – деп, мені алғашқы елу шәкіртіммен оңаша қалдырып шығып кетті. Жиырма үш жастағы тәжірибесіз педагог үшін бұл орасан зор жауапкершілік еді. Әуелде жүрексінгеніммен, бара-бара оқытушылыққа бойым үйренді. Екі ай өтер-өтпесте сабағымның үстіне өңшең профессор мен доценттен құралған, құрамында бес-алты адам бар комиссия еш ескертусіз сау етіп кіріп келді. Қобалжысам да, сыр алдырмауға тырыстым. Абырой болғанда, факультеттің Ғылыми кеңесінде дәрісіме оң баға берілді. «Сабағыңды тексеріпті ғой...», –  деді Тауман аға артынан. Даусында реніш пен ризашылық аралас секілденді.  Мұнан кейін әлгі курстарды сегіз жыл бойына тұрақты түрде жүргіздім. Сосын журналистика тарихы кафедрасына меңгеруші боп тағайындалдым да, пәндерім өзгеріп кетті. Ол кезде Амандосов өмірде жоқ еді...

Тауман ағаның дүниеден қайтқанына биыл отыз жыл толды. Қабырғамызды қайыстырып кеткен бұл қаралы күн әлі есімде –  1991 жылғы шілденің 7-сі, жексенбі. Оқу жылын қорытындылап, жазғы демалысқа кететін шағымыз. Соның алдында, екі күн бұрын ғана ол кафедра меңгерушісі ретінде соңғы мәжілісін өткізген. Түгел бас қосып отырған бәрімізге, яғни ­кафедра мүшелеріне: «Сендер мені күтіңдер. Ректормен сөйлесіп келетін азғантай ­шаруам бар», – деді. Қаперімізде ештеңе жоқ. Қауқылдасып отырмыз. Бір-бір жарым сағат шамасында қайта оралды. Әдепкіше сабырлы, салиқалы қалпында орнына барып жайғасты. Содан соң, сүттей ұйыған, ауызбіршілігі мығым шағын ұжымымыздың жиылысын біз күтпеген әңгімеден бастады. «Ал, қарақтарым, – деп, бәрімізге асықпай бір шола қарап алды да, сөзін жалғады, – Әлгіде айтқанымдай, мен университетіміздің басшысымен кездесіп келдім. Өтінішіме қол қойдырдым. Ұсынысымды қабылдаттым. Бүгіннен бастап кафедра меңгерушілігін өздерің жақсы көріп сыйлайтын, менің қашаннан бергі сенімді қолғанатым Юрий Алексеевич Крикуновқа тапсырамын. Орысша айтқанда, прошу любить и жаловать. Өзім профессор боп қала беремін. Ал енді жаңа бастығымыз күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жағдайды баяндасын...», – деді. Демімізді ішке тарттық па – әлдебір тыныштық орнады; тек қимылы қунақ, сөзі сергек Юрий Алексеевич, шамасы бұл өзгеріске бұрыннан даяр болса керек, іркілместен жорғалата сөйлеп кеткенде, арқамыз қайтадан жазылып сала берді.  Отырыс бітіп, бір-бірімізге қош-саулық айтысып жатқанымызда, Тауман аға мені жанына шақырып: «Анау филфактағы менің досым – Зейнолла Қабдолов ағаңды білесің бе?», – деп сұрады.  «Әрине, білем», – дедім. «Білсең жақсы. Амандығын берсе, күзде келген соң сені сол кісіге ертіп апарам... Тапсырам...», – деді де, «Аға, өзіңіз ше?...» деп көмейіме кептелген сөзді айтқанымша болмай, әрі бұрылып, жүрек дертіне шалдыққалы бері жанынан тастамай ертіп жүретін жігітпен бірге дәліз бойлап ұзай берді. Ақырғы тілдескеніміз екен – ізінше суық хабар жетті.

Университеттің бас ғимаратында қоштасу рәсімі болды. Білегімізге қызыл шүберек байлап, табыттың басында әдебиетші-ғалым Сейдолла Ордалиев ұстазыммен қатар тұрғаным есімде. Кеңсайдағы жерлеу салтынан соң, Құрманғазы мен Бейбітшілік (қазіргі Желтоқсан) көшелерінің қиылысында орналасқан үйдегі Амандосовтар шаңырағына келдік. Тауман ағаның өзі басқарған, сыйлас та сырлас достарынан құралған «Оптимист» колхозының (заманауи тілге көшірсек, «мүдделестер клубы» дер ме едік) мүшелері – мүйізі қарағайдай ағаларымыз дастарқан басында әулеттің қайғысына ортақтасып, көңілқос білдірді. Сонда факультетіміздің алтын діңгектерінің бірі –  қадірменді ұстазымыз, профессор Әбілфайыз Ыдырысовтың «Таудай едің, Тәуке...» деп бастап, марқұмның рухына бірінші жақтан бағыштап сөз сөйлегені жадымда сақталып қалыпты. Содан бері Тауман ағаның есіміне «тау» сөзі эпитет ретінде жиі қосақталады.

Осылайша, өлшеулі демі бітіп бара жатқанын сезінген аяулы ұстазымның «сені Зейнолла Қабдоловқа тапсырам» деген арманы жүзеге аспағандай көрінер. Бірақ олай емес: оның көзі тірісіндегі ниеті орындалды. Амандосовтың рухы мені көп ұзамай Қабдоловпен қауыштырды. Ол – с­арыны бөлек әңгіменің арқауы. Сөз арасында айта кетсек, журфактың Амандосовын және филфактың Қабдоловын – осы қос корифейдің арасын жақындастыратын нәрселер баршылық. А­лдымен екеуі де –  Жайық бойының ­тумасы. Қай-қайсысы да Мұхтар Әуезовпен жақсы араласып-құраласқан: Тауман аға ұлы жазушының деканы болып, Зейнолла аға сүйікті шәкіртіне айналды.  Амандосов – журналистика теориясынан, Қабдолов –  әдебиет теориясынан оқулық жазды. Ең бастысы, екеуі де – шәкірттерінен уақытын аямаған, солардың бақытын аялаған ұстаздықтың бірегей эталоны; әл-Фараби университетінің шежіресіне аттары алтын әріппен жазылған саңлақтар.

Амандосов, шын мәнінде, жаратылысынан бекзат, шаһбаз, асылзада еді. Қазаққа осындай парасатты перзентті сыйлаған жарықтық ата-анасы да көзі қарақты кісілер болса керек-ті. Себебі зерттеушілер «­Тауман» есімінің түп-төркіні ғұн мемлекетінің  негізін қалаған Мөде қағанның әкесінің атынан шығады деп жүр. «Асыл адам айнымас, бір бетінен қайырылмас» депті Абай. Зиялылықтың заңғары, адамшылықтың асқары, табандылықтың тұғыры іспетті Тауман Салықбайұлы Амандосов нұрлы ақылымен, ыстық қайратымен, жылы жүрегімен сол қағидаға сай тұлға болатын.

Амантай ШӘРІП,

филология ғылымының докторы,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

1574 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы