• Мәдениет
  • 02 Желтоқсан, 2021

КӨҢІЛ ТОЛҚЫТҚАН КЕШ

Алматыдағы Республика ­сарайында, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Ұлы дала» атты концерт өтті. Өнер көрсеткен «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрдің құрылғанына 30 жыл, оркестрдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбектің туғанына алпыс жыл толыпты.Осындай мерейлі жылға арналған концерт белгілі күйшінің «Ұлы дала» атты күйімен басталды. 
Бірден байқалғаны – мерейтой иесі Секен Тұрысбектің керемет күйші ғана емес, қазақтың небір ақиық ақындарын жатқа оқитын ақындығы да бар екендігі. Әрбір күй орындалар алдында сол күйдің шығуы жайында өлеңмен өрнектеп әңгіме қозғауы, концертті қызықты ете түсті. Негізі мұндай дәстүр қазақта бұрыннан бар. Кейіннен зерттеушілер «күй аңызы» деп атаған сол дәстүр бойынша, домбырашы күйін тартпас бұрын оның шығуы жайлы баяндайтын. Негізінен Секен Тұрысбек шығармашылығына арналған кеште, автор сол үрдісті оңтайлы пайдалана білді. 

ҚУРАЙ СЫБЫЗҒЫ

Бірде Лондонға шақырту алыпты. Анасы ауырып жатқандықтан бас тартыпты. Тағы да сол тұста Жапонияға сапар шегудің де реті келген. Оған да анасы ауыр халде жатқанда қалай елп ете қалар. Бірақ оны естіген анасы, «Ол өкіметтің жұмысы, жолыңнан қалма, мен сен келгенше аман боламын», – депті. Қайран ана баласының аяғына оралғы болмайын дегені ғой. Күншығыс елінде жүріп, жайсыз түс көріп, анасынан айырылғанын сезеді. Оралғасын «Асыл ана» атты ән жазыпты.

Ал әкесі газет-журнал келмей кешігіп жатса да алаңдайтын, тауда аттың үстінде жүрсе де дүниеде не болып, не қойып жатқанынан хабардар болып отыратын адам екен. «Альпинист» деген радиоқабылдағышы істемей қалса жүрегі тоқтап қала жаздайтын», – деп еске алды. Ең ерекшелігі – ән-күйге құмар, жан-жақты адам болыпты. Таудан тікен қурайды әкеліп, сыртындағы тікенін алып тастап, бас-аяғын кесіп, жуан жағын суға малып, бабына келгесін сыбызғы жасайтын болған. Сонда «мен қурай бола алмай қалдым» деген секілді ащы үн шығатын көрінеді. Кейіннен Қызылорда өңіріндегі жан-жағын қалың қамыс көмкерген Төлегетай бабасының кесенесін көргенде, әкесінің қурай сыбызғысы есіне түсіп туған күйді «Төлегетай» атапты.

«САРЖАЙЛАУ» – ТӘТТІМБЕТТІҢ ТАҒДЫРЫ

Ерте кезде қазақ халқы әр күйде не айтылғанын айтқызбай да түсінетін болған. Жұмекен ақынша айтқанда, күйдің ауырлығы – табыттай, жеңілдігі – көбіктей. Секен Тұрысбектің айтуынша, Құрманғазының «Қайран шешем», «Аман бол шешем, аман бол» деп шырылдауы немесе «Кісен ашқаны» жеке басының емес, күйші өмір сүрген тұстағы қоғамның қайшылығы, әділетсіздігі. Сол секілді «Ақсақ киік» даланың тағы аңына емес, қоғамның, адамның өміріне тікелей байланысты туған. Тәттімбет бар болғаны 46 жыл ғұмыр кешкен. Омбыға барып, дәрігерге қаралғанында, әлгі көзілдірікті сары шал басын шайқапты. Онысы ғұмырың қысқа дегеннің ишарасы болса керек. «Саржайлаудағы» өкініш, мұң табиғат емес, күйшінің соңғы сәттері, тағдыры.

Сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдары кеңес үкіметі Секеннің атасының да малын тәркілепті. Онымен қоймай, Тарбағатай тауларының арасына апарып атып тастапты. Сүйегінің қайда қалғанын да ешкім білмейді. Сосын әжесі ұрпағын аман алып қалу үшін арғы бетке, яғни Қытай жағына өтіп кеткен. Сонда Секеннің әкесі бесікте екен. Кейін ел шекарадан кері асқанда, баласы Секен сол бесікпен елге оралыпты. Содан «Бесік» күйі туыпты. Бұл оқиғаны естіген ақын Ұлықбек Есдәулетов «Саф» атты өлең жазыпты. Өзі айтқандай аға-досы аталған өлеңін оқып, Жазушылар одағының атынан інісінің иығына шапан жапты.

«САЛТАНАТ»

Қазақ даласы кең-байтақ. Кеңдігі секілді талантқа да кенде емес. Тоқсаныншы жылдары оңтүстіктегі Созақ ауданына, ұлы күйшілердің сарқытындай Төлеген ­Момбековке әдейілеп барады. Сонда ағасы «Салтанат» күйін сахнаға алып шықсаң» деп аманаттапты. «Сол аманатты отыз жыл арқалап келемін», – деді. Күйдің тууы аянышты. Атына қарап қуанышты жағдайда туған ба дерсіз. Мүлдем олай емес. Күй Салтанат есімді қызға арналған. Анасы қайтқанда ол небәрі төрт-бес жаста болса керек. Бір күні сырттан жылап келеді. Оған күйшінің жүрегі ауырады. Шешесінің енді біржола келмейтінін түсіндіреді. Тағы бірде кішкентай қыз жоғалып кетеді. Көшеден іздеп жүрсе, үйдің артында тығылып жылап отыр екен дейді. Анасын жоқтап, үлкендерге көз жасын көрсетпегені болса керек.

Оңтүстікте, өкініштісі өмірден ерте өткен Мелс Өзбеков есімді талантты композитор болғаны мәлім. Оның көпшілік білетін «Аяулым сен айтшы, айдын көл сен айтшы» деп келетін әні сазсырнаймен орындалды. Бұл әннің тууы да қайғылы. Мелс орта мектепті бітіргенде, өзі ұнатып жүрген бір қызбен түнде өзен жағасына барады. Әлден уақта қыздың аяғы тайып, арқырап жатқан өзенге құлап түседі. Суда бір-екі мәрте бұлқынғанын ғана көреді. Асау ағын ала жөнеледі. Құтқара алмай қалады. Әлгі өкінішті жағдай өмірбойы көз алдынан кетпей, содан ән туған.

 

«КӨКБӨРІ»

Түркілердің жалпақ Еуразияны иемден­генін ескерсек, сол ұлан-ғайыр аумақты батыр­лардың, ел бастаған тұлғалардың арқасында қорғаған. Секен күйші «Күлтегін» атты күй де шығарыпты. Бірақ мың жылдың ар жағындағы бабалардың әуен-әуезін тірілту оңай болмапты. Қазақтың бас батыры атанған Қаракерей Қабанбай бабасы Алакөлдің бас жағындағы Барлық арасанына жараланған жауынгерлерін апарып емдеткен. Қазір де қаншама жылдардан бері ғарыштан оралған ғарышкерлер сол Алакөлдің суына емделуде. Мұның барлығын көргесін бабасының батырлығына ғана емес, білгірлігіне марқайғаннан «Дарабоз» күйі дүниеге келіпті.

«Ақжауын» оркестріне 2003 жылы Премьер-министр Даниял Ахметовтың қолдауымен мемлекеттік мәртебе беріліпті. 2016 жылы біреулердің бұра тартуымен «Ақжауын» таратылған да кезі болыпты. Бұл ретте Секен Тұрысбек мынандай әфсананы келтірді. «Аристотельдің заманында күндіз бір қария қолына шам алып жүр екен». Жұрт: «Мына қария алжыған шығар» дейді. Сосын батылы жетіп біреуі: «Жап-жарық күнде шам алып жүргеніңіз не?», – деп сұрайды. Сөйтсе, қария: «Адам іздеп жүрмін», – депті. Сөйтіп, адам іздеп жүргенімде, генерал-майор Аманкелді Шабдарбаевқа жолықтым», – дейді. Шабдарбаевтың есімі мәдениет үйіне берілуіне байланысты волейболдан турнир өтеді. Турнирден кейін Олжас Сүлейменов, Амандық Баталов бастаған азаматтар бас қосады. Отырыс кезінде «Ақжауын» туралы әңгіме болғанда Амандық Баталов азаматтық жасап, мойнына алып, Алматы облысы тарапынан оркестрге қамқорлық жасалып, қайта аяғынан тұрыпты. Тағы бір қызығы, өнер десе ішкен асын жерге қоятын азаматтың бірі Иманғали Тасмағамбетовке арнаған күйін «Одинокий волк» атапты. Әрине, Құрмағазының «Машина», «Не кричи, не шуми», «Перовкий марш» секілді орысша аталған күйлерін білеміз. Секеннің айтуынша, бұл сол дәстүрдің жалғасы. Аты орыс болғанмен, заты орыс болмайды. Сөйтіп айта тұра көрерменнің көңіліне қарады ма, «Көкбөрі» атауға да болады», – деді.

Бір күлермін, ғарыш жаққа кетерде,

Қай бетіммен көп кещеге кектенем.

Бізге өлімнің қолы, сірә, жетер ме,

Мұқағали,Төлегенге жетпеген, – деп жырлаған Жұматай Жақыпбаевтың туғанына былтыр 75 жыл толды. Сонда Жұматай жүрген жерлерге барып, шабыттанып, «Жұматай» атты керемет күй жазыпты. «Сол күймен кешті аяқтайық» дегенде, жиналған жұртшылық тағы да «Көңіл толқынын» сұрады. Ақыры Құрманғазының «Серперін» тыңдағасын көңілдері жай тапқандай тарқасты.

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

«Ana tili»

1577 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы