• Тұлға
  • 25 Қараша, 2021

АРДАҚТЫ АЗАМАТ, ЗЕРЕК ЗЕРТТЕУШІ

Қазақ көсемсөзі, ұлттық журналистикасы – киелі де иелі алаң. Өзіндік дәстүрі мен тарихы ежелден қалыптасқан, нық орныққан еңселі орда. Менің ұғымымда, оның қасиетті табалдырығынан кім көрінгеннің, көлденең көк аттының аттауы – кәсіпке, мамандыққа сын. Осы күні кешелер, Қазақ Кеңес Социалистік Республикасында сол сыры мен сымбаты келіскен журналистер корпусын дайындайтын бір ғана оқу орны бар еді, ол – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультеті. Факультет иесі – филология ғылымының кандидаты, доцент Т.С.Амандосов. Сырттай естуімізше, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс, сөзі мен ісі қай жаққа болсын өтімді азамат.

Ол кісінің есімі біз журфактың те­реңіне бойламай тұрып-ақ жарнамала­нып жатты. Өзімізден бір курс озық оқитын жігіттер Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов ағамыздың Тауман ­Са­лықбайұлына арналған төрттағанын барша жұртқа ауызекі түрде таратып та үлгерген. Қазаққа етене таныс ауызша жедел коммуникацияның құдіреті мен пәрменін біз сол кезде-ақ шамалағанбыз. Оның үстіне кейбір білгіштер деканымыздың Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдатындағы» Бораштың прототипі екен деген мифті де таратып үлгерген. Біз құлай сендік. Сенбей қайтейік, кездесулерде, сауық кештерінде, той-томалақтарда факультет басшысы – қараторы ажарлы жігіт «Ақбақайды» бельканто дауысты опера әншілеріндей әуелеткенінде, бізде көз жұмып, бас шайқағаннан басқа қайран қалмайтын.

Профессор Т.С.Амандосовтың өз дәрістеріне, семинарлық сабақтарына аса мол дайындықпен келетінін біз, шәкірттері, байқап, бағамдап отыратынбыз. Әлі есімде, ұстазымыз біздің курс студенттерінің ауызша қойған екі сұрағына былай деп жауап берді.

Сұрақ: Талай жылдан бері журна­лис­­тика жанрларынан дәріс оқып келесіз, Сізге де дайындалу керек пе?

Жауап: Көкейлеріңдегіні ұқтым. Жаттап алатын кезіңіз болды ғой демек­сіңдер-ау. Шынымды айтсам, сту­дент алдында лекция оқу – мен үшін үлкен сынақ. Бүкіл аудитория аузыңа қарап отырады «осы не айтады екен?» деп, сонда қатты қысыламын. Бірақ онымды сездірмеуге тырысамын. Дәріске дайындалу үшін үлкен мәжі­лістерден кетіп қалған кездерім де болған. Бәрінен бұрын журналистика пәні – творчество, оған жаттампаздық жат.

Сұрақ: Ұстаз үшін ең ауыр нәрсе не?

Жауап: Өзің оқытқан лауазымды шәкірттеріңнің кабинеті алдында жаутаңдап тұрғаның.

Әрине, Таукеңді өз кабинетінің кіреберісінде мүсәпірсітіп қойған бірде-бір шәкіртін өз басым көрген де, естіген де емеспін. Олай болуы ­теория жүзінде де, практикалық салада да мүмкін емес шаруа. Теория демекші, қазақ журна­листикасының қисыны мен методикасы үлкен көштен қалып бара жатқанын ертеден аңғарып жүрген ұстаз-ғалым өзі бас болып осы саланы жедел ілгерілетуге бел шеше кірісіп кетті. Зерттеушінің «Верныйдағы большевиктік тұңғыш қазақ газеті» монографиясы (1959), «Публицистика – дәуір үні» («Қазақстан» баспасы, 1974), журналистика факультетіне арналған қазақ тіліндегі алғашқы оқулық «Қазақ совет баспасөзінің жанрлары» («Мектеп» баспасы, таралымы екі мың бір жүз дана, 1968), «Совет баспасөзінің теориясы мен практикасы» («Мектеп» баспасы, таралымы мың дана, 1978) бірінен соң бірі жарық көре бастады. Осы кітаптардың игіліктерін журналистика факультеті қазақ бөлімінің студенттері көрді, көсемсөз негіздерін, журналистика жанрларын танып-білуді көксеп жүрген қалың зиялы қауым, журналист-практиктер дән риза болып қалды.

Филология ғылымының докторы, профессор Т.С.Амандосов – қазақ баспасөзі жанрларының қызметін, кеңестік кезеңдегі басылымдардағы жанрлық мәтіндердің формуласы мен нақты көрінісін қадала зерттеген зерделі зерттеуші. Ғалымның к­орреспонденция жанрының функциясына, оның қамтыр аумағына байланысты мына бір пікірі әлі күнге дейін көшелі, осы шаққа дейін өз құнын жойған жоқ. Педагог-ғалымның: «Көпшілік қауым ерекше ынта қойып отырған күрделі мәселелерге дер кезінде араласып, уақыт талабына жауап беретін корреспонденция ұнамды болады» деген талабы журналистикадағы уақыт факторын түлетудің, алға шығарудың жанама белгісі болса керек. Журналистика әлемі ірі теоретиктерінің бірі – Т.С.Амандосов өз пәнінің басқа ғылым салаларымен өзекте­сіп, байланысып жатқанын да айқын аңдатып кетеді. Ол: «Журналист ғылыми социологиялық әдіс арқылы нақтылы әлеуметтік жағдайларды зерттейді. Жеке адамдар мен олардың өзара қарым-қатынастарына, көңіл күйле­ріне назар аударады. Фактілер мен құбылыстар арқылы өмір шындығын көрсетеді, осылардың көмегімен адам сезімін оятады», – деп журналистика мен психология арасындағы сабақтастықты нақты байқатып өтеді, сөйтіп, сол кездегі танымдық постулат пен позицияға елеулі өзгеріс енгізеді.

Профессор Т.С.Амандосов та, сол заман зерттеушілерінің барлығы да кеңестік идеологема талаптарына сай журналистика мен көсемсөз феноменін тек қоғам үдерісімен ғана үйлестіре эвристикалық тәсілдерге жүгіне қарастырды. Бүгінгі күні бұл олардың кемшілігі, я болмаса қателігі деп айтуға ауыз бармайды. Ғылым тарихындағы «са­бақтастық» деген танымдық сипаттағы ұғымға сүйенсек, филология ғылымының докторы, профессор Т.С.Амандосов мектебінің тәлім-тәрбиесін көрген оның ізбасар-шәкірттері – профессорлар М.К.Барманқұлов, Б.Қ.Майтанов, А.Қ.Егеубай, Т.Қ.Жұртбай, Б.Ө.Жақып және осы жолдардың авторы өткен-кеткенді ешқашан жөн-жосықсыз бекерлеген емес.

Біздіңше, қазақ ғұламала­рының осы құрсаулы шеңберден шыға алмауы­ның себептері – олардың ғылыми дайындығының осалды­ғында немесе туынды­герлік позициясының, шығарма­шылық шамасының әлсіздігінде емес, қайта, олардың білгірлігі, асқан көрегендігі дәстүр жалғастығын үзіп алмау үшін белгілі бір кезеңге дейін аңдай қимылдауында, күні туар ұлы мұраттарға іргетас боларлық ұлттық кадрлар мектебін дәйекті қалып­тас­тыруға күш салуында, өздерінің зерт­теушілік потенциалын, ұстаздық күш-қай­раттарын келешек ізбасарларға табан тірер мығым баспалдақ, перспективалық өріс дайындауға сарқа жұмсағандығында, Алаш ардақтылары аманаттап кеткен ұлттық идеяны жүрек түкпірінде сақтай білуінде.

Кәкен ҚАМЗИН,

филология ғылымының

докторы, жазушы

1049 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы