• Тұлға
  • 25 Қараша, 2021

ТАУ ТҰЛҒА

Тауман Салықбайұлы қазақ журналис­тикасынан шыққан тұңғыш ғылым докторы болуымен қатар, өзінен кейінгі ізденушілерге жол ашты, айшықты із қалдырды. Қазақ публицистикасының теориясы мен практикасын ұштастыра отырып, монографиялық еңбектер мен оқулықтар жазды. Ана тілімізде жарық көрген журналистика саласындағы алғашқы оқулықтар осы салаға жолдама алған қаншама шәкірттің сауатын ашып, кәсіби деңгейде қызмет етуге өз үлесін қосты. Тауман ­Амандосов өз еңбектерінде публицистиканың ерекшеліктеріне тоқталып, қоғам өміріндегі алатын орнын айқындап, теориялық тұрғыдан тұжырымдады.

 

Ал Т.Амандосовтың шебер аудармашы бол­ғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Орыс тілінен журналистикаға қатысты, әдебиетке байланысты қазақ тәлімгерлеріне қажетті бірқатар кітаптарды талдап, таразылап ана тілімізде сөйлеткен. Ол дайындаған «Журналист анықта­малығы» бұқаралық ақпарат құрал­да­ры саласының қызметкерлері үшін ең асыл қазынаға айналды. Ғалым­ның бүгінге дейін қолданыстан шықпай жүрген «Публицистика – дәуір үні» атты монографиялық еңбегінің өзі бір мектеп. Публицистика – ақиқат өмір, оның арқауы шындық, сол шынайы фактілер мен құбылыстарды публицист өзіне жинақтай отырып, өз еңбегіне сіңіреді. Өмір объективті заңдылықтардың ықпалымен дамып отыратындықтан, журналистке шығармашылық қиялдан гөрі ұтымды тіл мен тұжырымды ой керек екенін қада­ғалап айтады. Журналистің қоғам­дық өмірге батыл араласып, жан-жақты дамығанын қалайды. Және сол үшін өмірінің соңына дейін еңбек етті де.

Қылышынан қан тамған кеңестік жүйеде басшы болу, шәкірт тәрбиелеу оңай емес еді. Оның артында мыңдаған адамдардың тағдыры тұрды. Осындай тіршіліктің басы-қасында сол заманның тамыр соғысын дөп басқан Тауман Салықбайұлы сынды тау тұлғамызды тарпаң мінезді тарлан демеске лаж жоқ. Қазақ журналис­тикасының теориясын ғылыми тұрғыда алғашқылардың бірі болып зерделеген филология ғылымының докторы, профессор Тауман Амандосовтың биылғы жүз жылдық мерейтойында айтар үзік сыр – осы.

Сансызбай МӘДИЕВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің

деканы

1314 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы