• Тұлға
  • 02 Желтоқсан, 2021

МЕН ОСЫ ТОҚТАРДЫ БІЛЕМІН БЕ?

немесе фольклорист-ғалым Тоқтар Кесімұлы Әлібектің ғылыми шығармашылығы туралы толғаныс

Мен оны өлдіге санамаған секілдімін. Бүкіл түр-тұрпатымен, қимыл-қозғалысымен, сөз саптау, сөйлеу мәнерімен, ойлы да мейірімді көзқарасымен көз алдымнан кетпейді. «Тоқтар дүниеден озды» деген суық хабарды естіген сәттен бастап әлі де әрі-сәрі күйдемін. Төгілтіп бір жазайыншы деймін-ақ, бірақ ойыма қапелімде ештеңе оралмайды, аузыма тұщымды сөз де түспейді. Сонау тоқсаныншы жылдары танысқаннан бері бір елі ажырамай бірге жүрген, ел мұрасын іздеп апталап, айлап сапарлас болған күндерден есімде ештеңе қалмағандай. «Неге олай?» деп қайранмын. Бәлкім, оны дәл осылай кенеттен көз жұмады деп ойламағандығымнан болар. Әлде, оның қадірін қасымда жүргенде бағаламағандығымнан шығар? Мүмкін оның жанымның бір бөлшегіне айналған нағыз дос болмысын сезінбегендігімнен? Пенденің жаратылысы қызық. Жақсылықты тез ұмытады. Мен де пенденің бірімін ғой. Қашанда айналасына шарапатын шашып жүретін Тоқтардың «тым болмаса бір мәрттігін айтсам екен» деп санам сан саққа жүгіреді. Біріне тоқтай алмаймын. Жамандығын есіме түсіру мүмкін емес. Өйткені оның оқыс мінезі, оғаш қылығы, оспадар сөзі болмаған!

Өмірден озған адам туралы өнеге болатындай, әсерлі ықпалы сезілетіндей жүректен шыққан естелік жазу үшін сағыну керек шығар. Шын сағынғанда ғана ойыңа талай сәттер оралады ғой. Тым болмағанда, ең алғаш танысқан сәт. Бірақ, шынымды айтсам, Тоқтармен қалай танысқаным есімде жоқ. Есімде болмайтын себебі, ол кездескен адамымен бұрыннан таныс секілді бірден сөйлесіп, тіл табысып кететін көпшіл, «мені танып ал» деп тепсінбейтін текшіл, «мен сондаймын» деп бексінбейтін кішіпейілжан еді. Менімен танысқан мезетте-ақ, сол мінезімен жандүниеме бірден сіңіп кетсе керек.

Әлбетте, ол туралы талай замандастары естелік жазады, айтады, ғылыми зерттеу де жасайды. Олар Тоқтардың диплом жұмысының тақырыбы ауызша және жазбаша әдебиетті тел емген, көкейіндегісін көркем сөзбен көмкерудің хас шебері Көдек ақынның шәкірті – Шарғын Алғазыұлы болғандығын, бұл ақынды Тоқтарға дейін ешкімнің зерттемегенін, жас зерттеуші студент кезінде-ақ айтылмай жүрген тұлғалар туралы зерттеуге бейімді және пейілді болғанын жазар; олар Тоқтардың көл-көсір білімі бола тұра тіршілік тауқыметімен Ұйғыр аудандық Астық қабылдау мекемесінде жөндеуші-дәнекерлеуші, механик болғандығын, одан кейін №1 қалалық клиникалық ауруханада ағаш шебері боп жұмыс істегенін, сонда жүріп орыс тілінен қазақ тіліне аудармашы және қазақ тілін үйретуші-оқытушы болып қызмет істегенін айтар; ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына аға лаборант болып келіп, жетекші ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісіне дейін адал еңбек еткенін де тілге тиек етер.

Иә, замандастары біледі, білгеннен соң жазады Тоқтардың халық аузында жүрген сөз өнерінің маржандарын жинауға ешкімнің пәрменінсіз, еш мекеменің рұқсатынсыз-ақ ынталы топпен бірге кейде көлікпен, кейде жаяу-жалпы бірнеше мәрте ел аралап келгенін. Құры қол қайтпай, мол мұра әкеліп, қазақ руханиятының қара нары Рахманқұл Бердібаев басқаратын Халық университетінде баяндама жасағанын; Қабылиса Асанұлы, Бақтыбай Жолбарысұлы, Шалтабай Алпарұлы, Бөлтірік Атыханұлы, Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы, Рыскелді Сауданұлы, Майлы Орманұлы, Қапез Байғабылұлы, Әбен Атамқұлов, Мейірман Дәркембайұлы, Әжек Мырзаұлы, Сәдіқожа Мошанұлы, Асан Бармембекұлы, Кәрбоз Қаңтарұлы, Әсел Бекдайыркеліні, Мақсұт Додабайұлы т.б. секілді кеңестік саясаттың кесірінен зерттелмей келе жатқан ақындар туралы бұрын-соңды ғылыми ортаға беймәлім тың мәліметтерді таныстырғанын да ауыз толтырып айтады; кейін осы ақындарды кеңірек зерттеп, саралап, ғылыми мақалалар жазғанын да, соңында сол мақалалардың жинағын «Жетісу ақындары» деп кітап етіп шығарғанын да әлбетте ұмытпайды.

Айтушылар Тоқтардың Құланаян Құлмамбет туралы іргелі зерттеуін де ауызға алары сөзсіз. Жай ауызға алып қана қоймай, бұрын бұлыңғыр күйінше бір ғалымнан екінші ғалымға талғаусыз да талғамсыз өте беретін деректердің басын ашып, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты ақиқаттарды алғаш рет ғылыми айналымға қосып, кандидаттық диссертация қорғағанын; Құланаян Құлмамбеттің шығармаларының тұңғыш жинағын шығарғанын; осы зерттеулерді толықтырып, толымды монография жариялаға­нын ғылыми негізде зерделей отырып жеткізетіні де ақиқат; Тоқтардың Құлмамбетті зерттеуге үлкен батылдықпен барғанын да еске салады олар. Өйткені әйгілі Құлмамбеттің ақын атын бұрынғыдан да биікке көтерген және жылдар бойы ғылыми айналымнан берік орын алған айтыс Жамбыл Жабаевпен болған еді. Кеңестік идеологияның шырмауынан шыға алмаған зерттеушілер Жамбылды асқақтатып, ал оның қарсыласы Құлмамбетті төмен құлдырата көрсетуге тырысатын. Жамбыл Кеңес үкіметінің жаршысы ретінде баса дәріптелді де, оның қарсыластары кеңес үкіметіне де ұнамайтын болғандықтан, олар туралы жақ ашпауға, болмаса жамандауға дейін баратын. Мүйізі қарағайдай сол сыңарезу зерттеушілердің көзінің алдында жүргеніне қарамастан, Тоқтар Құлмамбетті (Жамбылдың қарсыласы болғандықтан, Кеңес өкіметіне қолайсыз Құлмамбетті, басқаша айтқанда, бай-манаптарды мақтайтын ақынды) зерттеуді көзсіз ерлікпен жүзеге асырғанын айтпай тұра алмайды, әрине. Бірде ол мені Орталық ғылыми кітапхананың сирек қорлар бөліміне шақырды. Зерттеу нысанына қатысты біршама деректер тауыпты. Сол дереккөздердің арасынан Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысының латын қарпімен мәшіңкеге басылған нұсқасын көрсетті. Онда айтыстың көптеген жолдары кейінгілер тарапынан сияқаламмен редакцияланған, кейбір шумақтар тыңнан қосылған. Осы қосылған, түзелген, күзелген мәтінді Тоқтарға дейінгілер Жәкеңнің әр мерейтойы сайын жинақтарға қосып шығарды ғой. Сол шығарушылардың өтірігін ашуға батылы барған жас Тоқтарды шын ғалымдар ерекше жақсы көріп кетті. Тоқтардың мәтінтанушылық қабілеті дәл осы зерттеу барысында танылды. Бұдан кейін ол қазақ халқының қаншама мұрасының Қолжазба орталығында қордаланған мәтінін көзмайы таусылғанша оқып, салыстырып, саралап, жіктеп, жүйелеп, жарықа шығуына (бір ғана жүз томдық «Бабалар сөзі» сериялы топтамасын алсақ та жеткілікті) мұрындық болғанын, атсалысқанын, соның нәтижесінде кәнігі мәтінтанушы ретінде биікке көтерілгенін тоқтартанушылар ерекше айтарына сенемін. Мәтінтану демекші, «Тоқтарды зерттеймін» деген адам оның Абайдың «Қыс» өлеңі нұсқаларының мәтіндік ерекшеліктерін зерделегенін және Абай шығармашылығының білгірі Қайым Мұқаметханұлының ғылыми ізденістеріне баға беру барысында Абай өлеңдерін жинаушылар мен жариялаушылардың еңбектерін елей отырып, олар шығарған жинақтардағы ақын өлеңдерінің мәтіндерін салыстыра келе Қайым ағаның мәтінтанушылығына ерекше тоқталғанын да ескере кетері анық. Абай есімі аталғанда Тоқтардың абайтану ісіне де бел шеше араласып, ақынның «Қара сөздер», 1909 жылы жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғылының өлеңі» жинақтарының жаңа редакция­сымен қайта басылуына, «Абай және ұлттық идея», «Абай Құнанбаев. Библиографиялық көрсеткіші (1988-2006 жж)», «Абай дәстүрі және қазіргі қазақ әдебиеті», «Абай мұрасы – қазақтың ұлттық қазынасы» сияқты зерттеу еңбектерді баспаға дайындағаны және осы басылымдардағы Абайдың әдеби мұраларына текстологиялық зерттеулер жазғаны да ойға оралған соң айтпай кету, жазбай өту аруақ алдындағы кешірімсіз іс болар еді.

Иә, әріптестері біледі, білгеннен соң жазады, ғалым Тоқтар Әлібектің «Алпамыс батыр» жырының тарихи-типологиялық негіздерін зерттеу барысында бүкіл түркі әлемі эпостарының шығу төркініне байланысты ілгерідегі және кейінгі фольклортанушылардың саналуан пікірлерін көктей шола келіп, тарихпен байланыстыра осы жырдың қоңырат, қазақ, өзбек, қарақалпақ, оғыз, қыпшақ, башқұрт, татар, алтай версиялары мен редакцияларына тарихи-типологиялық салыстырулар жасағанын және осы зерттеуі оның тарихи танымы терең фольклорист-ғалым ретінде танытқанын да сүйсіне айтады.

Фольклор мен ауызша әдебиеттің арасында айырмашылық бар деген тұжырымға тоқтағандардың бірі осы Тоқтар Әлібек екенін ғылыми орта біледі. Білгендіктен де олар авторы белгілі, бірақ ауызша шығарылып, ауызша тараған, сақталған мұралар төңірегінде аз зерттеу жүргізбеген Тоқтардың қазақтың айтыс өнері жөнінде, Сүйінбай шығармашылығы мен жыраулық дәстүр хақында, Үмбетәлі Кәрібаевтың ақындығы, жыршылығы турасында да толымды ізденістер жасағанын айтпай қоймайды.

Ит арқасы қияндағы көзі ашық, көкірегі ояу қарт немесе жұмыр жердің бір түкпірінде көнеден жеткен қолжазба бар екенін естісе, түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей соларды тапқанша, қағазға түсіргенше, жәдігерді алып қайтқанша тыным таппайтын қолжазбатанушы әрі олардың қатарын толықтырушы Тоқтардың сол еңбектерінің нәтижесінде Әбсейіттің «Ер Әжібай», Құланаян Құлмамбеттің «Сөзімнің қыл сыймайды арасына…», Кәрбоз Қаңтарұлының «Мархаба–иа–Рамазан», Жүсіпбек Шайхисламұлының үш томдық «Алтын жамбы» секілді кітаптарының, Ертай Құлсариев мұралары, «Қарқара толғауы» сияқты жинақтардың академиялық деңгейде жарық көргендігін және соларға өзі құрастырушы және жауапты редактор болғандығын зерттеушілердің сөз етпей кетуі мүмкін емес. Осы орайда Тоқтар Әлібектің соңғы жиырма жылда еліміздің және алыс-жақын шет елдердің ­сирек қорлары мен мұрағаттарынан елу мыңнан астам әдеби-мәдени, дерекнамалық, құжаттық құнды жәдігерлер жинап, ұлтымыздың рухани қазынасын толықтыруға бір кісідей тер төккенін кім де болса сүйсіне еске алары ақиқат. Солардың ішінде Тоқтар Кесімұлының Қожамқұли-бек Балхидың (ХҮІІ ғ.аяғы мен ХҮІІІ ғ.басы) «Тарих-и Қыпшақи» атты 1100 беттен тұратын аса құнды еңбегін Тәжікстан елінің мұрағаттарынан тауып, неше түрлі қиындықтарды бастан кешіріп, жанкештілікпен елге әкелуі, әкелгенімен қоймай, оны парсы тілінен ұлт тіліне қотару үшін аудармашылар тобын басқарып, жарыққа шығуына ықпал етуі, шынымен де, ерлікпен пара-пар азаматтық-патриоттық іс болатын. Өйткені ол жәдігерде орта ғасырлардағы Моғол мемлекеті, Орта Азия мен Қазақстан аумағының тарихы, онда мекендеген түркі халықтарының, әсіресе татар, өзбек, қазақ, ұйғыр, қырғыз т.б. халықтар туралы мағлұматтар мол болатын. Тоқтардың ұлттың рухани қазынасына осындай баға жетпес құндылықты әкеп қосқандығын көзімен көргендер әр деңгейдегі мінберлерден айтты. Әлі де айта беретіні кәміл.

 Киелі Кетпен тауының етегінде туып-өскен Тоқтар ұлтының қасиетті мұрасын көзінің қарашығындай сақтап қана қоймай, олардың әлем жұртына танылуына да белсене кіріскен еді. Осы еңбегінің куәсі – Алтай, Әзербайжан, Хакас, Гагауыз, Қарашай-Малқар-Ноғай, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Түркменстан секілді елдердің аты мәлім ғалымдары сарапшы болған «Kazak destanlari» жинағына 2009 жылы «Райымбек батыр» жырының, ал 2013 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы «Дүрлігу», сондай-ақ «Қарашаш қыз», «Мақпал сегіз» дастандарының түрік тіліне аударылып, Анкара қаласында басылып шыққандығы. Бұл игілікті еңбекті зиялы қауымның айтпай тұра алмасы да анық.

Тоқтардың зерттеушілер назарында жүрген тағы бір қасиеті –ұстазға адалдық, құрмет пен ізет. «Ұстаз» және «шәкірт» деген ұғымдарға Тоқтар биіктен қарайды. Оның түсінігінде мектепте немесе университетте дәріс оқығанның бәрі ұстаз емес. Оның пайымындағы Ұстаз өзінен кейінгі ізденушіге өмірлік және шығармашылық еңбек жолымен өнеге болатын, сол өнегесін кейінгінің санасына асқан байқампаздық және қамқорлықпен сіңіре білетін, осы ісін үзіксіз жалғастыратын рухы биік, азаматтығы асқақ адам. Ондай адамның арман-мұраты,мақсат-мүддесі, ниеті мен пейілі ізденушінің де бойындағы осындай қасиеттермен сабақтас болса, ұстаздық-шәкірттік байланыс берік орнайды. Бұл арада ең алдымен адами құндылықтар өмірлік байланыстардың алтын арқауына айналады. Тоқтардың тағдырдың өзі таңдап берген осындай ұстазы – академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов екендігін қатарластары да, замандас әріптестері де жақсы біледі. Тоқтар ұлағатты ұстазы Сейіт Асқарұлы туралы әр жерде ерекше ілтипатпен үнемі айтып жүргені өз алдына, реті келгенде хатқа түсіріп, тасқа да басқан болатын. Оның ұстазына деген шәкірттік ыстық ықыласы мен мызғымас достығын айтармандар айрықша айтады әлі. Осы орайда Тоқтардың өзінің де ұстаздық болмысын еске сала кеткен жөн. Өйткені ол ұрпақ тәрбиелеу ісіне де үлесін қосқан азамат-ғалым. Оның дәлелі ретінде балабақшалар мен бастауыш сыныптарға арналған «Балаларға базарлық», «Шәкірттерге шашу», «Ұрпаққа ұлағат», «Әдебиет әлемінде», «Білім – дария» сияқты балалар әдебиетінің аудиокітаптары мен жоғары оқу орындарына арналған «Қазақтың мәдени мұраларын жинаудың бірыңғай әдістемесі» (құрастырушылармен бірге), «Халық әдебиетін жинау, жүйелеу сақтаудың әдістемелік құралы» сияқты әдістемелік құралдарын айтса да жеткілікті.

Бірде таң бозынан ел аралауға шықтық. ­Шелек ауданының бір түкпіріндегі шағын ауылға көзіқарақты бір қартты іздеп келдік. Таптық. Үй де, аула да жұпынылау, тозыңқылау көрінді. Қора-қопсы қаңырап тұр. Қарайған мал, не құс көрінбейді.Тоқтар осы үйде қариямен қалды. Біз әрі қарай басқа ауылдарды аралауға кеттік. Ұйғыр ауданына барып кездесетіндермен кездесіп, ымырт үйірілмей Тоқтарды ала кетуге оралдық. Тоқтар әдетте көңіліне жақпағанда қолданатын «ішіңді ұрайын» деген тұрақты тіркесін айтып, мәшинеге жедел отырып кетті де қалды. Кімнің «ішін ұрғалы» жүргенін түсіне алмай, «тағы бір деректің соңынан кетті ғой» деп қала бердім. Қарттың қасындамын. Қарт айтады: «Мына жігіт сұңғыла екен»... «Оқығаны да, көкейіне тоқығаны да мол екен». «Ізетті екен»... «Көргенді екен...», Сапарлас, әріптес досым жөніндегі осындай мақтау сөздеріне кәдімгідей қуанып қалдым. Әр бағытта сұрақ қойып, «бір мәлімет айтып қала ма» деп суыртпақтап отырмын. Жауаптан жалтарғандай ойқастап қария сөзден қашқақтайды. «Тоқтар шаршатқан ғой әбден» дедім іштей... Таң ертең біз келгенде бір жас келіншек жүрген секілді еді. Көзіме шалынбады. Сипақтатып сұрап едім, «келін ғой, көрші ауылға кетті-ау деймін» деп қысқа қайырды да үнсіз қалды. Уақыт біраз болды. Тоқтарлар кешігіп жатыр. Күн еңкейді. «Үйге кір» дейтін қартта ниет те жоқ секілді. Теңгені әлі көрмепті. Ауыл тарап жатыр. Жекешеленуге көшкен. Бұрынғы кеңшар кезіндегі мал-мүлік басшы-қосшылардың таңдауына түскен. Айтып отырғанын басқа ауыл адамдарынан сан рет естігенмін. Маған бүгінгі емес, бұрынғының сөзі керек. Өткенге оралғысы келмейтін қарт келешекке күмәнмен қарайды. Жалғыз ұл күнкөрістің қамымен қала жаққа кеткен. Келін жұмыссыз... Әлден уақта шамын жарқырата арындап келген мәшине үйдің ауласына бір-ақ кіріп кілт тоқтады. Есігін айқара ашып жылдам түскен Тоқтар тізгінші екеуі мәшиненің артқы қорабын ашып азық-түлік түсіре бастады. Ұн, тұз, қант, су май, шай... тағы да азын-аулақ ұсақ-түйектер. Бәрін түсіріп, қарттың үйіне кіргіздік. Қарт көзі жайнап кеткен. Аң-таң бізге қарап селтиіп тұр. Тоқтар бізге «кеттік» деген ишара берді де, өзі мәшиненің есігін ашып отыра бере қайта шығып: «Мұның бәрі бағанағы Тұрмағамбеттің мәтеліне қосымша енгізгеніңіздің ақысы, сау болыңыз» деп лып отыра кетті. Мәшине бірден артқа беріп ауладан шықты. Қолын көтеріп қоштасқандай болып қарт қалды. Алматыға жеткенше Тоқтар ештеңе айтпады.

Сөйтсем, біз кеткен кезден қайтып оралғанша Тоқтар да, қарт та нәр татпапты. Қарт айтарын айтқан, Тоқтар жазарын жазған. Бір кездерде түс болады. Оралған келін жоқ. Түскі дәм туралы ыңғай да білінбеген. Ыңғай білдіретін жағдай да жоқ болған. Мезгіл екінтіге жақындап қалған. Қояр сұрақ та, айтар әңгіме де түгесілгендей арада біраз үзіліс болады. Тоқтар қарттарды әңгімеге тартуға әбден машықтанып алған ғой. Сондай машықтың бірі – әңгіме айтушының ыңғайына қарай темекі тартады немесе насыбай атады. Шақшасын мақтайды. Сол әдіспен қалтасынан әдейі өзі жасаған күмістелген мүйіз шақшасын алып, тығынын еппен бұрап ашып, бір шымшымды алақанына асықпай төгіп, түйірлерін саусағымен әрі-бері дөңгелете алақанның дәл ортасына жиып алып, астыңғы ерінге шалқайып барып төңкере салады. Сонда қарт мырс етіп күліп: –Сырдың әйгілі шайыры Тұрмағамбет: «Жігіттер, жөн көрмеңдер насыбайды, Нас атсаң, лас боласың басыбайлы» деп айтқан екен, – дейді. Күні бойы шалдың үйінен нәр татпаған Тоқаң іле: ол шайырдың «Қарныңда қый болмаса, басыңда мый болмайды» деген нақылы да бар, – дейді кекесін үнмен. Сонда қарт та қалыспай: Тұрмағамбет шайыр: «басыңда мый болмаса, қарныңда қый да болмайды» деп неге айтпаған? – депті. Тоқтар сөзге тоқтаған. Сол мезетте біз келіп қалғанбыз ғой...

Иә, Тоқтардың өмірдегі азаматтық болмысы туралы да, ғылымдағы ізденістері мен шығармашылығы жайында да әлі талай айтылады...

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,

филология ғылымының кандидаты

1615 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы