• Тұлға
  • 25 Қараша, 2021

АУЗЫ ДУАЛЫ АМАНДОСОВ

Есік айқара ашылып, таяқ кірді, одан соң таяқ ұстаған қолы кіріп келе жатқанда, «бұл кім?» деген сауалдың салмағынан тұра алмай, бәріміз орнымызда отырдық та қалдық. Артынша-ақ иегін сәл көтере денесін тік ұстап, қырғи қабақ, қыран тұмсықты, артқа қайырған қайратты шашы ашаң жүзіне айбат қосқан бейтаныс профессор бір аяғын сыртқа жібере сылти басып, таяғына сүйене адымдап ішке енді. Бір кісідей орнымыздан тік тұрып қарсы алдық.

– Сәлеметсіңдер ме?

Жалт еткен жанарымен жасқап өтті. Демімізді ішке алдық. Бір кісідей:

– Сәлеметсіз бе? – дегенімізде үніміз сапта тұрған солдаттардың қолбасшыға сәлем бергеніндей бірдей шығып, аудиторияны жарып жібере жаздады. Алдын ала дайындалып алғандай мұндай ауызбірлік танытқанымызға таңданды ма, әлде сүйсінді ме, профессор сәл езу тартты. «Отырыңдар» дегендей ым берді де, өзі де төрдегі орындыққа бір аяғын сыртқа созып тастап, шалқая жайғасты. Біз де жапырлай тізе бүгіп, үн-түнсіз отыра қалдық.

Оның әрбір ісі бізге қызық, «Профессор қандай болады екен?» деген сұраққа жауап іздеп келгендер көрсін деп әдейі істеп отырған секілді. Біз ынтықпыз. Ағамыздың лебізін естуге асықпыз.

Амандосов! Әр аудиторияға студенттік алғыс пен ақ еділ әңгіме, ақ пейіл әзіл сіңіп қалған әйгілі ­Амандосов! Біреу «қатал» деп қорқытты, енді біреу «өңі сұсты болғанмен, жаны жұмсақ» деп жұбатты. Келесі бірі:

Амандосов дегенде – Амандосов,

Амандосовпен жүргейсің

амандасып.

Амандосовпен жүрмесең

амандасып,

Амандосовпен қаларсың

жамандасып,

– деп жаңылтпаштатып «ескертті». Қойшы, әйтеуір, аға буын студент­тердің бұ кісі туралы сөзін бұрын естігенмен, өзімен бетпе-бет тұңғыш жүздесіп отырмыз.

Ауылдан келген қара домалақ бала­лардың көз алдында болмысы мүлдем бөлек адам. Бәрімізге барлай қарашы­ғымен жүгірте қарап шығып сәл күлімдеді де:

– «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл», – дейді қазақ. Менің атым – Тауман...

– Амандосов.., – деді арт жақта отырған біреу.

– Иә, дұрыс. Студенттер менің атымнан гөрі атамның атын жатқа біледі... Ал әкемнің аты – Салықбай... Толық аты-жөнім – ­Тауман ­Салық­байұлы Амандосов.

Кейбір жаңа танысқан мұға­лімдеріміз секілді атағын да, дәрежесін де, қызметін де, жасын да айтпады. Тіпті қайсыбір ағайымыз сияқты бит­тің қабығындай кітапшаларын жоғары көтере көрсетіп, мақтана жар­нама­лаған да жоқ. Сол тік отырған қалпы:

– Енді сендермен танысайық, – деп журналдағы тізім бойынша аты-жөнімізді толық атап, арасында қосымша сұрақ қойып, сабырлы қалпын бұзбастан жайбарақат таныса бастады. Біз енді сырын білмейтін ағамыздың алдында абдырдық та, сасқалақтадық та, күмілжідік те, жасқаншақтадық та, жүрексіндік те, инабатты, ибалы да болдық, ұяңдық та, ұялшақтық та таныттық. Осындай қоңырқай психологиялық райымыз аяқ-астынан бұзылды.

Тауман ағай аты-жөнін атағанды қойды да басын көтеріп тура қарсы алдында отырған бір студентке:

– Сен тұршы, – деді сыпайы. Ұзын сары бала үн-түнсіз орнынан сергек тұрды. Үні нық шықты.

– Мектепті қайда бітірдің?

– Сарыжазда...

– Ол қай жерде?

– Нарынқол ауданында...

Ағай басын көтерді де ерекше зейінмен қарап қалды.

– Нарынқолдан мықты адамдар шыққан. Білесің бе?

– Білем!

Студенттің үні бұрынғыдан да сенімді де жарқын естілді.

– Аташы...

– Шоған абыз, Әлмерек әулие, Райымбек батыр...

– Бергі замандарда...

– Бергі замандарда Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесінің басты кейіпкерлері Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір батырлар шыққан.

– Ол повесть не туралы еді?

– 1916 жылғы Қарқара көтерілісі туралы...

– Ақындар шыққан ба?

– Шыққан. Арғысын айтайын ба, бергісін айтайын ба?

Тауман аға жымиды да:

– Білсең арғысын да, бергісін де айт. Біз де біле отырайық, – деді қаламын үстелдің үстіне қойып.

– Майкөтпен айтысқан Құланаян Құлмамбет, Жамбылмен айтысқан Бөлтірік ақын, Көдек ақын... беріде Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов...

– Жазушылардан кімдерді білесің?

– «Қайдасың, Гауһар?», «Он бес жасар капитан», «Бастан кешкен», «Өлгендер қайтып келмейді» деген кітаптары бар Бердібек Соқпақбаев...

– Оның басқа бір әйгілі шығар­масы бар еді ғой. Оны оқымадың ба?

– Оны жұрттың бәрі біледі. Ол – «Менің атым – Қожа».

– Бердібектің өлең кітабы да шыққан...

– Иә. «Бастау» деген.

Ағай жадырап отыр. Манағы алғаш көргендегі сұсты қабақ Жайықтай жазылып кеткен.

Күшігім менің саққұлақ,

Келеді әне шапқылап.

Сақтығыңды көрейін,

Мал бағуға берейін

Колхоз қойын күзетіс,

Қасқыр келсе ала түс.

– Қандай тамаша тақпақ! Бала­лардың жан дүниесіне осыншама жақын жаза алатын Бердібек ақын ретінде де қазақ балалар әдебиетін көкке көтерді. Мен бұл тақпақты балаларымның аузынан естіп жүріп жаттап алдым. Бала тұрмақ, мен жаттап алған соң, өлеңге басқа қандай баға керек, ақынға өзге қандай мәртебе қажет?! Өлеңін жаттамақ тұрмақ, ешкім білмейтіндердің атағынан ат үркеді. Білмеймін, ондайлардан адамдар неге шошымайтынын? Жә... Сонымен... Журналистерден Нарынқол жақтан шыққан кімдер бар?

– Ұзақ Бағаев, Сапар Байжанов, Тельман Жанұзақов...

– Сен мұның бәрін қайдан біліп жүрсің?

– Мектепте әдебиет сабағынан, әдебиет үйірмесінен...үйде әкемнен...

Тауман ағай жанарынан от ұшқындап, сол жайдары қалпын бұзбай, жымиған қалпы қолын сыртқы төс қалтасына салды. Біз тым-тырыспыз. Демімізді ішімізден алып, мына бір тақылдап қалған сорайған сары балаға қызыға да, қызғана да қарап, іштен тынып отырмыз.

Ағай қалтасынан кішкене қобдиша суырды. Ұзынсарыға бірдеме бере ме екен деп қалдық. Ол кісі өйтпеді. Қақпағын ашты да ішінен көзілдірік шығарды. Сол қолының сұқ саусағы мен бас бармағы­ның ортасындағы ілдіргісінен көтере ұстап тұрды да, оң қолымен шалбарының қалтасынан беторамал алды. Мен талай ағаның қалтасынан шұбатыла суырылған мыж-мыж, умаж-умаж өңі түскен ­беторамал көріп едім. Мына кісінікі қалтасында жүрсе да үтіктің астынан жаңа шыққандай теп-тегіс те тап-тұйнақтай төрт бүктелген екен. Таңданып отырмын. Не деген таза адам. Ана әппақ жейдесінің жағасы әдейі қатырып қойған секілді, бірде-бір қыртыс, сызығы жоқ. Костюмі иығына нық отырған. Галстугі де ерекше тартымды. Саусақтарын айтсаңызшы. Өмірі кір зат ұстамағандай тап-таза да терісінің ар жағынан көк тамырлары анық көрінеді. Ақсаусақ емес, нағыз ақсүйектің өзі. Осының бәрін студенттер асықпай көріп алсын дегендей, сабырлы күйде әлгі беторамалының ортасына көзілдірігінің әйнегін енгізді де, мипаздап сүрткілеп жатып ұзынсарыға «отыр» деп ишара жасады. Біздің көзімізге сорайып, зорайып көрінген студент зып етіп жеңіл отырды. «Бұл кім өзі?» деп танымайтындар бір-біріне сұрақ қойып, білетіндер білмейтіндерге пыш-пыш айта бастағандағы күбір-сыбырды ағайдың үні бұзды:

– Мен көзілдірік тағатындарды ұнатамын. Өйткені олар көзәйнекті ертелі-кеш кітапты көп оқитындықтан, көз жанарын алдырып алмас үшін тағады, – деп өзінің көзілдірігін киді де, әлгі сұхбаттасына «Солай ма?» деген сұрақты пішінмен көз алмай қарады:

– Атың кім?

Анау:

– Алтынбек, – деп нақ та нық айтты.

– Фамилияң?

– Сәрсенбаев...

Тауман аға айрықша мейіріммен сүйсіне қарап отырды да:

– Сәрсенбінің сәтінде туған әкеңнің алтын ұлы екенсің, қарағым, – деді де орнынан көтерілді. Бұл енді сабақтың аяқталу сәті еді. Біз ол кісінің аузынан «сабақ аяқталды» деген сөзін естімей орнымыздан тұруға қақымыз жоқ болғандықтан «Тағы да не дер екен?» деген емексіген көңілмен тым-тырыспыз. Тауман аға тұрған жерінде еңсесін тіктеп, көзінің қиығымен бәрімізді барлап алды. Жымиды. Жымиғаны – разы болғаны. Жанарынан ұшқын атады. Біздің еңсеміз көтерілді. Алғаш көрген сәттегі жүрексінудің бәрі ада. «Қаһарлы» деген ағай шуақты, «қатал» деген ағай мейірімді болып шықты. Өзіміздің қамқор әкемізді көргендей жанымыз жай тауып сала берді. Сол иегін көтере тура қарап тұрған қалпы таңдайын болар-болмас тықылдатып алды да:

– Пай-пай, шіркі-і-і-ін, болашақ министрлердің, директорлардың, бас редакторлардың, атақты ақын, әйгілі жазушылардың, ғалым-профессорлардың отырысы-ай! – деді. Мен осы сәтте екі қолымды қусырып алып, арқамды партаның арқалығына шірене тіреп отыр едім. «Ағайдың мына сөзі кекеткені я мысқылы, оны маған қарата айтты» деп күдіктеніп, қолымды түсіре қойдым. Ол кісі менің ойымды оқып қойғандай:

– Бұл менің сендерді кекеткенім де, мысқылдағаным да емес. Бұл – менің сендерге деген сенімім әрі ақ батам, – деп бұрылды да сыртқа беттеді. Біз орнымыздан қопарыла көтеріліп, жаңа танысқан алып профессорымызды бар ықыласымызбен сүйсіне шығарып салдық.

Арада жылдар өтті. Мына шын­дыққа қараңыз. Сол күні Тауман Аман­досовтың ақ батасын алған студенттер кейін шындығында алды Алашқа белгілі тұлғаларға айналды: Алтынбек Сәрсенбаев – Бас редактор болды, ­министр болды, елші болды, Алашқа аты мәлім қайраткер деңгейіне көтерілді. Нұрлан Мәукенұлы (ол кезде Берғазиев) – әйгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты; Бақыт Досымов – Қазақ радиосы Балалар редакциясының редакторы; Гүлзира Молдажапарова – «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім редакторы; Бейбіт Құсанбек – әйгілі телепублицист, Президент сыйлығының лауреаты; Бұлар – қырықтың о жақ бұ жағында қазақ журналистикасының аспанында жарқырап жанып тұрып, ерте ағып түскен жұлдыздар еді. Ұлттың тарихында есімдері айшықты әріптермен жазылып қалды.

Осыдан кейін Тауман Салықбайұлы Амандосовты әулие демей, көріпкел демей, көреген демей, аузы дуалы абыз демей көріңіз...

Сағатбек МЕДЕУБЕК,

филология ғылымының

кандидаты, доцент

1310 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы